Көкөніс өсіру - табысты кәсіп. Өйткені, көкөніс әрқашан тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Бұл мақалада кәсіпті қолға алғанда неге мән беріп, нені ескеру қажет екені туралы айтамыз .

Көкөніс өсіретін топырақты дайындау 

Топырақты өңдеу әдістері көкөністердің өніміне айтарлықтай әсерін тигізеді. Ол топырақтағы қоректік заттарды өсімдіктерге жеткізіп, қүрылымын, тығыздығын, топырақтың ылғал сіңіруін арттырады. Әртүрлі агроэкологиялық аймақтарда топырақты өңдеудің әдістері біркелкі болуы міндетті емес, , себебі әр дақылға өзіне тән топырақ өңдеу әдісі қажет. Мәселен, ерте егілетін (пияз, сәбіз) дақылдарды 12-14 см тереңдікке егер алдында топырақты қопсыту керек. Күзде топырақты 27-30 см тереңдікте жыртқан жағдайда пияз бен тамыржемістілердің өнімі екі есе мол болады.

Барлық шағын және ірі көкөніс шаруашылықтарын ауыспалы егіс дақылдарын тыңайтудың біркелкі жүйесін жоспарлаған тиімді .

Көкөніс өнімдерін өсіруге қандай топырақтар құнарлы келеді? Көкөніс дақылдарын ал5аш рет өсіретін фермерлер үшін топырақты таңдау маңызды кезең болып саналады.Негізінен, көкөніс дақылдары үшін механикалық құрамы құмдылау, жеңіл және орташа құмбалшықты топырақтар жарамды. Сонымен қатар, қарашірікке бай құмайт, қара топырақ, қара-қоңыр топырақтың да құнарлылығы жоғары. Қарашірікке бай топырақтарда сәбіз, қызанақ, пияз сияқты көкөніс дақылдары мол өнім береді. Ал ауыр саз топырақтар көктемде баяу жылиды, сондықтан мұндай топырақтар көкөніс дақылдары үшін өте қолайсыз. 

Сортаң топырақтарда көкөніс дақылдарын өсіру үшін ерекше агротехникалық жұмыстар қолданылады, яғни топырақты жүйелі түрде суару және жылма жыл мал қиы көңімен тыңайтып отырса жақсы өнім алуға болады. Шағын шаруашылықтарда әр түрлі көкөніс дақылдарының ерекшеліктерін ескере отырып бір түрін бір аумақта орналастырған жөн.

Көкөніс дақылдары егілетін алқаптың топырағын өңдеуде 3 негізгі жағдай ескеріледі. Біріншісі – жер жырту жұмыстары негізігі жыртудан; екіншісі – тұқымды себер алдында топырақты өңдеу ; үшіншісі – дақылдың өсуі кезінде топырақты өңдеу ( қопсыту , тырмалау, суару, арамшөптерге қарсы күрес, гербицидтерді қолдану, аурулар мен зиянкестерге қарсы күрес шаралары)

Тыңайтқыштың маңызы зор 

Көкөніс дақылдарынан сапалы өнім алуда ең тиімді агрошаралардың бірі – тыңайтқыштарды қолдану. Әр түрлі аггроаймақтың ерекшеліктеріне және дақылдың түрлеріне қарай сәйкес тыңайтқыш түрлері қолданылады. (Мысалы Солтүстік Қазақстанның топырақтары калийге бай, ал оңтүстік өңірдің топырақтарында шірінді аз).

Көкөніс дақылдарын өсіруде ең кең таралғандары – суперфосфат, азотты тыңайтқыштар және калийлі тыңайтқыштар. Тәжрибелі шаруалар көкөніс дақылдарының тұқымдарын сепкенде минералды тыңайтқыштарды да бірге қолданады. Минералды тыңайтқыштар құрғақ топырақта тиімсіз болуына байланысты тыңайтқыштарды қолданғанда топырақ ызғарлы болуы керек.

Көкөніс өнімдерінің суарылуына, жалпы, ылғалмен қамтамасыз етілуіне жоғары мән беріледі. Бүгінгі күні көкөніс дақылдарын суарудың бірнеше түрлері қарастырылған.

Солардың ішінде дәстүрлі ( ескіше) суару – қарықпен, жолақпен (су үнемделмейді), жаңбырлатып суару (өте көп материалдық шығын қажет етеді). Көкөніс дақылдарын агроаймақтың ерекшеліктеріне, өсімдік түріне қарай өсіп даму кезінде бірнеше рет суарады (қызанақ-9-10, сәбіз 5-7, қырыққабат 12-15, қияр 11-16, пияз-4-6, балдыркөк, ақжелек-5-7, қызылша -4-5, шалғам-4-5, аскөк -6-7. (Көшетпен егілген көкөністі жиірек суарады). 

Келесі кезең – тұқымды себуге дайындау. Фермерлер тұқымды арнайы тұқым сататын сауда орындарынан сатып алатын кезде оның куәлендірмесін мұқият қарау керек (тұқымды өндірген шаруашылық, тұқым сапасы, тұқымды дайындау мерзімі (жылы), тұқымның карантиндік құжаттары, тұқымдық сорттың аудандасуы). Тұқымды егер алдында дайындау: тұқымды іріктеу, зарарсыздандыру, жылумен өңдеу, химиялық жолмен зарасыздандыру, бейімдеу, т.б.)

Тұқымды себу мерзімін белгілеу

Себу мерзімі дақылдың биологиялық ерекшеліктеріне, ауа райына, аймақтың климат жағдайларына байланысты белгіленеді. Қияр, қызанақ, бұрыш, баялды жылусүйгіш өсімдіктер. Олардың тұқымын топырақ толығымен жылығанда (10 градустан жоғары) және көктемгі бозқырау өткеннен кейін себеді.

Тағы бір маңызды кезең - көкөніс дақылдарын күту. Негізгі жұмыстар: жаңбырдан кейіргі қабыршақтармен күрес, арамшөптерді жою, зиянкестерді құрту. Дақылдың өскіні пайда болғаннан кейін торлы немесе айналмалы тырмалармен өңдеу. Алғашқы өңдеу тереңдігі 4-6 см, екінші және одан кейінгі өңдеу 6-8 см-ге дейін тереңдейді.

Тракторға тіркелген қопсытқыш қатар аралықтарын өңдеуге арналған. қопсытқыштың негізгі жұмыс бөлшектері –бір жақты көлденең кескіш, екі жақты жебе тәрізді табандар, қопсытқыш табан, үстемелеп қоректендіргіш пышақ және түптеуіш. Қопсытқыш негізінен, қатар аралық топырақты 8-12 см тереңдікте қопсытады.

Қопсытқыш табан бірізділікпен жүріп отырады. Қазіргі заманауи қарқынды технологияларда өңдеу, жіктеу, тыңайтқыш сіңіру, дәрілік химикаттарды бүркеу жұмыстары бір тетік арқылы орындалады.

Келесі кезең – артық өскіндерді аластау . Тұқымнан себілген көкөніс дақылдарының өскіндерінен артық өскіндерді аластап, өсімдікті қоректендіру керек. Кезкелген ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігінің төмендігі –егістікті арамшөптербасып кетуінің нәтижесі. Көкөніс дақылдары арамшөптерден зардап шегеді, сонымен қоса, уақытында гербицид қолданылмаған егістіктің өнімділігі күрт төмендейді.Түптеу кезінде минералды тыңайтқыштарды қолдануға әбден болады. Еліміздің құрғақшылық аймақтарында көкөніс дақылдарына жабындау әдісі де қолданылады. (Бұл тәсілді құрғақшылық аймақтарда қолдану тиіміді болады).

Көкөніс аурулары мен зиянкестерден қорғау шаралары

Көкөніс дақылдарын өсіру кезінде тұқымдық материалдарды сатып алғаннан бастап еккенге дейін ауру қоздырғыштары мен зиянкестердің таралуын зерттеу керек. Көкөніс дақылы зиянкестермен зақымданғанда 25-30 %, аурулармен зақымданғанда 40-50 %-ы жойылып кетуі мүмкін. Көкөніс дақылдарын зиянкестер мен аурулардан қорғау–алдын алу, агротехникалық және зиянкестерді жою шараларының басты бағыты .

Құзіретті орындар аймақта таралатын аурулар мен зиянкестердің таралуын және және пайда болуын болжап , аймақта таралған ауруларға төзімді сұрыптарды таңдап, шаруашылықтардың әртүрлі химикаттармен, бүркегіш агрегаттармен қамтамасыз етілуін ұйымдастыруды қолға алғаны жөн.

Өнімді жинау.

Бұл кезең көкөністің техникалық және биологиялық пісуіне сай келеді. Көкөніс дақылдары (қызанақ,қияр, бұрыш, баялды) бір мезгілде піспейтіндіктен өнімдерін бірнеше рет жинайды. Алдымен ерте пісетін ақ қауданды қырыққабат, шалғам, ақ сүттіген, сәбіз, қызылшаны іріктеп, кейін толығымен жинап алады. Кеш пісетін түсті қырыққабат, пияз, сарымсақ бір уақытта жинау қажет. Көкөністерді көп жағдайда қолмен немесе машинамен жинайды. 

Қуандық СЕЙТБАЕВ,

ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз