Патшайым Екатерина II айтқан "Басқару дегеніміз – алдағыны көре білу " деген сөз мемлекетті басқаруға ғана емес, бизнеске де толық қатысты сөз. Кәсіпкерлік саласында сауатты да қатесіз шешім қабылдау үшін оның арты неге әкеліп соғатынына анық көз жеткізу керек. Шешімдердің салдары әрқашан да белгілі бір көрсеткіштерден анық көрінеді. Демек, көрсеткіштер жиынтығы мен олардың көлемін анықтау кәсіпкерліктегі сәттіліктің алғышарты деген сөз.

Шошқа шаруашылығында барлық көрсеткіштерді техникалық, экономикалық, қаржылық, экологиялық, әлеуметтік деп бөлуге болады. Әрбір іс-әрекеттің мәнін салиқалы тұрғыдан екшелесек ең маңызды көрсеткіш экономикалық көрсеткіш болып шығады.

Алынған әсер көрсеткішін тиімділік көрсеткішінен ажырата білу керек.Көп жағдайда бұл екі ұғым шатастырылып, синоним ретінде қолданылады.

Әсер дегеніміз – іс барысының немесе белгілі бір әрекеттің нәтижесі. Ол оң нәтиже немесе теріс нәтиже болуы мүмкін. Әсер көзге көрініп тұрады, оны қазіргі жағдай және әуелгі жағдаймен салыстырып бағалауға болады.

Тиімділік дегеніміз – іс-әрекеттің нәтижелілігі. Оны көзге көрініп тұрған әсер мен шыққан шығынды салыстыру арқылы анықтаймыз. Тиімділікті анықтау үшін еңбектің нәтижесін шығын көлеміне бөлу керек. Тиімділк нольге тең, немесе оң нәтижелі болады. Немесе тиімділік мүлдем болмайды. Көп жағдайда тиімділік кәсіпорынның ұзақ мерзім бойы жұмыс істеуі үшін маңызды. Ал әсер туындаған қиындықтарды ағымдағы уақытта шешу үшін қажет.

Шошқа шаруашылығында әсер мына көрсеткіштерден байқалады:

- шошқа етін өндірудің жалпы көлемі ;

- шошқа шаруашылығы өнімдерін сатудың табиғи өнім және ақша түріндегі көлемі;

- алынғын торайлар саны;

- ұрықтанған және торайлаған мегежіндер саны;

- өлген мал саны;

- шошқаның жалпы саны және жеке топтардағы саны;

- түскен кіріс көлемі;

- табиғи және ақша түріндегі шығын көлемі;

- инвестиция көлемі;

- өндіріс аумағының кеңейуі;

- жұмыс орындарының көбейуі және тағы басқалар.

Алайда әсер көрсеткіштері қолда бар мүмкіндіктер қаншалықты ұтымды жұмсалғанын бағалауға мүмкіндік бермейді, және ол кәсіпті жүргізудің тиімділігі жөнінде қате қорытындыға әкелуі мүмкін. Мысалы, шаруашылықты ұдайы кеңейту нәтижесінде пайда түспеуі де мүмкін, өйткені барлық кіріс ірі көлемде айналымдық қаржы алу үшін жұмсалады ғой. Кәсіптің ұтымдылығын тек оның тиімділік көрсеткіштеріне қарап қана дәлірек бағалауға болады.

Шошқа шаруашылығының экономикалық тиімділігі аралық (табиғи), жалпылама және ақтық (құндық) көрсеткіштерден тұрады.

1) 100 га егістік немесе ауылшаруашылық жерге шаққандағы мал саны;

2) шошқа етін өндіру:

Жалпы табындағы және жеке технологиялық топтардағы шошқаның орташа тәуліктік салмақ қосуы, граммен;

Бір бастан бір жылда алынатын шошқа еті, килограммен;

Бір мегежіннен тірі және сойылған күйінде алынатын ет, кг;

Бордақылаудағы бір шошқадан тірі және сойылған күйінде алынатын ет, кг;

3) мегежіндердің торайлау көрсеткіші:

Негізгі немесе тексерілудегі бір мегежіннен алынатын жарамды торайлар саны ;

Бір торайлағандағы торай саны;

Негізгі мегежіндердің торайлауының айналым көрсеткіші (жыл басында немесе жыл бойы орташа алғандағы торайлаған мегежіндер мен жалпы мегежіндер санының аралық қатынасы);

Негізгі бір мегежінге есептегенде бір жылда торайлау саны

Торайламайтын мегежіндердің пайыздық көрсеткіші;

4) торайды сатуға дейін өсіріп, бордақылау ұзақтығы;

5) жемнің жұмсалуы және жемнің қайтарылымы, соның ішінде бір центнер қосымша салмаққа кететін құрама жемазық және бір центнер тірі салмақ көлемінің бір центнер жемге шаққандағы көрсеткіші;

6) жемнің экономикалық өтелімі;

7) сала жұмысшыларының еңбек өнімділігі;

8) табын бойынша тірі салмақ қосылымының өзіндік құны, өсірілген бір бас торайдың тірі салмақ қосуының өзіндік құны;

9) сатылған шошқа етінің сапасы (I, II және басқа санаттағы сатылған ет үлесі);

10) бір жұмысшы/сағат, бір орташа жылдық жұмысшы, бір мың теңге айналым қоры, негізгі өндірістік қор, шошқа шаруашылығындағы материалдық, қаржылық шығын, бір жемазық бірлігі, жалпы жемазыққа жұмсалған әрбір мың теңге, өндіріс аумағының әр бірлігіне, бір гектар егістік және жайылымдық жерге есептегенде алынған пайда, түскен таза және жалпы кіріс көлемі;

11) өзіндік құн және негізгі қор бойынша өндірістің табыстылығы.

Шошқа етін өндірудің тиімділігі мына жағдайларға байланысты:

Шошқаның жас төлінің бір басын бір жылда жемдеуге кететін жемазық мөлшері, центнермен

Жылдық жемазық бірлігінің 1 центнерінің өзіндік құны;

Құрама жемазықтың жалпы жемазықтағы үлесі, %;

Жемазық құрамының, әсіресе протеин бойынша, тепетеңдігі;

Шаруашылықтағы шошқа санының 100 га егістік жерге және өндіріс аумағы бірлігіне шаққандағы тығыздығы;

Бір басқа шаққандағы материалдық және қаржы шығыны көлемі;

Шошқа сатудан түскен өзіндік ақшалай кірістің ауыл шаруашылығы жұмысындағы жалпы кіріспен салыстырғандағы шошқа шаруашылығының мамандану дәрежесі;

Негізгі қордың бір шошқаға есептелген өзіндік құн көлемі бойынша алғанда шаруашылық қорының жарақтандырылуы.

Осы жағдайларды тиімді пайдалану дағдарыс кезінде де саланы ойдағыдай дамытуға мүмкіндік береді.

Шошқа етін өндірудің экономикалық тиімділігін арттырудың мүмкіндіктері:

Жемазық қорын молайтып, құнарлалығы жоғары, азықтық белок тұрғысынан теңдестірілген аралас жемазықты қолдану;

Бұршақ және майлы дақылдарды шаруашылықтың өзінде өндіріп оларды мал жемазығына қосу;

Май шығаратын, ұн өндіретін, ет және сүт өңдейтін кәсіпорындардың, балық комбинаттарының және басқа жергілікті өндіріс орындарының қалдықтарын азықтық белокты толықтыру үшін тиімді пайдалану;

Мал басының тұқымдық сапасын жақсарту;

Мегежіндерді пайдаланудың тиімділігін арттыру;

Мамандандыруды тереңдету және мал басын оңтайлы шоғырландыру;

Әр түрлі тұқымдарды өндірістік мақсатта будандастыру;

Шошқа етін өндірудің өндірістік технологиясын енгізу, шошқа шаруашылығының барлық бағыттарында ғылыми-техникалық жетістіктерді жаппай енгізу, осы саладағы озық тәжірибені кең тарату;

Жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеру;

Өндірісті, жұмысты ұйымдастырудың, басқару жүйесін жетілдірудің озық үлгілерін енгізу;

Жұмысшылардың еңбектің соңғы нәтижесіне мүделі болуын материалдық және моральдық жағынан ынталандыру;

Нарық жағдайында еңбекті ұйымдастырудың және жұмысқа ынталандырудың әр түрін қолдану;

Өнімді өткізуде сауатты нарықтық әдіске сүйену.

Өндірістік есеп деректеріне негізделген шошқа шаруашылығының тиімділік көрсеткіштерінің шұғыл сараптамасы ұдайы өзгеріп отыратын нарық жағдайында тұрақтылық пен экономикалық сенімділіктің ең маңызды шарты болып табылады.

Нарықтық экономикада кәсіпкерліктегі сәттілік көбінесе өнімге қойылған баға мен өнімді өндіруге кеткен шығын көлеміне байланысты. Бәсекелестік жағдайында жоғарыдағы бірінші көрсеткішке кейбір кәсіпкердің ықпал етуі өте қиын. Бірақ шығын жағын оңтайландыру мәселесін кәсіпкердің өзі шешеді.

Шығынның өнімнің бір бірлігіне шаққандағы ақшамен есептелетін көлемі өзіндік құн деп аталады. Өзіндік құн жоспарланған және нақты өзіндік құн деп бөлінеді.

Нақты өзіндік құн барлық шығынды есептеу нәтижесінде анықталады, ал жоспарлы өзіндік құн жалпы (мөлшерленген) көрсеткіштер негізінде есептеледі. Жоспарлы өзіндік құн нақты өзіндік құнның ең қолайлы мөлшерден қаншалықты алшақтап кеткенін уақытында анықтап, басқарушылар деңгейінде шұғыл шешім қабылдау үшін қажет.

100 бас негізгі мегежіндерге шақталған шаруашылықтағы өндірістің өзіндік құнын есептеп көрейік.

Мұндай шаруашылықтағы табын құрылымы төмендегідей болуы мүмкін:

- негізгі мегежіндер - 100 бас – 9,1%;

- еркек шошқалар - 10 бас – 0,9%;

- 0-2 жастағы торайлар – 260 бас – 23,7%;

- 2-4 жастағы торайлар – 250 бас – 22,7%;

- бордақыдағы және өсімтал төл – 480 бас – 43,6%.

Барлығы: 1100 бас.

Шошқа шаруашылығында шығынның ең көп бөлігін жемазық құрайды.Оның үлесіне өзіндік құнның 55 пайыздан 80 пайызына дейін келеді.

Қажетті жемазық көлемін шошқа етін өндіру көлемін немесе әрбір технологиялық топтарды жоспарланған азықтандыру кұндерін есептей отырып анықтауға болады. Есептеуді алғашқы әдісі шамамен орташа есептеу деп саналады, ал екінші тәсіл дәлірек нәтиже береді.

Шошқа етін жоспарланған көлемде өндіруге кететін шығынды есептеу үшін табын бойынша жалпы өсімді анықтауға арналған жоспарлы көрсеткіштер болуы керек. Бұдан басқа салмақ өсімінің әр бірлігіне қажетті жемазық мөлшері және 1 центнер жемнің немесе 1 центнер жемазық бірлігінің орташа бағасы белгілі болуы қажет. Мысалы, 100 бас негізгі аналық мегежіндері бар шаруашылықта шошқа етін өндіру көлемі 1680 центнер болуы мүмкін. Табындағы малдан 1 центнер тірі салмақ алу үшін мөлшерленген жемазық шығыны 7,0 центнер, ал бір жемазық бірлігінің қүны 55 теңге делік. Сонда жемазық шығынының табиғи көлемі шаруашылық бойынша 1680 ц х 7,0 = 11760 ц.,ал ақша түріндегі шығын – 11760 ц х 5,5 мың теңге = 64680 мың теңге.

Азықтандыру күндері арқылы шығынды есептеу үшін шошқаның белгілі бір технологиялық тобы табында қанша уақыт болатынын және топта қанша бас мал болатынын, топтағы тәуліктік жемазық мөлшерін және оның бағасын білу керек. 

Жануарларды жарықшақты сәкіде, қалың сабан төсеніш үстінде ұстау, суару және азықтандыру жұмыстарын механикаландыру, автоматтандыру малды күту үшін жұмыс күшіне қажеттілікті едәуір қысқартады.

Фермада малды күтетін 2 жұмысшы, темір ұстасы мен электршінің міндеттерін қоса атқаратын бір тракторшы, есепші қызметін де атқаратын бригадир болса жеткілікті. Сонда жылдық жалақы қоры 5 – 6 млн теңге шамасында болады.

Дәрігерлік қызметтке байланысты шығындарды есептеу дәрігерлік шаралардың технологиялық картасы немесе 1 басқа арналған мөлшерлеме негізінде жүргізіледі. Егер мүндай мөлшерлеме бойынша бір басқа тәулігіне: 8 теңге жұмсалса жылдық шығын 8 тенге х 365 күн х 1100 бас = 3212000 теңге болады.

Жанар және жағар май шығыны трактор мен автомашиналардың маркаларын, олардың тәуліктік қозғалысын немесе жұмыс сағатын, жанармайдың мөлшерлі шығынын және бағасын ескеріп есептеледі. Жағар май шығынын жанар май шығынының пайызымен есептейді. Егер 100 мегежіні бар фермада тәулігіне орташа 2 сағат жұмыс істейтін орта санаттағы 1 трактор және 5 тонна жүк көтеретін, орташа тәуліктік қозғалысы 40 км болатын бір автомашина болса жанармай шығыны төмендегідей болады:

- тракторға 13 л/сағат х 2 сағат х 365 тәулік х 180 теңге/литр = 1708200 теңге;

- автомашинаға 40 км х 0,25 л х 365 тәулік х 140 теңге = 511000 теңге.

Жанар майдың жалпы шығыны 2,2 млн шамасында болады, жағар май шығыны 10% құрайды. Сонда жанар-жағармайдың жалпы шығыны 2,4 млн теңге болады.

Ірі шошқа шаруашылықтарына арналған мөлшерлеме бойынша шошқа етінің бір тоннасын өндіруге 220 квт/сағат электр қуаты жұмсалады. Мал басы аз фермаларда әдетте бір бастың тірі салмақ қосуы үшін 2,5 есе аз электр қуаты жұмсалады.

Демек, электр қуатының 1 квтт/ сағаты 15 теңге болса жалпы өндіріс шығыны : 1680 ц х 88 квтт/сағат х 15теңге/квтт/сағат = ақшалай 2217600 теңге және табиғи түрде 147840 квтт/сағат.

Жекелеген технологиялық топтар үшін жылдың суық мерзімінде қораны жылыту қажет болады. Бұл мегежіндер торайлап, торайлар өсірілетін қоралар және тұрмыстық бөлмелер. Қалған топтар жылытылмайтын қораларда қалың, ауыстырылмайтын сабан төсеніш үстінде тұра берсе де жарайды. Тас көмірдің бір тоннасы 10 мың теңге десек, шығын мынадай болады: 20 тонна х 10 мың теңге = 200 мың теңге.

Негізгі құрал-жабдыққа жұмсалатын өтемпұл шығыны өзіндік құнның құрамына кіреді және ол кәсіорынның сақтаулы қорын құрайды. Соның көлеміне сәйкес кәсіпорынның кірісі де азайып, салық ауыртпалығы жеңілдейді. Шошқа шаруашылығының негізгі қорына кұрделі құрылыстар, мысалы торайлауға, торайларды өсіруге, бедеу мегежіндер мен еркек шошқаларға, торайлайтын аналықтарға арналған қоралар, тұрмыстық жеңіл құрылыстар мен жемазықты, техниканы сақтайтын қоймалар жатады.

Егер ғимараттар мен құрылыстардың жалпы құны 20 млн теңге болса, өтемпұл қорына жылына 5% өтемпұл аударылып отырғанда жылына 1 млн теңге жұмсалады. 

Машиналар мен құрал-жабдықтардың құны 12 млн теңге болғанда өтемпұл қорына мөлшермен 10% аударылып отырса өтемпұлға 1,2 млн теңге жұмсалады. Өтемпұл аударылымының жалпы жылдық көлемі 2,2 млн теңге болады.

Ағымдағы жөндеуге жылына 1,5 млн теңге жұмсалады делік. «Басқа да шығындар» бабы бойынша 1,0 млн тенге жұмсалса шығындардың жалпы жылдық көлемі 82, 4 млн теңгеге жетеді.

Шошқа етінің тірі салмақ күйіндегі бағасы 600 теңге/кг болғанда және жылына шошқа етін өндірудің жалпы көлемі 1680 ц болса бұдан түсетін пайда 1680 ц х 60 мың/ц = 100800 мың теңге болады.

Жалпы кіріс 100,8 млн – 82,4 млн = 18.4 млн теңге, ал табыстылық деңгейі 18,4 : 82,4 х100% = 22,3%.

Бұл кәсіпорында тірі салмақ бойынша 1 ц шошқа етін өндірудің өзіндік құны 82400 мың : 1680 ц = 49 мың/ц болады.

Есеп жүргізудің бұл үлгісін мал саны әр түрлі шаруашылықтар үшін қолдануға болады, және оның нәтижесін нақты қаржылық-шаруашылық көрсеткіштер айқындайды. Бұл көрсеткіштерге өндіріс көлемі, шикізат, материалдар мен энергия қуатына, жұмыс күшіне жұмсалатын шығын мен баға деңгейі жатады. Қалай дегенмен, көзделген өндіріс табыстылығына қол жеткізу үшін өндірістік шығындарды оңтайландыруға бағытталған жұмысты ұдайы жүргізіп отыру қажет. Бұл өнімнің және кәсіпорынның бәсекелестігін тиісті деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Виктор СИВОЛАП,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Экономика және есеп» кафедрасының профессоры

Tегтер
0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз