Шошқа өсірушілердің күйек үшін қабанды дұрыс таңдауы - жалпыға мәлім проблема. Малды күтіп ұстау, азықтандыру мен таңдау бойынша ұсыныстарды орындаған фермер дені сау торайларды өсіру мен бордақылаудың жоғары жылдамдығы бойынша ала алады.

Қолайлы жағдайды қамтамасыз ету

Қабанды көп жыл пайдалану, оның жыныстық белсенділігі мен тұқымының сапасы көп жағдайда толыққанды азықтандыру мен малды күтіп-баптаудың қолайлы жағдайына, дұрыс пайдалануға байланысты болады. Күйекке түсетін ұрпақ көбейтетін қабанның жағдайы үнемі жақсы болу керек. Қабан 12 айында ең алғашқы күйекке түседі. Алғашқы жылы оны шошқаның аналығы – мегежінмен күйектендіру арасына төрт күн салып жұптастыруға болады. Ал екі жылдан асқан қабан үшін жұптастырудағы аралық ұзақ – жеті күн болуға тиіс.

Жазғы уақытта мегежінді күйек күні екі рет – таңертең (таңғы 6-7-де) және кешке (кешкі сағат 7-де) шағылыстырады.Шағылыстыру арасы 12 сағаттан аспау керек. Жаздың күні ауа температурасының (25°С және одан жоғары) жоғары болуы шәуат жасушасына теріс әсер етеді, олар белсенді болмай қалады да, шошқа аналығының ұрықтануы төмендейді.

Қабанды құрғақ, жарық және жылы орын-жайда ұстайды. Шошқа қорадағы қолайлы ауа температурасы Цельсий бойынша 16-18 градус болады, ал қолайлы ылғалдық 60-70% шамасында болу керек. Шошқаға арналған ауданы 7-10 ш.м болатын білдек қоршаумен немесе биіктігі 1,4 метр тығыз қағылған тақтайлармен қорғалады. Әр қабанды қолайлы бақылау мен қабанды жеке азықтандыруға мүмкіндік беретін дайын білдектерді сатып алуға болады.

Қабанды ұстайтын орын-жайдың қабырғасын үнемі әктеу керек, еденін саңылау қалдырмай, ағаштан жасаған дұрыс. Білдекті күніне екі рет тазалау керек. Еденге сабан, жаңқа немесе ағаш үгіндісін төсеу қажет.

Жайылымның пайдасы

Қабанның шәуат жасушасының сапасын жақсарту үшін оларға концентрат көп беру (рационының 80%-на дейін) керек. Күніне арпа, сұлы, жүгері, тарыдан тұратын 2-2,5 кг астық қоспасын беру ұсынылады. Сондай-ақ рационда үгітілген жом мен күнжара (күніне 200 г), малдан алынатын азық- көк сүт (1,5 л), балық немесе ет-сүйек ұны (200 г) болуға тиіс.

Қыста және өтпелі кезеңдер жылында қабанға 0,5 кг-ға дейін шөп ұнын және 2-3 кг шырынды азықтар (картоп, сәбіз) берген дұрыс. Жазда қабанды бұршақ тұқымдас дәнді-дақылдармен (жоңышқа, беде, сұлы, бұршақ-сұлы қоспасымен), жас қалақай, жаңа шабылған әртүрлі шөппен қоректендіру керек. Тәуліктік рационда міндетті түрде 20г ас тұзы мен 20 г бал болуға тиіс. Бұл компоненттерді араласпаға қосқан дұрыс.

Жас мөлшері үлкен қабандарды ұзақ қоректендіргенде қарапайым норманы 10%-ға төмендетуге болады, ал жас малды (екі жасқа дейін) қоректендіру рационын бірқалыпты қолдануда төмендету ұсынылмайды, өйткені олар жас және күш жинау керек. Оларды күніне екі рет қоректендіруге болады. Азықтандыру уақытын фермер өзі таңдайды, бірақ азықтандыру кестесі үнемі сақталуға тиіс. Мәселен, таңғы 6-да және кешкі 4-те, таңғы 7-де және кешкі 5-те немесе таңғы 8-де және кешкі 6-да азықтандыруға болады. Қабандарға қалағанынша су береді, су жылы болу керек. Азықтандырып болғаннан кейін, қабандарды күйлеуге 1-2 сағат өткеннен кейін жіберуге болады.

Фермер азықтандыруға арналған азықты дұрыс дайындау олардың сіңірілуін арттыратын естен шығармағаны жөн. Құрама жем-шөпті шамалы ылғалдырған жақсы. Одан азықтандыруға дейін 1-2 сағат бұрын қою жылы араласпа дайындауға болады. Тамыр жемісті жуып, ұсақтап турап, шикі күйінде беру қажет. Картопты булап алған дұрыс. Шөпті ұсақтап турап, яғни көк көже жасаған жөн.

Қабанның ұрпақ көбейту функцияларына жайылымға шығу жақсы әсер етеді. Күн сайын малды жайылымға шығарып тұрған дұрыс. Жайылғаннан кейін, қабан 30-40 минут демалу керек, содан кейін азықтанады. Жазда қабанды күн ұзақ жаю керек. Ол үшін оның білдегінен тесік жасау керек. Қабан осы тесіктен қашаға өзі еркін шығады, ал қашаның аумағы 20 ш.м және қатты жер болуға тиіс. Егер жаз ұзақ және жылы болатын болса, онда қабанды жайылатын жерде азықтандыруға болады, ал мегеженді күйек үшін осы жерге айдап кіргізуге болады.

Қабандарға гигиеналық процедуралар қажет. Жылдың жылы мезгілінде оны жылы сумен щеткалап жуу керек. Қыста тек щеткамен тазалап қана қойса болады. Әсіресе, тұяқтарына аса мән берген дұрыс, тұяқтарын ай сайын қарап, қажет болған жағдайда кесіп отыру керек. Барлық зоогигиеналық талаптар мен баптап-күту ережелерін орындап отыратын болса, ұрпақ көбейтетін қабанды бес жылға дейін пайдалануға болады.

Іріктеп алудың үш тәсілі

Фермер күйлеу үшін қабанды қандай параметрлер бойынша іріктеп алу керек? Мал шаруашылығы тәжірибесінде асыл тұқымды іріктеп алудың гамогенді (бір тұқымдас), гетерогенді (түрлі тұқымдас) және жас айырмашылығына қарай деген негізгі 3 түрі бар.

Гомогендік іріктеуде малдарды өнімділіктің ұқсас санымен және сапалы селекциялық көрсеткіштері бойынша таңдайды. Егер сіздің шошқаларыңыз ет-майлы немесе беконды тұқым болса, онда қабанды мұндай тұқымға пайдалану ата-енелерінің тұқым қуаламайтын қасиеттерін ұрпаққа беруді сақтау мен тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Гетерогендік тәсілде жұптастырылатын малдар өнімділіктің сандық және селекциялық белгілері бойынша ерекшеленуі керек. Оның мақсаты – мал өсірудің бағытын түбегейлі өзгертіп, олардың кейін гомогендік іріктеумен бекітілетін жаңа сапасына қол жеткізу.

Жасына қарай іріктеу малдың аналығы мен аталығының жасын ескереді. Мықты және өміршең тұқым жыныстық жетілген аналық және аталық малдан пайда болатыны түсінікті. Онтогенетикалық даму үрдісінде олардың жеке және тұқым қуалайтын функциялары тұрақталған. Тәжірибелік мал шаруашылығы жас, жыныстық жетілген және кәрі аналықтарды ұрпақ көбейтетін жыныстық жетілгендермен жұптастыруды ұсынады. Торайлардың салмағы мен өмір сүру бойынша ең жақсы көрсеткіштері жыныстық жетілген малдарды жұптастырғанда болатыны байқалады, екінші орында жас аналықтар мен қабандар тұр. Ал соңғы орында кәрі аналық пен қабандар.

Сондай-ақ қабандарды шаруашылық маңызға ие іріктеудің басқа да әдістері бар. Оларға жынысы, жасы, қан құрамы, сондай-ақ аналықтарды жасанды ұрықтандыру жатады. Бұған қоса, қабандарды ұрпақ көбейту қабілетіне қарай, яғни шәуат жасушасының саны мен сапасына, оның шәуат жасушасымен ұрықтанған аналықтардың ұрпақ әкелуіне қарай іріктеуге болады.

Қабанды іріктеу барысында ең маңызды нәрсе оны тұқымы бойынша бағалау. Ол үшін қабанның ұрғашыларының көп өнім беруі анықталады. Қабанды нақты сипаттау үшін екі торайлау бойынша 20 ұрғашы торайдан кем болмайтын өсімталдығы есепке алынады.

Елена КУХАР,

шошқа шаруашылығы бойынша сарапшы,

биология ғылымларының докторы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ доценті

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз