Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің (ҚР АШМ) деректері бойынша 2018 жылы Қытайға агроөнеркәсіп кешені (АӨК) өнімдерін экспорттау көлемі 43% артқан. Өткен жылы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Аспан асты еліне жалпы көлемі $221 млн болатын өнім жөнелткен.

Айта кетейік, 2018 жылға дейін етті мал шаруашылығының өнімдері Қытай Халық Республикасына шығарылатын өнімдер тізімінде болмаған еді. Қазақстан эпизоотикалық ахуалы нашар ел саналатын. Алайда өткен жылдың көктемінде Қазақстан АШМ әкімшілік және малдәрігерлік мәелелерді шешуге қатысты алдын ала ауқымды шаралар өткізгеннен кейін ҚХР Бас кеден басқармасы аусыл және тері бөртпесі ауруына байланысты шектеулерді алған болатын. Бұл қазақстандық ет өнімдері үшін көрші ел нарығына жол ашты.

2018 жылдың қараша айында ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы жол картасына қол қойды. Бұл құжат бойынша таяудағы екі жылда Қытайға қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20 түрінен астамын экспорттау көзделген. Бұл тізімге қой, сиыр, жылқы, шошқа еті, және құс сирақтары мен бастары сияқты жеңсік тағамдар кіреді.

Тоңазытылған қой етінің алғашқы легі (16,3 тонна) Қытайға сол жылдың қараша айында жөнелтілді. Алғашқы экспорттаушы Қарағанды облысының кәсіпорыны еді.

2019 жылы Аспан асты еліне тоңазытылған сиыр етін экспорттауды бастау жоспарланып отыр.

Экспорттаушылар қатарына қалай кіруге болады

Бір қарағанда Қытайға мал еті өнімдерін экспорттаушы компаниялар қатарына кіру тәртібі қарапайым сияқты. Бірақ бұл көпсатылық жұмыс. Қытай шетел өнімдеріне тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі тұрғысынан қатаң талаптар қояды. Өнімді енгізуге рұқсат алу экспорттаушы елге де, өнімді шығарушы елге де қатысты.

Бірінші кезекте, әріптес елдің малдәрігерлік қызметінің талаптары экспортқа шығарылған әр өнім түріне Қытайдың малдәрігерлік (малдәрігерлік-санитарлық) қызметі қоятын қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек.

        Бұл үшін экспорттаушы ел бағалаудың бірнеше сатысынан өтеді:

  1. Экспорттаушы ел КХР Бас кеден басқармасына ет өнімін экспорттау туралы жазбаша өтініш жолдайды. Бұл жинақта барлық техникалық құжаттама (экспорттаушы елдің малдәрігерлік және жалпы санитариялық талаптар бойынша заңнамалық және нормативтік негіздері, малдәрігерлік қызмет құрылымы, малдәрігерлік қызмет жүйесі және бақылау, т.б.) жолданады.
  2. Қытай жағы оң шешім шығарса экспорттаушыға «Ет өнімдерінің қатерлілігін бағалау» туралы сауалнама жолдайды.
  3. Осыдан соң қытай жағы ресми тапсырылған құжаттардың негізінде сараптама және қатердібағалау жұмыстарын жүргізеді.
  4. ҚХР Бас кеден басқармасының мамандары тексеріс үшін жергілікті жерлерге (шекарадағы малдәрігерлік бақылау орындарына, малдәргігерлік зертханаларға, аймақтардағы бақылау орындарына) шығады.
  5. Осыдан соң ғана екі жақ экспортталатын өнімнің бірлескен Карантиндік және санитарлық Хаттамасы бойынша кеңесуге көшеді.
  6. Әрі қарай санитарлық куәлендірменің мазмұны мен формасы бекітіледі.

Экпортталатын әрбір өнімнің түрі осы ретпен рәсімделеді.

Тоңазытылған қой еті бойынша Қазақстан бұл рәсімді 2018 жылдың көктемінде өтті.

(Ұсақ мүйізді малдың (ҰММ) тоңазытылған етіне қатысты хаттаманы мына сайттан қараңыз)

2018 жылдың 20 наурызында ҚХР Бас кеден басқармасының ресми сайтында тоңазытылған қой етінің малдәрігерлік куәлендірмесін (талаптарын) келісу туралы хабар жарияланды.

Тоңазытылған ҰММ еті бойынша малдәрігерлік куәлендірме үлгісін мына сайттан қараңыз.

ІҚМ (ірі қара мал) бойынша Қазақстан Хаттамаға қол қоюды 2018жылдың жазында аяқтады.

(Екі ел арасындағы тоңазытылған ІҚМ еті туралы Хаттаманы мына сайттан қараңыз).

ІҚМ етінің малдәрігерлік куәлендірмесін Қытай жағымен келісу күтілуде.

Алайда Хаттама мен малдәрігерлік куәлендірме бірінші қадам ғана!

 

Экспорттаушы кәсіпорындарды іріктеу

Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Қытай Халық Республикасына ет өнімдерін шығаруға бақылау және карантин мекемелерінен ресми рұқсат алған компаниялар тізілімдемесіне енгізілетін экспорттаушы компанияларды іріктеу басталады.

Алдымен ҚР АШМ Малдәрігерлік бақылау және қадағалау Комитеті (МБҚК) көрші ел нарығына қазақстандық өнімді шығаруға ниетті шаруашылықтар мен кәсіпорындардың орталықтандырылған тізімін жасайды. Тізім танысу және бағалау үшін ҚХР Бас кеден басқармасына жолданады.

Бұл тізімге мына мекемелер арқылы енуге болады:

  • Жергілікті ауыл шаруашылығы Басқармалары
  • Өңірлік кәсіпкерлер Палатасы
  • ҚР АШМ МБҚК аймақтық бөлімшелері
  • Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясы

Бұдан соң Қытай жағы ықтимал экспортташыларды алдын ала зерттеу үшін МБҚК-нің қатысуымен (ол Қытай жағының сауалнамасын өнім шығрарушыларға жолдап, олардың жауаптарын жинайды) қазақстандық өнім шығарушы компаниялар арасында сауалнама өткізеді.

«Олар міндетті түрде кәсіпорынның толық сызбасын, оның тұрған орынын (оның картасын қосуды да сұрауы мүмкін) жіберуді сұрайды. Негізгі талаптардың бірі ХАССП (Hazard Analysis and Critical Control Points – қатер сараптамасы және қауіпті бақылау шектері – ред.). ХАССП дегеніміз тағам өнімін шығарудың барлық кезеңдерін, оны өндірудің, сақтаудың және сатудың кез келген сатысын бақылауға мүмкіндік беретін жүйе. Қарапайым тілмен айтқанда бұл санитарлық талаптар. Сонымен қатар қытай жағы соңғы үш жылдағы кәсіпорынның өндіріс көлемі, оның Қытайдағы ықтимал әріптестері туралы мәліметтерді де сұрайды» – ҚР АШМ МБҚК.

 

Алдын ала зерттеу негізінде Қытай жағы бақылау мақсатымен өз қалауы бойынша жергілікті жерге барып кәсіпорындарды таңдайды. Тәжірибе көрсеткеніндей олар бір сапарда бес кәсіпорыннан артық бақыламайды. Іс жүзінде ҚХР Бас кеден басқармасының мамандары сауалнамадағы мәліметтердің нақты жағдаймен сәйкестігін жергілікті жерде тексереді.

Осыдан соң қытай мамандары қазақстандық өнім өндірушілерге жойылуы тиіс кемшіліктер келтірілген ақпарат жібереді. Қазақстандық кәсіпорындар қытай жағына кемшіліктер жойылғанын фотосурет/бейнефильмдермен дәлелдеп хабарлайды.

Осыдан соң ғана қытай мамандары ҚХР Бас кеден басқармасына өз ұсыныстарын келтіріп есеп береді. Кәсіпорынды тексерген барлық қызметкерлердің сараптамаларын бағалау негізінде қазақстандық экспорттаушы компанияларды мемлекеттік тізілімге енгізу туралы шешім шығарылады.

Сиыр еті тексерісіне дайындықтан отызға жуық кәсіпорын өтті. Қытай жағы тексеріп көру үшін бес кәсіпорынды ғана таңдап алды.

2018 жылдың қараша айында қытай мамандары тексеріс өткізді. Бірақ әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ.

ҚХР қойған шарт бойынша қытай мамандарын қабылдауға кететін барлық шығынды шақырушы жақ көтеретінін еске салайық.

 

Мерзім туралы бірер сөз

2017 жылдың 19-27 сәуіраралығында қытай мамандары қазақстандық ұсақ мүйізді мал етін өндірушілерді тексерді.

Олардың қатарында «Қарасу Ет» ЖШС (Затобольск кенті, Қостанай ауданы, Қостанай облысы); «Қостанай АгроПродукт» ЖШС ( Қостанай қаласы, Қостанай облысы); «Астана АгроПродукт» ЖШС (Сабынды кенті, Ақмола облысы); «Арай КЗ» ЖШС (Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы); «Кублей» ЖШС (Орал қаласы, БҚО); «Батыс Марка ламб» ЖШС (Чапаево ауылы, Қорғалжын ауданы, БҚО) бар.

Жарты жылдан соң, 2017 жылдың қараша айында, осы тізімдегі бес компания тексерістен өтіп экспорттаушы мәртебесін алды. Олар:

  • «Батыс Марка ламб» ЖШС (Чапаево ауылы, Қорғалжын ауданы, БҚО)
  • «Қарасу Ет» ЖШС (Затобольск кенті, Қостанай ауданы, Қостанай облысы);
  • «Қостанай АгроПродукт» ЖШС ( Қостанай қаласы, Қостанай облысы);
  • «Арай КЗ» ЖШС (Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы);
  • «Кублей» ЖШС (Орал қаласы, БҚО);

(Ресми тізілімге енген тоңазытылған қой етін Қытайға экспорттаушы компаниялар тізімін мына сайттан қараңыз)

Тағы бір жыл өткенде, 2018 жылдың наурыз айында, екі жақ малдәрігерлік куәлендірмені бекітуге қол жеткізді.

Тек 2018 жылдың тамызында ғана қытай компаниялары қазақстандық өнімдерді импорттауға рұқсатнама алды.

Қазақстандықтар алғашқы келісімшартты 2018 жылдың қазан айында жасап, қараша айында Қытайға алғашқы рет 16,3 тонна тоңазытылған қой етін шығарды.

Желтоқсан айында Қытай жағы елде африкалық шошқа обасының өршуіне байланысты шекараны жапты.

«Қытай жағы етті алдымен кедендік рәсімдеуден өткізіп Қазақстан мен Қытай шекарасында малдәрігерлік-зертханалық сараптама жасағаннан кейін ғана әкелуге болатынын мәлімдеді. Бірақ ол жерлерде зертханалар, нақтырақ айтқанда қытай зертханалары, дайын емес. Таңбалауыштар да, олардың тізіміне енбей қалған жаңа аурулардың пайда болуын анықтайтын құрал-жабдықтар да дайын болмаған сияқты. Біз әлі тосып отырмыз. Теміржол жүкқораптары жөнелтуге дайын тұр. Міне, екі айдан астам уақыт өтті. Шекараны ашу мерзімі кейінге шегеріліп жатыр. Алдында өткен жылдың желтоқсанында, кейін қаңтарда, одан соң Қытай жаңа жылынан соң ашуға уәде берді. Енді наурыздың соңында ашпақ. Көрерміз.» – деді жағдайды түсіндірген ҚР ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

 

Малдәрігерлік куәлендірмелердің еркшеліктері

Қытай жағы бекітілген малдәрігерлік куәлендірмені қазақстандық өнімдерді өткізетін шекараның өткізу пунктіне жібереді. Қазақстанның құзіретті мекемелері (МБҚК) өз кезегінде жергілікті жерлерге малдәрігерлік куәлендірмелердің толтырылу ретін хабарлайды. Мысалы, осындай жолмен қой еті тексерісінен үш облыс: Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары өтті.

«Олар аймақтардағы мал дәрігерлеріне малдәрігерлік куәлендірмелерді қалай дұрыс толтыру жөнінде барлық құжат пен ақпаратты береді. Әр елдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан әр елге құжатта нені және қалай жазу керектігін білу қажет. Өнімнің малдәрігерлік куәлендірмесі өнім шекараға жеткізілерден шамамен бір апта бұрын жіберілуі керектігін білгені маңызды. Өйткені қытай кеденшілері қандай өнімді қосымша тексеретінін білуі керек. Сонда келісілетін мәселелер де тез шешіледі», – дейді ҚР ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

 

Қытайдағы ет бағасы

ҚР ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясының дерегіне қарағанда Қытай жыл сайын 4 млн тоннадан астам шоқа етін, 1 млн тоннаға жуық сиыр етін, 0,3-0,4 млн қой етін импорттайды.

Қой етінің бір килограммы 4,5-6,7 доллар (6,72 юань – 1 доллар) тұрады. Сиыр еті бұдан 15-20% қымбат.

Баға аймақтар мен жыл маусымына қарай өзгеріп тұрады. Қыста ет қымбат, ал көктемде ол арзандай бастайды.

«Қытайлар жылыну үшін қой етін қысқы уақытта жейді. Ал ірі қара мал еті жыл бойы желінеді. Бұл салауатты тамақтану бағытындағы әлемдік үрдіс. Сондай-ақ, «стейк» сияқты заманауи тағамдарға да сұраныс жоғары. Қытайлар сәнділікті ұнатады, салауатты өмір салтын ұстанады, және олардың арасында табысы орташадан жоғары ауқатты адамдардың саны өте көп», – дейді көрші елдің нарық жағдайы туралы ҚР ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

Алайда қазақстандық еттің мәселесі оны австралиялық немесе жаңазеландиялық етпен салыстырғанда қымбаттығында. Бар мәселе кеден салығында.

  • 6% – австралиялық етке
  • 0% – жаңазеландиялық етке
  • 12-23% – қазақстандық етке

«Австралия және Жаңа Зеландиямен Қытай арасында ежелден достық қатынас қалыптасқан. Елде сексенінші жылдары қиыншылықтар туындағанда Жаңа Зеландия Қытайға субсидияланған бағамен ет сатты. Оның үстіне жылдар бойы етпен жабдықтаудың жүйесі мен тұрақты көлемі қалыптасқан, сауда белгісі де танымал. Сондықтан бұл елдерге артықшылықтар беріледі», – дейді ҚР ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар Ассоцияциясының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

Қазақстандық Ассоцияция өкілінің сөзінше, Қытайда қазақстандық етке адамдар «ұзын кезекке» тұрады екен.

 

Ұсынысқа қарай сұраныс

«Қазақстанның мүмкіншілігі өте жоғары. Біз етті жоғары бағамен де сата алар едік. Келіссөздерде біздің бағамыз австралиялық немесе жаңазеландиялық ет бағасынан жоғары болатынын ашық айтамыз. Кейбіреулері, әрине, бас тартады, бірақ көпшілігі келіседі. Мәселе келіссөзді жүргізе білуде», – дейді Бауыржан Бақшылов.

Мәселе тек жергілікті нарықта тиімді бағамен сатылатын малдың аздығында.

           Өзіндік құнға кіретіндер:

  • Тірі малдың сатып алғандағы бағасы
  • Сою құны
  • Кептіру (шамамен өзіндік құнның 3%)
  • Қаптау
  • Түсіру-тиеу жұмыстары
  • Қазақстанда малдәрігерлік зертхана зерттеулерін жүргізу
  • Тасымал (шамамен 1 килограммға 40 цент)

(* Қарағандыдан Үрімшіге дейін бір жүкқорап тасымалы шамамен $6,5 мың)

  • Пайда

+

  • Жыл маусымы, малдың тұқымы, тұтас немесе бөлшектелген салмағы есепке алына ма?

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта тек тоңазытылған қой етін (қосалқы өнімдерсіз) экспорттауға рұқсат етілген. Енді тоңазытылған сиыр етін экспорттауға да рұқсат беріледі деп күтілуде.

«Іс жүзінде көп компаниялар қазақстандық етті сатып алуға ниетті. Қазір екі компаниямен келісімшарт жасалды. Бұлар ірі емес, орташа компаниялар. Олардың біреуі мемлекетпен жұмыс істейді, екіншісі жеке нарықта. Экспорт көлемі анықталды. Енді ет шығаруды қашан бастаймыз деген сұрақ тұр. Кезекте тағы да он шақты компания тұр. Олар Қытайға ет жөнелту үшін бұдан бұрынғы міндеттемелірінің аяқталуын күтуде», – дейді Бауыржан Бақшылов.

 

Шаруашылықтар экспорттаушы компаниялармен қалай бірлесе жұмыс істеуі керек?

Егер тіркелген ұсақ мүйізді мал етін экспорттаушылардың тізіміне көз салсақ бұлардың қатарында еліміздің аймақтарындағы санитарлық ахуалы жақсы ең ірі мал сою және ет өңдеу кәсіпорындары барын байқаймыз.

Бұл қатарға қосылуға ынталылардың тізімі ашық және ол үнемі ұлғайып келеді. Олар қытайлық әріптестермен тікелей жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болу үшін жоғарыда аталған барлық сатылардан сүрінбей өтуіне тура келеді.

Қазіргі кезеңде аккредиттелген компаниялар арқылы әріптестік байланыс орнатуға болады. Ең бастысы тасымал жүйесін дұрыс ойластырып, малдәрігерлік талаптарға сай болу.

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз