Егіс науқандарына дейін жерді өңдеу және бақша дақылдары тұқымдарын себу жұмыстарын қалай жүргізу қажет

Бақша дақылдарын өсіру дұрыс тәсілді қажет етеді. Тұқымды сауатты сеуіп қана қоймай, топырақты тұқым себудің алдында міндетті түрде өңдеу қажет. Осы технология туралы толығырақ материалымыздан біле аласыздар.

Күзден көктемге дейін

Ерте егілетін бақша дақылдарының түрі көп, мысалы, бидай ерте егіле береді. Жиын-терімнен кейін алқапты жыртып, фосфорлы-калийлі тыңайтқыш сеуіп тастау қажет. Аммофос және хлорлы калий (бір гектарға тыңайтқыш есебімен 300 килограмм аммофос және 100 килограмм хлорлы калий) пайдалануға болады.

Келесі кезең –тегіс қопсытқышпен 15-20 сантиметр тереңдікте ерте көктемде қопсыту. Ол қысқы және көктемгі кезеңде жинақталған ылғалды сақтап қалу үшін қажет. Қопсыту сондай-ақ топырақты жұмсарту, кесектерді үгітіп және осы уақыт аралығында өсіп қалған арамшөптерді шабуға көмектеседі. Осылайша, үш есе тиімділікке қол жеткіземіз: алқап арамшөптен тазарады, тегістеліп және ылғалды сақтап қаламыз.

Тұқым себу алдындағы дайындық

Бақша дақылдары тез қызатын құмды және құмайт топырақты жақсы көреді. Тұқым себілген соң топырақ +15-16 градуске дейін қызуы керек. Одан төмен температурада тұқымдар оянбай қалуы мүмкін. Тіпті ылғал көп болғанымен температура төмен болса егістің шығысы ұзаққа созылуы мүмкін: топырақ қызбайынша тұқым жерде жай жата береді, тіпті шіріп кетуі де ықтимал.

Топырақтың қызуын күту процесінде ерте көктемде тырмалау жүргізіледі, бұл сондай-ақ ылғалды сақтап қалуға көмектеседі. Жұмыстардың барлығын ұтымды уақытта жүргізу қажет. Оны Қазақстанның оңтүстік-шығысында мамырдың бірінші онкүндігінде өткізген дұрыс, ал солтүстікте мамырдың үшінші онкүндігіне қарай басталады.

Атыздардың есептік мәні

Егін себуге дейінгі дайындықтың соңы тік фрезамен (доминатор) аяқталады. Мұндай құралды Германияда, Италияда, Польшада құрастырады. Оны Беларусьта шығарылатын МТЗ-1221 тракторымен алып жүруге болады. Доминатор топырақты тұқым себуге дайындайды: атыздарды 12-15 сантиметрге дейін тіледі, осыдан соң тұқым себу қолмен жүргізіледі. Қопсытқышпен жоталардың арасын тегістейміз (тегістеуішке арналған КРН-4,2 органын пайдалануға болады, оның көлемі 70 сантиметрді құрайды)

Атыздар мен жоталар қатар мен қатарлар арасын белгілеу үшін тілінеді: қауын үшін – 2,8 метр, қарбыз үшін – 3,5 метр.

Мұндай арақашықтық өсімдіктің алдағы уақытта жақсы дамуы үшін қажет. Сонымен бірге іргелес қатарлардағы бақша дақылдарының сабақтары қарама-қарсы жақтарға бағытталады, қатарлар арасында атыз пайда болады.

Қолдың жұмысы

Тұқымды екі адам өз қолымен егеді. Бір адам шұңқыр жасаса, екіншісі тұқымды сеуіп, жауып отырады. Тұқымды жабу тереңдігі – 3-5 сантиметр, әрбір шұңқырға 3-4 дән салынады. Егер бәрі де жарып шығатын болса, соңынан біреуін қана қалдырады.

Тұқымды суға батырып қоюға да болады. Мұндай жағдайда тұқым себудің алдында топырақ ылғалды болу үшін су жіберу қажет. Себебі ісінген тұқымдар құрғақ топыраққа түскен кезде өліп қалуы мүмкін. Бұл диқандар үшін әрдайым қолжетімді бола қоймас. Бұған судың көбіне кеш берілуі себеп. Тіпті арықтар мен су көздерінде су болмауы мүмкін. Сондықтан бақша дақылдарын құрғақ топыраққа егуді ұсынамыз, ал су берілгеннен кейін суару қажет. Егер егіс табиғи ылғалдың әсерімен шықпаса, онда «шақыртып» суаруды қолданған жөн.

Суару атыздың екі қатарынан жүргізіледі. Әдетте бақша дақылдарын 5-6 жапырағы пайда болған кезде суарады. Оған дейін арамшөп оталып, көшеттер сиретіледі. Бұл бақша дақылдарын күту жұмыстарының қатарына жатады.

Жарас МАМЫРБЕКОВ,

Бақша дақылдары, картоп шаруашылығы және көкөніс шаруашылығының өсіріп-өндіру технологиялары және тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бақша дақылдары жөніндегі сарапшы

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз