Қазақстандағы қауын шыбыны ошағының көлемі 6253,5 гектарға жетіп отыр. Мұның 1636,1 гектары жаңа аумақтар. Қызылорда облысының өзінде ғана 1900 гектар жер залалданған. Шыбынның өміршең қуыршақтарының бір шаршы метр жердегі тығыздығы 13-тен 29-ға дейін жетеді.

Өсімдіктерді дәрілеу

Өкінішке орай, қауын шыбынына қарсы қарастырылған шаралардың нәтижесі төмен болып отыр. Егістік алқаптарды кеңістіктік оқшаулау, тез жетілетін тұқымдарды ерте себу, 3-4 жыл өткен тұқымдарды қолдану, арамшөпті отау, өнім жинаудан кейінгі қалдықтарды құрту, сүдігер жырту сияқты басқа да агротехникалық шаралармен қатар зиянкестерге қарсы дәрілеу кең қолданылады. Алайда егістіктерді жүйесіз дәрілеу бұл шараның тиімділігін төмендетіп, зиянкестердің химиялық дәрілерге төзімділігін арттырады.

Десек те, зиянкестермен күрестің балама түрлері әлі табылмай отыр. Ғалымдарымыздың бұл тұрғыда әлі де көп ізденуіне тура келеді.

Алдымен алақанат шыбындардың басқа түрлерімен күресте бұрын қолданылған әдістер мен шаралардың қоршаған ортаға зиянсыздығын, жәндіктердің жергілікті жағдайға бейімделу деңгейін анықтап, биологиялық дәрілерді, феромондарды, физикалық әдістерді пестицидтердің жаңа түрлерімен қатар қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.

Сонымен қатар, зиянкестерді жейтін жәндіктерді қолдану да қауын шыбынына қарсы экологиялық тұрғыдан зиянсыз, нәтижелі биологиялық әдістерге жол тауып, зиянкестердің бау-бақша дақылдарына тигізетін залалына тосқауыл қоюға көмектеседі.

Мысалы, Өзбекстаннның Қызылорда облысымен шектесетін және топырақ құрамы, ауа райы жағдайы ұқсас Қарақалпақстан аймағында биоэкологиялық ерекшеліктерді зерттеу нәтижесінде қауынды негізінен агротехникалық және химиялық әдістерді қолдана отырып, зиянкес жәндіктерден қорғаудың тиімді жолы табылды. Алайда жоғарыда сөз болған қауынды қорғаудың әдістері бұл карантиндік зиянкестердің ошақтарын құрта алмайды. Егістіктерді дәрілеу кезінде инсектицидтің бір түрін бірнеше рет үздіксіз қолданудың салдарынан зиякестерде химиялық дәрілерге төзімділік қалыптасады да, дәрі оларға әсер етпейді.

Аулау және ұрықсыздандыру

Осы уақытқа дейін ғалымдар химиялық әдістерге балама болатын нәтижесі жоғары шараларды да қарастырғаны сөзсіз. Сондай әдістердің бірі алақанат шыбындардың, оның ішінде қауын шыбының көбейуіне жол бермеуге бағытталған.

Біріншіден, аталық шыбындарды құрту технологиясын атап айту керек. Бұл әдіс бойынша шыбындар жәндіктерді өзіне тартатын иісті заттардың көмегімен ауланады да, аталық шыбындар құртылады. Осының нәтижесінде аналық шыбындар ұрықтанбайтын болады.

Шыбындарды жаппай аулау үшін мұндай әдістерді кең қолданып, аналық шыбындар табиғи жағдайда аталықтарды өзіне тарту үшін бөлетін феромон иісті заттарын неғұрлым үлкен аумаққа тарату керек.

Сонымен қатар бөлектеу технологиясы да жиі қолданылады. Бұл әдіспен шыбындарға ұрықсыздандырылған жәндіктер жіберіледі. Ескеретін бір жай, шыбындар санын азайтуда тек ұрықсыздандырылған аталық шыбындар ғана нәтиже береді. Бұл мақсатта аналық шыбындарды ұрықсыздандырып қолдануға болмайды. Өйткені ондай шыбындар іс жүзінде ұрықтана алмаса да, жұмыртқа салуға әрекеттеніп жемістерді бүлдіреді де шаруашылыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Оның үстіне тек қана аталық шыбындарды ұрықсыздандыру бұл жұмыстың өзіндік құнын азайтады.

Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып елімізде жеміс шыбындарын генетикалық белгілеріне орай бөлектеу әдістерін зерттеу бағдарламасы басталды. Зерттеудің бір саласы жеміс шыбындары тұқымының температураға төзімділігін анықтауға бағытталған. Бұл әдіс бойынша аналық шыбындардың пайда болуына жол бермейтін белгілі бір температура қолданылады. Шыбынға әсер ететін температура деңгейі анықталғаннан кейін осы әдісті аталық шыбындардың хромосомдарына қолданып жәндіктің ұрықтанып көбеуіне қабілеттілігін қадағалау керек.

Радиациялық ұрықсыздандыру да назар аударуға тұрарлық. Бұл технология бойынша жемістер мен көкөністерді жеміс шыбындарының көбейуінің алдын алу мақсатында радиацияның ең аз мөлшерімен сәулелеп зарарсыздандырады. Мұндай әдіс негізінен Diptera тобына жататын Tephritidae тұқымдас жеміс шыбындарына қарсы қолданылады. Радиация сәулесімен зарарсыздандыру өзгертілген газды ортада сақталатын көкөністер мен жемістерге қолданылмайды. Радияциямен сәулелендіру зиянкестерді әрдайым толық жоя бермейді. Сондықтан жемістерді қайтадан тексерген кезде оларда тірі, бірақ өміршеңдігі жоқ дернәсілдер мен қуыршақтар кездесуі мүмкін. Бірақ бұл радияциялық зарарсыздандыру әдісі тиімсіз деген сөз емес.

Бұдан басқа қауын шыбынын феромондар көмегімен бағыттан адастыру технологиясы да қолданылады. Дақылдың гүлдену маусымының басында егістік алқапта феромондары бар резина сақиналар ілінеді. Бір гектар жергде 500 сақина болуы керек. Оған шамамен 90-100 грамм феромон жұмсалады. Жаздың басында зиянкестердің екінші және үшінші ұрпағы пайда болғанда осындай сақиналар қайтадан ілінеді. Жалпы бір маусымда қауындарды осындай әдіспен қорғау үшін 270-300 грамм феромон қажет.

Алайда бұған дейін де әлемнің басқа елдері мен Қазақстанда бірнеше рет қолдану барысында сыналған осы әдістердің барлығы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Сондықтан қауын шыбыны зақымдаған алқаптар көлемі әрі қарай ұлғаймасын десек, тәжірибе жүзіндегі сынақтарды жалғастыра беру қажет.

Жарас МАМЫРБЕКОВ,

Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бау-бақша дақылдарын өсіру технологиясы және тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз