Мамырдың майсасы тамыздың сұлысынан артық» деген халық арасында сөз бар. Бұл даладан отап, еркін жайылған жылқы малы үшін шүйгін шөптен артығы жоқ екендігін меңзегені. Мұны қамбар ата түлігінің қамын күйттеген жылқышылар қауымы жақсы біледі. Жер аяғы ұзарғанда малын шалғайға айдап, қытымыр қыста қолдан жем-шөп беріп, ауыл маңында тебіндейтіні де сондықтан. Жайылымды жерді барынша тиімді пайдаланудың амалы.

Жылқы малы - негізінен түздің малы. Оты қалың жерге айдап жіберсең шөбін де, суын да өзі тауып жейді. Жылқышылардың ең басты міндеті маусымда жайылымдық жерлерді дұрыс таңдап, малын сол аймақта ұстағаны. Шүйгін шөп жеген мал қоңды болады. Ал жас шөптің орны ерекше. Әсіресе, масағы шашақтанып, гүлі күлтелене бастаған нәрлі шөпке жететіні жоқ. Бұл, әрине, жусан мен сораң сияқты ащы шөптерді қоспағанда. Ал одан кейін сабақ созып кеткен шөптің құнары азайып, көлемі жұқарып, жайылым алқаптарының соны басылып, өсімдіктердің жапырақтары қурап, сабақтары селдіреп нәрсіз боп қалады.

Зерттеулерден белгілі болғандай, бір үйір жылқы күзеуде шөбі жақсы жайылымдарда 100 келі тірі салмаққа тәулігіне орташа есеппен 3,2 кг, жазда 2,0 кг, көктемде 3,9 кг, және қыста 4,4 кг құрғақ шөп жейді екен. Бұл тұста тебіндеп жайылу кезінде шөптің 60-65%, ал кеңінен жайылғанда 51-53% желінеді. Осыған қарап және шөптің шығымдылығын ескере отырып, бір үйір жылқыға жайылымдық жерлерде қанша шөп қажет болатынын есептеп отыру қажет.

Көп жылғы зерттеулер көрсетіп отырғандай, бір құлынды бие үшін тебіндеп жайылу кезінде шөптің шығымдылығы 4-6 ц/га болған жағдайда 25 га жайылымдық жер қажет

Жылқылардың өрісін дұрыс ұйымдастыру жем-шөп дайындау алқаптарын жүйелі пайдалануды, яки, барлық маусымдық алаптарды ұтымды қолдануды көздейді. Мәселен, жартылай шөлді аймақтарда үйір жылқыны жөн-жосықсыз жаятын болса шөптің тек 11-12%, ал дұрыс бағыттап жайған жағдайда 50-55% оттауға болады. Жайылымдық алқаптардағы шөптер жергілікті климаттық жағдайларға байланысты әртүрлі мерзімде пісіп жетіледі. Бұл жайылымдарды кезектестіре пайдаланған кезде оларды тұяқкешті қылмай, жаңадан шөп шығуына мүмкіндік береді. Сонысымен мал өрісінің өнімділігін арттыра түседі. Ол үшін шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылымдарды түрлеріне қарай бірнеше аудандарға бөліп пайдаланады. Мұнда бірінші кезекте маусымдық жайылымдар қарастырылса, одан соң белгілі бір күнпарақтық пайдалану мерзімдері анықталады.

Маусымдық жайылымдарды пайдалану

Маусымдық жайылым алқаптары жылдан жылға жиі ретте тұрақты бола түсетін болса, күнпарақтық мерзімге қатысты телімдер әр жылғы метерологиялық жағдайларға қарай өзгеріп отырады. Шаруашылықта пайдаланылатын жайылым алқаптарын маусым бойынша бөлген кезде негізгі жайылым түрлерін пайдалануға арналған келесідей үлгідегі орын алмасу сызбасын пайдалануға болады.

Көктем мезгілінде: бетегелі, бетегелі-жусанды және боз-көделі (оңтүстік және оңтүстік батыс баурайларда), тез пісетін аралас шөпті (қоңыротты-қияқты және діңшелі), ал көктемнің екінші жартысында бозды, алуан шөпті, қурайлы, шалғынды және құмдық шөпті алқаптар пайдаланылады.

Жаз мезгілінде: бірінші жартысында бозды-бетегелі, бетегелі-бозды, бозды, алуан шөпті, қияқты-алуан шөпті, қияқты-дақылды, дақылды, дақылды шоғырлы алқаптар, екінші жартысында алуан шөпті-бозды, алуан шөпті-дақылды өзен-көлдердің сағасындағы, биік таулы субальптік және альптік алқаптар пайдаланылады.

Күз мезгілінде: бірінші жартысында мал ерте жайыла бастаған бетегелі және бозды, шабылған шөптің орнына өскен балаусалы, қайта шөп басқан дақылды-алуаншөпті алқаптар, екінші жартысында бетегелі, бетегелі-жусанды, жусанды-сораңды, жусанды, сораңды алқаптар пайдаланылады.

Қыста жылқының тебіндеп жайылуы үшін құрамында әрі дақылды, әрі жусанды-сораңды өсімдіктері бар жайылымдық алқаптар өте жақсы болып саналады.

Жайылым алқаптарының нақты бір телімдерін белгілі бір анықталған мерзімде пайдалану жоспары алдын ала жасалады. Сол кезде әр алқапты тек маусымдарға бөліп қана қоймай, нақты бір жылқы үйірі жайылатын етіп бекітілуі қажет. Телімдерге бөлген кезде онда су көздерінің бар-жоғы ескерілуі керек. Жайылымды жерлерді дұрыс пайдаланылудың малдың күйіне де, жердің шөбінің жақсы сақталуына да маңызы зор. Оны тоздырып тастағанның да немесе толық пайдаланбағанның салдары жайылымның сапасын жоғалтып, болашақта жұтаңдап қалуына алып келеді.

Жылқыны үйірмен бағатын шаруашылықтарда байқалатында малды жүйесіз жаюдан жайылымның шүйгіндігі 30-50% азайып кетеді.

Көктем мен жазда мал жаю техникасы

Табиғи жайылымдарды дұрыс пайдалану үшін жылқыларды маусымдарға бөліп бағудың ерекшелігі ескерілуі қажет.

Көктемгі өріс. Көктемде мал қары бірінші кетіп, шөп пайда болатын биік төбелердің басында жайылады. (Төбелердің оңтүстік және оңтүстік-батыс бетіндегі қар бірінші еріп, еріген су тез ағып кететіндіктен, жер тез кебеді). Төменгі жақтар бұл кезде қатты ылғал болады да, су сіңіп кете қоймайтындықтан ол тұсқа мал бағу балшығын қозғап, жайылымды бүлдіреді. Бір жағы тым қатты ылғал жерге мал баққанның да өзіндік зияны бар. Өйткені, бұл кезде биелер құлындап бастайды да, әлі аяздың беті қайта қоймаған кезеңде құлынға салқын тиіп қалуы мүмкін. Көктемгі мезгілде мал табиғи су көздерінен - өзен, көл, жайылма сулардан екі рет суарылады (таңертең бір, кешке бір). Бұл кезеңде үйірде енді-енді туайын деп тұрған немесе еметін құлындары бар болғандықтан суатқа жағаның жайдақ, құрғақ жерлері таңдалып алынады. Суат басында көкемде түрлі инфекциялар бас көтеретіндіктен оның санитарлық жағдайына ерте бастан назар аударған жөн. Өйткені, қыс бойы тебіндеп азықтанудан қажыған жылқы малы мұндай инфекцияларға төзімсіз*осал келеді. Практикада көріп жүргеніміздей, жылқының ең көп қырылатын уақыты осы көктем айлары.

Жазғы өріс. Жаз келген соң күн жылынуына қарай мал бағу жағдайы да өзгереді. Жер аяғы ұзарған соң малды алысқа айдауға болады. Мұндағы ең бірінші мәселе - суаруға қатысты. Сол себепті бірінші кезекте жақын маңнан су көзін табу қажет. Жазда әдетте мал күніне үш мезгіл су ішеді. Таңертең сағат 09:00-10:00, түскі 13:00-14:00 және кешкі сағат 19:00-20:00 аралығында. Жылқыны жайылымға шығарудың ең тиімді жолы – белгілі бір бағдар құрып алу. Ол суаттан басталып, суатта аяқталуы тиіс және малды «ирелең ретпен» жайған дұрыс. Жылқының неше рет жайылып келетіні неше рет су ішетіндігімен байланысты. Ал «ирелең ретпен» бағудың жақсы жері – мал осыған дейін оттап кеткен жеріне қайта оралмайды да, тұяқкешті болған жерде соны шөп іздеймін деп көп жүріп қалмайды. Шөптің жаңасын жеп, жүруінен тұруы көп болады. Күндіз жылқы үйірі суатқа тез оралу үшін жақын алқаптарда жайылса, түнгі жайылымда олар шалғай жерлердің шөбін жеп, су ішуге таң ертең бір-ақ келу үшін алыс қашықтықтарда жайылады. Яки, түнгі жайылым 12-13 сағатқа созылады. Күн өткен сайын жайылу аумағы ұлғая береді. Өріске әр шыққан сайын жылқы үйірі осыған дейін жайылған телімдерінен әрірек барып жайылады. Тек күндіз жақын жерде жүрсе, түнде алыс жерлерге кетіп қалады. Мал жаюдың мұндай жүйесі өте тиімді. Өйткені жылқы күні-түні жайылады, суару үшін алысқа айдауға уақыт кетпейді, әсіресе, жайылымның әр бір сағаты қымбат жері жұтаң далалық және жартылай шөлді аймақтарда өте ұтымды. Жаз уақытында түнгі жайылымға көбірек көңіл бөлінеді. Себебі, күндіз күн ыссы және жәндіктер талап қоймаған соң жылқы жайылғаннан гөрі өзара топтанып алып, бастарын көлеңкеге тығып немесе шыбындап көп тұрады.

Таудағы жайлауда мал бағу сипатының өзіндік ерекшеліктері болады. Мұнда жылқылар тау биігіндегі көкмайса шөпке жайылады. Әр-әр жерде ағып жатқан бұлақтар көптеп кездеседі. Сондықтанда жылқы өзі қалаған уақытта барып су ішетіндіктен, малды суару қажеттілігі аса туа қоймайды. Мұнда да далалық жердегі секілді әр жайылым бір үйірге бекітілуі керек. Шөп шығымдылығы жоғары болғандықтан жылқыны телімнің бір шетінен екінші шетіне және кері бағытта жаюға болады.

мезгілінде күн ыссы және жәндіктер көп болған соң жылқылар топтанып алып басын паналап немесе шыбындап көп тұратынын айттық. Үйір-үйір боп жүретіндіктен маусым айында жылқылардың топтанып тұрғанының қорқынышы жоқ. Ал күйек уақыты біткеннен кейін олардың бұлай топтанып тұруы қауіпті. Өйткені, олар бір бірін тістеп алып, итеріп, теуіп жарақаттауы мүмкін. Сондықтан да жылқышының міндеті осы кезеңде жылқылардың араласып кетіп, топтануына жол бермей, оларды мезгіл-мезгіл ажыратып отыру.

Үйірді мұндай кездерде желге қарсы айдаған дұрыс. Бұл біріншіден күн ыстығынан дегдітсе, екіншіден жәндіктерді қуады. Болмаса, осы мақсатпен үйірді жел соғып тұратын биік қыраттарға айдап шығуға болады

Жылқы малы әдетте өзі де осындай желкем жерлерге шығып жайылғанды қолай көріп тұрады. Егер жылқы жаз бойы далада жүретін болса, күннің ыстығы мен жайылымдық жердің күнге күйіп кетуі олардың күйін қашырып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда, оларды уақытылы суару мәселесін дұрыс ұйымдастыру қажет. Мәселен оларды кешкі 17:00-18:00-дерде бір суарып алғаннан кейін түнгі жайылымға алып шығып, таңғы 07:00-09:00-дерде суатқа алып келу қажет. Малдың мүмкіндігінше ұзақ оттағаны дұрыс.

Жайылымды тоздырып тастамау үшін жылқыны әр күні жаңа ізбен өріске шығару қажет. Бір жайып өткен жерге бір аптадан кейін шөбі қайта өскен соң оралу қажет. Түн мезгілінде үйір екі рет жусайтын болғандықтан, (22:00-23:00 және 03:00-04:00 сағат аралықтары) олардың мазасын алмай, сырттай ғана бақылап отыру қажет.

Күзгі мезгілдегі мал бағу сипатының жазғы жайылымнан, әсіресе, далалық жерлерде, көп өзгешелігі бола қоймайды. Бірақ, күздеудегі мал күтімінің жауапкершілігі жоғары. Өйткені, осы мезгілде жылқыны көп жайып, қоң жинап алғанына барлық жағдай жасау керек. Сонда семіз мал қысқы тебіндеп азықтануды қиналмай өткізетін болады. Сондықтан да жылқыны үйірмен далада бағуда малды күз мезгілінде семіртіп алу өте маңызды. Өйткені, ұзақ қыстан аман қалса да мал көтерем болып әлсіреп қалуы мүмкін.


Қазақ жылқысы тез семіруге бейім келеді. Жылқышының міндеті соған барлық қолайлы жағдай жасау. Жергілікті жылқыларға қарағанда зауытта өскен ат тұқымымен шатысы бар биелер баяу семіреді. Сондықтан да оларды шөбі шүйгінірек жерге жайып, қосымша жем беріп отыру қажет.

Күзгі және қысқы жайылымдағы мал жаю ережесі

Жылқы өсіру шаруашылығындағы ең бір қиын кезең - қысқы тебіндеп азықтандыру кезеңі. Ауа райы қатал, шөбі қат қыс мезгілінің өзін соншалықты төзімді, шөп талғамайтын қазақ жылқыларының өзі өте қиын өткереді. Зерттеулер көрсеткеніндей қазақы биелер тебіндеу кезінде орташа 23 кг салмақ жоғалтатын болса, жартылай будандар 50 кг арықтап қалады екен.

Үйірлі жылқы үшін қыс мезгіліндегі жылымық күндер өте ауыр тиеді. Өйткені күн көзіне сәл еріп қалған қар аяз түсе мұз болып қатады да, тебіндеуді қиындата түседі. Егер қыс жұмсақ болса, кейбір жылқы түрлерін қосымша жемдемей де бағуға болады. Ал қыс қатты, қарлы, аязды болса онда барлық мал басын міндетті түрде жемдеп отыру қажет. Қысқы жайылымға ат тұяғы тимеген, шөбі соны жайылымдық алқаптар қалдырылады.

Қыс уақытында әдетте мал суарылмайды. Бұл кезде жылқыларды жылы уақытта, яки, қыстың басында және аяғында суарып алу қажет

Күз уақытында екі рет суару тоқтатылып, жылқылар бір рет суарыла бастайды. Ал қыс мезгілінде мүлдем суарылмайды. Бұл жылқының шөппен бірге оның бетін жапқан қарды жеп, шөлін басатындығымен байланысты. Қар жылқының қарынына азғандай мөлшерде түсетіндіктен оның жаурап қалу қаупі болмайды.

Жылқыға мұздай су беріліп, ол көп көлемде ішіп қоятын болса, оған салқын тиіп, мұның соңы іш тастауға соқтыруы мүмкін

Қыста жылқы бағу аса қиын емес. Егер күн тыныш әрі ашық болса, онда үйірді жазық жерге немесе төбешіктердің етегіне айдап жіберіп, мезгіл-мезгіл жаңа алқапқа ығыстырып отырады. Мал жайылып жатқан кезде жылқышы олардың қатты бытырап кетпеуін қадағалап ұрады. Түнде үйірді жинап ұстау қажет. Бірақ тым қатты топтасып кетіп, жайылмай қалмауын қадағалау керек. Бұл жұмысты тек екі жылқышы бірігіп атқара алады. Түнгі тебіндеу уақытында жылқыға қасқыр көп шабады. Сол себеп жылқышылар түнгі күзет кезінде ауық-ауық мылтық атып, қасқырларды үркітіп тұруы тиіс. Жылқылар әдетте тәулігіне төрт рет жусайды. Сондықтан да жылқылардың тыныстаған уақыты жылы кезбен тұс келгенін қадағалаған дұрыс.

Жылқыны түн мезгілінде шама келгенше ұзақ жусатпаған дұрыс. Өйткені, қимылсыз тұрғаннан оның денесі мұздап, жаурап қалуы мүмкін. Ал тебіндеп қозғалыста жүрген жылқы жылы жүреді

Қатты аяз кездері үйір ұзақ тебіндеп, аз жусайды. Ал күн ашық, жылы күндері биелер ұзақ демалады. Мұндай кездерде биелер мен құлындар жатып тыныстағанды қолай көреді.



Дәурен СЫДЫҚОВ 
Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» ҰКП-ның жылқы өсіру шаруашылығы бойынша сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз