Мал дәрігерлерін ұрықжолдасы кешіккен жағдайда оны тазалау қажет пе жоқ па деген сұрақ жиі мазалайды. Сиырлардың көпшілігінде ол өз бетінше, бұзаулағаннан кейін 2-12 сағат ішінде шығады. Егер бұл процес 12 сағаттан асып кететін болса, онда мұндай күйді «қағанақтың кешігуі» деп атайды. Бұрын бұзаулағаннан кейін кемінде 72 сағат ішінде ешқандай әрекетке бармау керек делінді, алайда қазір әдістер мен протоколдар өзгерген.

Араласу инфекциядан да қауіпті

Күні кешеге дейін мал дәрігерлері сиырдың қағанағы кешіккен жағдайда тек арада 2-3 күн өткеннен кейін ғана, амал қолдануға, яғни, ұрықжолдас өз бетінше шықпаған болса, жатырды қолмен тазалауға кеңес беріп келді. Бірақ заманауи зерттеулер ұрықжолдасқа тиіспей, ешбір шара қолданбау қажеттігін көрсетіп отыр.

Бұрын сарапшылар жатырдан ұрықжолдасты қолмен алуға үйреткен болса, соңғы жылдары мұндай әдіс сиырдың алдағы уақытта төл әкелу қабілетіне теріс әсер ететіні белгілі болған.

Сондай-ақ, ұрықжолдастың шіри бастаған бөліктерін тазаламаса, малдың жатырында инфекция басталады деп саналып келді. Дегенмен қазір ғалымдар араласу жатырға ықтимал инфекциядан да зор зақым әкеледі деп отыр.

Сүтті мал шаруашлығында жүргізілген зерттеулер жатырды кешіккен қағанақтан қолмен тазалаған кезде сиырдың кезекті мәрте қашуы ештеңе істелмеген, ұрыұжолдасына тиіспеген сиырмен салыстырғанда 20 күн кеш басталатыны көрсетті. Тіпті жатырда пайда болуы мүмкін орташа инфекцияның өзі өз бетінше жойылып, сиырдың келесі мәрте желіндеуіне кері әсер етпеуі мүмкін.

Ветеринарларға сиырдың түспей қалған қағанағын алдыру үшін фермерлер әлі күнге дейін қоңырау шалады. Сондықтан олардың барлығына мұндай әрекет жасауға болмайтыны түсіндіріліп келеді. Осынау мембраналарды ажыратып тастауға тырысқанда қай кезде болсын қауіп туындайды. Жатырда ұрықжолдастың жабысатын арнайы орындары болады. Олар карункулдар немесе католидон деп аталады. Сиырда карункулдардың саны бірнешеу болады. Егер олардың біреуіне зақым келетін болса, ол бұрынғы қалпына қайтып келмейді. Сиырға желіндеу үшін осы карункулдардың барлығы да қажет. Ұрықжолдасты қолмен ажырату кезінде осынау карункулдарды зақымдау қаупі жоғары.

Сондай-ақ, жатыр қуысына қосымша инфекцияларды кіргізу қаупі пайда болады. Қағанақтың кешігуін емдеудің заманауи протоколы – сиырға тиіспеу, оған ештеңе жасамау. Көп жағдайда сиырлар өз бетінше қалпына келеді және тек аздаған пайызына ғана мал дәрігерінің көмегі қажет болады.

Егер ештеңе жасамаса, онда сиырдың жатыры ұрықжолдастан өз бетінше тазарады, бұл жетінші, оныншы күні немесе екі аптадан соң болуы мүмкін. Сирек жағдайда ғана қағанақ айтарлықтай инфекцияға алып келуі мүмкін. Қағанағы түскенше сиырды міндетті түрде таза, құрғақ жерде ұстаңыз. Бұл жағдайда жайылым қолайлы болмақ. Қабынуға көбіне салбырап тұрған ұрықжолдастың кірмен араласып, инфекция жұқтыруы себеп болады. Салбырап тұрған ұрықжолдасқа бактериялар жабысып, жоғары көтеріліп, жатырға енуі мүмкін. Егер жатыр ғана қабынған болса, онда сиыр өз бетінше оңалып кетеді, ал егер жүйелік қабынуға айналса,онда ветеринардың көмегі қажет.

Уақыт – басты көмекші

Сиыр су ішіп, жақсы азықтанып, еркін қимыл-қозғалыста болса, онда жағдайы дұрыс болғаны. Мұндайда ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Қағанағы өз бетінше бір-екі аптада түсетін болады. Ал сиыр ештеңе жемей тұрғанын байқасаңыз, онда қызуы көтеріліп, қабыну жүйелік сипатқа айналғаны. Мұндай жағдайда мал дәрігері антибиотиктер мен қабынуға қарсы дәрі қабылдауға кеңес береді. Аса алаңдатарлық жағдайларда мал дәрігері жатырды антисептикалық ерітіндімен шаюға мәжбүр болады. Дегенмен бұл әрекетке тек сиыр ауырып тұрғанда, жем-шөпке құлықсыз болған жағдайда ғана бару қажеттігі маңызды. 

Мұндай күрделі ем өте сирек жағдайда қажет. Егер шаруа салбырап тұрған өлі тін үшін алаңдайтын болса, ұрықжолдастың сыртта салбырап тұрған бөлігін ғана кесіп тастауға кеңес береді. Сондай-ақ, бұрын салбырап тұрған ұрықжолдасты тезірек түсіру үшін оған ауыр зат байлап қою қажет делінді. Алайда бұл әдіс ұрықжолдастың тезірек бөлінуі жылдамдатпайды. Себебі ұрықжолдас карункулдарда тек тін дайын болғанда ғана бөлінеді, ал қосымша күш түсірудің еш пайдасы жоқ.

Бұрын мал дәрігерлері қағанағы кешіккен жағдайда окситоцинді, сондай-ақ бұзаулаған соң простагландин дәрісін жиі пайдаланып келді. Бүгінгі таңда жүргізілген барлық зерттеулердің нәтижелері аталған дәрі-дәрмектердің осы ауруларға қарсы айтарлықтай тиімді емес екенін көрсетіп отыр.

Ірі қара малдың жатыры окситоцинді бұзаулағаннан кейін 24 сағаттан соң қабылдамайды. Бұл дәрі жатырға еш әсер етпейді, оны тазалай алмайды.

Окситоцин жатырды жиырылуға мәжбүрлейді. Бұл дәрі қысқа уақытқа ғана әсер етіп, сиырдың организмінде қысқа уақытта ғана белсенді болады. Зерттеу көрсеткендей, ұрықжолдастың карункулдан бөлінуін жылдамдатпайды және жатырдың жиырылуы осы бірігулерді босатуға көмектеспейді. Егер ұрықжолдас дәрі егілген тұста ендігі бөлінген болса, онда жатырдың жиырылуы оның жылдам сыртқа шығуына көмектеседі, бірақ егер бірігулер әлі де мықты болса, тиімділік болмайды. Бұл жерде басты көмекші уақыт қана.

Минералдық мәртебені тексеру

Ұрықжолдастың кешігіп шығуына бірнеше себеп болады. Олардың ішінде малдың ерекшеліктері мен жалпы табынның жағдайы да бар. Қағанақтың кешігу себебіне қарамастан, олардың барлығына бірдей ем жасалады. Инфекциялық агенттер малдың іш тастауына алып келетін ауру тудыруы мүмкін. Кез келген этиологиядағы (себептегі) іш тастаулар қағанақтың кешігуіне себеп болады. Сиыр әр кез мерзімінен ерте бұзаулаған сайын – іш тастау, егіз бұзау немесе салмағы толмаған бұзау – оның ұрықжолдасы уақытында шықпауы мүмкін, жатыр мен қағанақ ажырау үшін көбірек уақыт қажет

Инфекция, токсикоз, жетілмеген бұзау, егіз бұзау – қағанақтың кешігуіндегі кең таралған себептер. Кейбір құнарлы заттардың жетіспеушілігі жиі себеп боп жатады.

Жас сиырларда көбінесе кальций жетіспеушілігі жиі кездеседі. Сондай-ақ А және Е дәрумендерінің және селенаның жетіспеушілігі патологияның дамуына әсер етеді, кейде бұл мыс жетіспеушілігімен де байланысты болады.

Егер фермер табында ұрықжолдастың кешігу жағдайын байқап, алайда кешігудің нақты себебін білмейтін болса, онда сиырлардың азықтану бағдарламасымен жақсылап танысқаны жөн. Егер бұзаулау кезеңі ойдағыдай өтіп жатқанымен, қағанақтың кешігуі орын алса, онда азықтандыру жөніндегі маманмен кеңесіп, азықтағы дәрумендер мен минералдар жеткілікті деңгейге екендігін тексеру қажет. Мұндайда олардың минералдық мәртебесін анықтауға талдау үшін азықтың сынамаларын және бірнеше сиырдан қан алыңыз.

Сондай-ақ, қағанақтың бірлі-жарым кешуіне сиырдың өте арық немесе тым семіз болуы да себепкер болады. Ең жақсы профилактика – сиырларды тиімді формада ұстап,оның азықтануын қадағалаңыз.

Адамдарға төнер қауіп

Қағанақтың кешігуіне себеп болатын ауру түрінің де бар екендігін есіңізден шығармаңыз. Мәселен, бруцеллез. Себебі байқалмайтын қағанақтың кешігу жағдайын білетін болармыз, бірақ оның өте қауіпті инфекциялық ауру болуы да мүмкін. Сондықтан ұрықжолдаспенжұмыс жүргізгенде әрдайым абай болған жөн.

Егер сиыр бруцеллезге байланысты іш тастаған болса, онда ауру ұрық айналасындағы су, ұрықжолдас және өзге ұрық қабығы арқылы таралады. Патологиялық тудыру кезінде міндетті түрде қолға арнайы қолғап кию қажет, ал түсікпен тудырылған ұрық пен ұрықжолдас тиісті жолмен жойылуы керек.

Қағанақтың кешігуі жақсы диагностикалық индикатор болмақ. Сіз әрдайым оның бір бөлігін зертханаға, түсіктің инфекциялық себебін немесе жаңа туылған бұзаудың әлсіздіктерін жоққа шығара алатын боласыз.

Екатерина ЗИМИНА,

ветеринарлық дәрігер

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз