Аграрлық секторы жоғары деңгейде дамыған елдер дәлме-дәл егін шаруашылығы әдістерін кеңінен қолдануда. Жаңа технологиялар өте үнемді және топырақтың құнарлы қабығын сақтайды.

Нақты егін шаруашылығы – егістіктердің әртүрлілігін есепке ала отырып жерді өңдеу жолдарын, тыңайтқыштарды пайдалану нормаларын және өсімдіктерді қорғау әдістерін саралай алатын геоақпараттық жүйелерді, жаһандық позициоландыруды, борттық компьютерлерді, басқару және атқарушы механизмдерді қолдану арқылы агросфераның дамуының жаңа кезеңі.

Нақты (координаталық) егін шаруашылығын агроменеджмент деңгейін арттыру және егістіктердің жағдайын жақсарту үшін бірнеше бағыттар бойынша қолдануға болады:

агрономиялық: ауыл шаруашылық дақылдарының тыңайтқыштарды қолданудағы нақты қажеттіліктерін есепке ала отырып агроөнеркәсіпті жетілдіру

техникалық: шаруашылық деңгейінде уақытты тиімді басқаруды жетілдіру (ауыл шаруашылығындағы операцияларды жоспарлау деңгейі де артады)

экологиялық: ауыл шаруашылық өндірісінің қоршаған ортаға теріс әсерін төмендету (дақылдардың азоттық тыңайтқыштарды қолдану деңгейінің есебін барынша нақты бағалау арқылы азоттық тыңайтқыштарды пайдалану және мөлшерден тыс қолдануды азайтады)

экономикалық: өндірістің артуы және шығындарды азайту агробизнестің тиімділігін арттырады (соның ішінде азоттық тыңайтқыштарды қолдану құнын азайту).

Агроном жұмыс барысында не істейді?

Межелі жерге барады, сосын топыраққа, өсімдіктерге, климатқа қатысты ақпарат жинайды

Жиналған ақпаратты талдайды. Топырақты тығайту, кен орындарын өңдеу, химиялық жұмыстарды жүргізу және т.б. атқарылуы тиіс іс-шаралар бойынша қорытынды жасайды

Осы іс-шаралар бойынша механизаторларға тапсырма береді. Олар өз кезегінде тиісті агротехникалық жұмыстарды орындайды.

Демек, аталған жұмыстарды цифрлық технологиялар қазірдің өзінде жеңілдете алады.

Егіндік жер алқабына бармай-ақ егістіктердің жай-күйі, арамшөптер мен сол жерде таралған аурулар туралы ақпараттарды жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері (жер серігінен алынған суреттер мен дрондар түсірген суреттер) арқылы алуға болады

Бұл жағдайда:

1. Агрономға егістік алқабына барудың қажеттілі жоқ.

2. Мысалы: агроном ондаған мың гектар жерді толығымен зерттей де, бақылай да алмайды. Ал дәлме-дәл егін шаруашылығы технологиясын қолдану арқылы барлық процестер көзден таса қалмайды: ауруға шалдыққан немесе даму ауытқуы бар дақылдар алқабы.

3. Барлық деректер сақталады. Кез-келген уақытта дақылдардың аурулары, арамшөптер жайлы бүкіл ақпараттар қорын талдай аласыз.

Осы технологияларды енгізу үшін жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша мәдени дақылдар мен арамшөптер түрін тани білуді және олардың жай-күйін анықтауды үйрену керек. Суреттерге қарасаңыз, бір алқап болғанымен кейбір жерлердің түсі жалпы егістіктен ерекшеленіп тұрғанын байқайсыз. Неліктен? Егістік алқабын зерттеген кезде агрономдар бір жерде егілгенімен, дақылдардың өсіп-жетілуінде айырмашылық бар екенін растайды. Бірақ бізге осы айырмашылықтарды бейнекамера арқылы алынған деректер бойынша, егіндік жерлерге бармай-ақ анықтау қажет (1-2 сурет).

АҚШ, Германия, Польша, Нидерланды, Канада, Жапония, Австралия және т.б. экономикасы дамыған елдерде дәлме-дәл егін шаруашылығы бұрыннан қолданысқа енгізілген. Батыс елдерде бұл мақсатта жіктегіштер (классификаторлар) немесе спектрлік кітапханалар қолданылады. Олар жерді қашықтықтан зондтау деректерін саралап, қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бірақ батыстық жіктегіштердің (классификаторлардың) біздің аумаққа қолдануға сай келмейтіні анықталды. Олар әрбір табиғи-климаттық аймақтар бойынша ерекшеленеді.

Сондықтан біздің бірінші міндетіміз - өз аумағымыз үшін өсімдіктердің жіктегіштерін (классификаторларын) құрастыру. Ол үшін аспаннан бақылау жүргізіп, алынған мәдіметтерді жерді қашықтықтан зондтау деректерімен үйлестіру (сұрыптау) керек. Осы деректердің сенімділігін, сапасын арттыру үшін аталмыш жұмыстар бірнеше жыл бойы бақылау бекеттерінде жасалады.

Біз 2018 жылы 4 облыста орналасқан 9 сынақтық шаруашылық аумағында жұмыс жасадық. Өсімдік шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, топырақтану, IT, радиоэлектроника, географиялық-ақпараттық жүйе (ГАЖ), жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ), экономика және т.б. мамандықтар бойынша 30 адамнан тұратын топ жинақталды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша нақты шаруашылықтарда қолдану мысалында цифрлық технологиялардың тиімділігін бағалау мүмкіндігі болады.

Ауыл шаруашылық дақылдары егістіктерінің ғарыштық мониторингі 4 облыстың ГАЖ негізінде жасалынды. ГАЖ жасақтау үшін атрибуттық деректер базасын құру керек болды. Олар Esri компаниясының ArcGIS бағдарламалық жасақтамасын қолдану арқылы жүзеге асырылды.

Егіс алқаптары ғарыштан түсірілген суреттер мен GPS координаттарына сәйкес векторлық жүйеде сызылды. Модельдік мен есептік функциялармен біріктірілген графикалық және тақырыптық дерекқорлар әрбір егіс алқабының ауданын дәл есептеуге мүмкіндік береді. Тақырыптық топтар мен геодеректер базасын құру – ArcGIS бағдарламасында жұмыс істеу нұсқаулығына сәйкес жасалынды. Бұл дегеніміз қажет болған жағдайда өте үлкен көлемдегі статистикалық ақпаратты картада көрсетуге және талдауға жол ашады.

Қазақстан Республикасының ғарыш саласын құру және дамыту халық шаруашылығының түрлі салаларында ғарыштық технологияларды пайдалану аумағын кеңейтті.

Бүгінгі таңда жер бетінің ғарыштан түсірілген суреттерін қолдану аясы өте кең. Соның бір мысалы: ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру технологияларында және егістіктердің мониторингін жасауда қолдану.

Жобаны іске асыру кезінде Planet.com ғарыштық суреттері, Sentinel-2 мен Landsat-8 спутниктерінен алынған суреттер қолданылды. ГАЖ платформасы - деректерді өңдеуге, өзгерістер енгізуге болатын электронды дерекқорларды құруға және жаңа электрондық карталарды жасауға мүмкіндік береді.

1-сурет. Егін жиналған алқаптар қызыл түспен көрсетілген

2-сурет. Бір егіс алқабындағы дақылдардың әркелкі сатыда дамуы. NDVI.

1. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге және шаруашылықтың материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптар. Осы технологияны қолдану үшін заманауи жеке компьютер мен бағдарламалық жасақтама болуы тиіс.

2. Өлшем бірлігіне шаққандағы технологияны ендіру мақсатында инвестициялар тарту. Бағасы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің талаптары мен бағыттарына тікелей байланысты.

3. Аталмыш технологияны енгізу үшін ұсынылатын ең төменгі құн. Бағасы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің талаптары мен бағыттарына тікелей байланысты.

4. Осы технологияны бірліктің аумағына шаққандағы қолдану құны: Ғарыштан түсірілген суреттерді тегін алу мүмкіндігі. Цифрлық технологияларды жеткізушілерге шолу, тегін суреттерді Planet.com, EOS.com, earthexplorer.usgs.gov сайттарынан алуға болады.

5. Экономический эффект при использовании данной технологии достигается незамедлительно, так как позволяет сэкономить средства за счет уменьшения затрат на ГСМ, минеральные удобрения, ядохимикаты и т.п.

5. Осы технологияны пайдаланудың экономикалық тиімділігі аз уақытта байқалады, себебі ол жанар-жағар май, минералды тыңайтқыштар, улы химикаттар және т.б. қолданылатын заттардың көлемін азайту арқылы жұмсалатын қаржыны үнемдейді.

Фараби ЕРМЕКОВ,

ГАЖ технологиялар мен ЖҚЗ бойынша сарапшы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз