Қазақстанда толық құқықпен біздің агроөнеркәсіптік секторымыздың «Ақ алтыны» деп атауға болатын қымызды өндірудің тұрақты өсуі байқалады. Бұл сүт өнімі қала тұрғындары арасында таңдамалы сусын мен емдік құрал ретінде үлкен сұранысқа ие. Сондықтан мегаполистердің азық-түлік белдеуінде қымыз өндіру үшін маусымдық және жыл бойғы шаруа қожалықтарын құру ыңғайлы. Біз бұл салада жұмысты оңтайландыру және шығындарды азайту бойынша көп жылдық тәжірибемізбен бөліскіміз келеді.

Алпыс секундта сауу

Ауыл іргесіндегі жұтаң жайылымдар мен мал жаятын шектеулі алаңдар қымызды шағын фермаларда өндіруге мәжбүрлейді. Біз бие саны 30-дан аспайтын сүт фермасының оңтайлы параметрлерін әзірлеп шықтық. Сауын биенің осынша саны кездейсоқ таңдалмаған. Бір бие 60-80 секунд сауылады. Бір аппаратпен сауғанда, бір саууға кететін жалпы уақыт 40 минуттан аспауы керек. Біздің кестемізде осындай шағын ферманың орташа көрсеткіштері келтірілген. (1-кесте)

Шамамен есептелген бұл экономикалық есептерде шағын сүт фермасының отбасылық бизнес ретінде жиі ұйымдастырылатыны ескерілмейді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде қолға үйренетін жабағылар қосымша табыс болып табылады, және оларды жасы 6 айдан 9 айға дейін аралықта орташа есеппен 120 000 теңгеге сату керек. Бұл ақша жаз маусымының барлық шығындарын жабады.

Мұндай фермалар қазірдің өзінде бірқатар облыстарда жұмыс істейді. Қымыз шаруашылықтарының қалалардың азық-түлік белдеуіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, таңғы бірінші сауын және аздап екінші сауын сүті өңдеуге дейін жетпейді, саумал күйінде қымыз құнынан 20-50% жоғары бағамен емдік мақсатта сатылып кетеді деп сеніммен айтуға болады.

Алайда сауын бие санын 50-ге дейін немесе одан да көбейту қосымша шығындарға әкелетінін ескеру қажет. Оның қатарында - сауынның екінші желісін іске қосу, жұмысшылар санының артуы және жемшөп шығындарын жоғарылауы. Бірақ, басты мәселе - өндірілген өнімнің сапасы жоғалады. Мұның бәрі өнімге деген сұраныстың төмендеуіне әкеледі. Ал шағын фермалар уақыт өте келе өз клиенттерінің шектеулі ауқымына ғана қызмет көрсетеді және бірінші орынға өнім сапасын қояды.

Бизнесті технология құтқарады

Бүгінде отандық ғалымдардың алдында қымыз фермаларында жануарларды өсіру мен пайдаланудың озық технологияларын енгізу арқылы саланың тиімділігін арттыру міндеті тұр.

Ең алдымен, біздің технологтар табиғи қымыздың сақталу мерзімін 180 күнге дейін арттыру жөніндегі міндеттерді шешіп жатыр. Бұл жұмысқа қазірдің өзінде диетологтар мен ғалым-гастроэнтерологтар қосылды. Бұдан басқа, 2019 жылы «Аңсар-Ақтау» ЖШС базасында биені машинамен сауу және табиғи қымызды дайындау бойынша кадрлар даярлау курстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Маңызды әдістердің бірі гидропониканы пайдалану болып табылады. Бұл жаңа технология үлкен қалалардың азық-түлік белдеуіндегі шағын сүт фермаларында қымыз шығаратын фермерлердің нағыз құтқарушысы болуы мүмкін. Бұл технология жеті күн ішінде жасыл жемшөп құрамын жабық жайда топырақсыз өсіріп шығаруға мүмкіндік береді (толық циклі - тұқым себуден жас өскіндерге дейін). Осы ауылшаруашылық құралының ғылыми негізін ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен айналысатын әлемдегі жетекші ғылыми орталық - Девис қаласындағы (АҚШ) Калифорния университетінің мамандары дәлелдеді.

Ауа-райы және оның жем-шөп өсімдіктерінің өндірісіне әсері соңғы жылдары аграрлық сала мамандары үшін жиі талқылайтын тақырыптардың біріне айналды. Биылғы 2018 жыл да бұндайдан тыс кетпеді. Сауын биелерді азықтандыруға арналған көп мөлшердегі жасыл құрамды өсіруге тырыса отырып, фермерлер күрделі қиындықтарға кезігуде. Осы проблемаларды шешуге жемшөпті суда, жабық үй-жайда өсіруге мүмкіндік беретін жемшөп өсімдіктерін өсірудің гидропондық әдісі көмектесе алады.

Бұл технология жаңа емес, бірақ бүгінгі күні оның қолданысын фермерлерге қол жетімді ететін жаңа жабдық пайда болды. Жеті күн ішінде жемдік арпаны өсіруге мүмкіндік беретін құрылғылар ойлап табылды. Және мұнда өсіру үрдісі ауа-райы жағдайына қарамастан жыл бойына жүргізіледі.

Мысалы, Маңғыстау облысындағы «Аңсар-Актау» ЖШС-нің сауын фермасы жемдік шөптерді гидропоника әдісімен өсіруге шешім қабылдады. Жақында ферма басшылығы 100 жылқыға арналған жемдік шөптің жасыл құрамын өсіру бойынша толығымен автоматтандырылған желі орнатуды бастады. Жаңа желі тәулігіне 2 тоннадан астам жасыл жем шығарады, бұл осынша жылқы санын азықтандыру мәселесін толығымен шешуге жеткілікті.

Субсидиялар көмек болғай

Дегенмен, гидропониканы пайдаланудың артықшылықтары тек жемшөп өндірісінің өзіндік құнын төмендету және жыл бойына кепілді түрде жасыл жем алу мүмкіндігімен шектелмейді. Жылқы сауумен айналысатын фермерлер үшін басты артықшылығы - осы құрылғы шығаратын жемнің құрамының өзгермеуі. Өйткені, жануар рационындағы тіпті шағын өзгерістің өзі ас қорыту жүйесі жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Бұл құрылғы өндіретін жем-азық жануарлардың ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жануарларды жаңа піскен шөппен азықтандыру олардың рационындағы пішен шөп үлесінің төмендеуіне әкеледі. Бұл дегеніміз - адамдар да, жануарлар да әдетте пішен шөпте болатын шаңның ықпалына азырақ ұшырайды деген сөз, нәтижесінде ол тыныс алу жүйесінің әртүрлі асқынуларының пайда болу қаупін азайтады.

Әрине, гидропонды құрылғыда өсірілген жасыл азық жануар рационындағы барлық құрғақ жемді толығымен ауыстыруға арналмаған. Егер фермер жылқының (әрі ірі қара малдың да, ұсақ қара малдың да) қорегін жем арпаның жасыл құрамымен толықтыруды шешсе, оның тәуліктік дозасы жануар салмағының 3-3,5%-ын құрауы тиіс. Арпаның жасыл құрамын арпасын толыққанды жем қоспаларына да қосуға болады.

Зерттеулер көрсеткендей, ауыл шаруашылық жануарларының рационына балғын жасыл арпа жемін енгізу сауынды жоғарылатуды және сүттің майлылығының ұлғаюын қамтамасыз етеді. Балғын жасыл арпа жеміндегі дәрумендер мен энзимдердің жоғары деңгейі асқорыту процесіндегі оның сіңімділігін айтарлықтай жақсартады, басқа жемді қорытуды жақсартады және жалпы жануардың ас қорыту жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайтады.

Құрылғыны сатып алу – мол шығын, бірақ әрбір фермер ол ауа райының құбылуы немесе нарықтық баға ауытқуына қарамастан жыл бойы әр күн сайын үй жануарларына арналған жасыл жем алуға мүмкіндік беретінін түсіну қажет. Құрылғының құны оны орналастыруға арналған ғимарат салудан бастап тұқымның үш айлық қорына дейін іс жүзіндегі барлық шығындарды қамтиды. Мемлекет инновациялық жобалардың (оған гидропоника да жатады) құрылыс шығындарын 50%-ға дейін субсидиялайтынын ұмытпау керек.

ДӘУРЕН СЫДЫҚОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз