Кәсіпкерлікте жасаған алғашқы қадам мұқият есептеуді қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығы саласы өзгелерден ерекше емес. Кез келген әрекетті алдымен жоспарлап, содан соң міндетті түрде орындауға дайындық шараларын өткізіп, жұмыскерлерді жігерлендіріп, жобалық нәтижелерді нақты нәтижелермен салыстыру арқылы тұрақты бақылау жасау қажет. Бұл жұмыстың маңызды кезеңі бизнесті жоспарлау болып табылады.

Маңызды жағдайлар

Сәтті әзірленген бизнес жоспары кәсіпкердің өсуіне, жаңа нарықтарды игеруге, дамудың ұзақ мерзімдік жоспарларын жасауға, жаңа тауарлар мен қызметтер өндіруге, сондай-ақ, оларды сатудың тиімді әдістерін табуға көмектеседі.

Кәсіпкерлікжоспары өзгермейтін тұрақты құжат емес. . Ол жүйелі түрде жаңарып тұрады, оған фирманың ішіндегі, сондай-ақ нарықтағы өзгерістерге байланысты түзетулер енгізіліп тұрады.

Бизнес жоспары мына жағдайларға негізделеді:

1. белгілі бір тауарды (қызметті) өндірудің нақты жобасы, бұйымның жаңа түрін шығару немесе жаңа қызмет түрлерін көрсету.

2. Өндірістік шаруашылық пен коммерциялық қызметке жанжақты талдау жасау. Ондағы мақсат – кәсіптің әлсіз және мықты жақтарын анықтау болып табылады.

3. Нақты міндеттерді іске асыру үшін экономикада қолданылатын қаржылық, техникалық-экономикалық және ұйымдастырушылық тетіктерін зерттеу .

Бизнес жоспарының басты міндеттері:

I Ішкі өндірісте :

1. Кәсіптің стратегиялық дамуын айқындау және оның жекелеген бағыттарын нақтылау.

2. Жаңа өнім мен қызметтің жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру.

3. Өзіндік ішкі ғылыми, техникалық, өндірістік және саудалық мүмкіндіктерді бағалау, қорларды анықтау.

4. Жаңа технологияларды енгізу жөніндегі шараларды дайындау және жүзеге асыру, құрал-жабдық сатып алу.

5. Жаңа жұмысшылар мен мамандар алып, бұрынғыларды қайта оқыту

6. Кәсіпкерліктің қаржылық нәтижелеріне бақылау жүргізу.

7. Кәсіпкерліктегі қатер деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды іске асыру.

8. Кәсіпкердің беделін арттыру .

9. Банкроттықтың алдын алу шаралары мен дағдарыстық жағдайдан шығудың жоспары.

10. Акционерлер мен серіктестердің жиналысына даярлық және оны өткізу.

II Сыртқы міндеттер:

1. Жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту.

2. Жобаларды мемлекеттік бағдарламаларға енгізу үшін негіздемелер әзірлеу және орталықтандырылған көздерден қаражат алу.

3. Банк несиелерін алу.

4. Қор нарығында акциялар мен құнды қағаздарды табысты саудалауды қамтамасыз ету.

5. Шетелдік қаржыны пайдалана отырып бірлескен кәсіпорындар мен өзге де меншік түрлерін құрудағы қажеттіліктің ұйымдастырушылық-шаруашылық негіздемесі.

6. Қаржылық-өндірістік топтарды құру жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру.

Бизнесжоспары бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Дегенмен олардың негізгілері мыналар: 

1. Фирманың даму бағыттарының экономикалық тиімділігінің негіздемесі.

2. Қызметтің күтілетін қаржылық нәтижелерін, ең алдымен – сауданың, табыстың, кірістер мен қаржының көлемін есептеу.

3. Таңдалған стратегияны іске асыруға қажетті қаржыландыру көзін айқындау.

4. Аталған жоспарды іске асыруға қабілетті жұмыскерлерді таңдау.

Жоспар табысқа жеткізетін, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы барынша жоғары нәтиже алуға мүмкіндік беретін жағдайда дұрыс әрекет етудің кепілі болып табылады.

Өз кезегінде бизнесжоспарын әзірлеуге қажеттілік кәсіпкерлік идеяға негізделген мақсат айқын белгіленген жағдайда ғана туындайды. Мақсат барынша нақтыланған көрсеткіштермен көрсетілуі тиіс. Мысалы: «Жылына 1000 шошқа бордақылайтын мүмкіндігі бар шошқа фермасын құру».

Жоспардың құрылымы мен жасалу реті

Бизнесжоспардың құрылымы мен оның нақтылығы болашақ жоба мен оның қолданылу саласына байланысты болмақ. Егер қандай да бір өнімнің жаңа түрін өндіру жолға қойылатын болса, онда өнімнің күрделілігі мен осы өнімнің нарығы қарастырылған жан-жақты жоспар әзірленуі тиіс. Егер қандай да бір өнімнің бөлшек саудасы туралы сөз болатын болса, онда бизнесжоспары қарапайым болуы мүмкін. Бизнесжоспарының кең таралған түрлері :

1. Түйіндеме.

2. Жобаны орындаушы кәсіпорын туралы ақпарат.

3. Өнімнің, қызметтің сипаттамасы

4. Нарыққа шығару жоспары

5. Өндірістік жоспар

6. Ұйымдастырушылық жоспар

7. Инвестициялық жоспар

8. Қаржылық жоспар

9. Қатерді бағалау және бизнес жоспарының тиімділік көрсеткіштері

10. Қосымша

Негізгі бөлімдердің мазмұны

Түйіндеме (бизнестің тұжырымдамасы) – бұл кәсіпкердің өз ісін бастауда немесе дамытуда алдына қойған кәсібі мен мақсаттары туралы қысқаша шолу. Түйіндеме кәсіпкерлік жоспарының барлық бөлімдері жазылып болған соң, ең соңында жазылады , алайда жоспардың басында орналастырылады. Түйіндеме барынша қысқа болуы , бірақ ең маңызды ақпаратты қамтуы тиіс. Ең тиімді көлемі – 0,3-тен 2 бетке дейін.

Кіріспе бөлім жоспар толықтай құрылған соң жазылады.

Ол қысқа (2-3 беттен аспайтын) болуы және жеке жарнамалық құжат ретінде жазылуы тиіс, себебі онда жалпы бизнес жоспарының негізгі ережелері мазмұндалады. Онда кәсіпорынның атауы мен мекенжайы, құрылтайшылардың аты-жөндері мен мекенжайлары, ұсынылған жобаның негізгі ережелері, оның мәні мен мақсаты, жобаның құны, қажетті қаржы көлемі көрсетіледі.

Жобаның тұжырымдамасы және өнімнің сипаттамасы тұтынушыға ұсынылатын өнім мен қызмет түрлері жайлы баяндап, нақты түсінік береді. Өнімнің негізгі ерекшеліктерін сипаттау кезінде өнімнің техникалық сипаттарына емес, ықтимал сатып алушыларға беретін артықшылықтарына баса назар аудару қажет .

Өнімнің немесе қызметтің бірегейлігін немесе ерекшеліктерін атап көрсету маңызды. Сондай-ақ аталған өнімді жетілдіру мүмкіндіктерін көрсету қажет.

Жоспардың макроорта мен саладағы іс жағдайына талдау бөлімінде болашақ бизнес-жоспардың негізгі бағыттары мен мақсаттары жазылады. Кәсіптің өзіне және оның саласына бағалау жасау қажет, себебі бұл нарықтағы бәсекелес ортада жеңіске жету үшін басты шарттардың бірі болып табылады. Бизнесжоспарында саладағы ағымдағы жағдайға талдау жасаған жөн . Сондай-ақ аталған сала бойынша барлық болжамдарды зерделеп, кәсіпкер осылайша өз өнімінің немесе қызметінің қандай тұтынушыға бағытталатынын анықтап алуына болады.

Өндірістік жоспарда тауардың немесе қызметтің барлық өндірістік үрдістері жазылуы тиіс . Орынжайға, оның орналасуына байланысты, құрал-жабдық, жұмыскерлер құрамына қатысты мәселелер қарастырылады. Егер құрылғалы жатқан бизнес өндірістік бизнеске жататын болса, онда өндірістік үрдіс толық көрсетіледі: өнім шығаруды ұйымдастыру, өндірістік кезеңдерге бақылау жүргізу, өнім құнының негізгі жақтарын бақылау. Жоспардың бұл бөлімінің басты міндеті өнім шығындарының және өзіндік құнның толық көлемін негіздеу. Жоспар бөлімі бөлімшелерден құралуы тиіс:

1. Өнімді өндіру және сату бағдарламасы

2. Өндірістік қуаттылықтар.

3. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

4. Қажетті жұмыс күші және еңбекақылық қаражат көлемі

5. Өндірістің және өнімді өткізудің шығындары.

6. Өнімнің сапасын бақылау, өндіріс қалдықтарын пайдалану.

Ұйымдастырушылық жоспар ( басқару жоспары) кәсіптің меншік формасын көрсетіп, болашақ бизнестің ұйымдастырушылық құрылымын көрсетеді. Бұл бөлімде жұмысшылар саны, мамандарды оқыту және даярлау, сондай-ақ сарапшылар мен кеңесшілерді тарту туралы айтылады, және тұтастай ұжымның білімі мен біліктілігіне сараптама жасалады. Ұйымдастырушылық құрылымды сызба түрінде көрсеткен жөн. Бұл жерде кәсіпорынның кадр саясаты туралы баяндалып, жұмысшылардың қалай таңдалатыны, дайындалатыны және біліктілігі көтерілетіні түсіндіріледі.

Маркетинг жоспары

Құрылым мен мазмұн бөлімі –Нарық жоспарын әзірлеу барысында фирма жұмысын қолжетімді құралдардың көмегімен (тауардың сапасы, жарнама, қызмет, баға және т.б.) нарық талаптарына барынша икемдеуді, нарыққа және тұтынушыға белсенді әсер етуді қамтамасыз етуі қажет.

Аталған бөлім үш негізгі бөлімшеден тұрады. Олар бизнес жоспардың дербес бөлімі бола алады:

I. Өткізу нарығын зерттеу және талдау.

II. Нарыққа шығару стратегиясы.

III. Бәсекелестерді бағалау және бәсекелес стратегия таңдау

Өткізу нарығын зерттеу және талдау келесідей ақпаратты қамтиды: нарықтың орналасқан орыны мен құрылымы; кәсіпорынның осы құрылымдағы орыны; нарықтың көлемі; оның өткені мен болашағының бағыты; өнімнің және оның сапасының бағыты; тұтынушылар мен олардың әдет-мінездері; олардың нені қалайтындығы; бәсекелестер; өнімді өткізу мәселесі (тарату арналары, саудалау әдістері, мақсаттары және т.б.); аталған кәсіпорынның өнімі немесе қызметінің ерекшелігі неде; кәсіптің бәсекелестерден айтарлықтай артықшылықтары немесе нарық жағдайларында сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін тұстары .

Бизнес жоспарындағы бәсекелестіктің сипаттамасы негізінде мына сұрақтардың жауабын табуға болады :

– ұқсас өнімді ұсынатын фирмалар көп пе, немесе бәсекелестердің саны шектеулі ме;

– нарықтың қандай бөлігін басты бәсекелес фирмалар бақылайды;

–бәсекелестердің ұйымдастырушылық құрылымы қандай және олардың сіздің фирмаңыздың ұйымдастырушылық құрылымынан айырмашылығы неде ;

– фирма қызметінің саласы, бәсекелестердің тұрақтылығы қаншалықты жылдам өзгереді ;

– бәсекелестіктің негізгі саласы қандай (баға, сапа, бедел).

Өткізу көлемі мен барысы негізгі нарық бөліктерінің әрбіріндегі ықтимал тапсырыс берушілердің (сатып алушылардың) ұқсас өнімді сатып алу туралы мәліметтері негізінде есептеледі. Жалпы сату көлемін өнімнің заттай және құны бойынша есептеген жөн. Өткізудің жалпы жоспары соңғы үш жылға, әрқайсысы жеке-жеке жасалады.

Сату тактикасы Бұл жерде фирманың өз дүкені, сауда өкілдері, дистрибьютерлері бар-жоғын көрсете отырып, тауарды саудалау және жеткізу үшін қолданылатын әдістерді қарастыру қажет. Бөлшек және көтерме сауданың көлемін айқындау керек. Негізгі көтерме сатып алушыларды көрсеткен жөн.

Баға саясаты. Тауарлардың (қызметтердің) бағасын белгілегенде оны негізгі бәсекелестердің бағасымен салыстыру қажет. Баға, өткізу нарығы мен кірістің нәтижесін байланыстыру қажет.

Тауар саясаты кәсіпорынның сауда қызметінің мынадай негізгі бағыттарын көрсетеді:

Өнім құрамы саясаты;

жаңа өнім шығару ;

кәсіпорынның сапа саласындағы стратегиясы (малдың еттілігін арттыру);

тауардың нарықтық ерекшелігі;

сатылатын өнімге қосымша қызмет ұсыну стратегиясы (мысалы, сатылған малды күту жөнінде кеңес беру).

Жарнама – өнімді теледидардан көрсету, газеттерде жарнамалау , жарнама тақташаларын және арнайы кітапша шығару, көрмелер, семинарлар өткізу.

Қызмет көрсету және кепілдік. Бұл бөлімде тұтынушыларға сатылған өнімге қосымша қандай арнайы қызметтер көрсетілетінін, тұтынушыға қандай жағдайда ақшасы кері қайтарылатынын көрсету қажет.

Инвестициялық жоспар

Жоспардың мақсаты –жобаны іске асыруға қанша қаражат – өзіндік немесе қарыз ақша – қажет болатынын есептеп шығару . Аталған бөлім төмендегі бөліктерден тұрады:

1. Жобаны іске асыру жоспары – инвестицияға дейінгі зерттеулерден бастап қарыз берушіге қарызды өтегенге дейін жүргізілетін шаралар жоспары.

2. Қаржыға қажеттілік есебінде ескерілетіндер:

А. Жобаға салынатын қаржының жалпы көлемі, , оның ішінде кұрделі қаржы шығыны және айналым қаражаты шығыны .

Б. Таза айналым қаражатының қажетті көлемі , яғни, ағымдағы активтер, қысқамерзімдік міндеттемелер.

Бөлімде сондай-ақ мыналар көрсетіледі:

1). Жобаның қаржыландыру көздері – өзіндік және қарыз қаражаттар

2). Қарыз қаражатын берудің шарттары: беру мерзімі, төлемнің мерзімділігі, пайыз бойынша жылдық мөлшерлемесі, өтеу мерзімі.

Қаржылық жоспардың басты көрсеткіштеріне сату көлемі, пайда, қаржы айналымы, өзіндік құн жатады. Қаржылық жоспар жобаның іске асырылу мерзіміне қарай құрастырылады және оған кірістер мен шығындардың болжамы, қаржы түсімдері мен төлемдердің болжамы, алғашқы жылға арналған теңгерім болжамы кіреді. Аталған бөлімде көрсетілетін құжаттар :

1. Активтер мен пассивтердің болжамдық теңгерімі (кәсіпорындар үшін)

2. Табыс және шығындар туралы есеп.

3. Қаржылай шығындар мен кірістердің балансы.

4. Шығынсыздықтың талдамасы. 

А. Активтер мен пассивтердің болжамдық теңгерімі жоспарланған кезеңнің әрбір жылының басына және соңына құрастырылады. Теңгерім кестесінің сол бөлігіне фирманың активтері, яғни кәсіпорын иелік ететін және шаруашылық қызметте белсенді түрде жұмылдырылған материалдық-қаржылық құралдар жазылады. Теңгерімнің оң жағында қажетті құралдарды алудың түрлі көздері көрсетіледі.

Б. Табыстар мен шығындар туралы есеп табыстың қалай қалыптасатынын және өзгеретінін көрсетеді. Қаржылық тепе-теңдіктің өзгермейтін жағдайын көрсететін теңгерімнен айырмашылығы, аталған есеп фирманың қаржылық операцияларындағы өзгерістерді көрсетеді, таза кірістің көлемін айқындайды.

В. Қаржы шығыстары мен түсімдердің теңгерімі ақшалай қаражаттардың түсімдері мен шығыстарының сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді, демек, алдағы өтімділікті тексеруге мүмкіндік бар.

Мұның алдындағы бөлімдер мәліметтері негізінде салық есебі келтіріледі.

Г. Шығынсыздық талдауы кәсіпорын табыс түспесе де шығын шекпей, өз шығыстарын жаба алатын сауда көлемін анықтау мақсатында жүргізіледі.

Қатерді бағалау дегеніміз кіріс толық түспей қалу ықтималдығы немесе өндіріс көлемдерін азайту, қанағаттанғысыз баға мөлшерлемелері , сапаның төмендеуі немесе өнімнің шығындары салдарынан шығыстардың артуын ескеру. Кәсіпкер барлық ықтимал қатерлерді және олар туындаған жағдайда салдардың қаншалықты ауыр болатынын есептеп көрсетуі тиіс. Келесідей негізгі қатерлерді ескерген жөн: қаржылық, операциялық (өндірістік), экологиялық, әлеуметтік, криминалдық, беделдік, нарықтық қатерлер.

Қоршаған орта және әлеуметтікжағдайлар. Бизнес жоспарының бұл бөлігінде өнім өндірісінің қоршаған ортаға әсері талданады. Егер жоспар мемлекеттік органдар немесе заң шығарушыларға да арналған болса леуметтік жағдайларды көрсету де маңызды,.

Қосымша –келісімшарттардың, лицензиялардың, шығыс мәліметтері алынған құжаттардың көшірмелері, жеткізушілер мен бәсекелестердің баға парақтары, статистикалық материалдар, ғылыми, сондай-ақ нарықтық зерттеу мәліметтері және тағы басқалары. Қосымшаның міндеті бизнес жоспарын дәйекті ақпаратпен толықтыру.

Ең соңында тәжірибе жүзіндегі сынақ нәтижесі көрсетіліп және бизнес жоспарының таныстырылымы өтеді. Жоспарлық көрсеткіштерді келтірерде қателіктерге жол бермес үшін жоспарды беделді кеңесшілердің және сарапшылардың тексеруіне беру қажет. Осыдан соң онымен ықтимал инвесторлар және тікелей атқарушылар таныстырылады.

Виктор СИВОЛАП,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз