Суару, қоректендіру және қорғау – өсімдік шаруашылығының үш тірегі. Олар бақша дақылдарының өсуіне қажетті маңызды нәрселер. Ірі, дәмді және таза қарбыз бен қауынды қалай өсіру керегін осы материалдан оқыңыздар.

Қатарлар арасы кеңге жайылған

Бақша дақылдары кең алқаптарды жақсы көреді. Оларды сепкенде араларынан 2-2,5 метр бос қалдырады. Осынау «бос» кеңістікте әрдайым көзін жоюды қажет ететін арамшөптер пайда болады. Шынымен де, арамшөппен күрес – бақша дақылдары өсімдіктерін күтіп-баптаудағы шаралардың маңыздысы.

Қатарлардың арасында өсімдік өсіп шыққан соң оны өңдеуге кіріседі. Оған құлашы 1,4-2,4 метр болатын шалғыны пайдаланады. Ол қатарлардың арасымен жүріп, арамшөптердің барлығын жинап, сонымен қатар топырақты қопсытып шығады. Борпылдақ топырақ – өсімдік шаруашылығының осынау саласындағы табыстың басты факторы.

Аялай біліңіз

Қатарлар арасын өңдегеннен кейін қатарлардың өзіндегі арамшөптерден арылады, бұл жұмысты тек қолмен немесе кетпенмен жүргізуге болады. Одан әрі қарай себілген тұқымның тазалағын тек қол еңбегімен ғана ұстап тұруға болады.

Келесі кезең – қоректендіру. Ол үшін азотты-фосфорлы «Аммофос 8» тыңайтқышын бір гектарға 200 килограм есеппен пайдалану керек. Ол да қолмен атқарылады. Себебі оны тегістей шаша салғанда тыңайтқыш қажет емес жерге көп түсіп кетуі мүмін, ал бұл артық шығын әкеледі. Қатарлар арасы үлкен болғандықтан, тыңайтқыш суағар атыздарға тасталады.

Тағы бір маңызды жайт: тыңайтқышты шашып болған соң, оларды «жабу» қажет, өйткені оны топырақпен аластыру қажет (бұл әрі топырақты қопсытып, тамырға ауа баруына септеседі)

Сусыз мүмкін емес

Себілген жерді отап, қоректендіріп және қопсытқаннан кейін суару жүргізіледі. Бақша дақылдарын өсірген кезде суарудың екі тәсілі барын ескеру қажет – тамшылатып және атыздар бойымен дәстүрлі суару.

Көптеген жылдар бойы бақша дақылдарын қатарларға суды еркінше жіберіп суарып келді.

Тамшылатып суарудың аздаған ерекшелігі бар: суардың мұндай әдісі үшін өсімдікті бір қатарға егеді, алайда олардың қатарлар арасы тар – 1,4 метр болады. Әрбір қатарға бір лентадан жүреді. Ал бақша дақылдарының сабақтары бір бағытқа жіберіледі. Суарған соң арада екі-үш апта өткенде қатарлар арасы өсімдікпен байланысып кетеді.

Тамшылатып суару жүйесі өте қымбатқа түсетінін, сондықтан оған кез келген шаруашылықтың мүмкіндігі болмайтынын есте ұстаған жөн.

Қарбыздар қорғауды қажет етеді

Суарудан кейін, күтіп-баптаудың барлық шараларынан кейін өсімдік бой алғанымен, көп жағдайда оларда ауру да пайда болады. Кез келген өсімдік, кез келген тірі организм секілді бақша дақылдарына да дамудың белгілі бір кезеңінде ауру қауіп төндіреді. Бұл дақылдың басты ауруы – ақұнтақ, жалған ақұнтақ және түрлі бактериялық аурулар. Алғашқы шыққан жапырақтың өзі осы ауруға тап болып, кейін өсімдіктің бүкіл бойына жайылуы мүмкін. Ал мұның салдары жалпы өнімнің өліп қалуына әкеп соғады.

Өнімсіз қалмау үшін алдын алу мақсатында өсімдіктерді фунгицидтермен өңдеу қажет. Егер оның әсері болмаса, онда араға 10 күн салып үш рет қайталау қажет. Егер препараттың көмегі тимесе, онда фунгицидті алмастыру қажет.

Біз «Сингента» фирмасының «Ридомил голд» препаратын пайдалануға кеңес береміз. Бұл суда еритін түйіршікті препарат гектарына 2,5 килограм есеппен қолданылады. Сонымен қатар «Антрокол» препаратының да тиімділігі жоғары. Алдымен бір фунгицид, 10 күннен кейін қайталап өңдеуде екіншісін пайдалану қажет.

Өңдеудің өзін аспалы бүріккіштің көмегімен жүргізеді, себебі өсімдік бұл кезеңдеге дейін дамыған, ұзын сабақтары болады, демек, оны трактормен өңдеу мүмкін емес. Сондықтан ең тиімді тәсіл – қолмен жүргізілетін аспалы бүріккіш. Оған препарат құйылып, фунгицид тікелей өсімдікке бүркіледі.

Жарас МАМЫРБЕКОВ,

Бақша дақылдары, картоп шаруашылығы және көкөніс шаруашылығының өсіріп-өндіру технологиялары және тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бақша дақылдары жөніндегі сарапшы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз