Сүттің сапасы мен тазалығы – оның биологиялық қауіпсіздігінің кепілі. Санитарлық-ветеринарлық ережелер сақталмаған жағдайда, сүт тұтынушылардың түрлі ауру жұқтыруы ықтималдығы жоғары. Бәрі түсінікті: жануар ағзасындағы түрлі микробтар адамдарға жұғып, дертке шалдығуы мүмкін. Бұл микробтарға тек микробиологиялық бактериялар, вирустар ғана емес, түрлі паразиттер мен олардың споралары жатады. Олармен толығырақ төмендегі материалда таныстырамыз.

Қағидалар мен ережелер – тазалық кепілі

Сүтті жануарларды дұрыс бақпаса, шикізат алғанда және оны өңдеген кезде тиісті ережелерге бағынбаған жағдайда сүттің құрамы өзгеру қаупі бар. Ал, бұл өзгерістер тамақтан улануға, аллергияға, кей жағдайларда ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.                           

Түрлі аурулармен ауыратын жануарлар, әдетте құрамы өзгерген, бұзылған сүттің қайнар көзі. Жануардан адамға жұғатын ауру түрлері зоонозды аурулар деп аталады. Сырқат жануардың сүтін пайдаланған сүт арқылы адам түрлі зооноздар жұқтыруы мүмкін.

Сүттің ластануының негізгі себептері (негізінен фермаларда, кей жағдайда сүтті фермалардан жинау кезінде және кәсіпорындарда өңдегенде):

Сауын кезінде сүтке шашыраған малдың нәжісі. Негізгі микроағзалар: ішек таяқшасы, сальмонелла, клостридиялар;

Қоршаған ортадағы зиянды қалдықтар. Бұл жағдайларға сауын кезінде ұзақ уақыт сүттің беті ашық күйінде қалуы жатады. Негізгі микроағзалар: листерия, псевомонастар, энтеробактериялар және түрлі зеңдер, мүктер;

Жануарды сауатын құрылғыларға бактериялардың жұғып, ластануы. Бұл жағдайларға басты себептердің бірі – сауын құрылғылары дұрыс тазаланбауы;

Негізгі микроағзалар: ішек таяқшасы мен және олар тектес бактериялар;

Сүттің ауру тасымалдаушының патогенді микрофлораларынан ластануы. Негізгі микроағзалар: алтын стафиллококк, стрептококк, листериялар, бруцеллалар, туберкулез таяқшасы;

Сауын кезінде, сүтті фермалардан жинағанда, өңдегенде қолданылатын құрылғыларды дұрыс қолданбаған жағдайда химиялық және фармацевтикалық қалдықтармен ластануы.

Бұл тізімді білу шарт

Негізгі зоонозды ауруларға туберкулез, бруцеллез және листериоз жатады деген пікір қалыптасқан.

Туберкулезді микобактериум (Mycobacterium) атты бактерия қоздырады. Бұл ауру сауылатын жануарлар асырайтын экстенсивті шаруашылықтардан гөрі, жалпы жайылымдағы малдарда, шағын қожалықтарда жиі кездеседі.

Туберкулез қыс кезінде сыртта көп жайылмай, күні ұзакқ жел кірмейтін, ауасы тазармайтын, тазалық талаптарына сай келмейтін қораларда қалатын табындарда көп кездеседі.

Бруцеллез туберкулезге қарағанда кең тараған зоонозалардың бірі. Бруцуллез мүйізді ірі қара малдар мен ұсақ малдарда, түйелерде де жиі кездеседі. Малдан малға, одан соң адамға жұғуы да мүмкін.

Бейресми ақпарат бойынша, бұл ауру Қазақстанда кең таралған, әсіресе ұсақ қожалықтарда, мүйізді ірі қара малдарда көп кездеседі. Бұл ауруды қоздыратын бактериялар Brucella abortus (мүйізді ірі қара малдарда көп кездеседі), Brucella melitensis (ұсақ малдарда көп кездеседі) деп аталады.

Бруцеллез бактериялары сүтке түсіп, одан адамға жұғуы мүмкін. Бруцеллездің «мальтий безгегі» деген де атауы бар, емі өте қымбат. Бұл дертке көбіне жануарлардың бұзылған тіндермен жұмыс істейтін ветеринарлар шалдығатындықтан "кәсіби ауру," деп те атайды (аборт пен ұрық жолдасының қанайналымы – ағзадағы бактериялар шоғырланған негізгі қайнар көзі).

Листериоз Listeria monocytogenes бактериясы қоздыратын бактериалды инфекция. Жануарлар бұл ауруды негізінен листериялар көбейетін қолайлы орта саналатын сүрленген мал азығынан жұқтырады.

Листерия орталық жүйке жүйесін зақымдап менингит және энцефалит ауруларын қоздырады. Листериоз кейде тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін. Бұл ауру көбіне жүкті әйелдерге, жаңа туған сәбилерге, қарт адамдарға және иммунитеті төмен адамдарға тез жұғады.

Мастит туралы толығырақ

Жоғарыда айтылған зооноздардан бөлек мастит туралы атап өту керек. Бұл сауылатын жануарларда жиі кездесетін ауру түрі.

Маститтің үш түрі бар:

Ауыр клиникалық мастит. Негізгі белгілері: жануар әлсіз, ештеңе ішпейді, жемейді, жоғары температура, сүті азайып, тіпті суалуы да мүмкін. Бұл аурудың негізгі қоздырушылары «колибацилл» деп аталатын ішек таяқшалары. Маститтің бұл түрі әдетте қауіп тудырмайды, себебі барлық белгілері көз алдыңда болғандықтан оның сүтін де ешкім пайдаланбайды, ешқайда өткізілмейді, оның үстіне суалып та кетуі мүмкін. Дегенмен, егер сауылып жатса сүтін төгіп, тірі жанға қолдануға тыйым салу керектігін атап өту қажет.

Клиникалық маститтің (орта дәрежесі) – қоздырушылары алтын стафиллококк (Staphylococcus aureus) немесе стафилококк уберис (Streptococcus uberis) бактериялары. Негізгі белгілері – желіннің аздап бөртуі, кей жағдайларда желіннен және сүттен жағымсыз иістің шығуы. Мұндай сүтті ішкен адам не уланады, не стрептококк инфекциясын жұқтырады. Мұндай сүт тұтынушы дастарханына жетпестен, төгіліп, көмілуі тиіс.

Субклиникалық маститте жануардың ауырған, ауырмағаны білінбейді. Кең тараған бұл аурумен ауырған малдың сүті тез бұзылады, сақталу мерзімі бұрынғыға қарағанда қысқа болады, нашар ұйиды, басқа тағам жасағанға өңделуі қиын. Әрине, мұндай сүт өнімдерінің зияны алдыңғыларына қарағанда аз болғанымен, сүт өңдеу саласында біраз қолайсыздықтар тудырып жататын кездері болады.

Сауылатын жануарлардың желінінің жағдайын тексеріп отырудың тиімді жолдарының бірі – сүттегі соматикалық жасушаларды тексеріп отыру. Бұл шара субклиникалық маститтің пайда болғанын дер кезінде байқауға көмектеседі.

Сауын малдары ауырмас үшін алдын-алу жұмыстары тұрақты жүргізілуі сүт өнімділігінің кемуіне, жоғары сұрыптың сапасының төмендеуіне жол бермейді.

Сүттегі соматикалық жасушаларды тексеруден бөлек, сауын малдарын маститтік тесттен өткізіп тұру қажет. Алғашқы кездері бұндай тестті айына бір рет жасаса, табындағы жағдай тұрақталған соң маусымда бір немесе форс-мажор болғанда сақтану мақсатында тағы бір рет өткізуге болады.

Температура – басты жау

Сальмоноллез, кампилобактериоз, иерсинеоз, дизентерия, лептоспироз, стафилококк инфекциялары, тырысқақ, күйдіргі, клостридий инфекциялары, аусыл, энтеровирустар, сары ауру, лейкоз, кене энцефалиті, стрептококк инфекциялары – бұл ауруларды қоздырғыштар сүттерде кездесуі мүмкін, бірақ сүт арқылы жұғатын зоонозаларға жатпайды.

Жоғарыда аталған аурулардың қоздырғыштарының көбін сүт құрамынан табуға болады, бірақ олар адамға ауру жұқтыратын негізгі ұясы емес.

Сүтті инфекциялық ауру таратушылардан тазалаудың жолдары:

Туберкулез. Сүтті 850С температурада 30 минут немесе 900С–та 5 минут термоөңдеуден өткізу және қайнату;

Бруцеллез. Сүтті 600С–та 30 минут немесе 850С–та 5 минут термоөңдеуден өткізу және қайнату;

Литериоз. Сүтті 700С–та 20-30 минут термоөңдеуден өткізу, 5-10 минут көлемінде қайнату;

Сальмонеллез, кампилобактериоз, эширихиоз. Сүтті 60-700С–та 10-15 минут термоөңдеуден өткізу немесе қайнату.

Ескере жүріңіз

Нормативтік құжаттардағы сауын малдардың денсаулықтарына қойылатын талаптардан үзінді:

Кедендік Одақтың техникалық регламенті: Шаруа қожалықтарындағы аусыл, оба, бруцеллез, түйдекті плевропневмония, энзоотикалық аққан сияқты ауру қоздырғыштарынан таза жануарлардың сүттері мен сүт өнімдеріне рұқсат етіледі»;

Еуропа Экономикалық Одағының талаптары: "шикі сүт желінінде жарасы жоқ, тыйым салынған дәрі-дәрмек қабылдамаған, рұқсат берілген дәрі-дәрмекті қабылдағаннан соң сауынға дейін белгіленген уақыты өткен, туберкулез бен бруцеллезбен ауырмаған дені сау малдан болуы тиіс. Құрамындағы микроағзалар көлемі 1 см3 –та 100–тан аспауы тиіс".

Уақыт өте келе талаптар күшейе түспек. Себебі, қазір Қазақстандағы сүт тұтынушылары аулалар мен базарларда сатылатын құйылмалы, үй сүтін алғанда жөн көреді.

Сүттің әдеттегіден ерте ашуынан көпшілік күдіктенудің орнына, оны өнімнің "табиғилығына" балап, қалыпты жағдай санайды.

Қосалқы шаруашылықтағы сүттің көбі қажетті талаптарға сай келмегендіктен, Қазақстанның сүт өңдеу кәсіпорындарына жетпейді. Ондай шикізат бейресми орындарда еш бақылаусыз сатылады. Халықтың тұтынушылық сауаты артқан жағдайда ғана мұндай шикізаттардың емін-еркін сатылуына жол берілмейді және халықтың денсаулығы жақсара түседі.

Сүт таңдағанда мұқият болыңыз, сау жануардың сүтін пайдаланыңыз!

Гаухар КОНУСПАЕВА,

мал шаруашылығы бойынша эксперт

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              

                                                                                                                               

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз