Алдыңғы өткен шолуымызда біз мал экспорттаушы елді қалай дұрыс таңдауға болатынын айтқанбыз. Келесі кезеңде жануарды тек сатуға ғана емес, сонымен бірге барлық белгіленген талаптарды орындауға дайын әріптесті серіктестікті анықтауымыз қажет.

Мәртебе– шектеусіз 

Егер сіздің таңдауыңыз Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің біріне түскен болса, онда ЕАЭОға мүше мемлекеттер арасында мал тасымалдау Кедендік одақ комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімімен бекітілген, малдәрігерлік қадағалауға жататын тауарларды шеттен әкелу және тасымалдау кезінде қойылатын Бірыңғай малдәрігерлік -санитарлық талаптармен реттеледі. Осы келісімнің жалпы ережелеріне сәйкес, ЕАЭО елдері арасында мал тасымалдау -бір мүше мемлекеттің аумағынан екіншісінің аумағына тасымалданатын тауарларды өндіруді, қайта өңдеуді және (немесе) сақтауды жүзеге асыратын ұйымдар мен тұлғалардың тізіліміне енгізілген ұйымдар мен тұлғаларға рұқсат етіледі.

Қазіргі кезде бірыңғай жинақы тізілім жоқ. Әр ЕАЭО елі өз тізілімін жүргізеді, ал олардың жиынтығы ЕАЭО кәсіпорындарының бірыңғай тізілімін құрайды. Бұларды келесі сілтемелер бойынша табуға болады: Ресей,Беларусь,Армения кәсіпорындарының тізілімі. Бұл ретте Қырғызстан кәсіпорындарының тізілімі жарияланбаған.

Бұл ереженің ЕАЭО мемлекеттері арасында мал тасымалдауға қатысты екенін айтып кеткен жөн. Ал жануарларды басқа елден әкелу кезінде тізілімде шетел шаруашылығының болуы талап етілмейді.

Бұдан басқа, ЕАЭО елдерінен сатушы шаруашылықты іздестіру кезінде тізілімдегі сол шаруашылықтың мәртебесіне назар аудару қажет. Әр шаруашылықтың өңірлік эпизоотикалық жағдайына байланысты, өз мәртебесі болады. Әрі ол рұқсат етілген немесе шектеусіз болуы қажет.

Карантин қауіп -қатерлерден қорғайды.

Бізге экспорттаушы елді, сатушы шаруашылықты анықтағаннан кейін жануарларды таңдау ғана қалады. Өкінішке орай, кейде малдың адам үшін қауіпті аурумен ауыратын кездері болады. Өзіңізді қатерден қалай қорғауға болады? Бұл үшін диагностикалық зерттеулер мен малдәрігерлік өңдеу жүргізу мақсатында, жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, шығарылатын, тасымалданатын жануарларды бөлек, карантинде, ұстау қажет.

Малдәрігерлік мәселелерден түсінігі жоқ фермерлер, осы іс-шараның мақсатын үнемі түсіне бермейді. Ауру жануарларды анықтауға мүмкіндік беретін және оларды әкелуге жол бермейтін шара осы. , Демек, осындай жолмен сатып алу кезінде экономикалық шығынның да алдын алуға болады.

Тәжірибелі дәрігерге малдың түріне қарап, аурудың жекелеген клиникалық белгілері бойынша дәл диагноз қою қиындық тудырмайды. Бірақ бұлай үнемі бола бермейді. Ауру белгілері сыртынан байқалмайтын да жағдайлар болады. Мұндайда зертханалық зерттеулер жүргізбей болмайды.

Осы мақсатта жануарларды жөнелткенге дейін оларды карантинге жабады. Оның ұзақтығы ең аз дегенде 21 күнді құрауы тиіс. Бұл мерзім қабылдаушы елдің малдәрігерлік қызметінің талаптары бойынша , ұзартылуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанға Еуропалық одақ елдерінен мүйізді ірі немесе ұсақ малды әкелген кезде қойылатын талаптардың бірі бойынша жануарларды ең кемінде 28 күн карантинде ұстау қажет . Бұл шара біздің елдің аумағына Шмалленберг ауруының таралуы және жеткізілуі қатерін азайтуға бағытталған. ЕО елдерінен жануарларды әкелудің қосымша шарттарымен Сіз «Еуропа одағынан Қазақстан Республикасына экспортталатын мүйізді ірі қара малға арналған малдәрігерлік куәлендірмеге қосымша» файлын жүктей отырып, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің ресми сайтынан таныса аласыз.

Біздің елде малдәрігерлік талаптардан басқа, ЕАЭО бірыңғай малдәрігерлік талаптары да бар. Мәселен, осы талаптың 1- бөлімінде Қазақстанға мүйізді ірі қара мал әкелген кезде, карантин кезінде бруцеллез, туберкулез, паратуберкулез, энзоотикалық ақ қан, трихомоноз, кампилобактериоз сияқты бірқатар ауруларға арналған диагностикалық зерттеулер жүргізу , ал бұқаларды хламидиоз және лептоспироз ауруын анықтау үшін қосымша тексеру нұсқалған.

Егер де Сіз асыл тұқымды мал әкелуді шешсеңіз, онда оларды атап өтілген аурулармен қатар қосымша жұқпалы ринотрахеитке және вирусты диареяға тексеруіңіз қажет.

Бұдан басқа, карантин кезінде жануарды термометрияны қоса алғанда, күн сайын сырттай тексереді. Басқаша айтқанда, жануарлар тұрақты бақылауда болады.

Осы іс-шаралардың бәрі де таңдап алынған топ арасында ауру және күдікті жануарларды дер кезінде анықтауға бағытталған. Карантиндеу мерзімі жануардың ауруы инкубациялық кезеңге, яғни ауру жануарда клиникалық белгілері білінбейтін кезеңге байланысты. Ол көбінесе індетті жұқтыру сәтінен бастап 14-21 күнді құрайды.

Жануардың тасымалдау кезінде ауру жұқтыру қаупі әбден мүмкін, бұл белгіленген пунктке келгенде білінуі мүмкін. Өйткені, жүріс маршруты бойынша тасымалдау кезінде жануарды дем алдыру, суару, жемдеу қажет. Аялдау осы үшін талап етіледі. Алыс ара қашықтық кезінде мұндай бірнеше аялдаулар болуы мүмкін. Бұл кезде тасылатын жануарларға қансорғыш жәндіктерден , жабайы жануарлардан және басқа індет таратушылардан қоздырғыш жұғуы әбден мүмкін. Осындай жағдайларға жол бермеу үшін, белгіленген пунктке келген кезде жануарларды қайтадан карантинге жабады.

Сондықтан мал саудалау кезінде барлық қажетті талаптар мен карантин рәсімдерін сақтау өте маңызды, егер ережені сақтамасаңыз Сіз ауру жануарды сатып алып қана қоймай, сонымен қоса өз шаруашылығыңыздағы малға індет жұқтыруыңыз мүмкін. Егер таңдап алынған жануар лайықты түрде таңбаланбаса, басқаша айтқанда, құлақ сырғасымен немесе сәйкестендірудің басқа құралдарымен (болюстар, чиптер, RFID белгілері және т.б.) белгіленбесе, онда барлық карантиндік іс-шаралар түкке тұрғысыз болады. Себебі карантин кезінде, дәл әрі дұрыс зерттеу нәтижесін алу маңызды. Жануарларды таңбалаусыз зерттеуден алынған сынама қай мадыкі екені белгісіз болады, демек, нәтижелері де дұрыс болмайды.

Фермерлердің көпшілігі қазір Қазақстанмен шекаралас Ресей өңірінен мал әкелу кезінде осы өңірлерде нодульдік дерматиттің тіркелуіне байланысты, уақытша шектеу әрекетіне тап болуда. Осыған байланысты, фермерлер малды Қазақстанмен шекаралас РФ өңірінде емес, едәуір қашық жерлерден іздестіреді. Ол жерлердегі мүйізді ірі қара мал негізінен сүт бағытындағылар. Сөйтіп, ет бағытындағы малға сұраным бірнеше есе өсті және біздің кейбір фермерлер келісімшарттар жасау кезінде тиісті шаруашылықты тапқанмен, малдәрігерлік тұрғыдан қауіп-қатерлерді ескермейді. Осыған байланысты, біздің фермерлерге ақша жоғалту қаупі қандай болса, осындай тәуекелдіктерге сондай үлкен жауапкершілікпен қарауға кеңес береміз.

Мемлекет орындарын алдын ала хабардар ету

Шолудың басында карантиндік іс-шараларды біз мал саудасы кезінде өзімізді қауіпсіздендіруге мүмкіндік беретін әдістер ретінде ұсындық. Сонымен бірге, шарттық міндеттемелердегі жануарлар үшін төлемнің шартын жөнелтетін елдің аумағында да, сондай-ақ белгіленген пунктке келуі бойынша да карантиндеу нәтижесімен байланыстыруға болады. Яғни, жануарлардың құнының төлемін бөліктерге бөлу қажет.

Бұдан басқа, эпизоотикалық жағдай ешқашан өзгермей қалмайды. Сондықтан, жануарлар құнын алдын ала төлеуден бұрын, бақылаушы мемлекеттік органдар қандай да бір шектеулер немесе тыйымдар енгізген жағдайда сатып алушы мен сатушының арасындағы келісімшарттың орындаулын болғызбайтын , осының салдарынан сатып алуды жүзеге асыру мүмкін болмайтын тармақты қарастыру қажет.

Сонымен бірге, фермерлердің назарына: мал сатып алу үшін шекарадан тыс шығудан бұрын, жануарды әкелу жөніндегі өзіңіздің жоспарыңыз туралы Сіз АШМ малдәрігерлік бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясын және жергілікті атқару органдары- аудандық әкімдіктердің малдәрігерлік ұйымын жазбаша хабардар етуге міндеттісіз. Әрі мұны жануарды әкелуден 30 күн бұрын кешіктірмей жасау қажет. Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № № 7-1/700 бұйрығымен бекітілген, жануарларды карантиндеу қағидасымен қарастырылған міндетті талап.

Сіздің тиісті органдарға ескертпеуіңіздің салдары қандай болады? Сіз қолданымдағы шектеулер мен тыйымдар туралы хабардар болмайсыз, жергілікті малдәрігерлік қызметтер карантин ұйымдастыруға дайын болмайды, малдәрігерлік зертхана диагностика құралдарының қажетті санын дер кезінде сатып алуға үлгермейді – Бұл сіз тап болатын мәселелердің тек жартысы ғана . Сондықтан, жануарларды әкелуге фермерлер ғана емес, бұған қатысы бар басқа органдар да мұқият дайындалуы қажет.

Олжас АУСАБАЕВ,

ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз