Украиналық ғалымдар шығарып, жетілдірген энергия үнемдейтін "Фитопирамида" гидропонды технологиясы – азшығынмен, қысқа уақыт ішінде озық жылыжай шаруашылықтарындағыдай және одан да мол өнім алу жолдарының бірі.

Қыс маусымында тұрақты түрде мол өнім алып отыру үшін үлкен мөлшердегі электр энергиясын қажет ететін қосымша жарық керек. Бұл өнімнің қымбаттауына және оны алудағы шығынның артуына себеп болады. Сондықтан, қосымша жарықтандыру жүйесі бар, микроклиматтық бақылау жүйесімен жабдықталған заманауи жылыжайлардың аумағы үлкен болса ғана экономикалық жағынан тиімді.

Елімізде саны мен ауданы 85%-ды алатын фермерлік жылыжай иелерінің қалтасы мұндай шығынды көтермейді. Олардың кейбірі жылу және бақылау жүйесімен жабдықталмаған, тамшылай суғару жүйесімен жұмыс істейтін көшетханалардан тұрады. Ал кейбірі жылыту, желдету, тұмандату және перделеу жүйесімен жабдықталған. Алайда, мұндай технологиялық жүйенің өзі де өліара шақтарда мол өнім алуға кепілдік бере алмайды. Оның негізгі себебі, көптеген жылыжайларды әркім микроклимат жағдайы талаптарын ескерместен, өз бетінше салып алған Оның үстіне құрылыс кезінде материал үнемдеп, биіктігін 3,8 метрден асырмаған (өсірілетін аймаққа 1,8-2,0 метр биіктіктен келеді). Сондықтан да, көптеген жылыжай иелерінде "ескі жылыжайды жаңартып жөндеген дұрыс па, әлде қайтадан жаңасын салған ба?", - деген сұрақтуындады. Алайда, ескісін жетілдіргеннің өзінде аз шығын шықпайды, ал жаңадан қайта салу одан бірнеше есе көп қаражатты қажететеді.

Жылыжайды жөндеуге көп шығын шығармай өнімді арттыру жолдарының бірі – энергия үнемдейтін "Фитопирамида" гидропонды технологиясы. Оны украиналық ғалымдар Селянский А.И және Лобашев Е.В ойлап шығарған және жетілдірген.

Оның идеясы мен шешімі – өсімдікті "фитопирамида" көпқабатты вегетациялық құбырлық қондырғыда, ылғалдандырылған ауада, бейсубстратты (қоректік топырақсыз), гидропонды технология бойынша өсіру. Бұл тәсіл арқылы өсімдікті қосалқы ғимараттарда, жертөлелерде, табиғи жарық аз түсетін бөлмелерде өсіруге болады.

Климаттың жылдам өзгеруі, әсіресе табиғаты жайсыз және ауа райы құбылмалы аймақтардағы логистикалық шығынның артуына байланысты өсімдіктерді жарықта өсірудің маңызы артып отыр.

Аталған технологияда ешқандай субстрат жоқ. Бұл өндіріске кететін шығынды азайтып, аталған тәсілдің қазіргі заманауи субстратты гидропондық технологиялардан тиімді екенін көрсетеді.

Тәсілдің негізгі идеясы – қымбат тұратын жылыжай аумағының әр шаршы метрінде көпқабатты құрылғының арқасында барынша көп өсімдік өсіру.

Вегетациялық құбырлар төменнен жоғары қарай бірнеше қабаттан орналасады. Нәтижесінде, оны бойлай өсетін жеміс беретін өсімдіктер қатарының саны да арта түседі. Сәйкесінше, жеміс беретін әр қабатта тамыр жаю жүйесі мен ылғал сіңіретін аппарат бар.

Белгілі бір бағдарлама бойынша, өсімдіктің тамырлы бөлігі құнарландырушы ерітінділермен суарылуының арқасында өсімдік тамырынан да, ауадан да теңдестірілген минералды қоретік заттар алады. Олардың тамыр жүйелері перфорацияланған контейнер стақандарда орналасқан, ауа жақсы келіп тұрса еркін дамып, жетілу мүмкіндігі бар. Өсімдіктер жайлы ортада тез өсіп, жетіліп, жақсы жеміс береді.

Аталған тәсіл көкөніс, баклажан, бұрыш, салат, бүлдірген, гүлдер сияқты қысқа бойлы өсімдіктердің жақсы өсуі үшін өте тиімді

Көпқабатты жүйедеөсіру қысқа бойлы өсімдіктер өсірумен айналысатын жылыжайлардың ауданын тиімді пайдалана отырып, мол жеміс алуға көмектеседі. Бұл қабаттарда қызанақ, бұрыш, баклажан, сүттіген, руккола сияқты жеміс беретін өсімдіктерді, сонымен қатар гүлдердің түр-түрін, қойбүлдіргендер мен емдік шөптерді, басқа да тұрмысқа қажетті өсімдіктерді өсіруге болатындықтан мұндай жүйе өте тиімді әрі өзін аз уақытта ақтай алады.

Мысалы, ең алғашқы тәжірибелердің бірінде, бір маусымда, нақтырақ айтқанда, «Фитопирамада» өсірілген екі ай ішінде, бір шаршы метрден 30 кг қызанақ алынған. Сондықтан бұл жүйемен айына 15 килограмм өнім алуға болады.

Ең озық шаруашылықтар 11 айда 55-60 келі қызанақ алады, яғни бір айда 5-5,5 келі. Жылына бірнеше жеміс түрін алмастырып отырса Голландияның заманауи гидропонды технологиялары арқылы алынатын өнімінен де мол өнім алуға болады. Аласа бойлы қызынақтарды "фитопирамидаларда" өсіру жемістің мерзімінен ерте пісуіне және бағасы қымбат маусымда сатылуына мүмкіндік береді.

Кокос, шымтезек, минералмақталы төсемелер және керамзит, қиыршық тастар, вермикулит, текше тастар және тағы басқа қымбат субстрат түрлерін қолданудың қажеті жоқ. Барлық құнарландырғыш ерітінділерді қайтадан пайдалануға болады. Демек, бір маусымда бір гектар жерге сиымдылығы төмен технологиялар жағдайында таза тыңайтқыштардың 25-30 пайызы кететін ондаған тонналық құнарландырғыш тыңайтқыштар жұмсалмайды.

Тиімділік өсіріліп отырған өнімге байланысты 130-150% құрайды. Жабықтардың өзін ақтау мерзімі 2-3 өнім ауысымы немесе 1 жыл. Ал қондырғылармен жабдықталған жылыжайда 2-3 жылда өзіне кеткен шығынды ақтап шығады

Сонымен қатар, биік жылыжай тұрғызудың қажеті жоқ. Бұл – жылу жүйесі үшін энергия тасымалына кететін шығынның төмендігін көрсетеді. Биік жылыжайды жылыту аласадан анағұрлым қымбат. Мұндай жылыжайлар көп орын алмайтындықтан, оларды қала сыртында немесе қала ішіндегі бос алаңдарда, үйлердің немесе өндірістік ғимараттардың төбелерінде орналастыруға болады.

Жоғарыда аталған барлық артықшылықтармен қатар технологиялық үрдістің және құрылғыны тұрғызудың қарапайымдылығы, металл мен материалдың аз жұмсалуы алынатын өнімнің таза бағасын да арзандата түседі. Аласа, қарапайым жылыжайы бар фермерлерге бұл қондырғы аз қаражат салып, қысқа уақытта озық технологиялы жылыжай шаруашылықтарынан да көп өнім алуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінде гидропонды құрылғынының баламасын жасау және әр түрлі жеміс және көкөніс дақылдарын пайдалана отырып өсімдік өсіру технологиясын жетілдіру жұмыстары басталды.

Серік ЖАНТАСОВ,

"жабық топырақта жеміс өсіру" бағыты бойынша сарапшы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз