Қой шаруашылығының негізі – асыл тұқымды мал өсіру. Қой шаруашылығымен тұрақты айналысып, пайда табуды көздеген шопан қойдың күйлеу кезеңіне жауапты қарағаны жөн. Ауыл шаруашылығында мал бағу тәсілдері зоотехника ғылымындағы және тәжірибесіндегі басты мәселелердің бірі болып саналады. Мақсат түрлеріне байланысты мал шаруашылығындағы тәжірибе нәтижесінде пайда болған бірнеше әдіс-тәсілдер бар.

Мал өсірудің негіздері

Жануарларды түрі, тұқымы, сипатына қарай іріктеу жүйесін мал өсіру тәсілдері деп аталады. Бұған таза асыл тұқымды бағу, будандастырудың түрлері, сипатына қарай бағу тәсілдері жатады. Өсірудің негізгі әдістері: асыл тұқымды бал бағу және будандастырудің түрлі формалары.

Фермерлер мен шаруа қожалықтарында қой өсірудегі негізгі мақсат – көп күш пен шығын жұмсамай, жүн, ет және басқа да өнімдердің саны мен сапаксын арттыру. Сондықтан, отарларда асылтұқымды қойларды өсірумен ғана емес, оларды будандастырумен де айналысады.

Асыл тұқымды отарларда жатырымен шағылыстыру өз отарындағы немесе асыл тұқымды мал зауыттарынан алынған тұқымдас қошқарлармен ғана жүзеге асырылады. Шаруашылықтарда асыл тұқымдардан бөлек, күнделіктегі қолданыстағы малдар да болуы мүмкін.

Асыл тұқымды мал өсіру. Қолданыстағы қойлардан алынатын өнім сапасын арттыру үшін асыл тұқымды мал шаруашылықтарынан немесе зауыттарынан тұқымы таза қошқарларды қолданған дұрыс. Бұл дене бітімі мығым, асыл тұқымды отарларға тән бағалы қасиеттері мен сапалы өнім беретін мал алуға ықпал етеді. Отарда бірнеше тұқымды қошқар ұстау асыл тұқымды мал зауыттары мен фермаларға тән бағалы қасиеттері бар төл алуды қамтамасыз етеді.

Қолданыстағы отарларда туыстық қатынастағы шағылыстыруға жол беруге болмайды.

Малдарды будандастыру – қолданыстағы малдың өнім беру қабілетін арттыруды жылдамдатудың және өнімнің сапасын өсірудің тиімді әдістерінің бірі. Ол үшін төмендегі талаптарды орындау қажет:

будандастыру үшін жергілікті отардың жатырынан гөрі өнімділігі жоғары, сапалы төл алуға ықпал ете алатын асыл тұқымды қолдану қажет;

Ал будандастырудан туған төл өз айналасындағы табиғи жағдайда өсуге бейім болуы қажет;

Будандастырудан туған төлдерді толыққанды тамақтандыру, олардың арасынан еті тірі, ширақ әрі сапалы өнім бере алатындарын іріктеп алу.

Түрлі мақсаттар, түр тәсілдер

Будандастыру қойылған мақсатқа байланысты үшке бөлінеді: сіңіру жолымен, ауыспалы және кіріспе жолмен будандастару.

Сіңіру жолымен будандастыру жаңа тұқым түрлерін шығаруда, яғни малдың өнім беру сапасы көңілден шыққанша қолданылады.

Ауыспалы жолмен будандастыру – қой шаруашылығындағы өнім көлемін арттыру үшін бірнеше тұқымды қошқарларды пайдалану.

Кіріспе жолмен будандастыру (қан құю) белгілі бір селекциялық белгісін және сапасын жақсарту мақсатында қолданылады. Мысалы, отардағы малдар қысқа жүнді болса, оны ұзарту үшін ұзын жүнді қойдың қаны құйылады, бірақ ол қойдың тұқымы тек ұзын жүнді ғана емес, өнім беру сапасы да жоғары болуы тиіс.

Гибридтік будандастыру деп қашықтықтан будандастыру деп атайды. Оған будандастарудың төмендегі түрлері жатады:

тектес жануарлардың әр түрлерін будандастыру (мысалы, екі өркешті түйе мен бір өркешті нарды);

тегі мен түрі әр түрлі жануарларды (мысалы, мүйізді ірі-қара мен гаялдарды, жабайы өгіздерді немесе бизондарды);

тегі бір, түрі бір, бірақ тұқымы бөлек жануарларды (мысалы, мүйізді ірі-қара мен зебраны);

үй жануары мен онымен тектес, туыс түрі (мысалы, үй доңызы мен жабайы қабанды немесе ит пен қасқырды, шиебөріні);

бір гибридті жануар мен оның бастапқы тегінің бірімен;

бір гибридті жануар мен басқа тектің жануарымен.

Асыл тұқымды орта: таңдау ережелері

Тоқтылар тез өсіп, жетілетін жануарлар қатарына жатады. 6-8 айда жыныстық жағынан пісіп, жетіледі. Бұл уақытта қошқарларда шәует бөлініп, ұрғашыларында фолликуллары қалыптасып, ұрық жасушалары пісіп жетіле бастайды. Алайда, ерте жетілгеніне қарамастан, тоқтылар тек 12-14 айға толғанда ғана жұптастырылады. Ерте шағылыстыру жануарлардың өсіп-дамуын тежейді. Романов тұқымының қойлары шағылыстыруға 4 айлығында дайын болса, Қаракөл тұқымы тек 6-8 айлықтарында ғана жыныстық жағынан пісіп, жетіледі.

Төрт айлығында ұрықтандыру ерте саналады. Бұл жасында тұсақ мал дені сау төл көтеретін салмақ жинап үлгермейді. Ұрықтандыратын малдың салмағы 35-45 келіден төмен болмауы қажет. Салмақ жетпесе мал түсік тастайды немесе төл өлі туылады, тоқтының өзі де арам өлетін кездері жиі кездеседі. Мұндай қауіп түрін білетін малшылар оның алдын алу үшін, шамамен 4 айдан тоқтылар мен қошқарларды соң екіге бөледі.

Алғышқы ұрықтандыруды 1,5 жасқа толғандай жасайды. Бұл жаста олар шаруаға пісіп, жетілген болып саналады. Тұсақ мал аталған уақытта әбден өсіп, таза салмағы үлкен тоқтылардың 75%-на тең келеді.

Қазақстандағы тоқтылардың өнім беруі 120-150%-ды құрайды. Күйлеу кезеңі күздің қыркүйек-қазан айларында басталады. Бірақ, прогестерон және басқа да дәрі-дәрмек егу арқылы кез келген уақытта күйлетуге болады.

Қошқарлар бір бөлгенде 1-2 миллилитр қатты қойылтыған шәуетті бірақ бөледі. Тоқтылардың буаздығы 140-160 күнге созылады. Жаңа туған қозының салмағы 3,5-6,5 келіге жетеді.

Жасанды ұрықтандыруды сәтті өткізу үшін күйлеп жүрген тоқтыларды күн сайын тексеріп, мұқият таңдау қажет. Олардың күйлеу уақыты шамамен 24-48, кейде 72 сағатқа созылады. Жасанды ұрықтандыруға дайын тоқтылар арнайы сынама құралдары арқылы таңдалады. Яғни, қуатты, бірақ қошқарлармен шағылыспаған түрлері таңдалады.

Үлкен шаруашылықтарды шағылыстыруды бастамас бұрын қойларды маңызды шаруашылыққа пайдалылығына байланысты өнім беру бағытына қарай кешенді түрде іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жануардың тұқымдық құндылығын, қандай мақсатта өсіруді анықтау үшін қажет.

Ұрықтандырылатын малдың тұқымдық құндылығын бағалаудың бірнеше тәсілі бар:

Дене бітімі мен сырт келбетіне қарап малдың салмағы мен бойының жасына қаншалықты сәйкес келетіндігі анықталады.

Малдың өнімділігін бағалау. Тоқтыларды жүні мен еті үшін өсіреді. Сондықтан, шағылыстыруды бастамас бұрын тоқтылар мен қошқарлардың қаншалықты өнім беретіні, оларды бағуға кеткен шығыны есептеледі. Аталығы мен аналығын тексеру арқылы, төлі қандай өнім беретінін анықтауға болады.

Тегіне қарай бағалау. Тоқтыларды мол өнім беруға қабілетті, тегі белгілі асыл тұқымды төл алу үшін шағылыстырады. Төлдерге енелерінің, әкелерінің қасиеттері беріледі. Сондықтан, ұрықтандыруға жоғары сұрыпты малдар таңдалады.

Тұқымына байланысты бағалау. Бағалаудың бұл түрі ұрғашы малдан гөрі, қошқарларға қолданылады. Бір қошқардан дені сау, өнімділігі жоғары төл неғұрлым көп туылса, жануар соғұрлым жоғары бағаланады. Шағылыстыруға тек бірнеше рет сапалы төл бере алатын қошқарлар мен тоқтылар таңдалады. Қошқардың күшін босқа жұмсамауы үшін, бұрын қысыр қалған тоқтымен шағылыстырмай-ақ қойған дұрыс.

Кез келген отарда ең жақсы деген малды асыл тұқымды ортаға топтастырады. Өндірістік деңгейде бұл ортадағы ұрғашылар саны негізгі отардағы тоқтылардың 15-25%-ын құрайды. Олардың тұқымдық қасиеттері мен беретін өнімдері есептеліп, негізгі отардыкінен жақсырақ жем-шөп беріледі.

Фермаларда төлдің барлығы тіркелген тұқымдық есеп жүргізіліп, саны мен сапалары арнайы реестрге енгізіліп отырады. Бұл қошқарлар мен саулықтардың сапасын бағалауға көмектеседі.

Дайындық басталды

Ұрықтандыру мен шағылыстырған соң буаз саулықтың санын арттыру үшін, бұл жұмыстар басталмастан 1,5 ай бұрын тамақтандыруды күшейту керек. Бұл олардың күйлі қалпын сақтауына әсер етеді. Саулықтарды сауымын доғарып, суалтады, вакцина салдырып, құнарлы жайылымда бағады. Бұл шаралардың төлдеу кезінде қозы санын арттыруға көмектеседі. Жайылым жерінде нәрлі, құнарлы шөптің мол болуына ерекше назар аудару қажет, бұл бірінші рет желіндеген саулықтар үшін өте пайдалы.

Қошқарларға да шағылыстырудан 30-40 күн құнарландырылған жем беріп, күтімін арттыра бастау керек. Бір қошқарға берілетін жем мөлшері күніне 1 келіден кем болмауы тиіс.

Сүрленген шөп, жайылым оты, құрғақ қоспалар – мұның бәрі шағылыстырылатын тоқтылардың рационында болуы қажет. Асыл тұқымды қошқарлар жыл он екі ай мал зауытындағыдай қоңды болулары тиіс. Күйлемейтін шақтарда қошқарлар емін-еркін жайылып, жем-шөптен шектелмеулері керек.

Күйек кезінде қошқарларға сәбіз, сұлы, күнжара, арпа қоспалары берілсе нұр үстіне нұр. Құрғақ жемге жаңа сауылған сүт қосуға немесе жеке беруге болады. Тауық жұмыртқасы, тұз, сүйек ұны, жем қоспалары қошқардың күнделікті рационына енгізілуі тиіс. Жем-шөп сапалы әрі жаңадан дайындалып отыруы қажет.

Дені сау төл алу үшін қошқарларды тұрақты түрде қадағалап, шәуетінің мөлшері мен сапасын тексеріп отыру керек. Оның шәуетінің сапасы қоректену сапасына тікелей байланысты. Сондықтан, шәует сапасынан жағымсыз өзгеріс байқалған бетте, тамақ рационын ауыстыру қажет.

Шағылыстыру кезіндегі өндіруші қошқарлардың рационы

Жем-шөп

2-3 салым үшін (кг)

4-5 салым үшін (кг)

Жоңышқа немесе даладағы пішен

1.2

1.2

Сүрленген шөп

2.0

2.0

Қызыл сәбіз

1.0

1.0

Құнарландырғыш қоспалар

 

 

Бұршақ түрлері

0.3

0.4

Ұнтақтар

0.5

0.6

Арпа, сұлы

0.6

0.7

Күнбағыс жомы

0.2

0.3

Бұл рацион құрамында 2,5-3 жем-шөп саны және 345-410 грамм қорытылатын протеин бар 

 

 

Бұл рацион құрамында 2,5-3 жем-шөп саны және 345-410 грамм қорытылатын протеин бар

Тоқтылар: шағылыстыру ерекшеліктері

Қой шаруашылығында тоқты шағылыстырудың төрт кең таралған. Бірақ, соңғы жылдары өндірістік қой шаруашылығында 500-1000 саулықты бір қошқардың шәуетімен жасанды ұрықтандыру белең алуда. Дәстүрлі мал шаруашылығында бұны жүзеге асыру мүмкін емес.

Шағылыстыру түрлері: еркін, топтық, гаремдік және қолдан шағылыстыру.

Еркін шағылыстыру толық жетілмеген, шикі тәсіл. Белгілі бір себептерге байланысты қашырылмаған саулықтарды қашыру мақсатында немесе жаппай шағылыстырудан 40 күн өткен соң ұрықтанбай қалған саулықтарды қашыру үшін қолданылады. Мұндай шағылыстыру кезінде қошқарлар 2-3 аптаға дейін саулықтармен бір отарда жайылады. Еркін шағылыстыруда қошқардың барлық саулықты ұрықтандыратынына және саулықтардың уақытында төлдейтініне еш кепілдік жоқ.

Қолдан шағылыстыру жеке сұрыптау жасалатын шаруашылықтарда жасалады. Тоқтылар күйек кезінде іріктеліп, алдын-ала белгіленген қошқарларды саулықтарға жібереді. Ұрықтандырудың бұл түрінде үлкен қошқар 3-4 рет, жас қошқар 2 салым салады. Осылайша, күйек кезінде бір қошқар 60-70 рет салым салады.

Гаремдік шағылыстыру тек шағын шаруашылықтарда жүзеге асады. Ол үшін 30-40 бас саулық пен бір қошқарды жеке бір қашаға бөліп қамайды. Шағылыстырудың бұл түрі жеке есеп жүргізуге өте ыңғайлы.

Топтық шағылыстыру қатардағы шаруашылықтарда қолданылады. Күйек кезінде қошқарды еркін салым үшін отарға қосады. Қошқарларды екіге бөліп, отарға кезекпен қосып отырады. Күйек біткенше бір қошқар 35-ке дейін салым салады.

Жасанды ұрықтандырудың бірнеше артықшылықтары бар:

100% нәтиже береді;

Қойшы ұрықтандыруды өзіне ыңғайлы кез-келген уақытта жасай алады;

Қолдан ұрықтандыру кезінде болатын қойды басқа жайылымға айдау сияқты артық жұмыс істеп, әуре болмайды;

Бір өндіруші қошқармен 500-1000 саулық ұрықтандыруға болады;

Қошқар басқа жақтан әкелінген болса, түрлі жұқпалы аурулар жұқтыру қаупі тумайды.

Табысты, әрі тиімді

Қойларды жасанды ұрықтандыру – ұрықтандырудың ең жетілген түрі. Күйек маусымында бір қошқар орта есеппен 300-500 тоқтыны ұрықтандыруға қауқарлы.

Жасанды ұрықтандыру таңдаған жағдайда, оның мерзімі 35-45 күн аралығында екенін естен шығармаған жөн. Күйек 24 сағатқа созылады, бұл уақыт ішінде саулықтарды кем дегенде екі рет ұрықтандыру керек. Егер тоқты 15-17 күн ішінде желіндемесе, ұрықтандыруды қайталау қажет. Желіндеген, желіндемегенін арнайы ультрадыбыс арқылы тексеру қиын емес. Тоқты бір жылда бір рет қана қоздайды. Бір қоздағанда бір мен төрт қозы аралығында бірақ тууы мүмкін. Негізінен орта есеппен 2-3 қозы туады. Қойдың буаздық мерзімі 145 күнге созылатынын ескерсек, өндірістік қой шаруашылығында бұлайша сирек қоздау тиімсіз болып саналады. Сондықтан, кейбір малшылар қойды бірнеше рет қоздату үшін оны асырау, тамақтандыру сапасын арттырып, қоңды қалпында сақтау тәсілін қолданады.

Жасанды ұрықтандырудың еркін ұрықтандырудан артықшылығы: қошқарға сұраныс бернеше есе төмен, бағалы өндірушіден алатын төл саны да біршама артық, күйек кезіндегі саулықтың желіндеуін, қошқар шәуетінің сапасын бақылап отыру оңай.

Қазіргі кезде шәуетті ұзақ мерзім сақтау және кез-келген қашықтыққа тасу тәсілддері бар. Бұл жоғары сапалы өндірушілерді пайдаланып, одан көбірек төл алу мүмкіндігін арттырады.

Тоқтыларды күніне екі рет: таңертең және кешке сұрыптауға болады. Температура тым жоғары немесе тым төмен кезде қойдың күйлегені анық білінбейтінін естен шығармау керек. Ең жайлы температура 5°С-тен төмен және 20°С-тен жоғару болмауы тиіс. Іріктеу алдында сыналатын қошқарларды екі-үштен бірнеше топқа бөліп, оларды алма-кезек қолданып отырады.

Сыналатын қошқарлар тоқтыларға жүгірмес үшін, оларға ұзындығы 50-60 см, ені 40 см болатын жұмсақ матадан алжапқыш кигізіледі. Алжапқыштың бұрыштарына таспа байлап, оны қошқардың арқасына байлайды.

Тоқты, саулықтарды 150-200 бастан бірнеше топқа бөлеіп, ішінен күйлеген тоқтыларды іріктегейді. Содан соң олардың орнына басқа топты кіргізіп, оларға сыналатын басқа қошқарлар жіберіледі. Бұл процес барлық отар тексерілгенше жалғасады. Әр топтағы саулықтарды іріктеу 25-30 минутқа созылады.

Тоқты, саулықтар жасанды ұрықтандыруға дайын кезде, оған қошқарды жіберсе саулық тыныш тұрады. Бірақ кейбірі (әсіресе қысырлары) күйек кезінде сыналатын қошқардан қашады, бірақ кейін соңынан ереді. Жасанды ұрықтандыруға мұндай тоқтылар да алынады.

Іріктеуден соң қошқарларды отардан бөледі, күйлеген саулықтарды жасанды ұрықтандыру пунктіне айдайды, отарды жайылымға шығарады, егер қорада өсірілетін мал болса жем беретін базағы айдалады.

Алғашқы күйекте ұрынтанбаған тоқтылар қашыруға тек 16-17 күннен соң әкелінеді, екінші рет те ұрықтанбағандары көбіне қысыр қалады.

Саулықтарды сұрыптаудан соң бірден екі рет ұрықтандыру керек, бұл істі екінші рет бір тәуліктен қайталау қажет. Екінші рет ұрықтануға бір тәуліктен астам уақыт күйлеген саулықтар таңдалады. Олардың желіндеген, желіндемегенін тек ультрадыбыс арқылы ғана емес, өндіруші қошқарлармен болған саулықтарға 8-9 сағаттан соң жас сыналатын қошқарларды жіберу арқылы да тексеруге болады. Егер саулық жас қошқарды маңына жолатпаса, ұрықтандыру сәтті өтті деген сөз.

Ұрықтандыру технологиясы: басынан аяғына дейін

Жасанды ұрықтандыру пункттерінің негізгі қызметі – шәует алып, оны бағалау және саулық жыныс жолдарына енгізу.

Шәуетті сумен не ауамен толтырылатын, бір немесе екі тесігі бар эбонитті түтіктен жасалған қынап арқылы алады. Оның ішіне ұшын түтікке тартатын резеңке камера қойылады. Қынапты пайдаланбас бұрын оны 2-3%-дық сода ерітіндісімен жуып, фурацилин немесе 70%-дық спиртпен зарарсыздандырып, оған температурасы 50-55°С-тағы су толтырады. Кейін таза ұрық қабылдаушыны вазелинмен сылап, резеңкені тарту арқылы ауа қысымын төмендетіп, ішіндегі температураны тексереді. Температура 40-42°С болуы тиіс.

Қошқарды тоқтының жасанды қынабына салған кезде қынапты оң қолмен жамбас деңгейінде 35—40°-қа иіп, ұрық қабылдайтын жағын жоғары қарата ұстап тұру қажет. Шәуетті қынапқа ағызып алған соң ол төмен ағуы үшін ұрық қабылдайтын жағын төңкеріп қояды. Содан соң қынаптағы ауаны шығарып, ұрық қабылдағышты суырып, дереу бетін жабады. Жаңа алынған, тексерілген шәуетті фурацилимен немесе 70%-дық спритпен зарарсыздандырылып, 4-5 рет физиологиялық ерітіндімен жуылған (фурацилин немесе спирт қалдығын кетіру үшін) шприц-катетермен сорып алады.

Жасанды ұрықтандыруды білікті техник-ұрықтандырушы немесе арнайы курсқа қатысып үйренген тәжірибелі шопан жүзеге асыру керек.

Тоқтылар ауа температурасы 18-25°С болатын арнайы ғимарат ішіндегі мао қораларда ұрықтандырылады.

Шприц-катетердің ұшын төмен иіп, жатыр мойнына 3 см-ге дейін кіргізіп, ұрықты егеді. Бұлайша жасанды ұрықтандыру үшін 0,05 мл таза шәует қажет.

Ұрықтандырылған малды тез кететін бояумен жұқалап белгілеп отарға қосады. Әр саулықты ұрықтандыру алдында қынап айнасын жуып, түтемейтін отта зарарсыздандырады. Инені сүрткенде ерітінді катетерге енбейтін тампонды пайдалану керек. Малды ұрықтандыру үшін шприц-катетерден бөлек, сабында қажетті мөлшерін өлшейтін жартылай автоматты шприцтер қолданылады. Сабының үшін әр басқан сайын жартылай автоматты шприц 0,05 мл сұйықтық жіберіп отырады. Егер егілетін сұйықтық мөлшерін арттыру керек болса, шприц сабының ұшын мөлшерге сай басып отырады.

Сырттан әкелген, аралас шәуетпен жұмыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Аралас шәуетті 24-36 сағаттан артық сақтауға болмайды, осы уақыт ішінде пайдаланып үлгеру қажет. Ұрықтандырмас бұрын оларды 39-40°С-қа дейін қыздырып, қимыл-әрекетін микросппен тексереді. Қимыл-әрекеттерін тексеру үшін шәуетті арнайы шыныға жағып, қажетті температураны ұстап тұратын термостатқа салады немесе В.А.Морозовтың жылытқыш үстелін қолданады.

Суытылған аралас ұрықтың жарамдылық бағасы 0,7-ден кем болмауы керек. Бір рет қолданылатын мөлшері 0,1-0,2 мл. Жатыр мойыншасынан ағып кетіп, шәуеттер тез өліп қалмас үшін 0,2 мл-ден артық егуге болмайды. Салқындатылған шәуетті жылытпай қолданылады. Ұрық салынған құтыны ұрықтандыру басталғанға дейін мұз салынған термоста сақтайды.

Саулық басы аз шаруашылықтарда терең қынаптың ұрықтандыруды пайдалануға болады. Бұл тәсілді қолданғанда шәуетті ұшы қысқа шприцке немесе капсулаға жинайды. Сосын шприцті қынаптың түбіне дейін тығып, шәуетті шығарады, бұған 0,2 мл шәует қажет.

Жұмысқа қажетті физиологиялық ерітінді күн сайын әзірленеді. 1% физиологиялық ерітінді дайындау үшін 10 грамм хлорлы натрийді ерітетін 1 литр фильтрленіп, қайнаған су қажет. Хлорлы натрий өндірісте түйір дәрі ретінде өндіріледі, бір түйір – бір грамм.

Сода ерітіндісі көмірқышқыл немесе екі көмірқышқылды содадан жасалады. Егер кальций қосылған сода қолданылса, 1 литр ыстық суда 10-15 грамм ерітінді езіледі.

70% -дық спирттің 100 см\кубын алу үшін 96%-дық спирттің 73миллилитрін алып, оны 27 миллилитр тазартылған, фильтрленген әрі қайнатылған сумен араластырады. Қаншалықты дұрыс дайындалғанын спиртометрмен өлшейді.

0,2%-дық фурацилин ерітіндісін дайындау үшін 1%-дық хлорлы натрийдің ерітіндісін қайнатып, 5 литрлік ерітіндегі 1 грамм фурацилин қосылады. 70%-дық спирт пен фурацилинді 3-6 күнге арнап әзірлейді.

Тампонды ылғал сіңіретін мақтаны дөңгелетіп, диаметрін 3-4 см етіп қиып жасайды. Содан соң шыны қақпағы мығым құтыға салып, спиртпен сулайды.

Санаңыз! Бұл маңызды!

Жануарларды жасанды ұрықтандыруда тіркеу мен есептеудің маңызы зор. Жасанды ұрықтандыру пунктінде зоотехник-бонитер толтырып отыратын, қай саулыққа қай қошқардың тіркелгені туралы тізім, өндіруші қошқарларды қолдану есебінің карточкалары, тоқтыларды жасанды ұрықтандыруға арналған журнал, есеп нұсқалары болуы тиіс.

Әр өндіруші қошқардың қолданылғаны, салымдары, алынған шәуеттірдің (қолданылмаған жағдайда да) мөлшері мен сапасы туралы есеп жүргізіледі.

Жасанды ұрықтандырудың журналы күн сайын жұмыс күнінің соңында толтырылып отырады. Әр отарға жеке есеп жүргізіледі. Жасанды ұрықтандыру аяқталған соң, пункттің жұмысына толыққанды сипаттама беретін түсіндірмелік хаттама тіркелген есеп беріледі.

Сақтау мен тасу ережелері

Асыл тұқымды мал өсіретін кәсіпорындар мен жасанды ұрықтандырумен айналысатын негізгі пункттерде сақтау мен тасуға рұқсат берілетін қошқар лардың шәуетінің бағасы Г-9-дан кем болмауы тиіс (араластырғанға дейін).

Шәуеттің қоюлығына байланысты оны 2-3 рет арнайы дайындалған қоспалармен араластырып отырады. Бұл шәуеттің өміршеңдік қабілетін сақтауына, ұрықтандыратын жануарлардын санын көбейтуге көмектеседі. Егер асыл тұқымды мал шаруашылықтары мен жасанды ұрықтандыру пункттерінде дайын синтетикалық орта болмаса, араластыратын қоспаны төмендегідей тәсілмен дайындайды: 100 миллиграм дистилденген суға 2,8 грамм нтарий цитраты мен 0,8 грамм таза химиялық медициналық глюкоза (немесе шәуеттің өміршеңдігін арттыратын тура осындай мөлшердегі фруктоза) қосады.

Шәуеттегі микроағзалардың өсуіне қарсы ортаға медициналық мақсатта токсиндерді тексеретін (зиянсыз) антибиотиктер мен ақ стрепцидтер қосылады. 100 мл ерітіндіге кристалды пенициллин (натрийлі немесе 50-75 мың бірлік калий тұзы), 50-75 мың бірлік күкіртті немесе тұздықышқыл стрепцомин, 0,1-0,2 грамм таза химиялық ақ стрепцид қосылады.

Содан кейін ерітіндіге жаңа шыққан тауық жұмыртқасының саруызын қосады. 100 мл ортаға 20 мл саруыз деп есептеу қажет. Саруыздың түсі ашық сарғылт болуы тиіс. Дайындалған ортаны 4 сағаттан артық сақтауға болмайды.

Өндірісте шәуетті күшейтуе (залалсыздандыруға) арналған, құрамында пенициллин, стрептомицин, және ақ стрептоцид бар «спермосап» атты дәрі шығады. Оны зауыт берген нұсқаулық бойынша пайдалану керек.

Шәуетті шәует қабылдайтын ыдыстар араластырады. Оның бір жағына қажетті ортаның бір немесе екі бөлігі орналастырылады. Араластырылған соң шәует микроскоппен тексеріліп, бағаланады. Егер белсенділіктері төмендесе, қайтадан жаңа орта дайындайды.

Суық тимес үшін ортаны 25-30°С-қа дейін жылытады. Араластырылған шәуетті сыйымдылығы 5-8 мл, тығыны бар, зарарсыздандырылған құрғақ құтыға құяды. Құтыдағы шәуетті бөлме температурасында 10 минут ұстап, соңынан тығынын мықтап нығыздап жауып, поролон ішпек ұяға орналастырып, бәрін бірге полиэтилен қапқа салып, ішінде мұзы бар термоста сақтауға немесе қызмет көрсететін шаруашылықтарға жіберіледі. Термосқа салғанда полиэтилен қаптың бетіне жұқалау мұз қояды.

Қошқардың шәуетін 2-4°С температурада төмендегі режимде біртіндеп суытады

Шәуетті алған уақыты

Шәуетті сақтаудағы температура ауытқу шегі °С

Шәуетті алған уақыты

Шәуетті сақтаудағы температура ауытқу шегі °С

0

35-36

20

18-22

60

13-20

120

5-10

180

3-5

Шәует құйылған құтыларды санмен белгілейді. Тіркеу құжатында әр құты номерінің жанына өндірушінің номері, шәуетті алған күні мен сағаты, мөлшері және басқа да ақпараттар жазылады. Шәует салынған термосты ысытып жібермейтін, механикалық зиян келтірмейтін, қатты селкілдемейтін кез-келген көлік түрімен тасымалдауға болады.

Қошқардың суытылған шәуеті 24 сағат ішінде қолданылады. Егер бұл шәуеттің алынғанына 15-18 сағаттан аспаса, ұрықтанатын тоқтылар саны көбірек болады. Бұл жағдайда асыл тұқымды шаруашылықтарындағы өндіруші қошқарлардың шәуеттері түс ауғаннан кешке дейін (сағ 17 мен 20 аралығы) алынып, келесі күні таңертеңнен жасанды ұрықтандыру пункттері мен ауылдарда қолданылуы үшін, дереу қызмет көрсетуші шаруашылықтарға жіберіледі.

Егер пункттер мен шаруашылықтардың жұмыс жағдайына байланысты, шәуетті жеткізу мен қолдану уақыты оны алған уақыттан 2-3 сағаттан аспайтын болса, +2-4°С-қа дейін суытпай, аралас түрде, +17-18°С болатын бөлме температурасында тасымалдаған дұрыс.

Бүкіл әлемдік қой шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты шәуетті глюкозалы-цитратпен емес, глюкозалы-фосфатты ортамен араластыруға кеңес береді. Дайындалу әдісі мынадай: 100 мл дистилденген таза су, 2,08 грамм динатрий фосфаты, 0,08 грамм калий дигидрофосфаты, 3,2 грамм құрғақ медициналық глюкоза. Температурасы +18°C-тен төмен пункттерде 100 мл ерітіндіге 20 мл желтка жаңа туған тауық жұмыртқасының сарыуызын қосады.

Табанды еңбек, үлкен табыс

Жасанды ұрықтандыру барлық процессті бақылауға мүмкіндік беретін жылдам әрі қауіпсіз тәсіл ғана емес, сонымен қатар жақын қатынас орнатқан жануарлардың бір-бірін жарақаттауының алдын алады. Сондықтан да өндіруші қошқарлар қымбатқа бағаланады, кей қошқардың құны кейді бір отар малдың құнына тең келіп жатады. Асыл тұқымды қошқар сатып алу отардағы біраз мәселелерді шешуге көмектеседі. Ферма қожайыны қошқарды жалға берушіге төлейтін шығыннан, оның қауіпсіздігіне жауапкершіліктен құтылады. Сонымен қатар, қошқар шәуетін тек қолданып қана қоймай, қолында асыл тұқымды қошқарлары жоқ шаруа қожалықтарына сатуға болады. Шәуетті сатудан жақсы табыс табуға болады, сондықтан қошқарды көздің қарашығындай сақтау қажет.

Күйек кезеңі ұзақ әрі тынымсыз еңбек пен үлкен дайындықты қажет ететін процесс. Ол үшін мал қашыратын орын саулық пен қошқар бір-бірінен алыстамайтындай шағын ғана алаң болғаны дұрыс.

Кейді бір тоқтының күйегі бірнеше сағатқа созылып, керек уақытында қошқарды пайдалана алмай қалатын кездер болады. Бұл бір күндегі ұрықтандыру санын азаюына әсер етеді.

Қой қашыру, түсінгеніңіздей, оңай шаруа емес. Қажетке жарайтын саулықтар мен қошқарлар іздеу, сұрыптау, оларды тамақтандырып, дайындау, қашырту, сонымен қатар қысыр не буаздығын анықтаудың барлығы табанды еңбекті талап етеді.

Нұржан ЖҰМАДІЛДАЕВ

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

«Қазақ мал шаруашылығы және жем өндіру ҒЗИ» ЖШС,

Сақтау, селекция, Қазақстанда қой-ешкі өсіру «қой шаруашылығы ҒЗИ» филиалының жетекшісі

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз