Етті бағыттағы ауыл шаруашылығы мал басын өсіруге арналған «Сыбаға» несиелеу бағдарламасының басты шарттарының бірі мал басын шет елдерден тасымалдау арқылы көбейту болып табылады. Аталмыш мемлекеттік қолдауға ие болған фермерлер үшін бағасы тиімді ғана емес, сонымен қатар барлық ветеринарлық-санитарлық талаптарға жауап беретін мал іздестіру міндет саналады. Қазақстандық стандарттарды сақтау аграрлық шаруашылықтың мықты болуына әсер ететін болғандықтан, мал экспорттаушы елді таңбауда басты негіздерге назар аударуды ұсынғымыз келеді.

Қолайлылық мәртебесі өзгермейді

Фермерлер алдында малды қандай елден тасымалдау қажеттігі алдыңғы орында тұрады. Қазақстан аусылдан таза ел мәртебесіне ие. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана таза аумақ саналып, малдарға аусылға қарсы егу жүргізілмейді. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматыда аусылға қарсы алдын алу мақсатында вакцина қолданылады, алайда олардағы «таза аумақ» мәртебесі өзгерген емес.

Бұл жағдайда Қазақстан қандай артықшылыққа ие? Дүниежүзілік мал денсаулығын қорғау ұйымының (ХЭБ) талаптары бойынша, экспорттаушы елдер мал мен мал өнімдерін саудалау үшін ХЭБ-пен танылған, сондай-ақ, аусылдан таза аумақ мәртебесіне ие болуы қажет. Аталған ақпаратпен осы жерден егжей-тегжейлі танысуға болады (http://www.oie.int/en/animal-health-in-the-world/official-disease-status/fmd/en-fmd-carte/).

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көршілеріміздің барлығы бірдей аталмыш мәртебеге ие емес. Қазақстанға соңғы алты жылда мал жеткізуші негізгі елдер Ресей, Аустралия, АҚШ және Канада болып отыр.

Фермерлер мал сатып алуда негізінен соңғы уақытта Ресей Федерациясына таңдау жасап жүр. Ресейдің бірқатар аумағы 2016 жылы аусылдан вакцинациясыз таза аумақ деп ресми танылған болатын. Алайда бүгінгі таңда бұл мәртебе тоқтатылған. Дегенмен РФ-ның ветеринария саласындағы өкілетті органы аумақты аймақтандыру жүргізді, яғни аусылдан вакцинацияланған және вакцинациясыз таза аумаққа бөлді.

Субъектілердің ветеринарлық қызметтері аусылдан вакцинациясыз таза аумақ мәртебесін қайта қалпына келтіру жөнінде жұмыстар жүргізіп, ветеринария саласындағы өкілетті орган аймақтандыру туралы шешімге өзгерістер енгізіп жатыр. Нақты субъекті туралы кеңірек мәліметпен мына жерден танысуға болады (http://fsvps.ru/fsvps/laws/5652.html).

Бұл жағдайда Жер үсті жануарлардың денсаулығы кодексінің 8.8 тарауында Қазақстанға, аусылға қарсы вакцинация жүргізілмейтін аумаққа мал тасымалдау тек осындай мәртебеге ие, ұқсас ел аумағынан жүзеге асырылуға тиіс екеніне назар аударған жөн.

Сәйкесінше, аусылға қарсы вакцинация қолданылатын аумақтағы аусылға сезімтал мал тек оңтүстік облыстарға және Шығыс Қазақстан облысы аумағына әкелінуі тиіс. Бұл тұста мал жеткізу барысындағы жүріп өтетін жолды Шығыс Қазақстан облысының өткізу пункті арқылы жасақтаған жөн. Бұл нұсқа логистика тұрғысынан шығынды болғанымен, тасымалданатын аусылға қарсы вакцинацияланған малмен бірге аусыл қоздырғышының әкеліну және таралу қаупін төмендетеді.

ХЭБ-тің ресми сайты мәліметтері негізінде, өзге елдерден ықтимал жеткізушілерді қарастыру үшін аусыл бойынша қолайлы елдер болып табылатын елдердің тізімін келтіріп отырмыз отырмыз: Аустрия, Бельгия, Белоруссия, Болгария, Босния және Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Македония, Мальта, Молдова, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Сербия, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, АҚШ, Канада, Куба, Мексика, Гаити, Гватемала, Гондурас, Сальвадор, Никарагуа, Коста-Рика, Панама, Куба, Перу, Чили, Гайана, Франциялық Гвиана, Суринам, Бразилия, Аргентина, Боливияның жекелеген провинциялары, сондай-ақ Аустралия, Ботсвана, Лесото, Мадагаскар, Намибия, Свазиленд, ОАР, Жапония, Малайзия, Филиппин.

ЕАЭО талаптарын ұстана отырып

Мал саудалау барысында халықаралық ветеринарлық талаптармен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) да талаптары бар. Ол Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімімен бекітілген ветеринарлық қадағалауға жататын ЕАЭО елдері арасында тауарларды тасымалдау және алып өту кезіндегі бірыңғай ветеринарлық-санитарлық талаптар деп аталады. (http://www.eurasiancommission.org/ru/act/texnreg/depsanmer/regulation/Documents/).

Аталмыш талаптар шетелден мал тасымалдаумен қатар, оларды ЕАЭО елдері арасында алып өтуді де реттейді.

Негізінен ірі қара малды тасымалдауға мүдделілік бар болғандықтан, аталған талаптардың бірінші тарауын қарастырып көрейік.

Сонымен, тасымалданатын малдар, біріншіден, бруцеллезге, аусылға, лептоспирозға қарсы егілмеген болуы керек.

Екіншіден, ІҚМ-ның энцефалопиясы (аймақтандыруға сәйкес елдің немесе әкімшілік бірліктің аумағында), аусыл (аймақтандыруға сәйкес елдің немесе әкімшілік бірліктің аумағында соңғы 12 айдың ішінде), контагиозды плевропневмония, везикулярлы стоматит, блутанг, ірі қара мал обасы (аймақтандыруға сәйкес елдің немесе әкімшілік бірліктің аумағында соңғы 24 айдың ішінде), жұқпалы өзекшелі дерматит (аймақтандыруға сәйкес елдің немесе әкімшілік бірліктің аумағында соңғы үш жыл ішінде), лейкоз (шаруашылық аумағында соңғы 12 ай ішінде), бруцеллез, туберкулез және паратуберкулез (шаруашылық аумағында соңғы алты ай ішінде), лептоспироз (шаруашылық аумағында соңғы үш ай ішінде), сібір жарасы (шаруашылық аумағында соңғы 20 күн ішінде) секілді жұқпалы мал ауруларынан таза аумақтан шығуға тиіс.

Елдің немесе оның жекелеген аумағының қолайлылығы туралы ақпаратты экспорттаушы елдің өкілетті органы растайды. Мұндай ақпаратқа дербес немесе мал сатушы арқылы сұрау жолдауға болады. Егер жеткізушіні әлі де айқындамаған болсаңыз, онда елдегі немесе оның жекелеген аумағындағы эпизоотикалық жағдай туралы сауалды Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жолдаңыз. Олар өз кезегінде мал экспорттаушы елдің ветеринарлық қызметіне ресми сұрау жолдайтын болады.

Бұл талаптарды мал тасымалдауды жүзеге асыру көзделген елді таңдау барысында ескерген жөн. Мал импорты жайлы келесі мақаламызда Қазақстанға мал тасымалдауға дайындықтың кезеңі туралы айтатын боламыз.

Олжас АУСАБАЕВ,

ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз