Панталық марал шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың басты міндеті – табынды барынша көп өнім алу мақсатында сапалы жетілдіру. Мұндай жұмыс маралдардың панталық өнімділігін арттыру, ұрғашылардың ұрықшылдығын жақсарту және жас малды дұрыс өсіруді ұйымдастыруға бағытталған. Біз осы тұста марал шаруашылығындағы тиімді селекциялық жұмыс тәжірибесімен бөліскелі отырмыз.

Ғылыми негіздеме маңызды

Панталық марал шаруашылығында жынысы мен жасына қарай топтарға бөле отырып марал атауларының бірыңғай тізімдемесі қабылданған. Ол келесідей болып бөлінеді: төл (туғаннан бастап 6 айға дейін), қодыға (6 айдан 1,5 жасқа дейін), мүйіздене бастаған шағы (1,5 жастан 2,5 жасқа дейін), мүйізділер және марал (2,5 жастан асқандары).

Марал басын жетілдірудің негізі малдарды өнімділігі мен дене бітімі бойынша іріктеу және таңдау арқылы таза тұқымды етіп өсіру болуға тиіс. Тиісті жағдайларда күтіп-баптай отырып одан әрі таңдап іріктеу әрбір келесі жолы бітімі жақсы, мықты, панталық өнімділігі әлдеқайда жоғары мал тұқымын алуға мүмкіндік береді

Табынды жақсарту мен маралдардың өміршеңдігін арттыру үшін марал шаруашылықтарындағы мықты табындардан бұғы жеткізу және алмасудың маңызы зор.

Панталық марал шаруашылығында тұқымдық маралды таңдау, бұл жерде еркектерінің өзі негізгі тауарлық өнімді беретіндігімен де жеңіл болмақ және оларды ерте жаста соймайды. Таңдау барысында малдың жекелей сапасына мән беру керек. Таңдау таңбалау нәтижелері бойынша жүргізіледі.

Асылтұқымдық және шаруашылықтық құндылықтарды айқындау мақсатында жылсайын барлық мүйізділерді, маралдард, жас маралдарды, бұзауларды бағалау жүргізіледі. Маралдарды таңбалауды осы сала бойынша біліктіліктен өткен және панталық марал өсірудің ерекшеліктерін жақсы білетін асылтұқымдық қызметтің мамандары, арнайы мекемелердің ғылыми қызметкерлері, селекциялық шаруашылықтардың зоотехниктері жүргізеді.

Тұқымдық маралдар мен ұрғашыларды іріктеу

Ұрғашы маралдарды іріктеу және таңдауды ұйымдастыру – панталық марал шаруашылығындағы маңызды кезең. Әрбір марал шаруашылығында ұрғашы марал мен тұқымдық маралдардан тұратын асыл тұқымдық орта ұйымдастырылуға тиіс. Таңдалған жануарларға тиісті жағдайлар жасалған жағдайда тұқымдық орта табынның жетілуін айтарлықтай жылдамдатады.

Біртұқымнан өрбітуден теріс әсер тумас үшін тұқымдық маралдарды жоспар бойынша шаруашылықтар арасында айырбастап тұруға кеңес беріледі.

Асыл тұқымдық орта үшін бітімі мықты, тірі салмағы орташадан жоғары болатын (185 кг кем емес) 4-10 жас аралығындағы ұрғашы маралдар таңдалады. Тұқымдық маралдарды 5-10 жастағы, пантасының салмағы көп, «элита» класынан, 15-20 ұрғашы маралға бір мүйіздіден келетіндей есеппен таңдалады. Жалпы табындағы ұрғашылар үшін 1 кластан төмен емес тұқымдық маралдар таңдалады (бір еркек маралға – 10 ұрғашыдан).

Табынды қалыптастыру үшін ең жақсы малдарды таңдау жастарына байланысты барлық топтардағы өнімділігі төмен мал бастарын есептен шығарумен қоса атқарылуға тиіс.

Таңбағалауға қойылатын басты талаптар

Марал шаруашылықтарында асылтұқымдық құндылықтарды анықтау және малды тағайындау үшін жылсайын барлық маралдарды – мүйізділерді, ұрғашы маралдарды, жас маралдарды (6-8 ай) бағалау жүргізу қажет. Мүйізділерді таңбалау қарашада енелерінен ажыратқан соң, мал басын қысқы қораға қамаған соң жүргізіледі.

Мүйізді маралдардың дене бітімі жақсы, панталарының шеті айқындалған, панталарының екіге бөліну тереңдігі 8 см-ден аспайтын жуан бұтақтары 6-ға дейін болады.

Панталардың бұтақтары өте жуан және жақсы дамыған және өскіндері: қабақ сүйектері, мұзды және орташасы жақсы дамыған. Артық өскіндері мен айтарлықтай үстіңгі қабаттық өскіні болмауға тиіс.

Дене бітімі мен тұрқы малды бақылау мен тексерудің негізінде бесбалдық жүйе бойынша бағаланады. Сонымен бірге панталардың жетіспеушілігі де назарға алынады. Мүйізділер мен алғашқы мүйіздене бастаған маралдар бес класқа: өнімділігі, дене бітімі және дене тұрқын бағалаудың қорытындысы бойынша рекорд элита, элита, І класс, ІІ класс, ІІІ класс болып бөлінеді.

Марал табынын панталық өнімділігі мен конституциялық ерекшеліктері деңгейіне байланысты екі топқа бөледі: селекциялы және пайдаланушылық.

Ұрғашылардың пайдаланушылық тобы табынның 30-35% көлемінде ең жақсы малдардың арасынан таңдалады. Өнімділігі жоғары элиталық ұрғашылар жасы 4-10 жыл аралығындағы жалпы ұрғашылар санының 15-20%-ын құрайтын селекциялық топқа іріктеледі. Селекциялық топтан алынған жас марал дербес табынды қалыпқа келтіруге, сондай-ақ марал шаруашылықтарына сатуға пайдаланылады.

Селекциялық топтағы ұрғашылады 20-25 бастан құралатын жеке топтарға біріктіріп, жеке ұстау қажет.

Күйекті ұйымдастыру

Нарықтық экономика кезеңінде табынды кең көлемде көбейту екінші орынға ығыса бастады. Күйек – технологияның маңызды, әрі күрделі элементі болып табылады. Оған ұтымды даярлық ұйымдастырушылық-шаруашылықтық, ветеринарлық және зоотехникалық кешенді шаралардан тұрады, ғылым мен тәжірибенің заманауи жетістіктеріне сүйенеді.

Панталық бұғыларды күйектің алдына тұқымдық ретінде пайдаланудың мүмкіндігін зерттейді. Ақсақ, конституциясы бойынша кемістік байқалған, бұлшық еттерінің толысуының қанағаттанғысыз критериялары бар бұғылар күйекке жіберілмейді.

Маралдарда күйлеу кезеңі қыркүйектің басында басталып, қазанның соңында аяқталады. Мұның алдында панталары кесілген соң бірден басталып кететін дайындық кезеңі жүреді.

Күйекке дайындау кезінде таңдалған тұқымдық маралдарды шөбі шүйгін баққа қояды. Жайылымның жағдайына байланысты тамыздың екінші жартысынан бастап негізгі марал басын тәулігіне маралдың еркегіне 1 кг және ұрғашысына 0,5 кг есеппен концентратпен қосымша азықтандыру қажет. Азықтандыру алаңдарына азық атарбамен немесе техникамен жеткізіледі. Күйек кезінде азық әр нүктеге жеткізіледі.

Мүйізділерді ұрғашыларға қоспас бұрын олардың денсаулығы, жыныс мүшелері түрлі ауруларға тексеріледі. Күпек қуысында және оның сыртқы бетінде тіпті аздаған қабынуы бар мүйіздіні күйекке қоспайды.

Күйекке бақылау жасауды марал шаруашылығындағы мамандарға жүктейді. Оның міндеті бекітілген бақтың парктерін жиі-жиі аралап тұру, қоршаудың жағдайын тексеру, қажет болса маралдардың араласып кетпеуі үшін оған жөндеу жүргізу; күйектің барысын, мүйізділердің әрекеттерін тұрақты қадағалап тұру, мүмкіндігінше – күн сайын ұрықтанған ұрғашылардың санын тіркеу, ал қадағалаудың мәліметтерін күнделікке жазып тұру; азықты жеткізіп, беруді күн тәртібіне сай жүргізу.

Жасанды ұрықтандыру

Марал шаруашылығындағы мәселелердің бірі жас маралдар санының аздығы болып табылады. Әдетте 100 ұрғашыдан 30-38 бұзау өреді. Оның басты себебі – күйектің бақылаусыз жүргізілетіндігінде. Мұндай үрдіс Қазақстан мен Ресейдің марал шаруашылықтарында кеңінен таралған.

2016-2018 жылдар ішінде «Қатон-Қарағай марал паркі» базалық шаруашылығында біздің сарапшыларымыз Қытайдан Чан Хиамин есімді профессорды шақыра отырып маралдарды жасанды ұрықтандырудың инновациялық технологиясына трансферт жүргізген болатын.

Ұрғашы маралдардың жасанды ұрықтандыру құралдар мен жабдықтардың көмегімен жыныс жолдарына шәуетті енгізу арқылы жасалады. Процес бес негізгі кезеңнен тұрады: бұғыдан шәует алу, шәуеттің сапасын бағалау, оны араластыру, сақтау және ұрғашының жыныс жолына енгізу. Бұл бір бұғының шәуетімен табиғи ұрықтандыруға қарағанда ондаған, тіпті жүздеген ұрғашыны ұрықтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша қысқа уақытта малдың тұқымдық және өнімдік сапасын жақсартып, сондай-ақ жыныс жолы арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының таралуына жол бермейді.

Одан әрі асыл тұқымдық жұмыстар үшін таңбалаудың нәтижелері бойынша сырт бітімі жақсы және панталық өнімділігі жоғары мүйізді маралдарды таңдау қажет. Мүйіздіден шәуеттер арнайы қондырғымен алынған. Бұл қондырғылар малдың жыныстық безін ынталандырып, осылайша биоматериа алуға мүмкіндік береді. Бұдан кейін шәуеттің ұласып өсу дәрежесі және микроскоптың көмегімен белсенділігі бағаланады. Ұрықтандыруға жарамды ұрықтар арнайы ерітіндімен араластырылып, жасанды ұрықтандыру арқылы ұрғашыларды ұрықтандырылады.

Мүйізділерден ұрық алу электроэякуляция және ішкі органдарды уқалау арқылы алынды. Ол үшін малды ұйықтататын дәрі құйылған оқпен ұйықтатады.

Тұқымдық маралдардан жасанды ұрықтандыру үшін ұрық алу 48 сағатта 1 рет режимде жүргізіледі. Малда шәуеттік өнімділіктің тұрақты көрсеткіші орташа алғанда 7-8 жаста байқалады.

2016 жылы «Қатон Қарағай марал паркі» шаруашылығында 10 ұрғашы ұрықтандырылды, 2017 жылы 8 бұзау туылды, бұл төлдеудің 80%-ын құрайды. Бұл дәстүрлі күйекпен салыстырғанда жоғары болып саналады.

Енгізу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2017 жылы 15 ұрғашы маралды ұрықтандырудың нәтижесінде 12 бұзау алынды. Бұзаулардың денсаулығы жақсы, ешқандай ауытқушылық жоқ.

Аталған жұмыс жартылай жабайы мал саналатын маралдарды жасанды ұрықтандыруға болатынын және нақты нәтижеге, дәстүрлі күйекпен салыстырғанда екі есе көп төл алуға болатынын көрсетіп берді.

Нұрлан ТОҚТАРОВ,

марал шаруашылығы саласындағы сарапшы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз