Мал шаруашылығы үшін маңыздысы – азық, жайлылық және маманның болуы. Бүгін біз азық туралы сөз қозғамақпыз. Себебі мал шаруашылығы өніміне қол жеткізуде негізгі шығын дәл осы азыққа жұмсалады. «Сиырдың сүті – тілінде» деген тәмсіл тегін айтылмаса керек.

Аз-кем теория

Азықтандыру – организмде функционалдық және морфологиялық өзгерістердің маңызды факторы болып табылады. Оның көмегімен денсаулыққа, өнімділіктің көлеміне және өнімнің сапасына ықпал етуге болады. Басқаша айтқанда, дұрыс азықтандырған жағдайда ең соңында көздеген өнімімізді беретін сау малға ие боламыз.

Азықтандырудың нормасы – жануардың энергияға деген ғылыми негізделген тәуліктік сұранысы. Мал тіршілік етуіне және өнім әкелуге жететіндей азықтануға тиіс. Әрине, азықтандыру нормасы әр жануар түріне, оның өнімділік бағыттары, физиологиялық жағдайы және басқа да параметрлері бойынша арналып жасалады.

ЭАБ – бұл энергетикалық азықтық бірлік (бір ЭАБ-ға 10 МДж алмасу энергиясы (АЭ) тең). Осынау көрсеткіш тұрғысынан алғанда барлық азықты шартты түрде төрт топқа бөлуге болады: көлемді – 1 келі 0,8 ЭАБ болады; концентратталған – 1 келі азықта 0,8 артық ЕАБ болады; мал өнімінен алынған азықтар мен рациондарды протеинмен, аминқышқылдармен, минералды заттармен және дәрумендермен байытуға арналған қосымша азықтар.

Тәжірибеде азықтар жасыл, ірі тартылған, балғын, концентратталған (астық және астықтан жасалған өнімдер), мал өнімімен жасалған азықтар, өндіріс қалдықтары, ақуыз емес азотты қоспалар, минералды және дәруменді азықтар, құрама жемдер, аралас азық, алмастырғыштар, қоспалар.

Дәстүрлі емес азықтар, ауыл шаруашылығының өзге де өндірістерінің қалдықтары экономикалық тұрғыдан белгілі бір пайда әкелуі мүмкін.

Құнажындарға арналған мәзір

Құнажындарды азықтандыруды нормалау – рациондар жасау, азықты беруге дайындау және оларды таратудан тұрады. Малдың әр тобына арналған рационды арнайы бағдарламаның көмегімен немесе компьютерде «қолмен» жасауға болады.

Рацион әзірленген нормативтерге сәйкес, сондай-ақ жануар қанының биохимиялық сараптамасы, шаруашылықта бар азықтардың құнарлылық және химиялық құрамына қатысты сараптамасы есепке алынып жасалады.

Әрине, азықтардың барлығы құрамы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Құнарлы заттардың саны өндірілген жылы, қайдан алынғаны, ылғалды сіңіруі және өңдеу әдістері секілді факторлармен есептеледі.

Азықтардың құрамын білу үшін сынама қажет. Олар дұрыс тәсілдемені қажет етеді: азықтың түрлі қабаттарынан тұратын аралас сынама қалыптастыру ұсынылады.

Рацион құрылымына байланысты реттелмелі азықтандыру типі қалыптасады. Айталық, сүт беретін сиырға сүрлемді-шөпті, пішенді-шөпті, балғын азықтар жоқ кезінде концентратты-шөпті беруге болады. Суалуда тұрған буаз сиырлар үшін шөп, пішен немесе шөпті-концентратты тип лайық.

Тірі салмақтың 1,5-3% – бұл етті ірі қара мал тұтына алатын құрғақ азықтардың көлемі. Ылғалдың құрамы жоғары азықтарды пайдалануды шектеу ұсынылады, олардың үлесі құрғақ заттардың тәуліктік рационының жартысынан аз болуы шарт.

Лимит қажет

Мал өсіруге байланысты шығындардың негізгі үлесін азық құрайды. Жануарларды шектен тыс азықтандыру зиян шектірсе, жеткіліксіз азықтандыру өнімділікті төмендетіп, пайданы азайтады.

Осыған байланысты шаруашылықта азықтардың бір жылға арналған шығыстар лимиті жасалады. Онда табынның өсіп-өнуі есепке алына отырып, барлық жынысы мен жасына байланысты топтар, жануарлардың жүріп-тұруы есепке алынып азықтандырылатын күндері, өнімділігі есепке алына отырып олардың тірі салмағы бойынша көрсеткіштері қарастырылады.

Әнуарбек СЕЙІТМҰРАТОВ,

« МжВҰЗО» ЖШС мал шаруашылығы және ветеринария бөлімінің меңгерушісі

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз