Қазіргі кезде көкөніс шаруашылығының тиімділігін арттырудың басты рөлі - көкөніс дақылдарының тұқымшаруашылығын дамыту.Қазақстанда көкөніс шаруашылығы тауарлы сала ретінде халықтың өзін-өзі қамтуы үшін таптырмайтын бағыт. Сондай-ақ, қайта өңдеу саласында және шетке шығаруға өсірілетін дақылдадың бірі.

Көкөніс тұқымын өндірудегі кедергілер

Көкөністердің 90%-ы жеке шаруашылықтарда өсіріледі. Бірақ, бұл көрсетікіш еліміздің әр аймағында әртүрлі. Мысалы, кейбір аймақтарда көкөніс мүлдем өсірілмейді, кей жерлерде бұл баяу қалып бара жатқан шаруашылық түрі. Ал, көбіне ішкі жіне сыртқы сұранысты қамтамасыз етіп отыратын аймақтар республикамыздың оңтүстік және шығыс бөлігі.

Көкөніс шаруашылығының кейбір аймақтарды ақсап тұрғандығының бірнеше себебі бар:

- көкөніс өнімдерін өндірудің тиімді болмауы, соның ішінде көкөніс дақылдарын өсіретін мамандандырылған шаруашылықтардың жоқтығы;

- Қазақстанда көкөніс дақылын өндіру негізінен экстенсивті жолмен дамыған, көкөніс өндірісі тек Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Қазақстанның кейбір аймақтарында әлі күнге дейін көкөніске деген сұраныс деңгейі өте төмен, тұрғындардың көбісі мал шаруашылық өнімдерін көптеп тұтынады, ал көкөністі өндіруге немқұрайлықпен қарайды;

-көкөніс өндірісінің ұсақ тауарлылығы, көкөністі өндіретін орташа және ірі шаруашылықтардың мардымсыздығы, көкөніс өнімдерін өңдеудің дамымағандығы, Қазақстанда көкөніс өңдеуге қажетті техниканың жеткіліксіз қамтылуы, көкөніс өндіретін шаруалардың суармалы жерлерді тиімсіз пайдалануы, ең сорақысы маусым аралығында көкөніс өнімдерінің шеттен тасымалдануы (көрші Өсбекстан, Қырғызыстан, Тәжікстан мемлекеттерінен)

Көкөніс шаруашылығының қарыштап дамуының тиімді жолы – көкөніс тұқымын өндіруді қолға алу.

Өйткені, көкөніс өндірісінде отандық тұқымының жетіспеушілігінен, фермерлер шетелдік селекция сорттарының тұқымын сатып алуға мәжбүр. (қазіргі кезде көкөніс өндіруші шаруаларға жылына 800 тонна көкөніс – бақша дақылдарының тұқымы қажет, тұқымшаруашылық мекемелер тек жергілікті тұқымның 30-35% қамтып отыр. Қалғаны - импорт). Отандық селекция тек пияз сорттарын қамтамасыз етуде алдыңғы орын алады. Көкөніс дақылдары (қияр-21%, қызанақ-12%, асханалық сәбіз-14%) бойынша қазақстандық сорттар өте аз. Аққауданды қырыққабат, бұрыш, баялды, шалғам, асханалық қызылша, асбұршақ тәрізді дақылдардың отандық селекциялық ісі енді дамып келеді.

Жарамсыз техника мен ескі технология қолбайлау болып отыр

Қазіргі кезде көкөніс тұқымдарымен өзін өзі қамту үшін қолда бар шаруашылықтағы жарамды жерлерді толықтай инвентаризация жасап шығу қажет.

Сонымен, бұрынғы көкөніс тұқым шаруашылығы өндірілетін аймақтардағы жерлерді қайтадан көкөніс және картоп дақылдарының тұқымшаруашылықтарына айналдыруды да ойластыру керек. Бұл, әрине әлеуметтік және құқықтық негіздемелер, нормативтік құжаттар жасауды талап ететін жұмыстар.

Мысалы, көрші Өзбекстанда тұқымшаруашылығы ұлттық орталығы құрылған және әр аймақта тұқым шаруашылығымен айланысатын арнайы орталықтар бар. Соны үлгі етсек те, артық етпейді.

Республикада көкөніс дақылдарының тұқым шаруашылықтарының негізін жасамайынша, шеттен келетін көкөніс дақылдарының тұқымдарынан арыла алмаймыз. Көкөністік дақылдарды егу үшін, оның алдымен аймаққа аудандастырылған сапалы, жоғары сортты, қоршаған ортаға төзімді тұқымын дайындау қажет. Ал, ауылшаруашылық дақылдарының ішінде көкөніс дақылының тұқымын өндіру оңай шаруа емес. Оны кім болса, сол өндіре алмайды. Сонымен қатар, көкөніс дақылдарының тұқымын Қазақстанның кез-келген аудандарында да өндіре алмайсыз. Бұл да өз кезегінде мәселе туындатады. Қазіргі тұқымшаруашылықтары тұқымды өндіретін, оны керекті деңгейге жеткізетін, тұқымды тиісті конденцияға келтіріп, өнім өндірушілерге сапалы тұқым етіп, дайындап беретін шаруашылықтардың жұмыстары заман талабына сай болмай тұр. Жекешелендірудің жаңа реформасында тұқым шаруашылықтары, саланы дұрыс ұйымдастыра алмаудың салдарынан сапалы көкөніс дақылдарының қажетті сортты тұқымдарымен толық қамти алмай отыр. Көкөніс дақылдарының элиталы тұқымшаруашылықтары жоқтың қасы. Көкөніс дақылдарының тұқымшаруашылығымен жекешеленген шаруалар (фермерлер) шұғылданғысы келеді, бірақ сол тұқым шаруашылық саласын ұйымдастыруға қолбайлап тұрғаны тұқымшаруашылық бойынша нормативтік құқықтық актілердің әкімшілік басқаруы тосқауыл болуында, тұқымшаруашылық мақсатында қолданылатын техникалардың ескілігі, тұқымдарды тазалау, ажырату, кептіру, елеу, т.б. жұмыстарды жасайтын заманауи техниканың мардымсыздығы. Ең бастысы тұқым шаруашылығы бойынша мамандардың тапшылығы.

Қазіргі кезде қолда бар тұқымшаруашылықпен айналысатын фермерлер көкөніс тұқымдарын өндіруде әлі де болса ескі әдіс тәсілдерден арыла алмай келеді. Мысалы топырақты күзде дайындаудан бастап, ауыспалы егістен соң кейбір шаруашылықтарда топырақты дайындаудан алдын, алқаптарды әр түрлі арам шөптерден тазалау, егіс қалдықтарын шығарып өртеп жіберу, гербициттерді қолдану, органикалық тыңайтқыштарды сіңіру жұмыстары толық орындалмайды. Сүдігарлау кезінде ылғал үнемдеу, қарқынды технология қолданылмайды. Фермерлер күзде сүдігерді жыртқанда сүдігерді жырту, органик және минералды тыңайтқыштарды бірден енгізу технологиясын нашар қолданады.

Нәтижеінде, көкөніс дақылы егілетін алқаптарда қайта сорлану және топырақ құнарлығы төмендеп кетеді. Сондықтан ылғал топтау және ресурс үнемдеу, топырақ құнарлығын көтеру технологияны қолдану қажет. (гектарына 80 т көңді суперфосфат және хлорлы калий тыңайтқышымен араластырып енгізу). Сонда материалдық шығындар азаяды.

Агротехникалық элементтердің рөлі ерекше

Тағы бір өте маңызды факторлардың бірі - тұқым шаруашылығында кейбір техникалық агротехникалық элементтердің қолданылмауы.

Тұқым шаруашылығына бөлінген алқаптарда міндетті түрді ауыспалы егіс болуы керек.

Бұл ең маңызды агротехникалық іс-шаралардың бірі. Көкөніс дақылдарының тұқымдықтарының ара қашықтықтары сақталмауында. Бұл шараны қазіргі кезде ұсақталып кеткен шаруалар арасында мұқият атқармаса, тұқым сапасы күрт төмендейді.

Қызанақтың, баялдының, бұрыштың гибридті дараларынан тұқым мақсатында алынбайды фермерлер осыны білуі керек.

Фермерлер нені білуі керек?

Қырыққабат азотты, фосфорды және калий тыңайтқышын көп талап етеді. Дегенмен, калций және магний тыңайтқыштарын аз талап ететін дақыл. Сондықтан, тыңайтқыштарды қолдану кезінде дақылдың ерекшеліктеріне, топырақ құрамына болжам жасап енгізу тиімді болады.

Екі жылдық дақылдардың тұқым шаруашылығы аналықты сақтаумен байланысты.

Бірінші жылы вегетатив ағзалары екінші жылы генератив ағзаларын және тұқымдарын қалыптастырады. Тұқым шаруашылығында бірінші жылы сортқа тән жақсы дамыған, аурулар және зиянкестермен зақымданбаған, қыста арнаулы орындарда сақтауға жарамды өсімдіктер алынады. Тұқым шаруашылығы үшін ажыратылған жердің топырағы өте құнарлы органик және минералды тыңайтқыштармен байытылған болуы керек. Дақылға күтіп баптау жұмыстары жоғары технологиялармен жұргізілуі керек. Тұқым шаруашылығында элита тұқымдарын пайдаланыңыз. Кейбір шаруашылықтарда себілетін тұқымдарды әртүрлі өңдеулерден өткізбей еге салады. Бұл дұрыс емес, фермер өзі өндірген тұқымдарды пайдаланған кезде, міндетті түрде өңдеу қажет. Егістен алдын тұқымдарды микроэлемент араласқан сумен өңделінеді. Бұл тұқым құрамындағы патогенді ағзалардың зиянды қасиеттерін жоғалтады, аурудың алдын алады. Немесе тұқымдарды термиялық қыздыру әдістеріде оң нәтиже береді. Тұқым шаруашылығында барлық қажетті шарттарды міндетті түрде орындау керек болады.

Оңтүстік өңірде қыста қар аз, құрғақ болған жылдары ылғалды сақтау үшін бір-екі рет тісті тырмамен тырмалау керек. Егер көктемде құрғақшылық болса, ылғалды топтау үшін ауыр дискалы боронамен өңдейді. Қазақстан фермерлері көкөніс дақылының аналық өсімдіктерін отырғызғанда екі қатарлы таспалы әдісті қолдана бермейді. Мысалы, қырыққабат өсімдігін осындай әдіспен отырғызу өте тиімді болады (қатар арасы 90+50 ал өсімдік арасы 35-60 см).

Көкөніс су мен ылғалды сүйеді

Көкөністің көбі ылғалсүйгіш келеді. Сәйкесінше, көкөніс өсіретін егіншілік аймақтар да ылғалы мол жерлерде орналасқан. Фермерлер суды үнемдеу технологиясын барынша пайдалана бермейді. Әлікүнге дейін дақылдарды суғару жүйесі ескі тәсілдермен алып барады. Ашық алқаптада көкөніс дақылдарын тамшылатып суғару әдісін қолдану өте тиімді. Соңғы кездегі ең прогрессивті әдіс. Қазір материалдық жағдайы бар шаруалар тамшылатып суғару әдісін қолданады. Тамшылатып суғару әдісінің де өз кемшіліктері бар:

- біріншіден, білікті маман қажет;

- екіншіден, қатар араларына механикалық істеу бергенде суғару жүйелерін тамызғыштарды реттеу қайта жинау және құрастыру керек болады;

-материалдық шығынды көптеп талап етеді (1 метр құбыр 25 тенге);

- құбырлардың пайдалану мүмкіндігі шектелген ыстық әсерінен жарамдылығы қысқаруы мүмкін;

- егер сүзгілеу дұрыс болмаса құбырлар бітеліп қалуы мүмкін;

- тамшылатып суғару кезінде өсімдік тек қана судың ылғалы бар, еріген минералдық элементтерді алады, ал құрғақ тамыр түбінен қашықтықтағы еріген элементтерді жетерлік мөлшерде ала алмайды.

Химиялық тыңайтқыштар мөлшері

Екі жылдық дақылдардың аналықтары оңтүстік өңірде сәуір айының екінші онкүндігінде отырғызу басталады. Аналық тұқым материалы егілетін алқаптың топырағын күзде бастаған дұрыс. Дәстүрлі технология бойынша сүдігер кезінде 20-40 тонна көң беру керек болатын Қазіргі кезде топырақтың табиғи құнарлығы азайып кетті, сондықтанда әр гектарға 80 тоннадан шіріген көң берген тиімді, жәнеде 600-700 кг суперфосфат, 150-200 кг хлорлы калий енгізеді. (Сәбіздің аналығы егілетін алқаптарға көң аналық егістікке емес, оның алдындағы дақыл астына салады).Аналықтарды отырғызар алдында барлық технологиялық жұмыстарды мұқият орындау керек. Аналық өсімдіктің өсу-даму кезеңінде топырақтың қоректік элементтеріне қарай екі рет қоректендіру керек. Аналық өсімдік толық тамырлап өсе бастағанда қатар арасына 200-250 кг /га аммиак селитрасы, тұқым бастары қалыптасу кезінде 200 кг суперфосфат, 150 кг аммиак селитрасы және хлорлы калий.

Тұқым шаруашылықта арамшөптермен күресуге басты іс шара деп қарау керек. Сондықтан да арамшөптерге қарсы жүйелі әрекет ететін гербицидтер гезагардты пайдалануға да болады.

Қазір тұқымшаруашылығымен айналысатын фермерлер тұқымдардың шығымын арттыру әдістерін қолдана бермейді мәселен қырқабат, сәбіз, пияз тұқымдары аналық өсімдікте бірдей жетіліп пісе бермейді. Алдынғы піскен тұқымдары шашылып төгіліп түсіп кетеді. Сондықтан аналық өсімдіктердің сабақтарын шпагат жіптермен байлап тіреуіш жасауға немесе әр түрлі желімдеуші материалдар мен бүркеп желімдеугеде болады, сонда піскен тұқымдар шашылып түсіп кетпейді. Тұқымның сапасын арттыру мақсатында тұқымдық алқаптарға өсімдік гүлдеген кезде әр гектарға 4-5 ара ұясын қойғанда өте тиімді болады.

Шаруашылықтар тұқымдықтарды жинау үшін дисикация арқылы жетелдетіп, біркелкі пісіріп жетілдендіруге де болады. Ол үшін магнийдің хлоратын, күкіртқышқылды мысты қоладаныңыз.

Біржылдық көкөніс дақылдарының тұқым шаруашылығы

Қияр - Қазақстанда ең көп егілетін көкөніс түрі. Негізінен қияр дақылы топырағы борпылдақ, құмды, саздақ топырақтарда жақсы өніп-өседі. Қияр дақылы көшетпен және тұқымнан отырғызады. Топырақ қышқылдығы рН 5,9-6,1 болуы тиімді. Қияр ерте пісетін картоптан, қызанақтан, пияздан, асханалық тамыр жемістерінен кейін орналастырады. Қияр егістігіне топырақты дайындау дәстүрлі әдістермен жұргізіледі: Сүдігер жырту кезінде гектарына 100 тоннаға дейін көң шашу және 300-350 кг/га суперфосфат енгізу. Көктемде жеңіл топырақты жер ді 2 рет тырмалайды. Қалған жұмыстар қатар арасын культивациялау, арам шөптерге қарсы күресу, қосымша қоректендіру, қарқынды суғару әдісін қолдану, (тамшылатып суғару).

Тұқым шаруашылығында қиярдың тұқымдықтарын ашық жерде 1000 м қашықтықта орналастырады. Дәстүрлі егу сүлбесі 90+30; 2х20-25, 100+40:2х20-25 см. Тұқымдық қиярды механизммен жұмыс жасауда оңтайлы болуы үшін квадрат ұялы (90х90 см) еккен дұрыс, бұл жағдайда әр бір ұяға 4-5 дән енгізуге болады.

Тұқымдық егістіктерде: сорттық қоспаларды аластау; сортқа сәйкес келмейтін түйнектерді тазалау; тұқымдықтары пайда болғанда жүргізеді. Бір өсімдікте 3-4 тұқымдық қалдырады. Тұқымдықтарды тұқымдары толық піскенде жинайды. Тұқымдықтарда СОМ-2, ИБК-5А машиналарының көмегімен бөліп алады және жуады, ашу үшін арнайы ыдыстарға салады. Соңғы операциялар тұқымды тазалау, елеу, кептіру және сорттайды.

Қазақстанда тағыда бір көп өндірілетін дақыл қызанақ

Қызанақтың тұқым шаруашылығыда қызанақты тауарлық өсірумен қолданылатын агро шаралар бірдей дәрежеде қолданылады. Қызанақ тұқым шаруашылығын өзіне сай ұйымдастыруды қажет етеді. Қызанақ үшін - қырыққабат, қияр, қызылша, сәбіз, бұршақ, және бақша дақылдары өсірілген топырақта жақсы өніп-өседі, ал бұрыш, баялды, картоп, темекі егілген топырақта өсіруге болмайды. Қызанақ үшін ең жақсы топырақ- жеңіл қарашірінді құнарлы қара топырақ. Топырақты өңдеу, сүдігер көтеру, көктемде егіс алды жұмыстары механизмдермен жасалынады. Қызанақ егілетін алқаптарды ерте көктемде арамшөптерді жою үшін культивацияланады және гербицит енгізеді. Қызанақ ашық алқаптарға көшетпен немесе тұқымммен егіледі. Көшеттер көшетханаларда, бужайларда дайындалады.

Қызанақ көшеттерін отырғызғаннан соң тамшылату әдісімен суғарса да болады. Егістікті арам шөптерден таза ұстайды, қатар аралары культивацияланып, қосымша 2 рет қоректендіріледі.

Қызанақ тұқым шаруашылығында сорттардың оқшаулануы - 20 м болуы тиіс. Тұқымдықты тұқым шаруашылығы талабына сай сұрыптық жұмыстар жүргізіледі. Тұқымдық егістіктің сорттық сапасын анықтайды, жемістер піскен кезде егістікті апробация жасайды. Тұқымға бүйірлік өркендегі, жемістерін алу керек, себебі бұл жемістің тұқымдары өнімді және сапалы болады. Дұрысы толық піскен жемістерді қолмен жинап алу керек. Тұқымды арнай тұқымайырғыш машинада айырып алады, соң ыдыстарға салып, 4-5 тәулік ашытады. Ашыған тұқымдарды МОС-300 жуғышта жуып, соң кептіреді. Қызанақ тұқымдары, сорттық тазалығы бойынша ажыратады, тазалайды, кептіреді, және арнайы пакеттерге салып сақтау орнына жібереді.

Қуандық СЕЙТБАЕВ,ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз