Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығына қолдау көрсету мақсатында импорттау арқылы мал басын өсіру арқылы аграрлық салаға қызығушылық тудырып отыр. Осыған орай, біз мал тасымалына қатысты негізгі факторларды назарларыңызға ұсынамыз. Құжаттар: анықтама, сертификат, рұқсат қағаз

Ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау үшін ең алдымен малдың ветеринарлық құжаттары болуы қажет. Тасымал ел ішінде, яғни тиіп тұрған көрші ауылға мал апарсаңыз да болса да форма-1ветеринарлық анықтамасы қажет. Ветеринарлық анықтама жергілікті атқарушы органдарға қарайтын (әкімшілік) мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарда беріледі, сонымен қатар аталған анықтаманы электронды үкіметтің веб-порталы арқылы да алуға болады.

Осы уақытқа дейін ветеринарлық анықтаманың берілу статистикасына көз жүгіртсек, ел ішіндегі мал тасымалы жылдан жылға артуда.

Ауыл шаруашылығы жануарларын сырттан әкелетін жағдайда алдымен ҚР Ауыл шаруашылығына қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аймақтық инспекцияларын елге жануар әкелетініңізді жазбаша түрде ескертіп, шекарадан мал өткізуге рұқсат алу үшін өтініш беруіңіз қажет. Рұқсат алуға өтінішті аймақтық инспекцияның өзінде немесе ХҚКО-да беруге болады. Олардың адрестері мен байланыс номерлерін мына сілтемеден алуға болады. Берілген рұқсат қағаздың жарамдылық мерзімі бір күнтізбелік жыл. Яғни, 31 желтоқсанда оның жарамдылық мерзімі бітеді.

Аймақтық инспекцияға дер кезінде өтініш беру мемлекеттік ветеринарлық қызмет көрсету орындарының өз жұмысын уақтылы орындауына мүмкіндік береді. Мәселен, импорттау кезінде ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жануарларды тексеру және карантиндік іс-шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік ветеринарлық инспекторды импорттайтын елге жіберу тәжірибесі бар. Яғни, тиісті ұйымдар іссапар шығындары мен диагностикаға қажетті заттарды алуға кететін шығындарды есепке алулары қажет.

Жануарларды шекарадан өткізуге рұқсат алған соң, импорттайтын елден ветеринарлық сертификат алуыңыз қажет, бұл құжат жануарды жіберетін кезде беріледі, жануарлар осы қағазбен ғана тасымалданады. Малды жіберетін елге қарай сертификаттың бірнеше келісілген түрлері болуы мүмкін. Олармен ҚР Ауыл шаруашылығының ресми сайтында танысуға болады. Біздің және импортқа жіберуші екінші елдің ветеринарлық қызметтері арасында келісілген сертификат болмаса, Кедендік Одақ комиссиясы бекіткен үшінші елдерден келетін бақылау астындағы тауарларға арналған ветеринарлық сертификаттың бірыңғай формасы бар.

Жануарлар тасымалы мен импортқа құрсат алуды сертификат арқылы жүзеге асыру – заңды түрде міндеттелген. Тасымалға қажет құжаттардың қара сиямен толтырылмауын, шимайлап түзетілмеуін, анық, түсінікті жазылуын, барлық мөрдің дұрыс анық басылып, жауапты тұлғалардың қызметтері мен қойылған қолдары толық болуын мұқият қадағалаңыз.

Құжаттардың мұндай қарапайым талаптарға сай болмауы тексеруші органдардың күмәнін тудырып, қосымша анықтама жұмыстарын жүргізу үшін сіздің бірнеше сағат, кейде тіпті бірнеше күн уақытыңызды алуы мүмкін.

ЕАЭО-қа мүше елдердіндегі ветеринарлық қызметтерінің өзара іскерлік қарым-қатынасы шеңберінде біздің құзырлы орган берген электронды рұқсатнама автоматты түрде "Аргус" ақпараттық жүйесіне (Ресей) жіберіледі. Бұл жүйені қазір Ресей және Беларусияның ветеринарлық қызметтері де қолданады. Осылайша, қолданыстағы ақпараттық жүйенің бірігуінің арқасында ЕАЭО-тағы серіктестеріміз өз аймақтарынан өтетін жануарлар туралы алдын-ала біліп отырады.

Дегенмен, жолға шығатын пунктте берілген рұқсатнама жануарларды өткізетін ЕАЭО-тың шекара дағы кедендік посттарға түскен-түспегенін алдын-ала анықтап алған дұрыс. Оны сізге рұқсатнама берген мемлекеттік ветеринарлық инспектордан білуге болады.

Кемелермен, отарбамен, ұшақпен

Енді тасымалдайтын көлік түрлеріне және олардың ерекшеліктеріне тоқталайық. Бүгінде жануарларды тасымалдаудың сан түрі бар. Ең жиі қолданылатындары – автокөлік, темір жол, су транспорттары, ал алыс шетелден болса ұшақ.

Жануар тасымалының басым көпшілігі сау жануарлар өсіретін инфекциялық аурулардан ада шаруашылықтармен байланысты. Бірақ кей кездері санитарлық мақсатта сою үшін ауру жануарларды тасуға да тура келеді.

Сау жануарларды тасымалдаудағы басты мақсат – оны діттеген жерге аман-есен жеткізу.

Одан бөлек, тасымалдау жұмыстары жануарлар жолда ауырмай, салмағы мен өнімділігін жоғалтпай, терісіне зиян келмей, бас-аяғы жарақаттанбай аман-есен жететіндей ұйымдастырылуы шарт.

Сондықтан, тасымалдаудан бұрын ең алдымен көлікті тексеріп, жануарларды тиейтін алаң дайындау қажет. Тиеу үшін арнайы трап немесе тіркеме көпір қолданған жөн, егер олар болмаса қолда бар табиғи төбе, қыраттарды қолдануға болады. Бұл жағдайда көлікке келетін арнайы жолды (эскарп) жабдықтау қажет, сонымен қатар қолдағы бар материалдан төсеніш, көпір, трап жасауға болады. Бұлар үсті тайғанақ болмауы, жан-жағы қоршалуы қажет, яғни мінген жануардың құламай, жарақат алмай көлікке жетуі маңызды. Сондықтан, қоршау биіктігі жануарлардың бойларымен шамалас болуы тиіс.

Жануарлардың жарақат алу ықтималдығына жол бермей үшін, олар қалмай күн жарықта, барлық ұсақ-түйек тетіктерге дейін мұқият тексерілуге оңай уақытта тиелулері керек. Ал түнде тиелетін болса, жарық алаңда жүзеге асырылуы тиіс.

Ат байлауда, қоян торда

Жануарлар тасымалы үшін ең жиі қолданылатын автокөлік болғандықтан, біз осы бағытқа толығырақ тоқтағанды жөн көрдік. Бұл жағдайда арнайы борты ағашпен немесе темір торлармен қоршалған автокөліктер немесе жүк көліктері қолданылады. Тасымалдау кезінде шанақтың зовтың іші шарбақтармен бөлінеді.

Мүйізді ірі қара мал мен жылқыларды бір-біріне қауіп тудырмайтын ара қашықтықта, бастарын алға қарата байлайды. Ұсақ малдарды байламай еркін жібереді. Құстар мен қояндарды торда ұстайды. Ірі жануарлар ұсақтарды езіп тастамауы үшін оларды түріне, жынысына, жасы мен семіздігіне қарай іріктейді. Ірі қара малдың төлін байламай тасуға болады, бірақ еркін жатуы үшін, шанақтағы орны кең болуы керек.

Автокөлік шанағы жуылып, дезинфекцияланған соң оны құжытпен растау қажет. Жануарларды тыңайтқыш, төгілетін құрылыс материалдары (әк, цемент және т.б.) немесе техникалық мақсатта қолданылатын шикізат тасылған көлікке тиеуге болмайды!

Жануарларды кіргізбес бұрын автокөлік шанағын мұқият тексеріп алыңыз: артық зат, әсіресе өткір немесе қатты заттар болмауын қадағалаңыз. Еденнің, қабырғаларының, есіктерінің бүтіндігіне көз жеткізіңіз. Барлық өткір бұрыштарды, әсіресе сыртқа шығып тұрған шеге, ілгіштердің көзін құрту керек.

Тасымалдау жылдамдығы да маңызды роль атқарады. Ұзақ әрі дұрыс ұйымдастырылмаған тасымалдау нәтижесінде жабық жарақаттар мен зақымданып, шығын көруіңіз мүмкін. Егер малды союға әкеле жатсаңыз, тасымалдау ережесін бұзу ет өнімдерінің сапасының төмендеуіне ықпал етеді. Әсіресе, асыл тұқымды мал тасымалдағанда жол бойы олардың күтімі, тамақтандыру, жемдеу жұмыстары олардың үйренген жағдайларынан кем болмауы тиіс.

Жолдың ұзақтығы бір тәуліктен асатын, не одан ұзаққа созылатын тасымалдау кезінде қосымша жем-шөп алынуы керек. Жануарларды кем дегенде күніне үш рет тамақтандыру қажет. Қыста тасымалданатын малды күніне екі рет, ал жазда кем деген үш рет суғару шарт.

Жаз уақытында жануарларды түнде немесе таң алагеуімде тасымалдаған жөн. Күндіз тасымалдауға тура келсе, оларды күн көзінен қорғайтындай жағдай жасаңыз.

Қыста тасымалдағанда автомобиль шанағындағы ауа температурасы 12-16 градустан төмен болмаса, жаз кезінде жануарлардың қатты ыстықтамауы үшін желдетіліп тұруы тиіс. Ауа температурасы 25 градустан жоғары немесе 20 градустан төмен болған жағдайда жануарларды әсресе, доңыздарды ашық шанақта тасымалдаудан бас тартқан жөн.

Егер жол бір күннен артық болса малдың астына төсеніш (жоңқа, сабан) салған дұрыс. Тәулігіне мал басына деп есептегенде: жылқылар үшін 2 кг, мүйізді ірі қара мал үшін 2-3кг, шошқаға 1,5 кг, ұсақ малға 0,2 кг төсенші қажет.

Тасымалданатын көлік толығымен жарамды болып, малға қажетті барлық жағдай жасалғанда ғана кез-келген көлікпен мал тасымалдау сәтті болады.

Тасымалдауға жануарлардың өзін де дайындау қажет. Егер жол ұзақ болса, олар жолда жоспарлағандай 4-5 күн бұрын жемдеуге көшіріледі. Жануарларға пішен, құрама жем мен минералды заттар беріліп, рационынан шөпті, қызылша шөбін алып тастайды. Бұл кезеңдерде малды қатты тойдыруға болмайды. Мұндай мал жолды әрең көтереіп, ас қорыту жолдары ауырып, оның салдарынан жүрек-қантамырлары қызметі бұзылуы ықтимал. Жолға 12 сағат қалғанда малға азық бермей, аздап қана суғару қажет.

Дені саулары ғана аман қалады

Жануарларды сертификатта көрсетілген экто және эндопаразиттерге қарсы егу қажет. Жануарларды үшінші елдерден әкелгенде немесе ЕАЭО елдерінің арасында тасымалдағанда, жануарлар әкелінген елдердегі жануарлар ауруларының эпизоотиялық жағдайларына байланысты, оларға вакцина егілуі немесе еглімеуі мүмкін. Бұл ветеринарлық бақылауға жататын тауарлардың Бірыңғай ветеринарлық талаптарда көрсетілген. Жануарларға вакцина егу-екпеуді оларды импорттайтын елдің ветеринарлық қызметі анықтайды.

Тиелмес бұрын барлық жануардың саулығын анықтау, тасымалдауға болатын-болмайтынын анықтау үшін инспектор (экспорттайтын кезде) немесе жергілікті атқарушы органдардағы дәрігерлер (ел ішінде тасымалданса) тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тек толық сау жануарларды ғана жаппай тасымалдауға рұқсат берілген.

Тасымалдау нормасын автокөліктің түріне, жыл мезгіліне, жануар түріне қарай анықтайды. Арнайы екі өсті тіркемеде 12-16 бас мүйізді ірі қара мал немесе 30-50 бас төл, немесе 50-55 шошқа (біреуінің орташа салмағы 100кг) немесе 80-90 бас қой-ешкі тасымалдауға болады. Сыйымдылығы бұл нормалардан артық, мал тасымалдауға ыңғайлы жабдықтармен жабдықталған арнайы тіркеме-шанақтар бар.

Шанақтың тарлығы мен малдың тығыз орналасуынан тасымалданатын малдың жолды көтере алмай, жарақаттануына, кей жағдайларда арам өлуіне әкеп соғып жатады. Тасымалдаған кезде көліктің жылдамдығы да үлкен роль атқарады. Асфальтталған жолдағы мал тасымалдайтын көліктің жылдамдығы 60 км/сағ, ал қара жерде 25 км/сағаттан аспауы керек.

Тасымалдау кезінде әр 5-6 сағатта тоқтап, жануарларды тексеріп тұру керек. Олардың денсаулығы, тасымалдау жағдайы, жем-суы тексеріледі.

Егер тасымалдау 12 сағаттан асатын болса жануарларды әр 10-12 сағат сайын көліктен шығарып, жемдеп, демалдырып отыру қажет. Тоқтап, демалдыратын орындар жол қай елдің территориясымен өтсе, сол елдің ветеринарлық қызметімен алдын ала келісіледі. Жемнің қалдығы, тезектері тек аталған мақсатқа арналған арнайы орындарға ғана төгіледі.

Егер жануарлар жолда ауырып қалса немесе арам өлсе, тиісті шаралар қолдану үшін оны жақын маңдағы мемлекеттік органның ветеринарлық бақылау және қадағалау пунктіне хабарлау қажет. Бұл Қазақстан Республикасы территориясында тасымалданатын обьектілерге арналған ережеде көрсетілген.

Олжас АУСАБАЕВ,

мал шаруашылығы саласының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз