Ауылдық жерлерде перспективалы бизнес құру айтарлықтай күрделі, әйтседе,оны жүзеге асыруға болады.Бұл мақалада біз үй жағдайындағы қаз бағу бойынша бизнес идеясын қарастыратын боламыз.Жақтаушылармен қарсы тараптың пікірін таразылап, қаз етімен асылтұқымды қаз балапандарын сату қаншалықты табысты екендігін анықтамақпыз.

Егер, сіздің ауылда маңайында жайылымдық жері бар үйіңіз бар болса, оның жанында су қоймасы болатын болса, онда қаз бен үйрек бағуға мүмкіндігіңіз бар деп есептей беріңіз. Ал ол құстарды өсіріп, етке өткізіп, табыс табуға болатынын ұмытпаңыз. Мұнда ең көп шығын жас төл мен құрама жем сатып алуға кетеді. Өйткені, қаз құсы өте тамақсау болып келеді. Сондықтан оларды далалыққа жаймай, қамап ұстап, жемдеп бағу өте қымбатқа түседі де, сіз ондай жағдайда табысқа жете алмайсыз.

Қаз өсірудің өзіндік құнын төмендету үшін оларды далалыққа жайып бағу қажет. Көбірек көк шөп жеп өскен қаз соның есебінен тезірек салмақ жинайды да, оларды семіртуге шығын аз кетеді

Сондай-ақ, жақын маңда балықоты бар тоған болатын болса, қаздар мұндай балдыр шөптер мен планктондарды жақсы жейді. Бұл да құстың тез семіруіне көмектеседі.

Дайын құрама жемді сатып алған тиімсіз. Оның орынына дән үгіткіш сатып алып, қаздар үшін құрама жемді қолдан жасаған дұрыс. Ол үшін тек көтерме көлемде дәнді дақылдар, күнбағыс күнжарасын, сүйек ұнын және тағы да басқа қажетті компоненттерді сатып алсаңыз болғаны.

Қолда өскен тұқымсыз қарапайым үй қаздарын бақпаған абзал. Олар өте жәй семіреді.Оның орынына тез ет алғыш, ауыр салмақты асыл тұқымды қаздарды баққан дұрыс. Мәселен, холмогор немесе сұр қаз тұқымдары.

Қаз шаруашылығы табыс әкелуі үшін, келесідей жайттарға бірінші кезекте назар салу қажет:

- шөбі жақсы өріс және, мүмкіндігінше, тоған болуы қажет;

- қолдан құрама жем жасау үшін дән үгіткіш болу керек;

- өсіру үшін асыл тұқымды, етті ауыр салмақты қаздарды таңдап алған дұрыс;

- қаз балапандарын шығару үшін өзіңнің жеке инкубаторың болуы қажет;

- өндірген өнімдерді – ет, инкубациялық жұмыртқа және асыл тұқымды қаз балапандарын сатып алатын тұрақты сатып алушылар болуы керек;

Қаз бағу бизнесі тек оның етін сатумен шектелмейді. Сонымен қатар, тірі қаздың өзін сату да өте тиімді. Егер, жақсы инкубатор қойып, асыл тұқымды қаз балапанын шығарып сатса, оған көптеген құс шаруалары кезекке тұрар еді. Өйткені, бүгінгі таңда асыл тұқымды қаз балапандары мен инкубаторлық жұмыртқаларға сұраныс өте жоғары. Ал асыл тұқымды қаздардың бағасы кей-кейде өте аспандап кететінін ескерсек, мұнда жақсы табысқа кенелуге болады.

Құс тұқымын таңдаймыз

Венргияның ақ қазы. Қаздың бұл тұқымы Ресей федерациясына 1990 жылдары Венгриядан әкелінген. Бүгінгі таңда оларды Башқұртстан және Татарстан республикаларындағы қожалықтар өсіріп отыр, сымбатына және салмақ ерекшеліктеріне қарай бұл құсты орташа типке жатқызуға болады. Түсі ақ, ересек еркек қаздардың салмағы 6,0-6,5 кг, ұрғашы қаздардың салмағы 5,0-5,5 кг болып келеді.

Губернаторлық тұқым. Бұл тұқым Қорған облысындағы «Малахов асыл тұқымды зауыты» АҚБ-де сұрыпталып шығарылған. Оның шығуына асыл тұқымды зауыттың мамандарымен қатар Құс шаруашылығы МҰУБҒЗТИжәне Т.С. Мальцев атындағы Қорған МАША ғалымдары да атсалысқан екен. 9 апталық ауыр типтегі (АМ-1) қаздардың тірі салмағы: еркек қаз -4,35 кг, ұрғашы қаз - 4,00 кг құрайды. 1 келілік өсіммен алғанда тірі салмаққа жұмсалатын жемнің шығыны – 2,75 кг.

Италия тұқымы - жергілікті қаздарды жетілдіре түсу жолымен Италияда шығарылған. Ресейге өткен ғасырдың 60-70 жылдары Чехословакия мен Польшадан әкелінген. Жыныстық жетілген еркек қаздардың тірі салмағы - 6,5-7 кг, ұрғашы қаздар - 5,5-6,0 кг құрайды. 9 апталық қаз балапандарының тірі салмағы 3,8-4,0 кг.

Линдовская тұқымы. Бұл тұқымды сұрыптап шығару жұмыстарын 1953 жылы Горговский облысындағы ГородетскийИПС-да Ресей Федерациясының еңбек сіңірген зоотехнигі Г.К. Эльберт бастаған. Линдов қаздарының өнім берудегі генетикалық әлеуеті келесідей: жыныстық жетілген еркек қаздардың ауыр типтегі тірі салмағы -9,0-11,0 кг, ұрғашы қаздар 8,5-10,0 кг. Жеңіл типтегі тірі салмағы: еркек қаздар – 7,0-8,0 кг, ұрғашы қаздар 6,0-7,0 кг, жұмыртқа бергіштігі - 4-5 айда 48-50 дана. 9 аптадағы тірі салмағы -5,0-5,6 кг. Жұмыртқалардың салмағы – 160-180 гр. Жұмыртқа түсі –ақ. Жұмыртқалардың ұрықтандырылуы –90%. Балапан басып шығаруы – 60-70%. Жас төлдің сақталуы – 95%. Ересек қаздардың сақталуы - 93-95%. Бұл тұқымдағы қаз балапандары тезірек салмақ қосуға бейім. Үш айлық жасында олар 4кг-нан астам салмақ жинайды, ересек қаздар 7-8 кг-ға дейін салмақ жинайды, ал еркек қаздардың салмағы 10-15 кг-ға дейін жетеді. Түйіндей айтқанда, 3-4 айдың ішінде сіз сойып сатуға болатын толыққанды құс өсіріп шығара аласыз.

Қаз балапандарын ет алу мақсатымен өсіру

Қаз етін өндіріп өткізу үшін ең бірінші кезекте дәл осы уақыттарда селекциялық жұмыстар жүргізіліп жатқан тұқымдар мен желілерді пайдаланған дұрыс. Мұндай құстарды өсіру өте жақсы нәтиже береді.

Бүгінгі таңда мұндай тұқым мен желіге губернаторлық, ливдовская, красозерская, рейн, италиялық тұқым түрлерін және олардың тұқымішілік немесе тұқымаралық шағылыстыру арқылы алынған өнеркәсіптік будандарын жатқызуға болады. Іс жүзінде ет алу мақсатында бағылатын қаздарды өсіру үшін негізінен төсеме технологиясы қолданылады. Сонымен қатар оларды шабақ едендерде және торлы батареяларда өсіреді. Жылдың жылы мезгілдерінде қаз балапандарын жазғы лагерлерде және жемдеу алаңдарында өсіруге болады. Практикада осындай өсіру жолдарының бір-бірімен үйлесімді түрлі тәсілдері пайдаланады. Ет алу мақсатымен өсірілетін қаз балапандары үшін арнайы технологиялық параметрлер мен жемдеу нормативтері қолданылады. Мұндай тәсіл 9 (10) апталық есейіп қалған жас төлдер үшін де қолдануға жарайды.

Ет алу мақсатымен өсірілетін қаз балапандарын мүмкіндігінше жынысы бойынша бөлген дұрыс. Бұл ет өнімділігін 5-7% арттырып, оған керісінше, тауардың өзіндік құнын төмендетеді. Қаз балапандарының сақталуын арттырып, тушаның ет сапасының жақсартады

Қаз балапандарын жазғы лагерлерде және жемдеу алаңшаларда өсіру

Жылдың жыл мезгілдерінде қаз балапандарын жазғы лагерлерде және жемдеу алаңшаларда өсіруге болады. Жазғы лагерьді қалқашалармен жабдықтайды да, қаз балапандары оның астында күндіз-түні, ауа райының қолайсыз уақыттарында да жүре бере алады. Қалқаша еденінің өлшемі 6 бас/м2 есебімен алынады. Лагерьдің аумағына жем астаушалары мен су науалары қойылады. Жасыл шөппен жемдеу үшін ақыр типті жем астаушаларын пайдаланған дұрыс. Таза ауа мен күн шуағы жас төлдің жақсы өсіп дамуына ықпал етеді. Жазғы лагерлер мен жемдеу алаңшаларына қаздарды әдетте 3 апталық жасынан бастап ауыстырады.

Қаздарды жемдеу

Ұстау жағдайына қарай қаздарды жемдеудің ылғалды, құрама және құрғақ типтері қолданылады. Қаздарды ылғалды немесе құрама типте жемдеу әсіресе, фермерлік қожалықтар үшін қолайлы. Бұл ретте жергілікті өндірілетін арзан өсімдік тектес жемдерді пайдалануға болады. Олар - жасыл шөп, сәбіз, картоп, асқабақ, орамжапырақ, жемдік шалқан, тарна, бәлек, құрама сүр шөп. Сондай-ақ бойында ылғалы көп жануартектес жемдерді де пайдалануға болады. Олар көк сүт, сүт сарысуы, жаңа ауланған балық, сою қалдықтары және тағы басқалар.

Қаздарды ылғалды аралас қоспалармен азықтандырған жағдайда күніне 3 мезгіл жемдеу режимін қарастыру керек. Алғашқы жемдеу таңғы ерте сағаттарда жүргізіледі. Бұл ретте аралас ылғал қоспалардың көлемі келесі жемдеу уақытынан бір сағат бұрын қорытылып кететіндей есеппен берілу керек. Келесі жемдеу уақыты түстен кейінгі сағат 3-4-ге сәйкес келеді. Егер ылғалды аралас қоспа жем астаушаларында қалып қоятын болса, онда тез ашып, көгеріп кетеді. Сол себептен жем астаушаларын аптасына бір реттен көп босатып, тазалап тұру қажет.

Ылғалды аралас қоспаның қоюлығы қолға алып, сығып, қайтадан жібергенде бірден ыдырап кететіндей болуы тиіс. Ал сыққан кезде ол ылғал, әрі қамырға ұқсас болатын болса, онда оны жас төл жей алмайды

Аралас қоспаға кем дегенде 20% диірмендік қалдықтарды қосуға кеңес етіледі. Егер жем құрамына 20% кебек қосатын болсақ, онда ылғалды аралас қоспаның жақсы қоюланған түрін алуға болады. Жаңа жиналған бидайды да ылғалды қоспаға 20%-дан көп қоспайды. Оның үстіне ол ірі үгінділі тартылған түрі болуы керек. Болмаған жағдайда ылғалды қоспа жабысқақ қамырға ұқсап кетеді. Ылғалды қоспаны құрғақ жемнің үстінен қосу керек.

Құрама типті жемдеуде ересек қаздардың бір тәуліктік жем мөлшері құрама жемнен және нәрлі жемнен тұру қажет. Мәселен, күзгі-қысқы кезеңде құстарды жемдеген кезде бір құс басына 200 грсүр шөп, 400-500 гр қант қызылшасы, 200-300 гр картоп деп есептеп, жемдеу қажет. Қаздар жасыл шөп, пен нәрлі, ірі жемдерді олардың құрамындағы құнарлы элементтерді кеңінен сіңіре отырып, жақсы жейді. Мәселен, бір күннің ішінде бір қаз 2 кг-дан артық көк шөп жей алады немесе ұнтақталған жүгері дәнінің 200 граммын, ал тары немесе сұлы жұмсағын, жоңышқа ұнын бір тәулікте 300 граммға дейін жей береді.

Егер құрғақ ірі жемдерге қант қызылшасы немесе асқабақ, жем қызылшасы және картоптан қосып, жақсылап араластырып беретін болса, қаздар оларды сүйсіне отырып көп көлемде жеуі мүмкін. Қаздарға үлкен көлемдегі ірі жемдерді көп ретте олар өнім бермей тұрған кезеңдерде береді.

Қаз шаруашылығында дәнді жемдерден жүгері, сұлы, арпа, бидай, тары және қарабидай қалдықтары пайдаланылады. Бұл ретте дәнді қалдықтардағы зиянды қосындылар келесідей көрсеткіштерден аспауы тиіс: кіші қарамық – 0,25%, қара күйе – 0,05%, үй бидайық – 0,1%.

Қаздарға арналған жемдер мен жемдік қоспалар

Құстарға арналған жемдер негізгі 6 топқа бөлінеді. Олар - дәндер; техникалық өндіріс қалдықтары; жануар текті жемдер; дәрумендер; нәрлі жемдер; минералдар.Бұдан бөлек құс шаруашылығында жемдік қоспалар (қосындылар түрінде) да қолданылады.Олар - дәрумендер препараты, микроэлементтер тұзы, синтетикалық амин қышқылдар, антиоксиданттар.

Жем құнарының протеинді бөлігі биологиялық толыққанды болуын қамтамасыз ету үшін қаздарға арналған құрама жемдерде амин қышқылдарының нормалары мен қатынастарын ескеру қажет. Жем құнарында өте көп ретте лизин мен метиониннің тапшылығы байқалады.Оларды осы амин қышқылдарының синтетикалық препараттарын қосу жолымен толықтыруға болады. Негізін жүгері дәні, күнбағыс және зығыр жомы немесе күнжарасы құрайтын жем құнарында әдетте лизин тапшы боп келеді.Ал дәнді, бұршақты, жом мен күнжарасы көп жемде метионин тапшы.Синтетикалық амин қышқылдарын етке сою мақсатымен өсіріліп жатқан қаз балапандарының құрама жеміне қосуға кеңес етіледі.Ал минералдық коректендіру ретінде қаздарға ұлутас, бор, сүйек ұны немесе трикальсийфосфат, ас тұзы беріледі.

Жем құрамындағы микроэлементтерді жас төлдің организімі толықтай (10-15%) сіңіре алмайтындықтан оларды еліміздің барлық аймақтарында қаз балапандарына арналған құрама жемдерге профилактикалық қоспа түрінде қолданады. Микроэлементтер қаз балапандарының ағзасында кальций мен фосфордың сіңуін арттырып, ағзасының минералдық зат алмасуын және өмірге қабілеттілігін жақсарта түседі.Дәрумендердің ішінен қаз балапандары үшін келесідей түрлері анағұрлым маңызды:А, Д,Е, В2, В12дәрумендері, никотин және пантотен қышқылдары, холин және фолий қышқылдары.Құрғақ дәрумен препараттарын 1%-дық қосынды түрінде қосады да, жақсылап тұрып жеммен араластырады.Құрама жемде 15%-ға дейін шөп ұнтағының болуы немесе көк шөппен азықтандыруА дәруменінің қоспасын нормамен салыстырғанда 30-40%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Техникалық өндіріс қалықтары

Оларға жом, күнжара, кебек,жемдік ашытқылар жатады. Жом мен ашытқылар май шайқау және май тұндыру өндірісінің қалдықтары болып табылады. Жомды алдынала тазартылған, үгітілген және жылумен, сумен өңделген майлы дақылды өсімдіктердің тұқымын жанышқыда сығып майын алған кезде, соның қалған қалдығынан алады.Ал күнжара майды органикалық ерітінділермен бөлу кезінде алынады.Биологиялық құндылы жағынан салыстырғанда майлы дақылдардан алынған жоммен күнжараның ақуызы астық дақылдарынан алынған ақуыздармен салыстырғанда едәуір асып түседі.Олардың кейбірі сапасы бойынша жануар тектес ақуыздарға жақын келеді.Бірақ олар амин қышқылдық құрамы бойынша нашар теңесетіндіктен алмастыруға келмейтін амин қышқылдарының жоқ дегенде бір түріне қатысты тапшылыққа ие болады. Жом мен күнжараның ақуыздары глутамин қышқылына, цистин мен метионингежұтаң келеді.Олардың құрамындағы лизиннің саны құбылып тұрады,әйтседе әдетте аз кездеседі. Күнжаралар мен жомдар өздігінен астық дақылды жемдердің ақуызын толықтай алмастыра алмайды. Сол себептен оларды жануар тектес ақуыздармен толықтырып тұрған дұрыс.

