Жыл сайын әр сиырдан бір бұзаудан тудыру – мал шаруашылығындағы басты міндет. Бүгін бұл міндетті шаруашылықтық және арнайы шаралар арқылы орындау мүмкіндіктері жайлы әңгімелейтін боламыз.

Жоспарлау – маңызды аспект

Етті мал шаруашылығында қысыр сиырларды ұстау тиімсіз, сондықтан өсіп-өндіруді ұйымдастыруды кәрі, қысыр, өнімділігі төмен сиырларды есептен шығару және табынды құнажындармен толтырудан бастаған дұрыс.

Қашыру маусымын жоспарламас бұрын кәсіпкер бұзаулау маусымын өзінің шаруашылық жағдайы мен мүмкіндіктері тұрғысынан анықтап алғаны жөн. Жоспарлаудың басты мақсаты: бұзаулау қысқы уақытта және 60-80 күн ішінде өтуі тиіс. Бұл жасы мен салмағы бойынша бұзаулардың біркелкі болуына мүмкіндік беріп, осы арқылы еңбекті аз қажетсініп, шаруашылықты тиімді әрі табысты етеді.

Асыл тұқымды мал өсіруші зауыттар үшін бұзаулау кезеңі қысқы және көктемгі маусымға сәйкес келгені тиімді. Туылған асыл тұқымды еркек тайыншалар келесі қашыру маусымын жабуға дайын болады.

Бұзаулау біркелкі болу үшін қашыру маусымы 45-60 күннен аспауы тиіс. Оның бірқатар артықшылығы бар: азықтандыру рациондарын тиімді қалыптастыру (барлық сиырлар мен құнажындар біркелкі буаз болады), қашыру науқаны мен бұзаулау кезінде уақыт пен еңбек шығынын үнемдеу (олар үзік-созық болмайды), туылған бұзаулардың тірі салмағы, жасы бойынша біркелкілігі, бұл басқаруға ыңғайлылық тудырады.

Маусымға дайын болу

Маусымдық қашыру маусымына тұқымдық бұқараларды 2 ай бұрын дайындайды. Оларды қашыру маусымының нормасы бойынша, зауыттық кондицияға сай болатындай есеппен азықтандырады.

Сонымен бірге қашыру маусымы алдында шәуеттің шапшаңдығы және бұқалардың жыныстық белсенділігі, репродукциялық органдары (ұмасының айналасы 30 см кем емес, крипторхизмнің болмауы) тексеріледі. Тұқымдық бұқаларды күтіп-бағудың гигиеналық жағдайларын бақылау және тоқсан сайын бір шәуетті ветеринарлық-санитарлық бағалау үшін шәуетке және жалпы бактериялық ластануға препуциядан алынатын шайындыны тексеру және коли-титр жүргізеді. Жылына екі рет вибриоз, трихомоноз, лейкоз, псевдомоноз, туберкулез, бруцеллез, лептоспироз, инфекциялық ринотрахеитке тексеріледі.

Сонымен қатар, бұқаларды жасы бойынша топтаған дұрыс (доминант бұқаларды бақылау жарақаттаудың алдын алуға мүмкіндік береді).

Қашыру науқаны алдында және қашыру кезінде бұқалардың денсаулығы, аяқтары, жыныс мүшелері қайта-қайта тексеріліп тұрады, жыныстық белсенділігі – жақындасуға қабілеті анықталады. Біржылдық бұқаның жүктемесі 12-15 сиырды, ал ересек бұқанікі 25-30 құнажынды құрайды.

Cherchez la... vache

Сиырлар мен құнажындардың зауыттық кондициясы болуға тиіс. Қашыру науқанына екі апта қалғанда олар қажетті ветеринарлық шаралардан өтуі қажет.

Сиырлардың буаздау кезеңі орташа алғанда 285 күнді, ал жыныстық циклының ұзақтығы орташа (құнажындарда әдетте қысқарақ) 21 күнге созылатынын есте сақтаған жөн.

Зауыттық кондициясы бар ересек сиырлар жас сиырлар мен құнажындарға қарағанда жылдам буаз болады. Әдетте 75 күннен дейін желіндей бастайды.

Қоңды күйде бұзаулаған құнажындар бірінші және екінші жыныстық циклда (42 күнде) буаз бола алады. Сиыр бұзаулағаннан кейін 36-шы күні жыныстық әуестікке дайын болады. Екінші экструс 15-21 күннен кейін келеді.

Арық күйде жүріп бұзаулаған сиырлардың әуестігі пайда болмауы мүмкін, оларды ұзақ уақыт қосымша азықтандыру қажет болады. Аса семіз сиырлардың да жыныстық әуестігі болмауы мүмкін. Олар ауыр бұзау тууға бейім келеді. Бұл олардың бұзаулауы кезінде де проблемаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Тым арық сиырларда да дәл осындай проблема туындайды, тек олардың бұзаулары әлсіз келеді, әдетте олар бұзаулаған соң өз-өзіне келуі ұзаққа созылады, бұл бұзаулау арасындағы интервалды ұзартып жібереді.

Бұзауларға – ерекше қамқорлық

Құнажындар алғашқы бұзаулағанда қиындық болатынын қашыру науқанына дайындық кезінде есте ұстаған жөн. Мәселен, олар өз бұзауын емізбей қоюы мүмкін.

Құнажындарды тірі салмағы 340-360 килограмға жеткенде (ересек сиырдың тірі салмағының 65%-ынан кем емес). Сонымен бірге, жас құнажындарға салмағы кішкентай бұзау туа алатындай әрі жеңіл бұзаулайтындай тұқымдық бұқалардың шәуетімен қолдан ұрықтандыруды қолданған жөн.

Құнажындарды сиырларға қарағанда бір ай бұрын қашыру қажет. Оның себебі, жас құнажындар бұзаулағаннан кейін қалыпқа келуі ұзаққа созылады, ал бұл жағдайда оларда қалыпқа келуі және өндірістік циклға кіруі үшін қосымша 30 күн болады. Құнажындарды ерте қашырғанда ұрықтанған соң жақсы азықтандыруды қарастыру қажет.

Буаздықты тексеру – маңызды кезең

Сиырдың буаздығын қан бойынша тексеруге болады (қашыру маусымы аяқталғаннан соң 30 күннен кейін). Тағы бір әдісі – қашыру маусымы аяқталған соң 45 күннен кейін ректальді тексеру, дәл осы мерзімде УЗИ-сканерлеуді де қолдануға болады.

Нәтижесінде қашан қанша төл алатыныңызды нақты біліп, азық, техника, адам ресурсы бойынша өз шығыстарыңызды дер кезінде жоспарлауға мүмкіндігіңіз болады.

Әнуарбек СЕЙІТМҰРАТОВ,

« МжВҰЗО» ЖШС мал шаруашылығы және ветеринария бөлімінің меңгерушісі

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз