Ара өсіру

Омарта шаруашылығы – ауыл шаруашылығының бал арасын өсіріп, бал жинауға бейімдендірілген бір саласы. Бал арасы бізге бал, балауыз, тозаң, ара желімтегі (прополис), кәрез балы секілді бірқатар өнім түрлерін береді. Бал арасы астықтың, мәдени өсімдіктердің тозаңдануында да ерекше орын алады, атап айтқанда олардың өнімділігі мен шығымын арттырады. Сонымен қатар, жем-шөптік шөп өсіру мен омарташылықты қоса жүргізу өте тиімді, оларды жақсы үйлесетін еншілес қос сала деп айтуға әбден болады.

Омарташылық – кәсіптің алдын ала бизнес жоспарын жасауды қажет ететін түрі деуге келеді. Жалпы, қазақстандық омарта шаруашылығының екі жүз жылдық тарихы бар. Бүгінде еліміздегі омарта иелері асыл тұқымды ара жанұялары үшін мемлекеттен субсидия ала алады. Ауыл шаруашылығының осы түрінің тиімділігі орта есеппен 20 пайызды құрайды. Алдымен саланың тиімділігін арттыру үшін нарыққа шығару мен сатып алатын орындарды ойластырып алу керек. (Мәселен, көпшілік баратын сауда орындарында бөлшектеп сату, ірі ОСО, жеке және мемлекеттік кәсіпорындарға көтерме саудамен жеткізу (мектеп, әскер), өнімді ғаламтор, жәрмеңке, фестивальдер арқылы сатуды жолға қою, яғни сауда саласын тауып, баға деңгейін нақтылау маңызды.

Омарта шаруашылығы кәсібін бастамас бұрын бірқатар жағдайларды ескеріп, екшелеп алу қажет. Ең алдымен аймақ пен климатты дұрыс таңдау керек. Шаруашылықтың осы түрімен Қазақстанның Маңғыстау және Атырау облыстарынан басқа барлық аймақтарында айналысуға болады. Өйткені бұл екі облыста аралардың бал жинауына қажетті қоректік орта жоқ. Сонымен бірге, өсіргіңіз келетін бал арасының тұқымын өз климаттық аймағыңызға сай таңдаған жөн.

Қазақстан территориясында бал арасының орта белдеулік орыс арасы, карпаттық және украиндық бал арасы түрлері өте кең таралған. Орта белдеулік орыс арасының ерекшелігі - ұзақ және салқын қыс жағдайына бейімделіп, көбейе алатыны. Бұл аралар ұясында 6-7 айға дейін ұшпай өмір сүре алады. Олар шырынды, балды жақсы жинайды, бірақ өте озбыр бал арасы түріне жатады.

Карпаттық бал аралары өнімділігі жоғары түрге жатады, олар көктем маусымында тез дамиды, және шырыны аз өсімдіктерді де, шырыны мол өсімдіктерді де өте тиімді пайдаланады. Карпаттық бал арасы тыныштықты сүйеді, орташа үйірлі, ал балмен толтырылған балауыз ұяшықтарының түсі ақ, құрғақ болып келеді. Бұл ара түрінің бір жанұясының орташа бал беру өнімділігі маусымына 40,7 кг құрайды.

Украиндық бал арасы да тыныштықты сүйеді. Ұяны қарау, тексеру барысында да кәрез ішінде қала береді. Олардың басты ерекшелігі – жем іздеу барысындағы ерен тапқырлығы, оған қоса араның бұл түрі бал жиналатын аймақтағы шырыны ең нашар қоректен ең жақсысына тез ауыса алады. Шырын жинау барысында аралар балды омартаның алдымен ұяшығына , содан кейін ұялы жақтауларға жинайды.

Орта белдеулік орыс арасының өнімділігі Шығыс және Солтүстік Қазақстанда жоғары. Ал карпаттық және украиндық бал арасы түрлері еліміздің оңтүстігі мен орталығындағы ауа райы жағдайына мейлінше жақсы бейімделген.

Омарта шаруашылығымен айналысу үшін ең алдымен инфрақұрылым жағдайы мен азық қорына бағалау жүргізу қажет. Алдымен араның қоректік қорын қарастыру керек. Міндетті түрде аймақтағы шырынды өсімдіктер түрін, олардың көлемін, шырын бөлу кезеңдерін терең зерттеп алу қажет. Өнімділігі жоғары өндіріс құру үшін көк шөптен шырынды қорек желісін ұйымдастыру керек болады, ол омартаның өнімділігін арттырады. (Мұның көшпелі ара ұясымен айналысатын омарташыларға қатысы жоқ.)

Ұйымдастыруға кететін шығын көлемі сіздің алдыңызға қойған мақсатыңызға байланысты . Мәселен, кәсіби омарташылық шаруашылығында – 300-350 ара жанұясы болса, әуесқой омарташылық 10-20 ара жанұясынан тұрады. Бизнестегі бастапқы негізгі шығындар араларды сатып алуға кетеді. Оларды сәуір-мамыр айларында арнайы асыл тұқымды бал арасын өсіретін шаруашылықтардан ( өсімбақтардан) сатып алу керек. Өйткені олар сатылатын бал арасымен қоса омартаны ресми рәсімдеуге керекті барлық қосымша құжаттарды қоса дайындап береді. Бал арасын күтіп-баптау туралы кәсіби кеңес беріп, қажет болса омартаны орналастыруға көмектеседі. Шығынның тағы бір бөлігі омарташылықты жүргізуге арналған құрал-жабдықтарды сатып алуға кетеді. (Ара ұясы, жақтаулар, балға арналған ыдыстар, бос балауыз, бал шайқауыш). Ал қажетті құралдарға келсек, қашау, түтіндеткіш құрал, арадан қорғануға арналған арнайы киім, бал шайқауыш, арнайы бал арасы пышағы, ара (шанышқы), сонымен бірге өндіріс ұлғайған сайын автоматты бал шайқағыш, қаптағыш және баспа құрал керек болады.

Омартаны күтіп-баптау барысында бал арасы жанұяларын асыл тұқымды аналықтармен жиі көбейтіп отыру қажет, өйткені олар омартаны жаңалап отырады. Сонымен қатар, оларға арналған дәрілік заттарды да ұмытпау ләзім. Себебі бал арасын өсіру үлкен тәуекелді қажет етеді, ең үлкен қатер – бал араларының қырылуы. Олар ормандарды өңдеу немесе дала егіншілігін зиянкестерден қорғау шаралары барысында, өрттен де уланып қырылуы әбден мүмкін. Егер бал араларын түрлі аурулардан, зиянкестерден дәрімен дұрыс қорғамаса оларға қыстап шығу барысында да қырылып қалу қаупі төнеді.

Саланың технологиясын сақтай отырып іс жүргізу – табыс кепілі. Осы орайда жас омарташылар өз әріптестерінің тәжірибесін барынша қамтыған Омарташы күнтізбесін назарға алған жөн. Күнтізбеде омартада жыл бойы жүргізілетін жұмыстар ( кәрездерді басып шығару, балды сүзу, оны қаптау) ай-айға бөлініп, рет-ретімен кеңінен суреттеледі. Осының барлығы жас омарташылар мен кәсіби омарташылардың еңбегін біршама жеңілдетеді.

Қазақстанда омарташылық кәсібін мемлекеттік тіркеуге қою үшін алдымен қалалық немесе аудандық малдәрігерлік-санитарлық инспекцияға өтініш жазу қажет. (Онда омарта иесі туралы деректер, омарта мекенжайы, бал арасы жанұясының саны көрсетіледі).

Тіркеуден соң омарта шаруашылығы арнайы есепке алу журналына енгізіледі. Бұдан кейін омартаны ветеринарлық қызмет өкілдері келіп қарап, сараптамалар тапсырылады. Сараптама қорытындысы бойынша тіркеуге рұқсат беріледі. (Құжатта бал арасы жанұясының көлемі, малдәрігерлік -санитарлық шаралар жүргізу барысында қолданылатын дәрі-дәрмек нақты көрсетіледі). Қажет жағдайда малдәрігерлік қызмет пен мамандар тарапынан шаруашылықты жүргізуді жақсарта түсуге, жіберілген қателіктерді белгіленген мерзімде жөндеуге байланысты кәсіби кеңес беріледі. Міне, осы жүргізілген сараптама мен жұмыстар негізінде аудандық бас мал дәрігерінің мөрі мен қолы қойылған жағдайда ғана жарамды паспорт беріледі.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы бал өнімінің ресми сертификаты ГОСТ 19792-2001 «Табиғи бал».


ТАҚЫРЫП БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР
Ғабит Нұрәділ: Ара өсіру - табысты кәсіпОмарта неден басталадыАра шаруашылығына субсидия: омарташылар қандай мемлекеттік қолдау ала алады?Бизнесті жоспарлаудың жете жолсілтемесі
ҰСЫНЫЛАТЫН РЕСУРСТАР
ПАЙДАЛЫ АҚПАРАТ