Жануар тектес жемдер

Олар толыққанды протеиннің, көптеген дәрумендердің,минералды заттардың көзі болып табылады.Жануар тектес жемдердің көпшілігі олардың протеинді құрылымына кіретін амин қышқылдарын өте жақсы сіңіретіндігімен ерекшеленеді.Мұндай жемдерге ет пен сүйек,ет,сиыр,ет пен қауырсын,қауырсын және балық ұндары; майсыздандырған құрғақ сүт,сүт сарысуы, сүт май суы, жемдік мал майы және тағы басқалары жатады.

Дәрумендік жемдер

Оларға шөп және қылқан жапырақты өсімдік ұнтағы,соны жасыл шөп,жемдік ашытқылар,бактериялық синтезбен алынатын ақуызды-дәруменді биомасса және тағы басқалары жатады.

Шөп ұнтағы -бұл жасанды кептірілген жасыл шөп массасынан алынатын құстарға арналған өте бағалы жем.Ол барлық дәрумендердің (В12дәруменін қоспағанда)көзі болып табылады.Протеинге, азотсыз сығынды заттарға,минералды заттар кешеніне бай.Сонымен қатар, оның құрамында құстың ағзасына түскен соң қан гемоглобиніне айналатын үлкен көлемде хлорофилл бар.Шөп ұнтағын құрама жемге қосу оны түрлі дәрумендермен байытып, жем құнарына қымбат тұратын дәрумендік препараттар секілді қосымша қоспаларды қосуды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.Шөп ұнтағы нәрлілігі жағынан көпетеген дәнді-дақылды жемдерден кем түспейді. Тіпті протеиннің толыққандылығы,дәрумендермен өзге де биологиялық маңызды бірлестіктердің болуы жағынан олардан асып та түседі.Шөп ұнтағының кемшілігі онда жасұнықөте көп(20-25% және одан жоғары).

Жоғары сапалы шөп ұнтағын дайындау үшін анағұрлым бағалы шикі зат болып бұршақты дақылдар және бұршақты-астықты қоспалар табылады. Бұршақты шөптерді гүлдерінің түйнек ашу фазасында, астықты дақылдарды масақтану фазасында жинап алған дұрыс.Бұл кезеңде өсімдіктер жақсы жапырақ жайып, көптеген витаминге, протеиндерге, минералдық тұздарға бай болып келеді де, құрамында салыстырмалы түрде жасұнықтарыаз болады

Нәрлі жемдер

Оларды, әдетте, қосалқы, фермерлік және үй-жай қожалықтарында құстардың әр алуан түрлерін құрама типте жемдеу кезінде қолданады. Нәрлі жемдерге картоп, сәбіз, жемдік және қант қызылшасы, жемдік орамжапырақ, құрама сұр шөп жатады. Олардың барлығы да құрамында жоғары дәрежеде толыққанды протеиннің барлығымен ерекшеленеді және биологиялық белсенді заттардың кешеніне бай болып келеді.

Жас төлді жемдеу

Қаз балапандарын жемдеуді олардың тұқымын, жасын және өнім бергіштік бағытын ескере отырып жүргізу қажет. Алғашқы 9-10 аптада олар интенсивті түрде өседі де нәрлілігі жоғары құмарлы жемдерді қажет етеді. Осы кезде оларға толық құнарлы аралас жемдер қарастырылған жемдеудің құрғақ түрі де, тек ұнтақталған бидай ғана емес, сонымен бірге жасыл нәрлі жемдер мен өзгеде компоненттер қолданылатын құрама жемдер де жарай береді.

Қаз балапандарын инкубатордан өсіру цехына ауыстырылғаннан бастап жемдеу қажет. Бірінші үш күнде оларғақабығы аршылып уатылған (мүмкіндігінше жүгері) дәндерден – 80%, уатылған бұршақтан - 5%, шөп ұнтағынан - 3% және құрғақ сүттен - 2% тұратын аралас қоспа берген дұрыс. Төртінші күннен бастап нәрлілігі жағынан олардың жасына сәйкес келетін толыққанды құрама жем беріледі. Құрама жеммен жемдеу кезінде балапандардықұрамы ұсақ үгітілген дәннен, қайнатылған қабығы жоқ жұмыртқадан тұратын аралас үгілмелі жеммен коректендіреді.

10 күндік жастан бастап аралас жемге жануар тектес (балық, ет пен сүйек ұны, жем ашытқысы, күнжара) протеин жемдер, соны шөп, сәбіз, минералды жемдер қосылады. Жасыл шөп пен нәрлі жемдерді бөлек астаушаға салып берген немесе ұнмен араластырып берген дұрыс. Балапандарды етке өткізу мақсатымен тез өсіру мақсатында оларды туылған алғашқы аптада тәулігіне 6-8 рет толық құнарлы құрама жеммен жемдейді, одан кейін барып 3-4 реттік жемдеу кезегіне көшеді. Жемді ысырап етпеу үшін және жас төлдің оның ішінен ірі бөлшектерін теріп жеуін болдырмау үшін құрама жемді түйіршіктелген түрде пайдалану қажет. Жасы 20 күндік балапанға диаметрі 2-3,5 мм-лік түйіршіктер, 20 күннен асқандарына диаметрі 4-8 мм-лік түйіршіктер беріледі.

Балапандар құрама жемнің бірден өзгергенін тез қабылдай алмайды. Сол себепті бір рационнан келесі рационға көшкен кезде біртіндеп өту керек. Жас төл жақсы өсуі үшін құрама жемде жануар тектес жемдер де болуы қажет

Мәселен, 3 аптаға дейінгі балапандардың азығында 16%-ға дейін жануар тектес протеин болу қажет. 4-9 апталық төлдің азығында оның үлесі жалпы рационның 11% құрау керек. Бүгінгі таңда құрама жемдердегі амин қышқылдарын синтетикалық препараттар есебінен теңестіру жақсара түскенінің арқасында жануар тектес жемдерді екінші жас кезеңіндегі (4-9 апта) балапандардың рационынан азайтуға әлде мүлдем алып тастауға мүмкіндік туып отыр. Аралас жемдерді лизин және метионинмен міндетті түрде байыту қажеттігі туып, жануар тектес жемдердің орынын алмастырған жағдайда оны ылғал және жылумен өңделген күнжара санына қарай протеинге балама ретінде жүргізу қажет.

Қаздың тушасы жақсы пигментацияалуы үшін өсірудің соңғы екі аптасында сары жүгерінің дәнін (40% дейін) және жоғары сапалы шөп ұнтағын беруге кеңес етіледі.Бір тәуліктің жасынан бастап өсірудің соңына дейін (9 апта) қаз балапандарын қалағанынша жемдеу қажет:бірінші аптада тартпалы астаушалардан күніне 6-8 рет, 3 аптаға дейінгі уақытта жемді ысырап төгіп етпеу үшін биіктігін ¾ етіп қана толтырып науалы астаушалардан, 3 апталық жастан бастап оларды бункерлік астаушалардан жемдеуге болады.

Құрама жемді бір балапанның бір тәулікте жейтін мөлшері орташа шамамен алғанда граммен өлшегенде келесідей: 1 апталық балапан - 35; 2 апталық - 90; 3 апта- 110; 4 апта - 220; 5 апта- 270; 6 апта - 280; 7 апта - 329; 8-9 апта - 338

Толық құнарлы құрама жемі жоқ қожалықтарда қаз балапандарын келесі кестеде көрсетілген нормаларды басшылыққа ала отырып құрама тәсілмен жемдеп өсіруге болады. Бұл ретте алғашқы күндері қаз балапандарын үгітілген дәннен (үлдірі жоқ), ұсақ туралған қайнатылған жұмыртқадан, сүзбеден тұратын аралас үгілгіш жеммен жемдейді. 5-6 күннен бастап ақуызды жемдерді енгізеді. Олар - балық және ет пен сүйек ұны, жем ашытқылары, күнжара, бұршақ, сондай-ақ, соны беде шөбі, жоңышқа шөбі, сәбіз, шөп ұнтағы және минералды жемдер.Жасыл шөп пен нәрлі жемдерді жеке өз алдына немесе дәнді-ұнды жемдермен әлде құрама жеммен араластырып беруге болады. Жасыл шөп пен нәрлі жемдерді үгу дәрежесі алғашқы жас кезеңіндегі (1-20 күн) балапандар үшін - 2 см, үлкен жастағылар (21-60 күн) үшін – 5 см.

Құрама типтегі жемдеу кезінде жас төлді барлық қажетті нәрлі азықтық заттарымен қамтамасыз ете отырып тиімді өсіріп шығаруға болады. Қаз балапандарын жемдеу үшін толық құнарлы құрама жемдердің рецепті жасалып шығарылды.

Жас төлдің жем жеу сапасын олардың тірі салмағы арқылы және тәуліктік орташа жем жеу көлеміне қарап қадағалауға болады.

Егер жайылымдық алқаптың жағдайы қанағаттанарлықсыз болса, онда қаздарға ылғалды аралас қоспа түрінде күніне екі рет – таңертең және кешке жем беріледі. Мезгіл-мезгіл 20 күнде бір рет әр жас тобынан 40-50 қаз салмағы тексеру мақсатында таразыда өлшенеді. 30 апталық жастан бастап қосалқы топтағы жас төл 1-2 аптаның ішінде бірте-бірте аталық және аналық қаздар отарының рационына көшіріледі

Қаздарды сою

Қаздардың тушасы қанынан жақсы арылтылған және таза болуы керек. Қауырсынсыз, мамықсыз, көбесіз, балауызсыз(егер қаз тушасы балауызбен оралған болса), тіліктерсіз, кесіктерсіз, дақтарсыз, қан жұғындыларсыз, ішек қалдықтары мен нәжістерсіз болуы тиіс.

Қоңдылығына және өңделуіне қарай тушалар I және II санатқа бөлінеді.Қоңдылығы жағынан тушалар төменде келтірілген кестедегі талаптарға (төменгі бөлігі) сәйкес болуы тиіс.

Жартылай аршылған тушаның ауыз қуысы мен тұмсығы жем мен қаннан, кірден, әк қаспақтардан және шорлардан тазалануы тиіс

Жол беріледі:

I санатты тушаларға – бірлі жарым көбе мен тіліктер, терісінің 2-ден көп емес ұзындығы әрқайсысы 1 см-ге дейін жырылған жерлері (тек кеудесінде емес), тері эпидермисінің елеусіз ғана салбырап тұруы.

II санаты тушаларға – бірлі жарым көбе мен тіліктер, терісінің 3-тен көп емес ұзындығы әрқайсысы 1 см-ге дейін жырылған жерлері, тушаныңтауарлық сипатын елеусіз ғана нашар етіп көрсететін тері эпидермисінің салбырап тұруы, әр-әр жерінде қан ұйып қалуы, саусақтары мен табан сүйегінің елеусіз майысуы және сынуы, қанатының соңғы сегментінің болмауы, бір жіліншігінің немесе қанатының бітеу және қаны көрінбей сынуы, төс сүйегінің ұшының майысуы

Қоңдылығы жағынан І санатқа, бірақ өңдеу сапасы бойынша ІІ санатқа жататын құс тушасы ІІ санатқа жатқызылады.

Қоңдылығы жағынан ІІ санатқа жатпайтын құс тушасы арық деп танылады.

Жол берілмейді:

Сауда желілерінде және қоғамдық тамақтану желілерінде өткізуге болмайтын, бірақ өнеркәсіптік қайта өңдеугежататын құс тушалары:

- қоңдылығы және өңдеу сапасы бойынша ІІ санатқа сәйкес келмейтіндер;

- арқа және төс сүйегі майысқандар;

- арқасында тыртық тіліктері барлар, бір реттен көп мұз боп қатырылғандар;

- Қою пигментациялары бар, өңдеу талаптарына сәйкес келмейтіндер, қаны толық арылтылмағандар, бір реттен көп мұз болып қатырылғандар, қатқан қан тамшылары бары, алып тастау қажет көрініп тұрған бездері бары, жіліншіктері немесе қанаты сүйектері көрініп ашық сынуы.

Сергей СЕРГИН,

Қаз шаруашылығы жөніндегі сарапшы

Tегтер
0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз