Сүт өндірудің өнеркәсіптік әдістерін енгізу сауын малын азықтандыру технологиясына елеулі өзгерістер әкелді. Ал бұл өз кезегінде малдың жемазық құрамын анықтап, жемшөп дайындауға, оны сақтауға және қайта өңдеуге әсер етті. Бүгін жемазықтың көптеген жиынтығынан тұратын жемшөппен азықтандырудың дәстүрлі жүйесін жетілдіру қажеттігіне көз жеткізіп отырмыз.

Сиыр күйіс қайыруы керек!

Сиыр жемазығының құрамын белгілеу қиынға соқпайтын сияқты көрінгенмен, бұл жеңіл шаруа емес. Сиырға қажетті жемазық мөлшерін орташа есептеп алуға болады. Бірақ соңынан мұның толып жатқан белгісіз тұстарын анықтап, міндетті түрде түзетулер енгізу қажет. Көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін бұл мәселені шешуде негізгі мақсатты назардан тыс қалдырмау керек. Анығында сауын сиырларға арналған жемазық мөлшерінің суалған сиырларға берілетін жемазық мөлшерінен үлкен айырмашылығы бар. Оның үстіне тұқымы әр түрлі сиырлардың жемазығы да мүлдем бірдей болмайды.

Сиырларды жемдегенде ең алдымен олардың күйіс қайыратын жануарлар екенін есте ұстау керек. Сиыр күйіс қайыруы керек! Мұны жемшөп дайындау мамандары да, жемазық құрамын белгілейтінлер де, жемшөпті малға беретін жұмысшылар да ескеруі тиіс. Сонымен қатар, жануарларлдың күйіс қайыруы үшін жем құрамында ірілігі 5мм болатын жасұнық болуы керек.

Жүзінде, сиырдың жемазық құрамын белгілеген кезде біз жануардың тазқарын бөлігіндегі бактерияларды қоректендіріп, оларға қолайлы жағдай туғызып отырғанымызды ұмытпауымыз абзал. Тазқарынның қалыпты қызметі өте маңызды. Өйткені сиыр қуатының 80 пайызын тазқарында түзілетін органикалық қышқылдардан алады. Ол сондай мөлшердегі белокты да тазқарында жиналатын микроптық белоктардан алады. Оның үстіне, тазқарын қызметінің бұзылуы сиырдың өнімділігін төмендетіп қана қоймай, кей жағдайжа жануардың өліміне әкелетін түрлі ауруларды қоздыруы мүмкін.

Тазқарынның қалыпты жұмыс істеуінің негізгі алғышарттарының бірі рН. Оның мөлшері 6,2-6,5 деңгейінде болуы тиіс. Егер рН деңгейі төмен болса тазқарын ацидозы пайда болып сиырдың буындары мен тұяқтары ауырады, оның ұрықтану қызметі бұзылады, сүт құрамындағы май азаяды. Ал рН деңгейі жоғары болса тазқарын алкалозы пайда болады. Ол аурудың салдары да осыған ұқсас.

Өтпелі кезеңнен сүттенуге дейін

Сүттенудің әр кезеңіне қарай сиырға қажетті жемазықтың да құрамы мен құнарлылығы әр түрлі болады. Сондықтан сиырларды сүттену кезеңін ескере отырып топтастыру керек. Ал жануарларды өнімділігіне қарай топтастыру дұрыс емес. Өйткені бұл алдымен селекционердің міндеті. Суалған сиырлар міндетті түрде оқшауланып, сауылатын малдан бөлек азықтандырылуы қажет.

Азықтандырудың ең маңызды сәті өтпелі кезең деп аталатын маусым. Ол сиырдың бұзаулауынан үш апта бұрын басталады да сиыр бұзаулағаннан кейін де үш аптаға жалғасады.

Азықтандырудың бірінші кезеңінде (бұзаулаудан 21– 60 күн бұрын) сиырға берілетін азық құрамында сапалы пішендеме (құнарлылығы төмен, бірақ құрамында көп мөлшерде жасұнық бар пішендеме болса да жарайды), жақсы шөп, минералды витаминдік қоспалар болуы тиіс. Бұл кезеңде малды күйінің өзгеруіне - семіріп немесе арықтап кетуіне – жол беруге болмайды. Егер пішендеме немесе шөппен қоректенген мал арықтай бастаса жемазыққа аздап сүрлем қосуға болады. Тағы бір айтарлығы, азық құрамына борды қоспау керек. Өйткені бор бұзаулаған сиырдың сүтінде кальцийдің тым жоғары болуына әкеледі. Кальцийді төмендету арқылы сиыр бұзаулағаннан кейінгі көптеген қиындықтардан құтылуға болады.

Суалған сиырлардың азық құрамында да екінші кезеңде (бұзаулағанға дейінгі және одан кейінгі 21 күн) сапалы пішендеме және сүрлем болуы тиіс. Бұдан басқа осы кезеңде мал азығына 3-4 кг құрама жем қосады. Іс жүзінде, екінші кезеңде суалған сиырларға берілетін азық құрамы сүттенудің бірінші кезеңіндегі жемазық құрамына ұқсас болады. Бұзаулауға аз уақыт қалғанда сиыр жемшөпті аз жейді де малдың қуаты азаяды. Сондықтан бұл жағдайда Риндавит, Лакто сияқты қуаттылығы мол қоректік заттарды беруді ұсынамыз.

Бұзаулау сиырға елеулі дәрежеде күйзеліс тудырады. Бұзаулағаннан кейін малдың 40 литрге дейін су ішкені пайдалы. Құрамында жүзім қанты, электролит бар азық, қышқылдар топтамасынан, дәрумендер мен микроэлементтерден тұратын арнайы жемазық күйзелістің алдын алып, малдың жағдайын тез жақсартады.

Бірінші кезеңінде (бұзаулағаннан кейінгі 0 – 30 күн) сиырға қуаттылығы жоғары, құрамында жасұнық бар сапалы ірі жемазық берген дұрыс. Құрама жемнің мөлшерін бірте – бірте 4-5килограммға дейін ұлғауту қажет. Бірақ оның ең жоғары мөлшері жемазықтағы құрғақ заттардың 50 пайызынан аспауы керек. Бұл кезеңде алдымен сиырдың денсаулығына баса көңіл бөлу маңызды. Мал байлауда тұрмай еркін жүрсе оған құрама жемді бөлек беруге болмайды. Жемазық құрамына кіретін барлық қоректі заттарды жемшөп үлестіргіш машинада араластыру қажет.

Соңғы кезеңінде жануарлардың суалту маусымына қарай семіріп немесе күйі төмендеп кетпеуін қадағалау маңызды. Өнімділігі төмен сиырлардан тұратын табындарда жемазық құрамын ұлғайту қажет. Малды дұрыс және тепетеңдікті сақтап азықтандыру жануарладрдың денсаулығын жақсартуға, сауын малының сүттілігін арттыруға, соның нәтижесінде сүт өдірудің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Николай АФАНАСЕВИЧ,

ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз