Тіршілік кезеңінде қызылшаны аурудан қорғау негізгі міндеттердің бірі. Қызылша көптеген вирустық, саңырауқұлақтық, бактериялық ауруларға шалдығады. Бұл алынатын өнімге үлкен зиян келтіреді. Төмендегі мақалада маман тамыржемістілерге ең қауіпті аурулар туралы түсінік береді.

Ақұнтақ, церкоспороз, тамыр шірігі, ризомания, тамыржегі, тазқотыр; сонымен бірге фомоз (құрғақ шірік), рамуляриоз да кездееседі.

Ақұнтақ

Ақұнтақ көбінесе шілде айының ортасында жапырақ бетіндегі ақ қабат түрінде пайда болады. Жапырақ ақ ұн сеуіп тастағандай көрінеді. Ылғалды жылдары бұл ауру кеш шығады. Ол желмен тез таралады. Құрғақ және ыстық ауа райы аурудың таралуына қолайлы келеді. Сондықтан Орталық Азия осы аурудың отаны болып есептеледі. Ыстық күндері қызылшаның солуы өсімдіктің ақұнтаққа төзімділігін төмендетеді. Жиі жауған жаңбыр мен жаңбырлатып суару ауруды бәсеңдетеді. Зақымдалған жапырақтар біртіндеп сарғаяды да солып қалады. Бұл тамыржемістілердің өнім түсімін 10-20%, ал олардың қанттылығын 1,5 пайызға дейін азайтады.

ақұнтақ

Қорғаныс шаралары: ауруға төзімді будандарды пайдалану, егіс ауыспалылығын сақтау, қызылша алқаптары аралықтарын кеңістіктік оқшаулау, суару ретін қадағалау. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда Титул Дуо, Колосаль Про сияқты саңырауқұлақ ауруларына қарсы химиялық дәрілермен дәрілеу қажет. Жағдайға қарай 2-3 рет дәрілеуге болады.

Церкоспороз

Церкоспороз ауруының қоздырғыштары қызылшада ғана емес, қызылқұйрық, көкпек, қымыздық сияқты өсімдіктерде де болады. Ол жапырақ бетіндегі дөңгелек ашық қоңыр, жиегі қызғылт 2-4 мм. дақ түрінде пайда болады. Өсімдік қатты зақымданғанда дақтар қосылып кетеді де, жапырақ қарайып, өліп қалады. Циркоспороздың таралуына 15 градус және одан да жоғары температура, 70 пайыздан жоғары ылғалдылық аса қолайлы. Мысалы, 3-4 күн бойы жылы жаңбыр жауып, қалың шық түскенде аурудың жасырын кезеңіндегі дамуы 6-7 күнге ғана созылады. Жағдай қолайсыз болса бұл мерзім 40 күнге дейін созылады. Церкоспороздың алғашқы даму кезеңіндегі қолайлы жағдай қызылшаның жапырақ тіндерінің толықтай жойылып кетуіне әкеледі. Артынан жаңа жапырақтар шыққанмен, бұған тамыржемістің қосымша қоректік заттары жұмсалады. Сондықтан өнім түсімі 20-30%, ал қызылшаның қанттылығы 2% не одан да көп азайып кетеді. Церкоспороз кеш пайда болса (өнім жинауға 1 ай қалғанда) егістікті химиялық дәрілермен өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

церкоспорозбен зақымдану

Экономикалық жағынан ең зиянды деңгей 1 тамызға дейін өсімдіктердің 5% зақымданса туындайды. Бұдан соң ауруға қарсы белсенді күрес жүргізу қажет болады. Ауру өсімдіктерді есепке алу үшін егістік алқабын қиғаш бағытта жүріп өтіп, белгілі бір қашықтықтан соң әрбір жүз өсімдіктен дамуы орташа (тым жас та емес, пісіп жетілген де емес) біреуін жапырағын жұлып алып қарайды. Егер жапырақта бір дақ болса, ол зақымдалғаны. Әрбір жүз өсімдіктің арасында бесеуі церкоспорозбен зақымдалған болса, зияндылық шегіне жеткені. Мұндайда фунгицидпен дәрілеу қажет. Тәжірибе көрсеткеніндей, құрғақшылық жылдары өсімдіктер алдымен ақұнтақпен ауырады да, дамуының соңына қарай (қыркүйек айының екінші жартысында), ауа ылғалдылығы жоғарылап, қалың шық түскенде, церкоспорозбен зақымдалады. 2016 жылы мамыр және маусым айларында жауын шашын мөлшері 96 мм., ал шілде айында 66 мм болды. Тамыз айында жаңбыр жауған жоқ деуге болады. Ақұнтақ ауруы да байқалмады. Бірақ шілде айының соңында церкоспороз пайда болды. Кейбір егістіктерде қызылшаның жапырақтары жартылай немесе толығымен жойылып кетті.

Церкоспорозбен күресте егістік ауыспалылығын сақтау, ауру қоздыруы мүмкін алқаптарды кеңістіктік оқшаулау, алқап жиегіндегі арамшөптерді жою, қызылшаны жинап алғаннан кейін шолақ түренді соқамен жерді тереңдетіп жыртып өсімдік қалдықтарын аластау өте маңызды. Зияндылық шегіне жеткенде егістікті Титул Дуо, Колосаль Про сияқты фунгицидтермен дәрілеу қажет.

2011 жылы қызылша егістіктерінің бірінде топырақта ылғалдың жеткілікті болуына қарамастан жекелеген солып қалған өсімдіктер кездесті. Тамыржемісті сырттай қарағанда, оны тіліп байқағанда ешқандай ауытқушылық көрінбеді. Тамыр-талшық жүйесі сау, тамыржемісі таза, ақұнтақ жоқ. Бірақ KWS фирмасының қызметкері тамыржемісті сараптамадан өткізгенде Macrophomina phaseolina саңырауқұлақ ауруы (топырақ саңырауқұлағы) қоздырғышы табылды. Біздің елімізде таяуда пайда болған («бәсең ауру» деп те аталатын) бұл ауруға 30 градустық температура және құрғақшылық жағдайы өте қолайлы.

Тамыр шірігі

Қант қызылшасының өнімі азайып, қанттылығы төмендеп кету себептерінің бірі тамыр шірігі болуы мүмкін. Шу жазығында ең жиі кедесетіні қоңыр шірік және ақ зең (фузариоз) шірігі.

Қоңыр шірік кезінде тамыржеміс шіріп, жарырақ құрғап кетеді. Шіру төменнен басталады да, біртіндеп жайылып, тамыржемісті тұтастай зақымдайды. Шірік қара-қошқыл түсті болады, оның түсі өсімдіктің сау тіндерінен ерекшеленіп тұрады.

тамыр шірігімен зақымдану

Бұл аурудың қоздырғышы Rhizoctonia solani саңырауқұлағы. Ол барлық топырақтарда кездеседі, және 8 жыл немесе одан да ұзақ сақталады. Бірақ бұл саңырауқұлақ қызылша дақылын басқа дақылмен ауыстырмай бір алқапта қатарынан бірнеше жыл себетін егістіктерде жиі кездеседі. Ол әсіресе жайылмалы ауыр топырақтарда, жер асты суларына жақын орналасқан жерлерде жиі болады. Бұл қоздырғыш ыстық маусым кезінде алқаптарды суарғанда су іркіліп қалған жерлерде өте тез өршиді. Бұған алқапта бұдан бұрын жүгері себілуі немесе топырақта әлі шіріп үлгермеген сабан, әсіресе жүгері қалдықтары, жатуы да себеп болады. Жүгері – ауру қоздыратын Rhizoctonia solani саңырауқұлағын тасымалдаушы дақыл.

Фузариоз (ақ зең) шірігін Fusarium тобындағы саңырауқұлақтар қоздырады. Олар тамыржеміске бүйірдегі зақымдалған тамыршалар арқылы кіреді де, тамыр жүйесінің талшықтарын зақымдайды. Жапырақтар алдымен солып қалады, содан соң тамыржеміс шіри бастайды, оның талшықтары қарақошқыл түске енеді. Бұл ауру әдетте шілде-тамыз айларындағы құрғақшылық кезінде тез өршиді.

Қызыл шірік, фитофтороз, тазқотыр сияқты басқа да шірік аурулары кездеседі. Олардың пайда болуының басты себебі егістің ауыспалылық ретінің және суландыру тәртібінің бұзылуы, топырақтың бірде тым мол, бірде жеткіліксіз суарылуы. Осының салдарынан өсімдік тінінің тығыздығы өзгеріп, ауа берілуі бұзылады. Кейде бұл азот және фосфор тыңайтқыштарын тым көп қолданудан да болады. Қазіргі кезде шірік ауруларына қарсы әсері жоғары фунгицидтер жоқ. Сондықтан мамандардың негізделген кеңесін ескеру қажет. Ауруға төзімді будандарды қолдану арқылы тамыржемістердің шіруін айтарлықтай азайтуға болады.

Ризомания

Вирустық аурулардың ішінде ризомания (босаңсу) аса қатерлі. Оны топырақта болатын, қызылша талшықтарын сарғылт түске ендіріп шірітетін (beet necrotic yellow vein virus, BNYW) вирусы қоздырады. Бұл аурудың белгілері негізгі тамырдан тарайтын бүйір тамыршалардың тым тез жайылып өсуінен байқалады. Тамыржеміс іріленіп өспей, топырақ астындағы аз ғана тереңдікте сығылып қалады.

ризомания

Өсімдік жапырағы бұратылып, тез сола бастайды да, кішірейіп, жіңішкеріп қалады. Жапырақ ашық-жасыл тартып, сағағы ұзарып кетеді. Өсімдік тамырында «тарамдалу» байқалады. Тамыржемісті тіліп қарағанда қарайып кеткен талшық түйіндері байқалады. Ризомания келтіретін зиян өте ауыр: өнім түсімі екі есе азайып кетеді. Бұл вирус топырақта болады, және топырақтағы Polymyha beta саңырауқұлағы арқылы беріледі. Залалданған аймақта қоздырғыштар 12-15 жыл бойы жойылмайды. Ризоманиямен зақымдану белгілерін осыған ұқсас қызылшаның жұмырт құрт ауруы белгілерімен шатастырып алуға болады. Тек зертхана сараптамасы ғана дәл қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ризоманияны тасымалдайтын өсімдіктер бар. Мысалы, көкпек, алабұта. Алайда ауру қоздырғышы оларсыз да топырақта ұзақ сақталады. Сондықтан егістік ауыспалылығын сақтау ғана қоздырғыштардан құтылуға мүмкіндік береді. Ауруға қарсы күрестің жалғыз жолы – вирустың енуіне және таралуына жол бермеу. Ол үшін залалданған топырақты ауылшаруашылық тезникасымен өңдеп, ауруға төзімді будандарды пайдалану қажет.

Қызылша егістігінде кездесетін кейбір аурулар.

рамулярия

құрғақ шірік (фомоз)

Миргасым АЛЛАХВЕРАНОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

Қырғызстанның озат фермері

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз