Ресей Федерациясының 75 қаласына қаз етін экспорттайтын құс фабрикасының негізін қалап, ресейлік тұтынушылардың зор сеніміне ие болған қарағандылық ағайындылардың тарихы.

Ұшу траекториясы

Осыдан алты жыл бұрын жаңашылдыққа жаны жақын қарағандылық Валерий және Сергей Сергиндерге облыс орталығына жақын жердегі Үштөбе селосының маңайында қараусыз қалған бұрынғы құс фабрикасының орнына қаз фермасын ашу туралы ой келгенде, ешкім олардың бұл талабына сеніңкірей қоймаған болар. Соған қарамастан кезінде дүркіреп аты шыққан қуатты кәсіпорынды енді экспорттық бағытта дамыта отырып, қайта ашпаққа шешім қабылдаған олар 3000 га жер телімін алып, қызу іске кірісіп кетеді.

"Қаз өсіру – әлі көп ешкім қолға ала қоймаған шаруа. Сондықтан да оның болашағы зор болуы тиіс деген түпкі ойымыз болды. Әуелі өз қаражатымызды салып, көп ұзамай банктен несие алып қосып, іске кірістік. Осылайша "Сарыарқаның Алтын қазы" компаниясы өмірге келді. Бастапқыда отандық сауда желілерімен жұмыс істесек, екі жылдан кейін Ресей нарығына шығуды көздей бастадық. Дәл сол кезеңде көрші елге Еуропадан өнім жеткізуге санкция салынып, қаз етіне сұраныс артып тұр еді. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауға барымызды салдық",- дейді іскер жігіттер.

Алайда экспорттауға қатысты алғашқы қадам ағайындылар үшін бірден табысты бола қоймапты.

Рубльдің құлдырауы түптеп келгенде қарағандылық кәсіпкерлердің айналымға шығып кетуіне кедергі болған.

Ағайынды Сергиндер сонда да болса қиындықтарға қарамастан, әрі қалыптасып қалған беделін нығайта түсу үшін табанды түрде жұмыстарын жалғастыра берген. Ол еңбектері ақталды да.

"2015 жылдың соңында ресейлік сауда желілермен әріптестігімізді кеңейте түстік. 17 мың қаз сойып, шамамен 70 тоннасын Санкт-Петербор және Мәскеу қалаларына жібердік. Осылайша бас қалаларда жинаған беделіміздің арқасында біздің «Сарыарқаның Алтын қазы» Калининградтан бастап Иркутскіге дейінгі аралықтағы сауда орталықтарының сөрелерінен орын ала бастады. Бұл, әрине, біз үшін үлкен тосынсый болған еді", - деп еске алады Сергей Сергин.

Ағайындыларды одан да зор таң қалдырғаны жаңа жыл қарсаңында Мәскеудегі Австрия елшілігінен күтпеген жерден тапсырыс түскенде болыпты. Сөйтсе, "Сарыарқаның Алтын қазы" өнімдерінің шетелдік дипломаттарға қатты ұнағаны сондай, оны олар мерекелік дастархандағы астың үлкені ретінде дайындауды құп көрген екен.

"Ресейлік желілердің өкілі бізге өнімдеріңіздің тағы бір партиясын жібересіздер ме деген өтінішпен хабарласты. Австриялықтар біздің қаздарымыздың етінің дәмділігіне қатты тамсанып, Вена балы өтер қарсаңында ірі көлемде тапсырыс беруді ұйғарыпты. Мерекелері өткен соң дипломаттар біздің сауда өкіліміз арқылы алғыс айтып жіберіпті. Көңілімізді марқайтып тастағаны сол болды. Оған дейін де біз таратушы компаниялардан қаздарымыздың етіРесейде ең үздік саналатынын сан мәрте еститінбіз. Бірінші кезекте еттің қоңдылығын, дұрыс өңделгендігін және дәмін мақтайтын", - дейді мақтанышын жасыра алмаған Сергей.

Қазақстандық кәсіпкерлер үшін құрметтің ең үлкені Мәскеуде өтетін «№1Компания» сыйақысымен марапаттау салтанатына шақырту хатын алғанда болыпты. Бұл сыйақының лауреаттары әдетте Ресейдің мемлекеттік органдары, муниципалды билігі және тұтынушылық секторы пайдалану үшін жасақталған сенімді компаниялардың ресей федералдық тізіліміне енгізіледі.

Кеңеюге бағытталған қадам

Етті өткізу мәселесі шешілгеннен кейін ағайынды кәсіпкерлер өндірістің қуатын арттыру жайын ойлана бастайды. Оның үстіне ресейлік сауда желілері Қарағандының «Алтын қаз» өнімін ірі партиялармен сатып алуға дайын отыр еді.

Ол уақыттары кәсіпорынның өзінің жем шығару цехы мен қаптау тізбегі ғана бар болатын. Әйтсе де, жобаны кеңейте түсу үшін инкубатор мен арнайы жабдықтармен жабдықталған сою цехының болмауы кедергі келтіріп тұрған еді.

"Бұрнағы жылдары біз Ресейден әкелген жұмыртқаларды жалға алған инкубаторларға тапсырып немесе туғанына санаулы күндер ғана болған қаздың балапандарын алып келіп құс басын көбейтетінбіз. Бірақ бұл екеуі де уақытша шара болатын. Сол себепті Қытайдан қажетті жабдық таптық та, оны жеткізіп беруге алдын ала келісім-шарт жасастық. Бірақ, бере қоятын ақша таба алмай қалдық. Бас-аяғы 600 миллион теңге ақша қажет болды. Егер әлгі жабдықты алдыратын болсақ, онда қаз етін өндіруді үш есеге арттыратын мүмкіндік пайда болып, жылына 250 тонна ет дайындай алады екенбіз. Осы ойларымызбен мемлекетке хабарластық", - дейді жоспарларымен бөліскен Валерий Сергин.

Сондай-ақ, қарағандылық қос кәсіпкердің жоспарында өнім түрін көбейтіп, үйрек бағу идеясы да бар. Өйткені, үйрек қазға қарағанда тезірек өседі де, бір жылда бір емес бірден бес циклдан өтеді. Бұл Сергиндердің есептеуінше, жылына тағы да 250 тонна үйрек етін өндіруге болады деген сөз.

Мемлекет қолдау көрсетті

Қарағанды облысының аграрлық сектор басшылығы қаз құс фабрикасының озық тәжірибесін "ҚазАгро" компаниясының орталық кеңсесінде ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдеріне көрсетуге шешім қабылдайды.

"Барлық деңгейдегі шенеуніктер жобаның өміршең екендігін аңғарып, бірден қолдау білдіріп жатты. Қаз бағу шаруашылығы еліміздің ауылшаруашылық саласын дамытудың приоритетті тізіміне енбегеніне қарамастан оны қаржыландыруға уәде берді. Біздің ең үлкен басымдылығымыз – экспортқа бағытталған өнім өндіретіндігімізде еді", - дейді Сергей Сергин.

Астана тұрғындары мен қонақтарын отандық тауар өндірушілермен жақынырақ таныстыра түсу үшін «EXPO-2017» көрмесініңұйымдастырушылары келушілерді "Сарыарқаның Алтын қазы" компаниясының өндіретін етімен тамақтандыруды ұсынған болатын. Осылайша, өнім сапасының өте жоғары екендігі кезекті рет дәлелдене түсті.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі – ауыл шаруашылығы министрлігінің "ҚазАгро" холдингінің еншілес компанияларының бірі арқылы жобаны кеңейтуге қаржы бөлуі болды. Сыйақы пайызының қол жетімділігі мен жеңілдіктер кезеңі қарастырылған несие шарты құс фабрикасы үшін өте қолайлы еді.

Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып кәсіпкерлер жаңаша міндеттерді жүзеге асыруға кіріседі. Соның бірі – жергілікті ауыл тұрғындарын бизнеске тарту болатын. Яки, қаздарды жемдеу жұмыстары ауыл адамдарына жүктелсе, бұл бір жағы оларға да қосымша кіріс болар еді.

"Мұндай жұмыс принципін біз Германиядан көрдік. Құстарды өте үлкен өндірістік көлемде соятын фабрикаларға құстар жақын маңдағы фермалардантасылады. Одан түсетін табыс теңдей екіге бөлінеді. Бұл екі жаққа да тиімді. Біз де осыған ұқсас бір жүйені енгізіп көргіміз келді. Осылайша біз жемге кететін шығындарымызды үнемдейтін болсақ, тұрғындар бағып отырған құстарын өткізу проблемасын шешеді. Сөйтіп, олар да аз шығынмен өз ісін бастап кетуге мүмкіндік алады", - дейді идеясымен бөліскен Валерий Сергин.

Құс бағушы ағайындылар олардың бұл ұсынысы ең бір сан алуан ауқымдағы серіктестерді қызықтырады деген сенімде.

agrobilim.kz

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз