Шошқаны бордақылау – шошқа етін өндіру ісіндегі соңғы кезең. Оның нәтижесі малдың бордақылау алдындағы салмағына, бордақылаудың ұзақтығына және торайдың тұқымына байланысты.

«Ересектерше» азықтануға үйретеміз

белгілі бір салмаққа дейін өсіру үшін оның жасын ескеру керек. Ең дұрысы жасы бір айдан кем емес торай. Өйткені оны ересек шошқалардың азығына тез үйретуге болады. 1,5-2 айлық торай өз бетімен азықтана алады. Торайлардың алдағы уақытта тез салмақ қосуы үшін оларды кейбір қасиеттеріне қарай іріктеп алған дұрыс. Әсіресе дене тұрқы ұзын, жоны жалпақ, аяқтары мықты жетілген төлдер жақсы. Жүгіргенде немесе жүргенде торай тынысы тарылып, қырылдап қалмауы керек. Тәбетінің жақсы болуы да маңызды белгі. Бордақыланатын жас төлді мегежін шошқадан толықтай айыру қажет.

төлді мегежіннен айырғаннан кейін 10-15 күн өткенде сау төлдерді белсенді түрде азықтандыру басталады. Экономикалық тұрғыдан алғанда нашар жетілген немесе ауру торайларды бордақылау тиімсіз. Бұл жемазықты да, уақытты да ысырап қылып, шаруашылықты шығынға батыру деген сөз. Сондықтан ондай торайларды бірден союға жібереді.

2,5 айдан 4 айға дейін торайлар тез өсе бастайды. Шошқалардың тезірек жетілуі үшін жайлы жағдай, құрамдас заттары теңдестірілген жас азық қажет.

Азық құрамында ең алдымен құрама жем болғаны жөн. Егер торайлар құрғақ жеммен азықтанатын болса оларға іш қатуының алдын алу үшін көп мөлшерде су беру қажет. Суды шектемеу керек, өйткені ол торайдың тез өсуіне қолайлы. Шошқа барынша тойына азықтануы тиіс. Бір рет азықтанғанда ол өзінің толық тойынуына қажет мөлшерде жем жеуі керек. Егер ашық жайылым болса шошқаларды жайылымға шығарады. Онда олар шамамен күніне 5-7 сағат болады.

Әдетте шошқа өсіру кешендерінде малға құрғақ азық беріледі. Мал дәрігерлік, тазалық тұрғысынан алғанда бұл қолайлы. Сонымен бірге шошқаларды жемдеудің автоматтандарылған әдісі де қолданылады. Бұл жағдайда шошқаларға теңдестірілген құрғақ құрама жем және жемшөп қоспаларын береді. Жемазық құрамы малдың жасына және бордақылау әдісіне қарай белгіленеді.

Шошқаларды баққанда олардың мінез-құлқы мен әдеттерін білген дұрыс. Сол арқылы олардың физиологиялық жетілу жағдайын бақылап, туындайтын қиындықтардың белгілерін неғұрлым ерте байқап, дер кезінде алдын алуға болады.

Бүгінгі таңда табында ауру тарау қаупінің алдын алу үшін шошқаларды топтарға және жеке орындарға бөлу әдеттегі жағдай болып кетті. Ескі үлгіде салынған қораларда шошқаларды бір орыннан екінші орынға ауыстыру көп уақыт алуы мүмкін. Ал қазіргі қораларда бөлек орындардың арасы жақын, әрі қоралар ең жас төлдердің өзін бір орыннан екінші орынға оңай аустыруға болатындай етіп ыңғайлы жобаланған.

Тірі шошқалардың 25 килограммнан бастап 100 килограммға дейін орташа тәуліктік салмақ қосуы граммен есептеледі. Ең аз қосымша салмақ бастапқы кезеңде байқалады. Бірақ бордақылауға қойылған басқа ірі малдарда тәуліктік қосымша салмақ 1 килограммнан да асуы мүмкін. 5-6 айдан соң мал жыныстық жетілу кезеңіне жетіп, оның салмағы 90-100 килограммға жеткенде, салмақ қосу баяулайды. Кәрі аталық шошқаның салмағы 400 килограммға дейін жетуі мүмкін.

Төлге тыныштық қажет

Шаруашылықтың дамуы алдымен барлық жүйелер мен техникалық жабдықтардың мүлтіксіз дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Алайда, бұдан басқа, малдың мінез-құлқындағы сәл өзгерісті байқап, малдың мінезінде аурудың немесе оның жай-күйінің нашарлағанының белгілері байқалған жағдайда, қандай шаралар қолдану қажеттігін білудің де маңызы өте зор.

Топқа бөлініп өсірілген жағдайда шошқалар әрдайым жем, су, жайлы орын үшін күрес барысында үстемдік сатыларына бөлінеді. Жоғарғы сатыда болу үшін шошқалар бір-бірінің күшін дене тұрқына қарап сырттай бағалайды. Тіпті кейде бір-бірімен төбелесіп, жеңгені топтағы жоғарғы сатыдан орын алып үстемдік орнатады.

Сатыға бөлініп жіктелудің алғашқы белгісі торайлардың емшекке таласуы кезінде байқалады. Жоғарғы саты үшін талас торайлардың туғаннан кейінгі алғашқы 48 сағатында басталады.

Үстемдк үшін күрестің келесі кезеңі науадағы жемазыққа таласудан көрінеді. Көп жағдайдай сатыға бөлініп жіктелу жоғарыдан төмен қарай жүреді. Дәлірек айтқанда, ең күшті шошқа барлық малға үстемдігін жүргізеді де, күштілігі жағынан екінші тұрған шошқа қалғандарына үстемдік етеді. 

Бірақ белгілі бір үстемдік сатысы, мысалға емізілетін торайларды алсақ, ешқашан өзгермейтін нәрсе емес. Кей жағдайда, әсіресе бір топта көп торай болғанда, үстемдікті басқа торай жеңіп алуы мүмкін.

Бүгінгі уақытта бір топта 30 торайдан артық болмағаны жақсы деп есептеледі. Бірақ соңғы зерттеу нәтижелеріне қарағанда топтағы торайлардың санын олардың мінезінен қиындық туындайды деп қауіптенбей ұлғайтуға болады. Бұл үшін торайлардың тұрағының көлемі талапқа сай болып, жалпы қора жақсы ойластырылып жобаланған болуы қажет.

Әдетте әр түлі мегежіннен туылған 2-4 апталық торайлардың бір орында бір-бірімен «тұмсықтары түйісіп» тығыз тұруы қалыпты жағдай болып есептеледі. Ал 6 айлық торайларды бұлай бір-біріне жанастырып ұстауға болмайды. Сондықтан торайлардың тыныш жағдайда өсуі үшін оларды ерте жастан бастап топтарға бөлген дұрыс.

Кей кездері қазіргі шошқа қораларында әр түрлі мегежіннен туылған торайларды топтастырып бір орында бірге ұстайды. Соның салдарынан төлдер арасында үстемдік сатысы үшін қақтығыс туындауы мүмкін. Мұндай қақтығыс жануарларды тасымалдау кезінде немесе сою алдында орын алса, еттің сапасы нашарлап кетеді. Көп жағдайда белсенді шайқас үшін оларға қамалған орын тарлық етеді, сондықтан олардың қайсысы әлсіз екенін айыру қиын.

Шошқалардың қақтығысудағы мақсаты бірін-бірі өлтіру емес, топтағы ең күшті жануарды анықтау. Сирек жағадайда мұндай шайқастардың барысында олар бірін-бірі жеуі мүмкін.

Сондықтан туылғаннан кейінгі алғашқы алты айдың ішінде торайларды топтарға бөлу керек. Алдымен торайлардың үлкен бір тобы бөлек алынып, олар өздеріне арналған орындардың көлеміне қарай шағын топтарға бөлінеді.

Шошқалар күн сайын белгілі бір уақыт аралықтарында белсенді қозғалып, түрлі әрекеттер жасайды. Олар әсіресе күндізгі уақытта, көбінесе түс ауғаннан кейін көп қозғалады. Міне, осы кезде олардың арасында қақтығыс жиі болады. Автоматтандырылған жем-азық оттықтарының арқасында олардың тәулік бойы жем жеуіне мүмкіндік бар. Бұл әлсіреген жануарлар үшін маңызды. Бірақ шошқалар басқаларымен бірге бір мезгілде жем оттықтарына ұмтылады. Егер шошқаларға бордақылаудың белсенді кезеңінде жеткілікті мөлшерде жем берілмесе, кейін олар жоғалған салмақтың орнын толтыра алмайды. дың 25-30 рет азықтанғанда жем жеу мерзімінің жалпы ұзақтығы тәулігіне шамамен екі сағатты құрайды.

Тәжірибе барысында бақыланған шошқалардың қорада еркін жем жеп бордақылануға қойылған тобы жем-азықтың негізгі бөлігін күндізгі уақытта жеді. Олардың жемді ең көп жейтін кезі жарықтың өшірілуіне сәл уақыт қалғанда болды. Жарық таңғы сағат алтыдан кешкі сағат алтыға дейін жанып тұрды. Қалған 12 сағат бойы қорадағы жарық өшірулі болды. Шошқалар түн мезгілінде көп жем жемейді, өйткені аштықты олар негізінен күндізгі уақытта сезінеді.

Күйзеліс құбылысы

Шошқалар белгілі бір жағдайға бейімделе алмаса, күйзеліске ұшырауы мүмкін. Айналадағы үйреншікті жағдай кенеттен күрт өзгергенде, мысалы шошқаларға дәрі егу немесе олардың құйрығын кесу кезінде олар қатты күйзеліске кезігеді. Адреналиннің әсерімен оларда шамадан тыс қозу пайда болып, шошқалар бір бірімен шайқасуы немесе керісінше шегіншектеп қашқақтауы мүмкін.

Егер бұл қысқа ғана өткінші күйзеліс болса, ешқандай қиындық туындамайды. Ал егер жануарлар ұзақ уақыт күйзелістің әсерінен шыға алмаса, оларда созылмалы күйзеліс пайда болып, кортизон гормондары бөлінеді. Соның нәтижесінде жануарлардың денсаулығы нашарлап, қан қысымы жоғарылауы, жараның пайда болуы, күре тамырларының қабынуы, иммунитетінің, ұрықтану қабілеттілігінің төмендеуі сияқты белгілер байқалады. Тіпті, кей кезде мегежіндер өз төлдеріне қарамай кетуі мүмкін.

Күйзеліс малға қаталдық көрсету, оның үйреншікті жем-азығын ауыстыру, шошқаны топтап қамау, ескі қоражай, қораның дұрыс желдетілмеуі, адамдар тарапынан тиісті күтім болмауы себептерінен туындауы мүмкін. Бұдан басқа, шошқаның мінезіне сай ортаның болмауы да оның мінезінің өзгеруіне әсер етеді. Шошқа өзінің табиғи мінезін көрсетуге жағдай болмаса, күйзеліске ұшырайды. Оларға айналасын зерттеп, жерді тұмсығымен қопарып қазу сияқты әдет тән.

Шошқаны жабық орында ұстағанда күтушінің жұмыс уақытының басым бөлігі жануарларды олар жүріп өтетін жерлерде ғана емес, сондай-ақ жемдеу орындарында да ұдайы бақылауға арналуы керек. Осылайша олардың мінез-құлқы мен әрекетін жіті зерттеуге болады. Шошқаларды топтастырып ұстап оларды еркіндікте жемдегенде, олардың арасындағы әлсіздерін анықтап, оларды бөліп алып оңалдыру орындарына қамау керек. Жалпы туындаған мәселелерді дер кезінде байқап, соған сәйкес тиісті шаралар қолдану шошқа малын бағушы қызметкерлердің маңызды міндеті. Шощқаны бордақылағанда кейбіреулер жем-азық құрамына мән бермейді. Басқаша айтқанда, жем-азықты үнемдеу мақсатында кез келген жемді береді. Бірақ осының салдарынан қосымша салмақ төмендеп, ет пен майдың сапасы нашарлап кетеді. Ақырында бордақылау мерзімін ұзартуға тура келеді де, жем-азық көбірек жұмсалады.

Ал егер жем-азық құрамына дәрумендері мен микроэлементтері бар алғы қоспаларды енгізсе, тәуліктік қосымша салмақты арттырып, өнімнің сапасын жақсартуға болады.

Қорытындылай келгенде, ғылыми негізде ұйымдастырылған шошқа бордақылау ісі жоғары сапалы шошқа етін алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі тұтынушыға шошқаның белок құрамы жоғары, майы орташа мөлшердегі қақтаған және жас еті қажет. Сондықтан мамандандырылған шаруашылықтар мен өндіріс кешендерінде шошқа етін өндіру бірінші кезекте жұмсақ және қақталған ет дайындау мақсатында торайларды бордақылауға бағытталуы тиіс. Ал майлылығы жоғары шошқа етін шектеулі көлемде ғана шығаруға болады.

Галина РОЖНОВА,

Қазақстан шошқа өсіру шаруашылықтары Одағының атқарушы директоры, республикалық барлық тұқымдас шошқа өсіру палатасының төрайымы

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз