Дияр Махрипов Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған кәсіби дипломат. Он жыл мемлекеттік қызмет атқарған ол тәуекелге барып, өзінің пәтерін сатты да, жиналған қаржыға шағын шаруашылық құрып, зайыбымен бірге ағзасы генетикалық өзгеріске ұшырамаған, антибиотиктер мен өсу гормондары қосылмаған үй құсын өсіруге кірісті. «Фермер ауласы» атты сауда белгісі осылай пайда болды. Аgrobilim.kz редакция ұжымы құс шаруашылығында болып нағыз таза бройлер тауығын өсірудің сырына қанығып қайтқан еді.

Бірінші құпия – бәріне қолайлы жылу мөлшері

"Істің басы жұмыртқа салудан басталады, - дейді Дияр Қытайдан әкелінген инкубаторын көрсетіп, - біз бұған әрбір 25 күн сайын жаңа тауық жұмыртқасын салып отырамыз. 20-21 күн өткен соң балапандарды алып, жарық және жылу мөлшері реттелетін шібиханаларға қоямыз. Алғашқы 5 күнде балапандарға арналған жылу мөлшері +32,+35 градустан аспай, орташа ылғалдылық 60% шамасында болуы керек. Біз жылу мөлшерін қадағалап, құстарға қалыпты жағдай жасауға тырысамыз. Біздің инфрақызыл жылытқышымыз да бар. Қажетті жылу мөлшерін енгізсе болғаны. Балапандардың жасына сай оларға әр түрлі жылу мөлшері қажет. Құс неғұрлым ересек болса ол жылуды да да соғұрлым аз қажетсінеді. Егер осы талаптар сақталса құс жақсы жетіледі. Ал ережелер қадағаланбаса құстың тәбеті де төмендейді. Оған жылуды аз берсек, ол жегенінің бәрін денесін жылытуға жұмсайды да, салмақ қоспайды. Құс өсіргенде осыны еске ұстаған абзал".

Диярдың айтуынша балапандар жұмыртқадан шыққан алғашқы күндері оларға тәулігіне 23 сағат бойы жарық беріліп тұруы керек. Өйткені құс не жеп жатқанын көруі керек. Кей жағдайда құста рефлекс қалыптасуы үшін және артық ылғалды сорып алу үшін еденге газет төселеді.

Диярдың құстарды еденде ұстап, мекиендердің құсханада еркін жүруіне мүмкіндік беретінін де айта кетейік.

Бройлерлік құстарды тор ішінде ұстауға (бұл жағдайда бір шаршы метрге шаққандағы ет өнімі ұлғаяды ) немесе жерде бағуға болады. Құстарды торда ұстағанның артықшылығы, бұл аз орын алады, жем үнемделеді және өсім артады. Құстардың бір бірімен араласуы шектеулі болғандықтан жұқпалы аурулар қаупі азаяды. Құс астындағы төсенішке жұғыспайды, аяғының астындағы қоқысты жемейді, өйткені қоқыс дер кезінде жиналып алынады. Жерде бағылғанда құс табиғи жағдайға жақын ортада өседі. Оның аяғына көп күш түспейді, тірек – қозғалыс мүшелері жақсы дамиды.

"Әрі қарай екі-үш күн сайын жылу мөлшерін 1-2 градусқа азайтып отырамыз. Өзіміздің кестеміз бар. Сол бойынша жұмыс істейміз. Ақырында екі айлық құстарға +18,+20 градус мөлшерінде жылу беріледі", - дейді ол.

"Бұл ережелер құс өсіруде өте маңызды. Егер бір құсқа ауру жұқса басқалары да ауырады. Әрбір 10 күн сайын құстарға дәрумендер береміз. Анығында олар дәрумендерді жемазық арқылы алады. Осындай жолмен аурулардың алдын аламыз. Құстар тыныс жолдары ауруларына ұшырауы мүмкін.

Ай сайын шаруашылықта 3000 шақты бройлер тауықтары өсіріледі. Мемлекеттік стандарт талаптары бойынша бұдан артық құс ұстауға болмайды.

Екінші құпия – таңертең, түсте және кешке тек сапалы азық

балапандар үшін жемнің сапалы болуы маңызды. Жалпы, мекиендердің күнделік азығында үнемі құрамында қажетті мөлшерде темір, фосфор, кальций, белок, протеин бар жақсы жем болуы керек.

"Бастапқы құрамдас жемді біз құрамдас жемазық шығаратын кәсіпорыннан аламыз. Алғашқы 10-14 күн бойы жемді олардан сатып аламыз. Соңынан азықты өзіміз дайындаймыз. Өзімізде түйіршіктегіш, алаластырғыш құрылғылар бар. Бидайды, жүгеріні ұсақтаймыз да, сәйкес мөлшерде тұз, күнбағыс майын қосып араластырамыз. Бұл құстың дәмді жемді ғана таңдап жемеуі үшін қажет», - деп Дияр Махрипов құнарлы азық дайындауда жинақтаған тәжірибесімен бөліседі.

- Ал жемазықты қайдан аламыз?

- Жемді шағын мөлшерде сатып алуға болады. Бірақ оның сапасына мән беру керек. Аздап қымбат болса да куәлендірмесі, анықтамасы сияқты құжаттары болуы керек. Қазір егін жинау науқаны жүріп жатыр, жемді бір жылға жететіндей алып қою керек. Қыста жемді таба алмайсың, тапсаң да ол екі есе қымбат болады. Көктемге қарай жем мүлдем болмай қалады. Сондықтан оны бірден көп мөлшерде алып қою керек. Минералды азық сырттан алынады, оны әкелуге болады. Ал бидай мен жүгеріні алдан ала сатып алу қажет.

Бізде жемге құс фабрикаларындағыдан да көп қаржы жұмсалады. Жүгері мен бидайды өзіміз барып таңдап алуға тура келеді. Кейбіреулер құстарын қалдықтармен азықтандырады, ал біз үшінші сұрыпты бидай береміз. Азықтың құнарлылығы жоғары болуын қадағалаймыз.

Үшінші құпия – ешқандай «ғажайып» екпе, антибиотик қажет емес

Дияр Махриповтың 3000 үй құсына арналған шаруашылығы миллионға дейін мекиен өсіретін ірі құс фабрикаларымен бәсекелесе алмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан кәсіпкер сапаға баса назар аударады. Бұл үшін ол антибиотиктер мен басқа да химиялық заттардан бас тартты.

Органикалық бройлер тауығы өсуді жылдамдататын антибиотиктерді қолданбай өсірілген құс.

- Біз алдымен сапаға мән бергендіктен құсқа ешқашан да дәрілер, яғни антибиотиктер, бермейміз. Біз құсты өзіміз семіртеміз. Фбрикалада құс көп болғандақтан олар антибиотиктерді қолдануға мәжбүр. Өйткені бір құс ауырса, басқалары да ауырады. Бұл үлкен қатер. Барлық елдерде де солай. Құс өсіруде белгілі бір өлшемдер мен талаптар сақталатын органикалық құс фабрикаларының пайда болуына да осы жағдай себеп болған шығар.

Дамыған елдерде екі айлық құстың еті пайдаланылады. Олар салмағы жеңілдеу құс өсіреді. Сауда орындарында 2 килограммдық тұтас құс еті сатылады. Сонда «бұл құсты өсіргендер оны аямай тығындаған екен ғой» деген ой келеді... Біз болсақ тауықты ұзақ уақыт өсіреміз, сондықтан оның еті дәмдірек болады.Бұл енді біздің төртінші құпиямыз. Құс жас болса еті де дәмді болады деп ойлау жаңсақтық. Анығында жас құстың еті талшықтары жетілмегендіктен су татып тұрады. Сорпалық тауықтың еті қатты болады. Сорпалық тауық дегеніміз бір-бір жарым жыл жұмыртқа беріп өзінің мүмкіншілігін тауысқан, сондықтан құс фабрикасы оны сорпалық деген атпен саудаға шығарып тастаған кәдімгі мекиен. Өзіңіз ойлап көріңізші, тауық бір жыл бойы күн сайын жұмыртқалайды екен. Әрине, оның мүмкіншілігі әлдеқашан сарқылған.

- Ал сіздің шаруашылығыңыздағы құс етінің дәмі қалай?

- Ол дәмді және нәрлі, қатты емес. Бройлер дегеніміз қуыруға арналған құс еті. Біздегі құс етін дайындауға көп уақыт кетпейді. 20-30 минутта дәмді тағам әзірлеуге болады. Сорпасы да нәрлі келеді. Тұтынушыларымыз да жақсы пікірде. Бірде зайыбым баламыз үшін жақсы тауық етін іздеді. Менің органикалық бройлер тауығын өсіруді қолға алуыма осы да себеп болды.

Біздің тауығымыз неге дәмді? Өйткені біз оны өмірінің елу алтыншы күні соямыз. Одан ерте емес. Құс фабрикасында оларды 36, 38 немесе 40 күн өткенде сояды. Бұл мерзімде құс еті жетіліп үлгермейді. Ол тек 56 немесе одан да көп уақыт өткенде қалыптасады. Сәйкесінше, еттің дәмділік сапасы да өзгереді. Құс фабрикалары неге әрі қарай өсірмейді? Өйткені бұл тиімсіз. Құс жемді неғұрлым көп жесе, шығын да соғұрлым артады.

Бесінші құпия – қолмен сою

Құс фабрикаларында конвейер қолданылады. Олардың біздегі 2-3 айға созылатын жұмысты бір сағатта аяқтап тастайтын қуаты бар. Біз күніне 100-150 тауық қана соя аламыз. Құсты шариғат қағидасына сай, қолмен соямыз. Бұл біздің ең басты ұстанымымыздың бірі. Біз «Халал» куәлендірмесін алудан бас тарттық. Өйткені бұл таңбаны кезкелген өндірушінің өнімінің қаптамасынан көріп жүрміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кеңестік. Олардың айтуынша алдағы уақытта ережелер өзгеріп, «Халал» куәлендірмесін беруге байланысты талап қайта қаралады екен. Халал талабы бойынша құс дұрыс жемделіп, оған етті-сүйекті ұн берілмеуі керек және қолмен сойылуы тиіс. Сояр алдында "Бисмиллах" деп, құсты қинамай жылдам қимылмен бауыздау керек. басқа құстар қалай сойылып жатқанын көрмеуі тиіс.

- Өзіңіз құс сойып көрдіңіз бе?

- Мен кей кезде өлшемдер жасау үшін құсты мүшелеуге қатысамын. Жаңа жұмысшыларды алғанда олардың сылбыр қимылдайтынын байқасам, мен оның себебін анықтауға тырысамын.

Тауықты союға алдын ала дайындау керек. Бұл үшін оларды бөлек орналастырып, асқазаны мен ішектері тазалануы үшін 10 сағат бойы жем бермейді.

(Біз сою барысын басынан аяғына дейін көрдік. Құстар өте тыныш отырады. Олар өмірінің соңғы сағаты келгенін сезінетін сияқты).

- Мына конусқа құсты басын төмен қаратып орналастырамыз да тамағын өткір пышақпен орып жібереміз. Денесі басы төмен салбырап біршама уақыт ілулі тұрып қансызданады. Ал құс фабрикаларында құсты есеңгіретіп немесе тоқпен ұрып сояды.

Қанның біразы сыртқа ағып шыққан соң құсты 58-60 градустан аспайтын ыстық сумен шарпимыз. Халал ережесі бойынша құсты бұдан ыстық, немесе қайнап тұрған суға салуға болмайды. Өйткені ішкі ағзасы пісіп қалуы мүмкін.

Ыстық сумен шарпығаннан кейін құс денесі барабанға салынады (бұл «барабанмен өңдеу» деп аталатын кезеңде құс жүнінен тазартылады – ред. түсіндірмесі), осыдан соң ыдысқа салынып, суытуға жіберіледі.

- Американдық дереккөздерден (фермерлерге арналған оқулықтан) құс сойылғаннан кейін оны екі сағат бойы -2 градус суықтықта ұстап тоңазыту қажет деген мәліметті кездестірдім. Бұлай болмаса ет бүлініп кетеді екен.

Дияр бізге құс денесін ішек-қарыннан тазалайтын, жуатын және мүшелейтін «таза аймақты»да көрсетті. Бұл аймаққа санитарлық кітапшасыз кіруге тыйым салынғандықтан біз жұмыс барысын қашықтау тұрып қана бақыладық...

"Бұл жерде ішкі мүшелерін пышақпен, қолмен аршып, ішек-қарынын суырып аламыз. Қалып қойған жүндерін жұламыз. - дейді Дияр.

Ол дайын ет өнімін сақтау туралы да айтып берді.

- Шаруашылығымыз мемлекеттік стандарт талабына сай жұмыс істейді. Өнімімізді тоңазытқышта үш тәулік сақтауға болады, төртінші тәулікте ет бүліне бастайды. Одан да ұзағырақ сақталатын өнімдеріміз бар.

Диярдың кеңесі:

Егер сөреде 5-6 күннен артық жатқан етті көрсеңіз оны өңдеу кезінде химиялық затпен жуған дей беріңіз. Екпе, салмақ арттыратын дәрілер, түрлі ерітінділер... Осыдан соң ет апталар бойы жата береді. Жалпы ет тоңазытқышта бір апта, ал мұздатылған күйінде бір жылға дейін сақталады. Бірақ -22 және одан да төмен салқындықта.

Ет сапасының белгілері:

- Ет сапасын сырттай, иісінен анықтауға болады. Егер шіріген, көміртекті газ иісі сезілсе еттің бүліне бастағаны. Сарғылт тартқан, әлдебір дақтары бар ет те жақсы емес

- Құс еті сирақ, қанатша, жұмсақ ет деп қалай іріктеледі?

- Сойылған құс етін сыртқы көрінісіне қарай іріктейміз. Мысалы бірінші сұрыпты тұтас еттің ешқандай сынығы, кесілген жері болмауы керек. Жүнін жұлған кезде терісі сыдырылып кететін кездер болады. Ондай құс еті мүшелеп бөлінеді.

Тапсырыс алғанда біз тұтынушыға етті бірден жеткізе алмайтынымызды айтамыз. Өйткені құсты сойып, салқындатып, түні бойы тоңазытқышта сақтап, таң ата ғана машинамен жеткіземіз. Осылайша тұтынушыға арнайы сойылған тауық жеткізіледі.

- Өзіңіздің шаруашылығыңызда өсірілген құс етінің дәмін алғаш рет татқан сәтіңіз есіңізде болар?

Есімде. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзің қөрген, өзің өсірген құс, алғашқы қаз, алғашқы үйрек, алғашқы тауық... Үйдегілердің бәрі әдеттегідей жейді, риза. Ал маған психологиялық тұрғыдан қиын болды. Бұл менің балапан кезінен күтіп баққан, көз алдымда өсірген құсым ғой.

Айта кетейік, Дияр өз кәсібін қаз, үйрек өсіруден бастады. Өйткені ол тауықты еті мен жұмыртқасы үшін өсіретін құс фабрикалары көп екенін білетін. 2015 жылы ол қаз өсіруге кірісті. Айтуынша, нәтижесі жаман болған жоқ. Инкубатордағы 4000 жұмыртқадан 2700 қаз балапаны шықты.

- Қаз өсірудің өз қиындықтары бар. Өсу кезеңі ұзақ, ал сұраныс ойлағандай жоғары емес. Бізде аз тұтынады, ал Ресейге өнімді үлкен көлемде шығару керек. Үйрек өсіріп көріп едік, тағы да қиындыққа тап болдық. Өйткені елде үйрек етін арзан бағамен Қытайдан әкеледі. Қытайда үйректі немен жемдейтіні түсініксіз. Қарапайым есептер бар ғой. Қосымша салмақтың әр килограмына 2-2,5 кг жем жұмсалады. Бидай дақылдарының құнын ескерсек үйрек Қытайдан әкелінген бағамен сатылмауы тиіс еді.

Біз бройлерлік құстар өсірумен осы жылдың қаңтарынан бастап айналысып келеміз. Әзірге пайдаға кенелдік деп айта алмаймын. Жемге, инкубаторлық жұмыртқаға, жалақыға, салыққа ұдайы шығынданамыз. Айтпақшы қазір жұмысшыларымызға жалақыны уақытында бере аламыз. Бұл да бізге үлкен қуаныш. Құс шаруашылығы жақсы кіріс әкелуі үшін шамамен 5 жыл жоспарлы жұмыс қажет, және жоспардан ауытқуға болмайды.

Мақсатымыз өндіріс көлемін арттыру немесе жұмыртқа бағытында жұмыс істеу емес. Органикалық ферма айына 3000 құс өсіруге арналған. Егер жұмысты жұмыртқа өндіруге бағыттасақ бізге мекиендерді өсіру үшін бөлек орын керек болар еді. Мұның осындай қыр-сыры көп. Ереже бойынша бір орында әртүрлі жастағы құстарды ұстауға да болмайды. Әртүрлі аурулар қозуы мүмкін.

- Осындай кәсіпті бастау үшін не қажет?

- Құлшыныс...(жымияды)

- Ал қаржы тұрғысынан қалай?

- 2015 жылы есеп-қисап жүргізген едім. Шаруашылық құруға кіріскенде 75 млн тенге жұмсаппын. Бұл күзгі уақыт, ақшаның құнсызданған, бәрінің екі есеге қымбаттаған кезі еді. Менің 75 миллионым 130 миллионға айналды. Қазір тәжірибем бар ғой, сол кезде шығынды әлдеқайда төмендетуге болар еді деп ойлаймын.

Саналы жастық көктемін мемлекеттік қызметке арнадым, жақсы мектепте шыңдалдым. Алайда айлығым шайлығыма жетпеді. Амалсыздан баспанамды саттым. Әлдебір кітаптарды оқып, тәуекелге бел буып әрекет ету керек деген шешімге келдім...

- Сіздің ақылшыңыз болды ма, әлде бұл саланы өзіңіз игеруге тура келді ме?

- Мен 10 жыл мемлекеттік қызметте болдым. Бірақ мені жер, егістік алқап тартып тұратын. Осы тақырыптағы кітап, журналдарды оқып, көкейдегі сұрақтарға жауап іздей бастадым. Мемлекеттік қызметім бұл салаға жақын болғанының да пайдасы тиді. Кітаптан бас көтермей іздендім. Біздегі қиындық, Қазақстанда құс өсірушілерді дайындамайды, тіпті мұндай мамандық та жоқ. Бұл аса күрделі мәселе. Мал дәрігерлері де аз. Бұл құс фабрикалары мен шаруашылықтарына тұсау болып тұр. Мамандарды Украинадан, алыс шет елдерден әкелуге тура келеді. Мұны біздің қалтамыз көтермейтіндіктен бәрін өзіміз үйренуге тура келеді. Бір жақсысы, кітаптар жетерлік. Көбіне шетел дереккөздеріне жүгінемін.

Шортандыда фермамызды аштық. Ақмола облысының жерлерін зерттедім, әр түрлі аудан әкімдіктерінде болдым. Шортанды ауданының әкімдігі бізді өте жылы қабылдап, жедел іске кірісті. Ешқандай сөзбұйдаға салмай, тез арада жалға жер берді (Жерді жалға қалай алуға болатыны жайлы мына сілтемеден оқыңыздар). Ол жер бізге өте ұнады. Сайын далада құрылысты бастап кеттік. Жабдықтарды өзіміз сатып алдық. Ферманың тұрған жері өте қолайлы, жанында жол, су құбыры бар. Құрылысқа кірісерде осының бәрін ескеру керек.

- Мұндай кәсіпті бастаудың қиындығы да мол шығар?

- Шынымды айтайын, қиын. Кейде осының маған не қажеті бар деген ой келеді. Ұшы-қиыры жоқ шығын. Алғашқы жылдары жұмыс істей жүріп бұл саланы ермек сияқты көрген едім. Шаруашылықтағы құстар кіріс түсірмеді. Нәпақа табу үшін басқа жұмыспен айналысу керек еді. Бірақ қазыққа байланған аттай тәулік бойы фермадан шыға алмадым. Әр түрлі жағдай туындап қалатын.

Ай сайын бір жаққа шығасың, әлдебір мәселелерді шешесің. Бірақ осы сілікпеңді шығаратын ауыр бейнеттің өзі үлкен рахатқа бөлейді! Дөрекілеу айтқанда, қорадан қоқысқа былғанып шықсам да шұқыланып жүріп әлденені үйренгенімді, білімімді тағы бір саты көтергенімді сезінгенде көңілім бақыттан мас болады.

Зайыбыма келсек, ол әлеуметтік желіге жиі шығып, өнімді сатуға көмектеседі. Фермадағы жұмыстан қол босағанда сауда орындарымен келісім жасаймын. Біздің фермерлер дүкендерге шығуға қорқады, өйткені қойылатын талаптар бар. Ол талаптар қиын да емес. Өнім сапасы туралы куәлендірме алу керек. Өніміңді зертханаға өткіз де куәлендірмеңді ал. Ірі өндірушілерге де осындай талаптар қойылады. Куәлендірмені алған соң өніміңді сата беруге болады. Қазір қалаларда шаруашылық өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Адамдар сапалы өнімді іздейді.

Сөз соңында кеңестерімді берейін:

- Үлкен құсханалар салмай-ақ құсты контейнерде өсіріңіздер. Оған 500 құс еркін сияды, олар тор ішінде ұсталады. Бірақ мұның да ескеретін бір жағы бар – құс еркін жүруі керек. Болмаса оны тор ішінде ғана ұстауға болар еді. Контейнерді қымтап, тор, науа орнатып, сумен жабдықтау қажет. Контейнерді сатып алуға 300мың теңге, жылытып қымтауға 100 мың теңге, торларға 150 мың теңге жұмсалады. Миллиондаған шығынның қажеті жоқ.

- ЖШС емес, шаруа шаруашылығын немес жеке кәсіпкерлік ашқан жөн (Диярдың кәсіпорнының меншік түрі ЖШС – ред. түсіндірмесі).

Салық тәртібіне келсек мемлекет ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қолдау көрсетеді.

Бұл істе әріпестер керек. Егер олардың бірінің еңсесі түссе, екіншісі жігер беріп отырады. Бір жақсысы зайыбым маған көп көмектеседі, қолдайды. Маған тұтынушыларымыздың пікірі жазылған суреттерді жібереді, мен оларды ұжым мүшелеріне көрсетемін. Мұндай сәттерде қуанышқа бөленіп, ләззат аламын. Ал бұл адамға шабыт беріп биікке жетелейтін күш...

1 пікір
  • Юсуп Асанов
    Классная статья, захотелось бросить работу и в агробизнес

Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

Ұсынатынымыз