Қазақстанның тоған шаруашылығында тұқы балықтары және өсімдікпен қоректенетін балықтар – ақ амур, ақ және шұбар дөңмаңдайды тауар түрінде өндіру тиімді болып табылады. Жалпы, елдегі тоған балық шаруашылығының әлеуеті жылына 5000 тонна тауарлы балық өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Жоғары сұранысқа ие

Қазақстанда арналық тоғандар мен өзіндік ағын сумен жабдықталған екі тоған шаруашылығы бар. Олар: Түркістан облысындағы Шымкент тоған шаруашылығы мен Алматы облысындағы Шелек тоған шаруашылығы. Сонымен қатар, дамбыланған тоған және өзіндік ағын сумен жабдықталған жеті шаруашылық – «Ардағым» ШҚ, Тасөткел, Қарағанды балық тәлімбағы, Бұқтырма, Шідерті, Қапшағай уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылықтары, ҚазӨАС (Қазақ өндірістік-акклиматизация станциясы) жұмыс істейді. Бұлардан бөлек, дамбыланған тоғандар мен механикалық сумен жабдықталған тоғыз шаруашылық – Қазалы, Қызылорда, Сарыкөл, Өскемен тоған шаруашылықтары, Петропавл, Қашыр, Үстіңгі Тобыл, Майбалық, Шардара балық тәлімбақтары бар.

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жүргізген зерттеулер нәтижесіне сәйкес, түрлі типтегі тоған шаруашылықтарында тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтардың тауарлы өнімдерін өндіру аса тиімді болып саналады. Балық өсіру өнімдері елдің ішкі нарығында халықтың зор сұранысына ие.

Барлық аймақтардың тоған шаруашылықтарында тұқы және үш жасар ақ амур, ақ және шұбар дөңмаңдайдың екі жылдық айналымын жүзеге асыру қажет. Тауарлы өнімдерді өсіруге арналған тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтардың шабақтарының орташа салмағы 60 г, балық өсіру материалы болып табылатын екі жасар өсімдікпен қоректенетін балықтар – 500-600 г.

Екі жасар тауарлы тұқы балықтардың орташа салмағы 0,6-1 кг, тауарлы ақ амур – 1-2 кг, ақ және шұбар дөңмаңдай – 2-3 кг болуы тиіс.

Елдің тоған балық шаруашылығының барлық аймағында тұқы балықтар бойынша балық өнімділігін есептеу кезінде уақытша норматив түрінде 1200 кг/га, ақ амур бойынша – 100 кг/га, шұбар дөңмаңдай бойынша – 200 кг/га қабылдануы керек. Ақ дөңмаңдай бойынша балық өнімділігі солтүстік аймақтардағы тоған шаруашылықтарында 300 кг/га, орталықта – 400 кг/га, оңтүстікте – 500 кг/га болуы қажет.

Балықтардың жаздағы жаппай қырылуын болдырмау

Тоған шаруашылықтарында балық өсіру бойынша шараларды сәтті жүзеге асыру, ең бірінші кезекте ұйымдастыру шараларынан тыс тоғандардың табиғи жем-шөп қорының даму деңгейімен анықталады. Биологиялық және экономикалық тұрғыда ең тиімдісі – органикалық тыңайтқыштарды: ірі қара малдың шірінді көңін немесе қарашірікті, сондай-ақ, қураған су бетіндегі қатты өсімдіктер – құрақ, қамыс, қоғаны қолдану.

Жазғы тоғандарға малдың шірінді көңін және қарашірікті енгізудің нормасы – 2 тонна/га, бұл процесс балық өсіру маусымында бір рет, тоғанға су толтырмас бұрын құрғақ жерде жүргізіледі. Қураған су бетіндегі қатты өсімдіктерді тоғанға сумен бірге енгізеді, бұл балық өсіру маусымы бойына бірқалыпты жүргізіледі, реттік мөлшері – 100 кг/га, енгізудің мерзімдік арақашықтығы – он күн. Балық өсіру маусымының екінші жартысында қураған су бетіндегі қатты өсімдіктердің кезекті мөлшерін енгізер алдында балықтардың жаздағы жаппай қырылуының алдын алу үшін рН көрсеткіші мен судағы оттегінің құрамын мұқият бақылау керек.

Тұқы бойынша балық өнімділігі 1200 кг/га болу үшін тоған шаруашылықтарында балықты азықтандыруды ұйымдастыру қажет. Балық өсіру маусымында жазғы тоғандарға (шабақты тоғаннан басқа) тоған суының бір гектарына 3-4 тонна азық енгізген жөн.

Тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтарды өсіруге арналған отандық өндірістегі азықтың ең дұрыс құрамы: ІІІ классты бидай - 20%, күнбағыс жомы - 20%, мақсары жомы - 20%, арпа - 20%, тазартылған тары - 20%.

Осы құрамдағы азық жемқоспа түрінде дайындалады. Бұл азықты тоған шаруашылығында да дайындауға болады, ол үшін жасанды азық әзірлейтін цехта қолданылатын технологиясы қарапайым құралдар пайдаланылады.

Балықты тоғанға жіберудің алдында шабақтарды жетілдіру тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтардың жаңа төлдерін өсірудегі міндетті шарт болып табылады.

Қыста балық өсіру материалын арнайы талаптарға сай келетін, отырғызу тығыздығы 10-12 тонна/га болатын қыстайтын тоғандарға орналастырады. Қыстайтын тоғандарда балықтың қыстап шығуы үшін 1 тонна тірі балыққа 0,6 л/сек шамасында ағыс болады.

Тоған шаруашылығының өндірістік жұмысшылар құрамының (жұмысшылардың барлық санаттарын қоса алғанда) жалақысы мен санын жоспарлауда келесі көрсеткіштерге қарап есептеген жөн: балық өсіру маусымының жазғы уақытында жалақы мөлшері – маусымына 22102,29 теңге/га; қыстайтын тоғандарда балықтарды күту кезінде – 331532,88 теңге/га (2018 жылдың ІІ тоқсанындағы жағдай бойынша). Келтірілген есептен шығатын қорытынды: тоған шаруашылығының бір жұмысшысына 25 га жазғы тоған және 2 га қыстайтын тоғаннан келеді.

Жазғы тоғандардағы жұмыс гидрохимиялық режімдегі бақылаудан тұрады. Судың температурасы мен ондағы оттегінің құрамын үш күнде бір рет тексеріп отыру қажет, көрсеткіштер мәліметтерін күн сайын білген жөн, рН – бес күнде бір рет, толық гидрохимиялық анализ – айына екі реттен кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, қураған су бетіндегі қатты өсімдіктердің келесі мөлшерін тұрақты түрде енгізіп отыру және қатты шіріген өсімдіктер қалдықтарын алып тастау, балықты қоректендіру де өте маңызды. Жазғы тоғандарда өсіріліп жатқан балықтардың өсімі мен жағдайын бақылау мақсатында өткізілетін балық аулау жұмыстары орташа ұзындықтағы сүзетін аулау құралдарымен айына екі реттен кем болмауы керек.

Балық өсіру бойынша өндірістік қажеттіліктерге кететін жанар-жағармай материалдарының шығынын жоспарлағанда жазғы уақытта маусымына 12133,65 теңге/га көрсеткішімен есептеген дұрыс.

Жылы су базасында

Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы тоған шаруашылықтарында тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтарды өсірудің үзіліссіз технологиясын қолдану мүмкіндігі бар. Онда да тауарлық өнімдерді өсіру шырлану әуітінде екі жаздық және бір қыстық маусым бойы, қыстық күтімге ауыстырылымастан жүргізіледі. Үзіліссіз технологияны қолданғанда тұқы мен ақ амурдың тауарлы өнімінің жасы – үш жас, ақ және шұбар дөңмаңдайдыкі – төрт жас.

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС балық өсіру материалы ретінде тауарлық екі жасар тұқы, үш жасар ақ амур мен ақ дөңмаңдай, тұқы мен көксерке шабақтарын бірге өсіру технологиясын құрды. Бұл технология үнемді балық өсіру тоғандарында қосымша тауарлы балықтар өсіруге немесе балық шаруашылығында өсірілетін насандармен сапалы сұрыптау-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Тоған шаруашылығы жанында мақсатты түрде өсімдікпен қоректенетін балықтарды суға жіберетін су қоймалары орналасса, онда ірі балық өсіру материалы ретінде ақ амур мен ақ және шұбар дөңмаңдайды өсірген дұрыс.

Сонымен қатар, институт Қазақстанның тоған шаруашылығында балық өсіру материалдары мен көксеркенің тауарлы өнімдерін өсірудің технологиясын құрастырған. Осы технологиямен көксерке бойынша шырлану әуіттерінің есептік балық өнімділігі 50 кг/га құрайды, тауарлық көксеркенің жасы – үш жас. Көксеркенің шабақтары мен екі жасар түрін қыста тұқының шабақтарымен бірге қыстайтын тоғандарда ұстауға болады. Көксеркенің шабақтары мен екі жасар тұқы және өсімдікпен қоректенетін балықтарды, суға жіберілетін балық өсіру материалы – салындыда өсірілген көксерке шабағын өсіру де бірге жүзеге асырылады.

Мұның анық мысалы – 1999 жылы Алматы облысындағы тоған шаруашылықтарының бірінде тауарлы балық өсірудің конвейерлік технологиясы енгізілген болатын. Бұл технологияны енгізудің нәтижесінде Алматы халқын жыл бойы тұрақты түрде тауарлы балықпен қамтамасыз ету мүмкіндігі туды.

Тоған балық шаруашылығының нысаны болып табылатын өнімді уылдырық шашатын балықтар тобынсыз тоған балық шаруашылығын тиімді жүргізе білу мүмкін емес. Бүгінде Қазақстанда асыл тұқымды тұқы тобының (Шелек тоған шаруашылығында), алтай тұқысының (Қарағанды балық тәлімбағында), сарбоян тұқысының уылдырық шашатын тобы (Бұқтырма уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылықтарында) құрылған.

Қазақстанның оңтүстігіндегі жағдайда тоғанда балық өсіру әдісін қолдану арқылы орыс және сібір бекіресін, ніл тиляпиясын өсірген тиімді.

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС зерттеулеріне сәйкес, ақ амур мен ақ дөңмаңдаймен көп дақылды шаруашылықта өсірілетін орыс және сібір бекіресі бойынша тоғандардың балық өнімділігі 200 кг/га құрайды. Бұл түрдің өндірістік тиімділігі – 15%, тауарлық кондициясы бес жасар орыс бекіресінің 20% жетеді. Табиғи геотермальді бұлақтарды қолдану арқылы тиляпия өсірудің және жылы су базасында уылдырық шашатын кешендер құрудың келешегі зор.

Қуаныш ИСБЕКОВ,

балық шаруашылығы саласының сарапшысы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз