Кәсіпкерлікте жасаған алғашқы қадам мұқият есептеуді қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығы саласы өзгелерден ерекше емес. Кез келген әрекетті алдымен жоспарлап, содан соң тапсырманы орындаудың ұйымдастырушылық шараларын өткізіп, жұмыскерлерді жігерлендіріп, жобалық нәтижелерді нақты нәтижелермен салыстыру арқылы тұрақты бақылау жасау қажет. Аталған қызметте бизнесті жоспарлау маңызды дүние болып табылады.

Маңызды шарттар

Сәтті әзірленген бизнес-жоспар кәсіпкердің өсуіне, жаңа нарықтарды жаулап алуға, дамудың перспективалық жоспарларын жасауға, жаңа тауарлар мен қызметтер өндіруге, сондай-ақ, оларды сатудың тиімді әдістерін дайындауға көмектеседі.

Бизнес-жоспар тұрақты құжат болып табылмайды, ол жүйелі түрде жаңарып тұрады, оған фирманың ішінде, сондай-ақ нарықтық үрдістерге байланысты өзгерістер енгізіліп тұрады.

Бизнес-жоспар келесідей материалдарға сүйенеді:

1. белгілі бір тауарды (қызметті) өндірудің нақты жобасы, бұйымның жаңа типін жасау немесе жаңа қызметтер көрсету.

2. Өндірістік шаруашылық пен коммерциялық қызметке жанжақты талдау. Ондағы мақсат – әлсіз және мықты жақтарын анықтау болып табылады.

3. Нақты міндеттерді іске асыру үшін экономикада пайдаланылатын қаржылық, техникалық-экономикалық және ұйымдастырушылық механизмдермен танысу.

Бизнес-жоспардың басты функциялары:

I Ішкі функциялары:

1. Бизнестің стратегиялық дамуын әзірлеу және оның қызметінің жекелеген бағыттарын нақтылау.

2. Жаңа өнім мен қызметтің жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру.

3. Ішкі ғылыми, техникалық, өндірістік және коммерциялық дербес әлеуетті бағалау, қорларды анықтау.

4. Жаңа технологияларды енгізу жөніндегі шараларды дайындау мен жүзеге асыру, қондырғылар сатып алу.

5. Жаңа өзіңнің жұмысшыларыңды және мамандарды таңдау және қайта даярлау

6. Кәсіпкерлік қызметтің қаржылық нәтижелеріне бақылау жүргізу.

7. Кәсіпкерлік қызметте тәуекелдің дәрежесін төмендету жөніндегі шаралар.

8. Кәсіпкердің жағымды имиджін қалыптастыру.

9. Банкроттықтың алдын алу шаралары мен дағдарыстық жағдайдан шығудың жоспары.

10. Акционерлер мен серіктестердің жиналысына даярлық және оны өткізу.

II Сыртқы функциялар:

1. Жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту.

2. Жобаларды мемлекеттік бағдарламаларға енгізу үшін негіздемелер. және орталықтандырылған көздерден қаражат алу.

3. Банктік кредиттер алу.

4. Қор нарығында акциялар мен құнды қағаздарды табысты саудалауды қамтамасыз ету.

5. Шетелдік капиталды пайдалана отырып бірлескен кәсіпорындар мен өзге де меншік түрлерін құрудағы қажеттіліктің ұйымдастырушылық-шаруашылық негіздемесі.

6. Қаржылық-өндірістік топтарды құру жөніндегі шараларды әзірлеу мен шараларды жүзеге асыру.

Бизнес-жоспар бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, дегенмен олардың негізгілері келесідей:

1. Фирманың даму бағыттарының экономикалық мақсаттылығының негіздемесі.

2. Қызметтің күтілетін қаржылық нәтижелерін есептеу, ең алдымен – сауданың, табыстың, кірістер мен капиталдың көлемі.

3. Таңдалған стратегияны іске асыруға көзделген қаржыландыру көзін айқындау.

4. Аталған жоспарды іске асыруға қабілетті жұмыскерлерді таңдау.

Табысқа жеткізетін, қолда бар ресурстарды пайдаланудан барынша ықтимал нәтиже алуға мүмкіндік беретін нақты жағдайдағы дұрыс әрекеттердің кепілі болып табылады.

Өз кезегінде бизнес-жоспарды әзірлеуге қажеттілік кәсіпкерде кәсіпкерлік идеяға құрылған мақсат қалыптасқан жағдайда ғана туындайды. Мақсат барынша нақтыланған көрсеткіштермен көрсетілуге тиіс. мысалы: «Жылына 1000 шошқа бордақылайтын қуаттылығы бар шошқа фермасын құру».

Құрудың құрылымы мен тәртібі

Бизнес-жоспардың құрамы мен оның егжей-тегжейлік дәрежесі жоба мен оның саласына байланысты болмақ. Егер қандай да бір өнімнің жаңа түрін өндіру жолға қойылатын болса, онда өнімнің күрделілігі мен осы өнімнің нарығы қарастырылған жан-жақты жоспар әзірленуге тиіс. Егер қандай да бір өнімнің бөлшек саудасы туралы сөз болатын болса, онда бизнес-жоспар қарапайым болуы мүмкін. Бизнес-жоспардың кең таралған түрі келесідей болып келеді:

1. Түйіндеме.

2. Жобаны орындаушы кәсіпорын туралы ақпарат.

3. Өнімнің, қызметтің сипаттамасы

4. Маркетинг жоспар

5. Өндірістік жоспар

6. Ұйымдастырушылық жоспар

7. Инвестициялық жоспар

8. Қаржылық жоспар

9. Бизнес жоспардың тәуекелін бағалау және тиімділік көрсеткіштері

10. Қосымша

Негізгі бөлімдердің мазмұны

Түйіндеме (бизнестің тұжырымдамасы) – бұл кәсіпкердің өз қызметін бастауда немесе дамытуда алдына қойған кәсібі мен мақсаттары туралы тез оқылатын ақпарттық шолу. Түйіндеме ықшамдалған, бизнес-жоспардың барлық бөлімдері жазылып болған соң, ең соңында жазылып, алайда бизнес-жоспардың басында орналастырылады. Түйіндеме барынша қысқа болып, бірақ ең маңызды ақпаратты қамтуға тиіс. Ең тиімді көлемі – 0,3-тен 2 бетке дейін.

Кіріспе бөлім жоспар толықтай құрылған соң жазылады.

Ол қысқа (2-3 беттен аспайтын) және жеке жарнамалық құжат ретінде жазылуға тиіс, себебі онда жалпы бизнес-жоспардң негізгі ережелері мазмұндалады. Онда кәсіпорынның атауы мен мекенжайы, құрылтайшылардың аты-жөндері мен мекенжайлары, ұсынылған жобаның негізгі ережелері, оның мәні мен мақсаты, жобаның құны, қаржыға сұранысы көрсетіледі.

Жобаның тұжырымдамасы және өнімнің сипаттамасы тұтынушыға ұсынылатын өнім мен қызмет түрлеріне нақты анықтама мен сипаттама береді. Сипаттау кезінде бұл өнімнің техникалық сипаттарына емес, ықтимал сатып алушыларға беретін артықшылықтарына баса назар аударылады.

Өнімнің немесе қызметтің бірегейлігіне немесе ерекшеліктеріне атап көрсету маңызды. Сондай-ақ аталған өнімді жетілдіру мүмкіндіктерін атап көрсету қажет.

Макроорта мен саладағы іс жағдайына талдау – бұл бөлімде болашақ бизнес-жоспардың жұмысының негізгі бағыттары мен мақсаттары жазылады. Бизнестің өзіне және оның жұмыс істейтін саласына бағалау жасау қажет, себебі нарықтағы жағдай бәсекелес ортада жеңіске жету үшін басты шарттардың бірі болып табылады. Бизнес-жоспарда саладағы қазіргі уақыттағы жағдайға талдау жасауға кеңес беріледі. Сондай-ақ аталған сала бойынша барлық болжамдарды зерделеп, осылайша бизнестің тауары немесе қызметі қандай тұтынушыға есептелгенін анықтау алуға болады.

Өндірістік жоспарда тауардың немесе қызметтің барлық өндірістік процестері жазылады. Орынжайға, оның орналасуы байланысты, қондырғы, жұмыскерлер құрамымен қатысты мәселелер қарастырылады. Егер құрылғалы жатқан бизнес өндірістік бизнеске жататын болса, онда өндірістік процес толықтай жазылады: өнімнің шығуын ұйымдастыру, өндірістік процестерге бақылау жүргізу, өнім құнының негізгі элементтерін бақылау. Аталған бөлімнің басты міндеті өнім шығындарының және өзіндік құнының толық деңгейін негіздеу. Бөлім бөлімшелерден құралуға тиіс:

1. Өнімді өндіру және сату бағдарламасы

2. Өндірістік қуаттылықтар.

3. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

4. Жұмыс күшіне және еңбекақылық қаражатқа сұраныс

5. Өндірістің және өнімді өткізудің шығындары.

6. Өнімнің сапасын бақылау, қоқыстарды жою.

Ұйымдастырушылық жоспар (менеджменттің жоспары) бизнестің меншік формасын көрсетіп, болашақ бизнестің ұйымдастырушылық құрылымды айшықтайды. Бұл бөлімде жұмысшы құрамының саны, мамандарды оқыту және даярлау, сондай-ақ консультанттар мен кеңесшілерді тарту туралы, тұтастай команданың білімі мен біліктілігіне сараптама жасалады. Ұйымдастырушылық құрылымды схема түрінде ұсынған жөн. Бұл жерде кәсіпорынның кадр саясатын түсіндіріп, жұмысшылардың қалай таңдаланатыны, дайындалатыны және біліктілігі көтерілетіні түсіндіріледі.

Маркетинг жоспары

Құрылым мен мазмұн – маркетинг жоспарын әзірлеу барысында фирма қызметін қолжетімді құралдардың көмегімен (тауардың сапасы, жарнама, сервис, баға және т.с.с.) нарық талаптарына барынша икемдеуді, нарыққа және тұтынушыға белсенді әсер етуді қамтамасыз ету қажет.

Аталған бөлім үш негізгі бөлімшеден тұрады. Олар бизнес жоспардың дербес бөлімі бола алады:

I. Өткізу нарығын зерттеу және талдау.

II. Маркетингтің стратегиясы.

III. Бәсекелестерді бағалау және бәсекелес стратегия таңдау

Өткізу нарығын зерттеу және талдау келесідей ақпаратты қамтиды: нарықтың орналасқан орны мен құрылымы; кәсіпорынның осы құрылымдағы орны; нарықтың көлемі; оның өткені мен болашағының бағыты; өнмің және оның сапасының бағыты; клиенттер мен олардың әрекеті; олардың нені қалайтындығы; бәсекелестер; өткізу мәселесі (тарату арналары, саудалау әдістері, мақсаттары және т.б.); аталған кәсіпорынның өнімі немесе қызметінің ерекшелігі неде; бизнес бәсекелестері алдында айтарлықтай артықшылықтарға ие болуы мүмкін және нарық жағдайларында сәтсіз өтетін нәрсе.

Бизнес-жоспардағы бәсекелестіктің сипаттамасы келесідей сұрақтарға жауап бере алады:

– ұқсас өнімді ұсынатын фирмалар көп пе, немесе бәсекелестердің саны шектеулі ме;

– нарықтың қандай бөлігін жетекші бәсекелес фирмалар бақылайды;

– талдау жасалатын бәсекелестердің ұйымдастырушылық құрылымы қандай және олардың сіздің фирмаңыздың ұйымдастырушылық құрылымынан айырмашылығы қандай;

– фирма қызметінің саласы, бәсекелестердің тұрақтылығының өзгеру жылдамдығы қандай;

– бәсекелестіктің негізгі саласы қандай (баға, сапа, имидж).

Өткізу көлемі мен динамикасы негізгі нарықтық сегменттердің әрбіріндегі ықтимал тапсырыс берушілердің (сатып алушылардың) ұқсас өнімді сатып алу туралы мәліметтері негізінде есептеледі. Заттай және құнын есептеудегі өткізудің жалпы көлемін сипаттаған жөн. Өткізудің жалпы жоспары соңғы үш жылға, әрқайсысы жеке-жеке жасалады.

Сату тактикасы – бұл жерде фирманың өз дүкені, сауда өкілдері, дистрибьютерлері бар-жғын көрсете отырып, тауарды саудалау және жеткізу үшін қолданылатын әдістердің мақсаттылығын қарастыру қажет. Бөлшек және көтерме сауданың көлемін айқындау керек. Негізгі көтерме сатып алушыларды көрсеткен жөн.

Баға саясаты – тауарлардың (қызметтердің) бағасын қарағанда, оны негізгі бәсекелестердегі бағамен салыстыру қажет. Баға, өткізу нарығы мен кірістің нәтижесін байланыстыру қажет.

Тауар саясаты кәсіпорынның сауда қызметі келесідей негізгі бағыттарды көрсетеді:

Ассортименттік саясат;

жаңа өнімді жасау;

кәсіпорынның сапа саласындағы стратегиясы (сойылған малдың еттілігін арттыру);

тауардың нарықтық атрибутикасы;

өнімді алып жүру жөніндегі ұйымдастыру стратегиясы.

Жарнама – тауарды теледидардан көрсету, газеттерде жарнама беру, щиттер және арнайы әдебиет шығару, көрмелер, семинарлар өткізу.

Қызмет көрсету және кепілдік – бұл жерде клиенттерде өнімді алып жүру бойынша қандай арнайы қызметтер көрсетілетінін, клиентке қандай жағдайда ақшасы кері қайтарылатынын көрсету қажет.

Инвестициялық жоспар

Жоспардың мақсаты – есеп беру, қандай қаражаттар – дербес және қарыз – жобаны іске асыруға қажет болады. Аталған бөлім келесілерден тұрады:

1. Жобаны іске асыру жоспары – инвестицияға дейінгі зерттеулерден бастап қарыз берушіге қарызды өтегенге дейін жүргізілетін шаралар жоспары.

2. Қаржы ресурстарына қажеттілік есебі келесіден құралады:

А. Жоба бойынша инвестицияға жалпы қажеттілік, оның ішінде үлкен шығыстар және айналым қаражатына арналған шығындар.

Б. Таза айналым капиталындағы қажеттілік, яғни, ағымдағы активтер, қысқамерзімдік міндеттемелер.

Бөлімде сондай-ақ келесілер көрсетіледі:

1). Жобаның қаржыландыру көздері – дербес және қарыз қаражаттар

2). Қарыз қаражатын ұсынудың шарттары: ұсыну мерзімі, төлемнің мерзімділігі, пайыз бойынша жылдық мөлшерлемесі, өтеу мерзімі.

Қаржылық жоспардың басты көрсеткіштеріне сатудың көлемі, пайда, капитал айналымы, өзіндік құн жатады. Қаржылық жоспар жобаның іске асырылу мерзіміне құрастырылады және оған кірістер мен шығыстардың болжам, ақша түсімдері мен төлемдердің болжамы, алғашқы жылға арналған баланс болжамы жатады. Аталған бөлімде келесідей құжаттарды ұсыну қажет:

1. Активтер мен пассивтердің болжамдық балансы (кәсіпорындар үшін)

2. Табыс ен шығындар туралы есеп.

3. Ақшалай шығыстар мен кірістердің балансы.

4. Шығынсыздықтың талдамасы.

А. Активтер мен пассивтердің болжамдық балансы жоспарланған кезеңнің әрбір жылының басына және соңына құрастырылады. Баланстық кестенің сол бөлігіне фирманың активтері, яғни кәсіпорын иелік ететін және шаруашылық қызметте белсенді түрде жұмылдырылған материалдық-қаржылық құралдар орналастырылған. Баланстың оң бөлігі – қажетті құралдарды алудың түрлі көздерін қамтиды.

Б. Табыстар мен шығындар туралы есеп табыстың қалай қалыптасатынын және өзгеретінін көрсетеді. Қаржылық тепе-теңдіктің бекітілген картинасын көрсететін баланстан айырмашылығы, аталған есеп фирманың қаржылық операцияларының динамикасын көрсетеді, таза кірістің көлемін айқындайды.

В. Ақша шығыстары мен түсімдердің балансы ақшалай қаражаттардың түсімдері мен шығыстарының синхрондылығын бағалауға мүмкіндік береді, демек – алдағы өтімділікті тексеруге мүмкіндік бар.

Мұның алдындағы бөлімдер мәліметтері негізінде салық есебі келтіріледі.

Г. Шығынсыздық талдауы кәсіпорын табыс көрмей, алайда шығын шекпей, өз шығыстарын жаба алатын сауда көлемін анықтау мақсатында келтіріледі.

Тәуекелдерді бағалау, яғни, кірісті ала алмай қалу ықтималдығы немесе өндіріс көлемдерін азайту, қанағаттанғысыз баға параметрлері, сапаның төмендеуі немесе өнімнің шығындары салдарынан шығыстардың артуы. Кәсіпкер барлық ықтимал тәуекелдерді және олар туындаған жағдайда салдардың ауырлығын жазып шығуға тиіс. Келесідей негізгі тәуекелдерді ескерген жөн: қаржылық, операциялық (өндірістік), экологиялық, әлеуметтік, криминалдық, репутациялық, маркетингтік.

Қоршаған орта аспектілері, әлеуметтік аспектілер – бизнес-жоспардың бұл бөлігінде өнім өндірісінің қоршаған ортаға әсері талданады. әлеуметтік аспектілер маңызды, егер жоспар жазылған топтардың бірі мемлекеттік органдар немесе заң шығарушылар болатын болса.

Қосымша – бұл құжаттарға келісімшарттардың, лицензиялардың, шығыс мәліметтері алынған құжаттардың көшірмелері, жеткізушілер мен бәсекелестердің прайс-парақтаы, статистикалық материалдар, ғылыми, сондай-ақ маркетингтік зерттеу мәліметтері және тағы басқалары. Қосымшаның міндеті – бизнес-жоспарды дәйекті ақпаратпен толықтыру.

Ең соңында, апробация және бизнес жоспардың таныстырылымы – жоспарлық параметрлерді әзірлеу барысында қателіктерге жол бермес үшін бизнес-жоспарды беделді консультанттарға және сарапшыларға табыстау қажет. Осыдан соң онымен ықтимал инвесторлармен және тікелей атқарушылармен таныстырады.

Виктор СИВОЛАП,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз