Баршаға белгілі, етті бағыттағы малдың қүйлілігі жақсы болуы керек. Дәлірек айтқанда әртүрлі өндірістік циклдарға сай қоңды болуы керек. Әсіресе етті бағыттағы сиырлардың шағылыстыру маусымына дайын болу үшін оларды бұзаулағаннан кейін күйін сақтап, ұстап тұру өте маңызды. Асыл тұқымды мал өндірушісі болуды қалай үйренуге болады.

Сиырлардың құнарлы азықты қажетсінуі

Буаздылығы жетілген кезде және бұзаулағаннан кейінгі алғашқы сүттену мерзімінде сиырлардың құнарлы заттарды қажетсінуі қаншалықты өзгеретінін білу өте маңызды. Мұны білу малдың күйін қажетті қалыпта сақтау үшін жемазыкты теңдестіруге мүмкіндік береді.

Етті бағыттағы сиырдың құнарлы заттарды қажетсінуін алып қарайық.

Мысал үшін буаздылықтың соңғы мерзіміндегі салмағы 545 кг сиырды алайық. Кестеде көрсетілгендей, оған тәулігіне 700 грамм протеин және, өте маңыздысы, 5.8 килограммдық қуат қажет. Орташа алғанда тәулігіне шамамен 11 кг құрғақ зат қажет.

Буаздылығы жетілген сиырға бұзаулағанға дейінгі уақытта қажет құнарлы заттар мынадай.

Сиырдың бұзаулауға дейінгі салмағы: 545 кг

Қажетті протеин:700грамм

Қажетті қуат көлемі: 5,8 кг

Қажетті құрғақ зат: 11 кг

Бұзаулағаннан кейінгі алғашқы ерте сүттену мерзіміндегі сиырға қажетті құнарлы заттар

Сиырдың бұзаулауға дейінгі салмағы: 500 кг

Қажетті протеин:1.3 кг

Қажетті қуат көлемі: 7,6 кг

Қажетті құрғақ зат: 13 кг

Енді бұзаулағаннан кейінгі алғашқы ерте сүттену мерзімінде сиырдың құнарлы заттарды қажетсінуі қалай өзгеретінін қарайық. Протеин қажеттілігі бірден 52% артып, тәуліктік протеин қажеттілігі 1.3 кг болады. Осы сүттену кезеңінде сиырға қажетті қуат көлемі 30% өседі. Бірақ енді ол салмағы 545 кг сиырға емес, 500 килограммдық сиырға қажет болады. Өйткені бұзаулаған сиырдың салмағы кемиді. Бірақ салмағы азайғанымен оның құнарлы затарды қажетсінуі арта түседі, сондықтан оның құрғақ заттарды қажетсінуі 20% артады.

Мұның бәрі сиырдың бұзаулағаннан кейін жемазықтағы құрғақ заттарды шамалы ғана көбірек қажетсінгенімен оның құнарлы заттарды қажетсінуі едәуір арта түсетінін көрсетеді.

Сондықтан бұзаулағаннан кейін сиырға сапалы жемазықты көбірек беру керек. Демек жануарды құнарлылығы жоғары жемазықпен және шөппен қосымша азықтандыру қажет.

Ең бастысы, фермер азықты теңдестіру және құнарлылығын көтеру арқылы жемнің протеин және қуат көлемін молайтуы керек. Бұл сиырдың еттілік күйін сақтап, тез қалпына келуі, шағылыстыру кезеңіне дайын болуы үшір маңызды.

Малдың өмірі және өсуі үшін қажетті құнарлы заттардың мынадай негізгі бес тобы бар: қуат, протеиндер, дәрумендер, минералды заттар және су.

Қуат. Қуатты құнарлы заттардың ең басты тобы - көміртегілер. Сұлы, бидай, арпа сияқты дәнді дақылдар құрамында қарапайым көміртегілерге жататын және оңай сіңірілетін қант пен крахмал бар. Малдың салмағы және өсуі үшін мұндай жемазықтың қуаттылық құндылығы жоғары. Негізгі өсімдік талшықтары түрлерінің бірі целлюлоза күрделі көміртегілерге жатады. Пішен мен шөпте целлюлоза көп. Сондықтан олардың қорытылуы крахмал мен қантқа қарағанда қиын, және олардың құнарлылық құндылығы да төмен. Алайда күйіс қайыратын жануарлар тазқарынында көп мөлшерде целлюлозаны қорыта алатындықтан, целлюлоза етті бағыттағы сиырларға қажетті мөлшерде қуат бере алады.

Қуат жемазықтың ең маңызды құрамдас бөлігі. Егер қажетті қуат болмаса протеиндер, дәрумендер, минералды заттар бірінші кезекте сарқылып қалады. Ірі жемазық әрқашан үнемді қуат көзі болып саналады.

Майлар құнарлы заттардың басқа бір тобын құрайды. Бірақ майларда қуаттың шоғырлануы көміртегілерге қарағанда жоғары. Күйіс қайыратын жануарлар майды нашар сіңіреді. Сондықтан майлардың жемазықтағы мөлшері 5 пайыздан аспауы керек. Жемазықтың табиғи жиынтығында майлар өте аз.

Протеиндер бұлшық ет, сүйек, қан, ағза мүшелері, тері, жүн, тұяқ пен мүйіздің өсуіне, сүттің өнімділігіне қажетті құрылыс заттары. Қорытылу барысында протеиндер амин қышқылдарына (құрамында азот бар құрамдас протеиндерге) ыдырайды. Амин қышқылдары қанға еніп, барлық дене мүшелеріне тарайды да дене талшықтарын түзеді.

Азот қуат көзі ретінде пайдаланылады. Артық азот несеппен сыртқа шығарылады. Құрамында протеин мөлшері жоғары жемазықтың (жоңышқалы пішен және жемазықтық қоспалардың) бағасы басқа жемазықтардан қымбат.

Жас малға, сүт түзу кезеңіндегі немесе буаздылықтың соңғы кезеңіндегі сиырларға қажетті протеин жоңышқалы пішен, беде, жайылымдағы балауса

шөп, немесе жоғары сапалы шөп пішенінен алынады. Протеинді жемазық қоспаларына мақта тұқымдастар, қытайбұршақ, зығырлы азық жатады. Жақсы пішен мен жайылым болса малға ұзақ уақыт бойы қосымша жемазық қажет емес.

Аз мөлшерде дәрумендер сиырдың денсаулығы және өсуі үшін қажет. Жасыл жайылым, жоңышқа пішені, жақсы шөп пішені малдың бауырында түзілетін А дәруменінің қалыптасуына қажетті каротиннің көзі болып табылады. Басқа қажетті дәрумендер жемнің құрамында болады немесе жемазық қорытылған кезде еріп кетеді. Бұл айтылғандар жануардың өсуіне және минералдық заттардың теңдестірілуіне қажетті D дәруменіне қатысты емес. D дәрумені малдың терісінде күн сәулесінің әсерімен түзіледі. Бірақ жануарлар үнемі қорада байлаулы тұратын болса олар D витаминін ала алмайды.

Минералды заттар аз мөлшерде ғана қажет. Бірақ олар жануарлардың өмірінде маңызды орын алады. Натрий, хлор және калий мал денесіндегі судың тепетеңдігі және қан айналымы үшін өте маңызды. Темір қанның қызыл түйіршіктерінің құрамына кіреді және онсыз қан оттегін тасымалдай алмайды. Сүйектердің қалыптасуы және сүттің өнімді болуы кальций мен фосфорға байланысты. Минералдар табиғи түрде ірі жемазық пен дәнді дақылдар құрамында болатындықтан мал оларды жемазық арқылы алады. Тек кейбір жағдайларда минералды заттарды қоспалар түрінде беруге болады.

Тұзда шөп пен пішенде кездеспейтін екі маңызды минералды зат – натрий және хлор бар. Тұз әрдайым кесек түрінде немесе шашыратылып малға берілуі керек. Сиырлар өздеріне қажетті тұздың мөлшерін өздері анықтай алады. Жемделетін малға басқа да минералдық заттар берілуі керек. Егер олар жеткіліксіз болса сіз текке ақша шығындап шығынға ұшырайсыз. Бірақ кейбір минералдық заттар көп мөлшерде берілсе зиян болуы мүмкін. Минералды қоспалар жемазықта кейбір минералдық заттар болмаған жағдайда беріледі. Минералдық қоспалар өте аз мөлшерде ғана қажет. Оларға мыс, темір, йод, кобальт, марганец, селен мен мырыш жатады.

Фосфорлы жемазық қоспасы мал жыл бойы жайылымда бағылғанда аса қажет. Фосфордың жетіспеушілігі әсіресе сиырлар ұзақ уақыт тек пішенмен немесе астық жиналып алынғаннан кейінгі қалдықтармен азықтандырылған жағдайда сиырдың жағдайына қатты әсер етеді. Құнарлы ірі жемазықта (пішенде) фософор малға, әсіресе суалған сиырларға, жеткілікті деңгейде болады. Фосфор қоспаларын ұзақ бойы құрғақ шөппен азықтандылған сиырларға немесе сүт шығымы жоғары сиырларға жеммен бірге береді.

Ірі жемазықпен азықтандыру

Ірі жемазық (жайылымдағы шөп, сүрлем, пішен) ірі қара мал үшін ең табиғи азық болып табылады. Күйіс қайыратын мал бұл жемазықты жақсы сіңіреді, бірақ мал бұдан дәнді дақылдармен азықтандырылғандай тез өспейді. Жас малдың біраз бөлігі уақыт пен жемазықты үнемдеу үшін бордақылау алаңдарында дәнді дақылдармен азықтандырылып өсіріледі. Егер құрама жемазықпен азықтандырудан малдың сүттілігі қыс түскенге дейін (қысқы орында пішен берілмей) артса, мұның тиімді болғаны. Бірақ жайылымдағы шөп басқа ірі қара мал үшін ең мол және ең арзан жемазық.

Жақсы шөп азығын ол жасыл күйінде өсіп тұрғанда, кеш шабылған шөппен салыстырғанда белокқа бай кезінде, шауып алу керек. Пішен шөп толық пісіп жетілмей тұрғанда, шашақтануының алдында, тұқымдықа шабылмай тұрғанда шауып алынуы керек. Жақсы шөп жасыл түсті, жапырақшалары бар, сабағы жіңішке келеді.

Тиісті жетілу кезеңінде шауып алынған шөп пішенінде бұршақ дақылдылар деңгейіндегідей қуатты заттар болады, бірақ белок елу пайызға аз болады. Жоңышқа сияқты бұршақ дақылдыларда қорытылатын заттардың (TDN) жалпы көлемінің 50-60 пайызы болуы мүмкін, ал пісіп жетілген астық тұқымдас пішенде бұл көрсеткіш 45-50% ғана болады. Жоңышқа тұқымдастармен салыстырғанда астық тұқымдас пішенде фосфор мен кальций аз болады.

Малға қажетті пішен көлемі оның жасына, қоңдылық күйіне, ірілігіне және басқа жағдайларға байланысты. Малдың сыртқы қоңдылық жағдайына қарап отырып оның жемазықты толық жеп тауыса алатынын немесе толық көлемде жей алмайтынын анықтауға болады. Егер пішен дәмсіз немесе жеуге жарамайтын болса, айталық тым қатты немесе зең басқан, жетілмеген болса, мал жемазықты қажетсініп тұрса да нашар жем желінбей қалады.

Сүрлем және пішендеме|

Жүгері сүрлемі (жүгері тектес өсімдіктерден жасалған) және пішендеме (балауса күйінде шабылған бұршақ дақылдас немесе дәнді және бұршақ дақылдастардан жасалған) жақсы жемазық. Сүрлемде ылғал көп болады. 3 қадақ жүгері сүрлемі және 2 қадақ пішендемедегі құрғақ зат көлемі бір қадақ жақсы пішендегі құрғақ зат көлеміндей болады. Сүрлем мен пішендеме ылғалды және жасыл күйінде сақталады, ал олардың құнарлылығы сүрлемнің ашуы есебінен сақталады.

Әнуар ТҰРҒАНОВ,

"Ангус Казахстана" республикалық палатасының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз