Грек жаңғағын өсірудің басты артықшылығы – ағаштық топырақ таңдамауы. Жаңғақ ағашын егетін жер таңдаудағы басты шарт: жер асты суының орналасуы екі-үш метрден аспауы қажет. Агротехника ережелерін сақтап, тамшылатып суарғанда жаңғақ ағашы бір жылда екі метрге дейін өседі.

Суыққа да төзімді

Жаңғақ ағаштарын Қазақстанда өсіру үшін оның қыс мезгіліне, аязға төзімді сұрыптарына баса мән берген дұрыс.Аязға төзімділігі ағаштардың ең төменгі температураға төтеп беретінін көрсетсе, қыс мезгіліне төзімділігі қыс пен ерте көктем кезіндегі температура ауытқушылықтарына шыдамдылығына қарай бағаланады. Бұл екі көрсеткішті генетикалық негіздеме деуге болады, яғни жоғары сапалы сұрыптар болып саналады. Көшеттерді баптап, оларға қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде олардың селекциялық сапасын арттыруға қол жеткізе аламыз.

Ағаштардың қысқа төзімділігін арттыру үшін қолданылатын тәсілдердің ішінде топырақтарды минералдармен, органикалық заттармен тыңайту, олардың басын дұрыс кесудің жолдары, ағаштарды көктем мен күзге дайындауға жүйелі түрде дайындалу, сонымен қатар топырақты өңдеу, суғару, жабындау, микориза қолдану бар.

Ағаш шырынының қозғалысы басталған ерте көктемде топырақты азотпен тыңайту кезіндегі өсімдікті қоректендіру жүйесін басты назарда ұстау қажет.

Көктемнен жаздың ортасына дейін азотпен тыңайтуды қырындап азайта беру керек. Ал шілдеден бастап күрделі фосфорлы-калийлі тыңайтқыштарға көңіл бөлінуі қажет. Дәл осы уақыттан бастап ағаштар сүректеніп, құнарларын жинай бастайды.

Өсімдіктің өсіп-өну уақытында түбін арамшөптен тазартып, бұтақтарын кесіп, төбесін реттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу маңызды. Шуақты күндердің жеткілікті болуы, көшеттерді жел қақтырып тұру зең ауруларының алдын алып, өсімдік иммунитетін көтереді.

Тұқымды күзде дайында

Агротехникадағы қысқа төзімділікті арттырудың тағы бір әдісі –күзгі уақытта ылғылдандырып суғару. Температура ауытқушылығы тамыр жүйесіне көбірек әсер етеді. Ағаштың жер үстіндегі бөлігі 35 градус аязға төтеп беруге қауқарлы болса, тамырлары тек 15 градус суыққа шыдайды. Күзде ағаштың түбін суғарғанда топырақ толық кеппейді, әсіресе қар аз түскен қысқы уақыттарда бұл ағаш түбіндегі температураны тиімді мөлшерде ұстап тұруға көмектеседі.

Сонымен қатар, көшет отырғызуда жабынды қолдану тек қысқа төзімділігін арттырып қана қоймайды, қажетті ылғалдылықты тұрақты сақтап тұрған жағдайда жазғы уақытта арамшөптердің өсуін де тежейді.

Жаңғақ ағашын отырғызып бастағанда қойылатын басты талаптардың бірі тамызып суғару жүйесін құру. Әр ағашты қажетті мөлшерде қоректендіріп, ылғалды сақтап тұруға аталған тәсіл жақсы көмектеседі. Тамызып суғару жүйесінің тағы бір артықшылығы – бақшадағы арамшөптердің өсуін азайту.

Мықты сұрып күткенде

Бақша еккен алғашқы жылдарда, көшет діңдерінің әлсіз, қоршаған ортаның ықпалына төтеп бере алмайтын кездерде агроталшықтармен жауып отыру керек.

Шешуші факторлардың бірі грек жаңғағының аудандыстырылған, шыдамды сұрпын іріктеп алу.

Бүгінде грек жаңғағын будандастыру негізінен будандастыру жұмыстары кезінде қысқа төзімділігі маңызды роль атқармайтын елдерде жүргізіледі. Оған қарамастан, Қазақстан нарығында аязға төзімділігі мықты карпат буданы сұрыптары пайда болды.

Қазіргі уақытта Алматыдағы өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтында (IPBB) қажетті сападағы грек жаңғағының сұрыптарының өнімділігін арттыруға зертханалық жағдайда мүмкіндік беретін ғылыми жоба жүзеге асырылап жатыр.

Мәншүк ЖЕКСЕМБЕКОВА

«Жеміс-жидек дақылдары» бағытының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз