Шөп өсіру және ара өсіру ауыл шаруашылығындағы бір бірімен толық ұйлесетін екі сала. Осы екеуін біріктіру арқылы бір жағынан бал өнімін молайтып, екінші жағынан мал азықтық шөптердің шығымын арттыруға болады. Осы мақалада біз бал шырынды өсімдіктер өсірудің үздіксіз «жасыл желісін» ұтымды ұйымдастырудың жолдары туралы әңгімелекпіз.

Екі рет ұтамыз

Бал шырынды жасыл өсімдіктерден шаруашылық саудаға шығаратын балмен қатар, мал шаруашылығында сиырларға кез келген жыл маусымында үздіксіз берілетін жемазық та ала алады. Бұл үшін үшін бал шырынды өсімдіктер және жасыл жемазық бағыттарын біріктіру қажет.

Бірінші бағыттың мақсаты араларды қоректендіру. Ара шаруашылығын үздіксіз дамыту үшін шырыны мол дақылдарды өсіру маңызды. Егер ара өсімдік тозаңын мол жинаса, бұл балдың сапасы мен дәміне де жақсы әсер ететіні сөзсіз. Шырынды өсімдіктердің бал омартасына жақын болуы араларды тиімді пайдаланудың ең маңызды алғышарты.

Сонымен қатар, мұндай шөптерді көп мақсатта, айталық, мал азығы ретінде де пайдалануға болатынын ескеру керек. Аралардың өсімдіктерді айқас тозаңдандыруы бал өнімін молайтып, оның дәмін жақсартып, сапасын арттырады.

Мысалы, тозаңдандырылған түйежоңышқаның өнімі 50 пайызға, күнбағыс 20-30 пайызға, алма ағашының өнімі 17-30 пайызға артады. Толық тозаңданған жеміс-жидек дақылдарының өнімі 30—50 пайызға артады. Көкөніс дақылдарына да бұл тиімді. Әрі өнімнің сапасы да жақсарады. Бұл екпе өсімдіктерге ғана емес, жабайы өсімдіктерге де қатысты.

Ұдайылық — табыс кепілі

Бал шырынын алу үшін қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер эспарцет, түйежоңышқа, жоңышқа, рапс, беде, жаужапырақ, бәден, еуропалық тұқымдар мен жергілікті шөптерді пайдаланады. Әсіресе көкбасгүл, түйежоңышқа, түймежапырақ жақсы өседі.

Өсіру үшін бал шырынды қоректік өсімдіктерді таңдағанда оладың мөлшерлі егістік аумағындағы шырын беру өнімділігі негізгі шарт болып табылады. Мысалы, көкбасгүлдің бір гектарынан 850 килограмм бал алуға болады. Көкбасгүлді әдетте кептіріп, келесі жылы топыраққа сілкіп сіңдіреді. Оны атызбен немесе бір ретпен себудің қажеті жоқ, омартаның маңындағы жерге шашып сепсе болғаны.

Шырынды өсімдіктер егістігіне гектарлаған жер бөлу міндетті емес. Араларға 20-30 сотық егістік жер де жетеді.

Арасы қорегін жақсарту үшін омартаның жанына жөке, тал, талшын, шырғанақ сияқты бал шырынды ағаштар мен бұталарды отырғызады. Әр өсімдікті агротехникалық талаптарға сай отап, суарып, жетілген гүлшоғын жинап, келесі жылы себуге дайындау үшін кептіріп, бастырып, күту керек.

Бір есте сақтарлығы, бал шырынды өсімдік өсіру үшін араның егістік алқаптарда үздіксіз тозаң жинап отыруы маңызды. Аралардың үзіліссіз жұмыс істеуі үшін бал шырынды өсімдіктердің шырын беру мерзімін білу қажет (1 кесте). Әр түрлі дақылдарды әр түрлі мерзімде себу керек. Сонда аралар маусым бойы, күз келгенше бал беріп отырады. Ең жақсысы – аралардың мамыр айынан бастап қыркүйектің соңына дейін шырын мен тозаң жинап отыруы.

1 кесте. Шырынды дақылдардың үздіксіз бал алу үшін қажет шырын беру мерзімі

Күнбағысқа көңіл бөлейік

Шырынды өсімдік шаруашылығын ұйымдастырудың бір жолы түйежоңышқаны егіп, түймежапырақ, көкбасгүл тұқымдарын шашып себу. Осылайша аралар ұздіксіз тозаң жинайтын болады. Әсіресе күнбағыс және түйежоңышқа өсіруге ерекше көңіл бөлген жөн.

Себу алдында кұзде жерді тереңдігін 25-30 сантиметрге жеткізіп жыртып, ерте көктемде ылғал жауып, бір немесе екі рет жерді өңдеу керек. Бұл арамшөпті құртып, топырақты қажетті тереңдікте қопсыту үшін маңызды.

Тұқым жақсы қызған топыраққа себіледі. Бұл мақсатта СУПН 4,2 сепкіштерін қолданған дұрыс. Себу мөлшерін тұқымның буданы мен түріне қарай анықтайды. Әдетте, бір гектар жерге шығымдылығы жоғары 65 -тен 80 мыңға дейін тұқым себіледі.

Осыдан соң бірнеше рет қатараралық өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл арамшөпті жойып, топырақты қопсыту, өсімдікті сумен, оттегімен қоректендіріуді жақсарту үшін қажет.

Суармалы егістік жағдайында кұнбағысты екі, үш рет суару керек. Тәлімі жерлерді, әрине, суарудың қажеті жоқ. Осыдан соң сол аумаққа омарталар орнатылады.

Аралар арқылы тозаңданған жағдайда күнбағыс тұқымдарының жетілуі 87-93%, ал тозаңданбаған болса 76-78% болады. Өнім күзде жиналады. Әдетте оның шығымдығы жақсы болады да, май, күнжара өндіруге қажетті жоғары сұрыпты тұқым алуға болады. Рапс та осындай нәтиже береді.

Түйежоңышқаға келер болсақ, оны себер алдында күзде аңызды қопсыту қажет. Бұл топырақтың жоғарғы қабаты өңделіп, ылғал сақталуына мүмкіндік береді. Бұдан соң сүдігер жырту жүргізіледі. Көктемде ылғал жабу мүмкіндігінше ерте жүргізіліп, топырақ қопсытылады. Екінші қопсыту алғашқыдан 12-13 күннен соң өтеді. Бірақ топырақ азырақ тереңдікте қопсытылады.

Түйежоңышқа 2-3 сантиметр тереңдікте, қатар арасы 15 сантиметр алшақтықта себіледі. Бір гектарға себу мөлшері 12-14 килограмм болуы тиіс екенін ұмытпау қажет. Ақ түйежоңышқа 50 күндей гүлдейді. Бұл дақылды суару және тыңайту аса қажет емес. Өйткені түйежоңышқаның тамыр жүйесі жақсы дамыған, ол топыраққа терең еніп, ылғалды жақсы тартады. Оның үстіне, түйежоңышқа құрғақшылыққа төзімді, және оның бір қасиеті тұзға шыдамдылығында. Ол тұзды топырақтың тұзын сорып алады.

Түйежоңышқа жақсы бал шырынды өсімдік. Ол ұзақ гүлдейді және аралар оған жақсы қонады. Бұл дақылдың бір гектары 300 килограммға дейін бал береді. Әрі ол тамаша азықтық шөп. Фермерлер мал бұл шөпті сүйсініп жеп, айтарлықтай салмақ қосып, сапасы жоғары сүт беретінін байқаған.

Алексей ВЕЛИЧКО,

азықтық дақылдар және жемазық өндіру сарапшысы

Александр ГУБАРЕВ,

азықтық дақылдар сарапшысы

Tегтер
0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз