«Сыбаға» несиелік жобасы шетелдік аналық мүйізді ірі қара мал сатып алуға арналған. Сонымен бірге, несиелік бағдарлама бойынша аналық мал басын ғана емес, негізгі құрал-жабдықтар сатып алуға және (мысалы, жемазық алуға қажетті) айналымдық қаржыны толықтыруға да болады. Несиені қалай алуға болатыны туралы біздің мақалымыздан біліңіздер.

«Сыбаға» несиесі – шаруашылықтың негізі

Несие көлемі –70 млн. теңгеге дейін, несиелеу мерзімі – 15 жылға дейін.

Несиелік қаржы мына мақсаттарға жұмсалады:

  • сырттан аналық мүйізді ірі қара мал (МІҚМ) әкелу,
  • негізгі құрал-жабдықтар алу,
  • негізгі қаржы айналымын толықтыру

Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14%, және субсидияны есепке алғанда мал басы мен негізгі құрал-жабдық несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4% болады.

Айналымдық қаржыны толықтыруға берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 9%, ал субсидияны есептегенде жылына 5% болады.

Негізгі қарызды және сыйақыны өтеуге берілетін жеңілдік мерзімі 2 жылдан аспайды.

Кепілдемелік мүлік:

Аналық тұқымдық МІҚМ алу жобасы бойынша кепілдеменің төмендегідей түрлері болуы мүмкін:

  • Кепілдеменің жалпы сомасының кемінде 25 % жылжымалы және жылжымайтын мүлік есебінен өтеледі;
  • қалған бөлігі алдағы уақытта алынатын тұқымдық МІҚМ, несиеге сатып алынатын техника және/немесе құрал-жабдықтар есебінен өтеледі.

Тауарлық аналық МІҚМ алуға бағытталған несие жобалары бойынша кепілдемені қамтамасыз етудің мына жолдары қолданылуы мүмкін:

  • кепілдемелік мүліктің жалпы сомасының кемінде 50% қолда бар жылжымалы/жылжымайтын мүлік есебінен;
  • қалған бөлігі алдағы уақытта несиеге алынатын тұқымдық МІҚМ, техника және/немесе құрал-жабдықтар есебінен.

Несие берудің негізгі шарттары:

  • Несие алуға өтінім беру немесе өтінімді қарау уақытында салық және бюджетке міндетті төлемдер бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздың болмауы,
  • Өтінім берудің соңғы есептік мерзімінде (өтінім берілген ағымдағы айда) екінші дәрежелі банктер және басқа қаржылық мекемелер алдында мерзімі өтіп кеткен қарызы болмауы,
  • несие тарихының (несие тарихы болған жағдайда) несиелеуге мүмкіндік беруі,
  • алынатын малды ұстау үшін бір бас МІҚМ шаққанда 3 гектардан ауылшаруашылық жерінің және инфрақұрылымының болуы,
  • бұдан басқа, несие алушының алынатын малды және өз малын ұстайтын қоражайы болуы тиіс,
  • шаруашылықты жүргізу жоспарланып отырған ауылдық аймақтың малдәрігерлік-санитарлық жағдайы міндетті түрде талапқа сай болуы қажет.

!!Негізгі талаптардың бірі бойынша шаруашылық мал басының сапасын жақсартып, жемазық қорын молайтуға, жануарларды бордақылау алаңдары мен өңдеу кәсіпорындарына өткізуге міндетті.

Өтінімнің қадағалануы

Өтінімді қараудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы Қор несиелеуге өтінім тапсыру кезінде және құжаттардың толық жиынтығын тапсырған кезде талон беру тетігін енгізіп отыр. Әрбір өтінімге жеке анықтау реттік саны беріледі, ол талонда көрсетіледі. Бұдан басқа, талонда қажетті несиелеу шарттары (мөлшерлемесі, сомасы, несие мерзімі, жеңілдік мерзімі), ықтимал несие алушы тапсырған құжаттар тізімі, өтінімді қабылдау уақыты және өтінім туралы шешім қабылдаудың жоспарланған уақыты көрсетіледі.

Несие алушы қолына талон тиген соң https://credit.kazagro.kz порталына тіркеліп өтінімнің қаралу барысын түгелдей онлайн желісінде қадағалап отыра алады.

Қордың бөлімшелері барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана, Алматы, Семей қалаларында орналасқан. Қажетті кеңесті біздің ықтимал несие алушыларымыз kazagro.kz сайтынан және тура желідегі 8 800 080 35 05 телефоны арқылы ала алады.

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз