Доллар, рубль, алтын – қазіргі таңда бұл сөздерді «әлемдік валютамен» байланыстырамыз. Ал бірнеше ғасыр бұрын әлемдегі ең өтімді валюта – көшпенділердің басты тауары үй жануарлары еді. Ет, жүн, тері, май сияқты мал шаруашылығының өнімдеріне әрқашан сұраныс болатын. Ал қазақ көшпенділеріне тарихи және географиялық тұрғыда жақын шаруашылық туралы айтатын болсақ, онда қой шаруашылығының алатын орны ерекше. Біріншіден, қой өсірудің тиімді тұстары өте көп, екіншіден, бұл үй жануарына аса қатты күтім керек емес.

Оңай әрі тиімді

Шыны керек, Қазақстанда қой өсірудің қазіргі кездегі технологиясы бұрынғы заманмен салыстырғанда аса қатты өзгере қойған жоқ. Ең басты ерекшелік пен жаңалық – соңғы ғасырда ғана пайда болған қойларды қолдан ұрықтандыру технологиясы. Айта кетейік, бұл әдісті 1931 жылы Алматыдағы зооветеринарлық институттың малды көбейтудің акушерлік, гинекология және биотехнология кафедрасын басқарған Илья Иванович Иванов ойлап тапқан. Қазіргі таңда бұл әдіс тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен қолданылады.

Қой өсіру шаруашылықты экстенсивті түрде жүргізген кезде де тиімді. Себебі: еліміздің үлкен территориясы мен әртүрлі климаттық аймақтардың арқасында қойды жыл бойы жаюға болады. Бізді мектеп кезінен бері қой өсіру технологиясымен таныстырған еді: қыста – қыстау, көктемде – көктеу, жазда – жайлау, күзде – күзеу. Тіпті, Қазақстанда қыстық жемшөп аз дайындалса да, отарлы мал шаруашылығы мен жайылымды жиі ауыстырудың арқасында қойлардың жағдайы жыл бойы жақсы әрі олар семіз болады. Алайда қазіргі жағдайда қой шаруашылығы бұдан да жоғары тиімділік деңгейіне шыға алады (шығуы керек!)

Бір отбасыға түсетін жүк пен басқа да артықшылықтар туралы

 «Бұрынғы заманда қойларды бір-бірлеп санамайтын, ол кезде есепті былай жүргізетін: кедейлер – ондықпен, орта табысты адамдар мен байлар – отармен (бір отарда 500-600 қой)»

Экстенсивті мал шаруашылығы кезінде жемшөпке аз шығындана отырып, бір отбасы ең көп дегенде 500-600 қойы бар отарды ғана баға алады.

Мысалы шетелдік тәжірибені алып қарасақ, интенсивті қой шаруашылығы кезінде бір отбасы 2000 бастан көп мал бағуға қауқары бар. Бұл сандар интенсивті қой шаруашылығының артықшылығын анық көрсетеді.

Бұған малды жыл бойы қорада бағу тәсілін қосыңыз, сонда малды әрі-бері тасымалдауға кететін шығын азаяды. Сонда қойлар үшін де, оларды бағатын адамдар үшін де ең қолайлы бір жер болады. Тіпті, жолдармен, жарықпен және сумен қамтылған, яғни барлық керек-жарағы бар аудан таңдалады.

Уайым аз, салмақ тұрақты болсын!

Экстенсивті қой шаруашылығы кезінде малға көп күш түсетінін ескерген абзал. Бірінші кезекте, алыс қашықтыққа айдау мен тағам мөлшерінің күрт өзгеруі қатты әсер етеді. Айта кетейік, осы айтылған соңғы фактор, көбінесе, малдың ас қорыту жүйесін бұзады. Бұл өз кезегінде қойдың салмағын азайтады. Экстенсивті қой шаруашылығы барысында малдың салмағы тұрақты болады деп айту мүмкін емес. Ал интенсивті қой шаруашылығының басты артықшылығы – қойдың салмағы әркез тұрақты, қой семіз болады.

Алыс қашықтыққа айдаудың қауіпі – отардағы бір бөліктің «қатардан шығып қалуы». Экстенсивті қой шаруашылығында 150-200 шақырым жол жүру кезінде бұрынырақ аурырған қойлар, тіпті, өліп кетеді немесе аяқтары мен тұяқтарын жарақаттап алады. Мұның басқа да жаман тұсы бар: мұндай ұзақ жолда, көбінесе, жағымсыз ветеринарлық-эпизодтық жерлер кездеседі. Бұл дегеніңіз, мал кез-келген ауруға шалдығып қалуы мүмкін.

Қойды интенсивті өсіру кезінде мұндай мәселе мүлдем болмайды: мал әркез бір жерде, әрқашан ветеринарлардың назарында. Яғни ауруға шалдығу қауіпі өте аз.

Тек қазақта кездесетін мәселе...

Біз бірегей елміз, сондықтан бізде кездесетін мәселе де өзгеше. Мысалы, экстенсивті қой шаруашылығының Қазақстанға ғана тән кемшілігі – малды алмастыру. Шетелдік әріптестер мұндайды әлемнің басқа жерінде кездестірмегенін айтады және әрекеттің түпкі мақсатын түсінбейді. Ал мәселенің өзегі мында: мұны малдың салмағын аз, денсаулығын нашар, жасын үлкен етіп көрсету үшін жасайды.

Біздің экстенсивті қой шаруашылығында малдың семіздігі бойынша айырмашылық өте үлкен болатынын білеміз. Осыған қоса, көбінесе, отар иесі мен малды айдайтын жердің арасы алыста болады, сондықтан қойшылар малды алмастыру арқылы олардың шынайы түрін дұрыс көрсетпеуі мүмкін. Интенсивті қой шаруашылығында мұндай «құқық бұзушылық» мүлдем кездеспейді, себебі мал иесі әрқашан қойдың қасында болады.

Қашықтық, шақырымдар, алыс жерлер...

Біз бұған дейін экстенсивті қой шаруашылығында айдау кезінде малдың біраз жер жүретінін айттық. Мұнымен бұл әдістің кемшіліктері азаймайды. Экстенсификация кезінде біз мал жаю үшін жерді тиімсіз пайдалануды көреміз.

Өздеріңіз есептеп көріңіз: бір қойдың өзіне 3 гектар жер керек, яғни орташа есеппен бір отарды жаю үшін бір маусымға 1800 гектарға жуық жер қажет. Интенсивті қой шаруашылығында жерді жемшөп алу үшін пайдаланады. Бұл дегеніңіз, 2000-нан көп мал басына шөп үшін 300 гектар қажет. Айырмашылық айқын!

Екі жылда – үш төл

Әрине, мал шаруашылығындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – төлдеу уақыты.

Экстенсивті қой шаруашылығында төлдеу уақыты көктемде болғанын қадағалау керек. Қысқы уақытта қой қозысын толықтай қоректендіре алмайды, себебі оның сүттеуі әлсіз болады. Осыған қоса қыстау, көбінесе, қойдың толыққанды қоздауына бейімделмеген және қыста төлдеген қозыларды бағып-қағу оңайға соқпайды.

Интенсивті қой шаруашылығында ауа-райы малдың төлдеуіне немесе қойдың қоздау уақытына еш әсер етпейді. Мал әркез жайлы жағдайда болады. Ең бастысы: қойларды жыл бойғы төлдеуге ауыстыруға болады – бұл қой шаруашылығындағы керемет жетістік. Былай қарағанда, шетелдік әріптестеріміз үшін Кеңес кезіндегі зоотехниктердің екі жылда үш рет төл алу туралы арманы орындалды. Екі жылдың ішінде біз мал басын біршама көбейте аламыз.

Бұл фактор – қой өсіру кезінде экстенсивті шаруашылықтан интенсивтіге өтудің басты себебі. Қосымша алынған төл жемшөп пен малды бағуға кеткен барлық шығындарды артығымен жаба алады.

Уақыт талабы бойынша

Бір қарағанда, экстенсивті қой шаруашылығында шығын аз, алайда әлемдік сарапшылардың есептеуі бойынша малды үздіксіз айдау, оны өнімі аз қойға алмастыру, эпизодия бойынша қауіп-қатер, жемшөптің әркез ауысуына байланысты мал салмағының кему және басқа кемшіліктердің әсерінен бұл әдіс әлдеқайда тиімсіз болып шығады.

Егер нақты сандар керек болса: қой шаруашылығын интенсификациялау жыл сайынғы пайданы 30 пайызға арттырады.

Шетелдік әріптестеріміз интенсификацияның формасын зерттеп, оның экономикалық тиімділігін дәлелдеп қойған. Бұл тақырып бойынша келесі материалдармен танысуға болады:

1.

2.

3.

Әрине, қой өсіруде қазақтардың өз ерекшеліктері, мыңжылдық тәжірибеге сүйенген өзінің өзгеше жолы бар. Алайда қазіргі нарықтық экономикаға сүйенген заманда мал шаруашылығының талаптары мүлдем басқа, олар өте қатал әрі үнемді. Шыны керек, экономикалық көрсеткіштерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан біздің еліміз қой өсіруден әлемнің соңында қалып қоймауы үшін замануи халықаралық талаптарға сай болуы қажет. Әйтпесе қойшы-қазақ кәсібі де бүркітші немесе тазымен аңшы деген ұғымдармен бірге жойылып кетеді.

Қой шаруашылығы тек біздің ұлы бабаларымыздың тарихи-мәдени мұрасына негізделген сәндік кәсіп түрі ретінде қалып қоймауы үшін оны интенсификациялау керек. Онсыз қазақстандық қой шаруашылығы ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті бағыты бола алмайды: ет пен жүннің тауарға сай түрі және біркелкі стандарты болмайды, қой етін экспорттауға еш мүмкіндік қалмайды.

Алмазбек Садырбаев 

ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз