Жүгері сүрлемі әлемнің барлық елдеріндегі сияқты Қазақстанда да негізгі мал азықтарының бірінен саналады. Оны дайындауға бір апта жеткілікті, ал оны бір жыл бойы немесе одан да ұзақ уақыт пайдалануға болады. Әрі құнарлылығы мен протеин мөлшері дәл осындай құрама жемазықпен салыстырғанда бұл сүрлемді дайындау 3-5 есе арзанға түседі.

Аз шығынмен

Нәрлілігі жоғары және қорытылуы өте жақсы болғандықтан жүгері сүрлемі ірі қара малға берілетін жемазық ретінде ерекше бағалы. Оның үстіне бұл дақыл тез жетіліп, жақсы сақталады және малдың оттығына түскенше құнарлылығын жоғалтпайды.

Жүгері өсірудегі басты мақсат белгілі бір жер аумағындағы өнімді ысырапсыз жинап алып ондағы құнарлы заттарды барынша сақтап қалу. Бұл үшін жүгеріні жинау және сақтау кезінде оның құрамындағы құрғақ заттар барынша аз жоғалуы керек. Осының нәтижесінде мал сүйсініп жейтін және оның өнімділігін арттыратын жоғары сапалы жүгері сүрлемін алуға болады.

Жүгері сүрлемінің бірнеше артықшылықтары бар. Оның құрамында құрғақ заттар көп, ол бір рет қана жиналып, мол өнім береді. Басқа дақылдармен салыстырғанда оны өндіруге техникалық жабдықтар, жұмыс күші аз жұмсалады. Ең бастысы, бір тонна құрғақ затты өндірудің өзіндік құны төмен.

Жүгері себуге ең қолайлы уақыт мамыр айының басы. Бұл кезде топырақ жылылығы 10 градусқа жетеді. Егер дақыл кеш себілсе оның өнімділігі төмендеп, жүгерінің ылғал мөлшері жоғарылап кетеді. Ал ерте себу, керісінше, дақылдың ылғалдылығын төмедетеді.

Жүгеріні жинауды дақыл сүттеніп балауызданған және балауызданған кезінде бастаған дұрыс. Ауа райына байланысты дақылдың балауыздыну кезеңіне дейін пісіп жетілмейтін аймақтарда өнім жинауды ерте бастауға болады.

Жүгері сүрлемінің азықтық құндылығын жүгері собығының қалай жетілгеніне және бір сабақта қанша собық барына қарай анықтайды. Бірақ бұл арада жүгері мен оның собығының жетілуі әр түрлі болатынын ескеру керек. Өсімдік физиологиялық тұрғыдан неғұрлым жақсы өссе, оның қабығы қатайып кетеді де құнарлы заттарды нашар сіңіреді. Ал собықтағы дәндердің, керісінше, қуаттылығы артып, қоректік заттарды сіңіру деңгейі жоғарылайды.

Жүгерінің сүттенген тармақтарына қарап оның дәндерінің қаншалықты жетілгенін көруге болады. Жүгерінің собығын сындырғанда оның дәнінің жоғарғы жағында эндосперма байқалады. Сүт тармақтарын да осы бөліктен көруге болады. Өсімдіктің даму кезеңінде дәндердің толық пісуге дейін жетілуі барысында дәннің басынан түбіне дейін кететін тармақ анық көрінеді. Сүт тармағы дәннің қатты бөлігін сұйық бөлігінен бөліп тұрады. Егер сүт тармағы дәннің басынан түбінің ортасына дейін жетсе дәннің ылғалдылығы 40 пайыз шамасында болғаны.

Егер сүт тармағы дәннің түбіне дейін жетіп, анық көрінбесе, дәннің түбін пышақтың ұшымен шұқып онда сүт бар-жоғын тексеріп көруге болады. Сүті жоқ дән – пісіп жетілген дән.

Дұрыс шабудың да маңызы зор

Өсімдіктің сипатына оның ылғалдылық деңгейі көп әсер етеді. Тым ылғалды сүрлем (ылғалы 70 пайыздан жоғары) әдетте оның ашқылтым майлы бактериялардың көп болуынан ашып кетуіне және жақсы қорытылатын қоректік заттардың басым бөлігінің жоғалып кетуіне себеп болады. Әрі мал да сүрлемді аз жеп, өнімділігі төмендеп кетеді. Екінші жағынан алғанда жемазық тым құрғақ болса оны басып тығыздау (әсіресе сүрлемді көлденең орналастырып сақтағанда) қиын болады. Осының салдарынан зең пайда болып, сүрлем қыза бастайды.

Өнімді жинау кезінде оны қандай ұзындықта шабу өте маңызды. Егер жүгері жоғары шабылса өнімнің түсімі төмендейді және жасушалары аз болады. Алайда бұл жағдайда жемазық жақсы қорытылады да, бір тонна жемазыққа шаққандағы сиырдың сүт өнімділігі едәуір артады. Жоғары алып шапқанда жүгерінің биік сабақтары алқапта қалады да, жүгері сүрлеміне қуаттылығы мол собықтар көбірек түсіп, азықтың құнарлылығы артады.

Жалпылай есептегенде, егістікте қалдырылған әрбір биіктігі 10 сантиметрлік сабақ сүрлемдегі құрғақ заттардың қуаттылығы 1 пайызға артуына себеп болады. Әрине, жүгері сабағының түпкі бөлігі құнарлылығы ең аз жері. Жоғары шапқанда өнім түсімінің жалпы көлемі 5 пайызға азаятыны рас. Бірақ бұл малды азықтандыру үшін маңызды емес. Біз үшін маңыздысы сүрлемдегі қоректік заттардың мол болуы. Ең дұрысы жүгеріні шабу биіктігі 30-50 сантиметр болуы керек.

Өнімді жинау кезінде еске ұстайтын бір нәрсе туралған жүгерінің ірілігін қадағалап, оны сүрлемге ауа өтпейтіндей етіп тығыздап салу қажет. Жүгері бөліктерінің ірілігін машинаның көмегімен, мысалы, жүгері комбайнындағы пышақтар мен кескіш құрылғыны реттеп отыру арқылы, қадағалауға болады. Өнім жинау кезінде пышақтар әрдайым өткір болуы тиіс.

Сүрлемге туралатын жүгерінің ірілігі 0,7 сантиметрден 5 сантиметрге дейін болғаны дұрыс. Екінші рет ұсақтауға арналған кескіш торды қолданғанда алынатын тым ұсақ (0,4 – 0,5 сантиметр немесе одан да ұсақ) жүгері сүрлемі тиімсіз. Мұндай тым ұсақ туралған сүрлеммен азықтанған сауын сиырлар сүтінің майлылық көрсеткіші олардың жемазық құрамында пайдалы талшықтардың азайуынан төменедеп кетеді. .

Тексерілген ереже бойынша туралған сүрлемнің басым бөлігінің ұзындығы 1,5 сантиметр, ал 15-20 пайызының ұзындығы 2,5 сантиметр болуы керек. Егер сүрлем тым құрғақ болса, яғни ылғалдылығы 60 пайыздан төмен болса, туралған сүрлемнің ұзындығы шамамен 0,7 сантиметрге дейін қысқаруы керек. Сонда сүрлем дұрыс тығыздалып басылады. Алайда, турау ұзындығын қысқарту үшін қосымша күш жұмсауға тура келеді. Бұл өнім жинау қарқынын бәсеңдетуі мүмкін.

Сүрлемге салу үшін туралатын жүгерінің ұзындығы туралы мәселе соңғы уақытта өте жиі талқыланып жүр. Жануарларды азықтандыру тұрғысынан алғанда, теория жүзінде сауын сиырлардың азық құрамында жүгері сүрлемі көбейіп отырған жағдайда жүгері турамының ұзындығы 15-20 миллиметр болуы керек. Бұл өнімділігі жоғары сиырлардың ағзасында құрамдас жасушалардың жақсы қалыптасуына оң ықпал етеді.

Тағы бір айтатын жағдай, жүгері сүрлеміндегі ылғалды қажетті мөлшерден асырмаудың ең дұрыс жолы жүгеріні оның өсу кезеңінің қолайлы сәтінде жинап алу. Тым құрғақ сүрлем, әсіресе ол көлденең орналастырылып салынса, арасына ауа кіріп бұзылады да өнімнің біраз бөлігі ысырап болады. Мұндай сүрлем шіріп қызады да, оның сапасы нашарлап кетеді.

Сүрлемге салынатын жүгерінің ең қолайлы ылғалдылығы 65 пайыздан 70 пайызға дейін болуы керек. Мұндай ылғалдылық жүгерінің қоректік заттардың барлық түрін барынша көп жинап жетілген кезеңіне сай келеді. Сүрлем шұңқырында көлденең салынып сақталатын жемазықтың ылғалдылығы 70 пайыз шамасында болуы керек. Сонда сүрлемді ауа өтпейтіндей тығыздап бастыру жеңіл болады.

Сүрлем орларын жабу

Сүрлерін орларын қысқа уақытта толтырып, тығыздап бастыру және ауа өтпейтінде етіп жақсылап жабу сүрлемге ауа өткізбеу үшін өте маңызды. Осы үш шарт сүрлем салуға іс жүзінде кіріспес бұрын есте сақталуы тиіс. Ең басты кеңесіміз: сүрлем ұрасын мүмкіндігінше тез толтыру, ылғалдылығы жоғары сүрлемді тым тығыздап баспау керек, өйткені бұл жүгерінің жасуша қабаттарының ыдырап, жасуша сөлінің ағып кетуіне және қоректік заттардың жоғалуына әкеледі. Түн мезгілінде тым тығыздап бастырудың қажеті жоқ. Алайда бұл жағдайда сүрлемнің ауа өткізбейтіндей болып жабылуын жіті қадағалау керек. Жақсы жабылған орлар өнімді оттегінің, жаңбырдың, күн сәулесінің, қардың зиянды әсерінен қорғайды.

Дұрыс жабылмаған сүрлем 30 пайызға дейін құрғақ заттарын жоғалтуы мүмкін. Орды жабу үшін күңгірт, қалыңдығы 150-200 мкр ультракүлгін сәуледен қорғайтын үлдір жабындыны қолданған дұрыс. Жабар алдында жасыл сүрлемнің жоғарғы қабатының әр шаршы метріне 2-4 килограмм тұз себу қажет. Сүрлемді бір біріне жақын жатқызылған машина шиналарымен немесе сабан теңдерімен бастырып қоюға да болады.

Сақтағыш заттар жемазықтың барынша бұзылмай сақталуын қамтамасыз етіп, жемазық шығынын 15 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартатынын, сүрлемді қызудан сақтап, саңырауқұлақтар мен зеңдердің дамуын тежейтінін, мал азығының қоректік заттары мен қуаттылығы жоғары болуына жағдай туғызатынын ұмытпау керек.

Барлық сақтағыш заттар биологиялық және химиялық деп екі топқа бөлінеді. Ең тиімдісі және қауіпсізі биологиялық сақтағыш заттар. Олар усыз, барлық жағдайда қолдануға болады, құрамында негізгі жемазық түрлерінің қорытылуын жақсартатын ферменттер бар. Бүгін Қазақстан нарығында сақтағыш заттардың жиырмадан аса түрі бар.

Сүрлем әзірлеу ісі тиісті деңгейде ұтымды ұйымдастырылған шаруашылықтарда жүгері дақылын сүрлемге салу барыснда қиындықтар тумайды. Сондықтан сақатағыш заттар бірінші кезекте сүрлемнің екінші рет қызып кету қаупі туындағанда және бұл мәселені басқа жолмен шешу мүмкін болмаған жағадайда қолданылады. Бұл мақсатта бейтарап зеттеулер нәтижесінде және іс тәжірибесі барысында тиімділігі дәлелденген сақтағыш заттарды қолдану керек.

Негізгі жемазықтың мүмкіндіктері мол. Қазақстанның шаруашылықтары мұны әрқашан ескеруі қажет. Жұмсалған еңбек пен қаржының қайтарымы болуы үшін алдымен сүрлем мен пішендеме сапалы болуы керек екенін есте ұстаған жөн. Сапалы жемазық дайындау ауылшаруашылық өндірісін жедел дамытудың ең ұтымды жолы.

Николай АФАНАСЕВИЧ,

ауыл шаруашылығы саласының маманы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз