Бекіре тұқымдас балықтарды өсіру ерекше кәсіп болып көрінуі мүмкін. Қара уылдырықтың нарықтағы бағасын көрген бұл жолды жаңа бастаған адамдарда осы кәсіп қандай жағдайда болмасын тұрақты табыс әкеледі деген қате түсінік қалыптасады. Алайда бәсекелестік жағдайында бекіре шаруашылығын құру үшін көп қаржы және күш жұмсауға тура келеді.

Мол табыстан дәмеленбей

Ісін жаңа бастаған кәсіпкер ішкі нарықтағы бәсекелестікпен бетпе-бет кездесері сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды әр түрлі технологияларды қолданып, әр түрлі деңгейде жүргізіп жатқан 30 шаруашылық бар. (1 кесте). Бұл шаруашылықтардың жалпы жобаланған қуаты 1503 тонна ет және 26,6 тонна қара уылдырық шығаруға жетеді. Бірақ, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, іс жүзінде 2017 жылы 606,4 тонна ғана ет өндірілген. Алдыңғы орындағы шаруашылықтар жоспарланған өндіріс қуатына 2020-2022 жылдары ғана жетеді деп күтіледі.

1 кесте. Қазақстанның қазіргі бекіре өсіру шаруашылықтары

Көп адамдар бекіре шаруашылығын құруды жоспарлағанда уылдырықтың алғашқы өнімі-ақ барлық шыққан шығынның орынын бірден толтырады, ал сонан соң қисапсыз мол табысқа кенелтеді деп дәмеленеді. жағдайда жобалық қаржылық есептеу кезінде болашақ өнімнің құны тым жоғары бағаланады, ал дайын өнім шығару мерзімі қысқа уақытқа жоспарланады.

Әдетте қаржы шығыны дұрыс жоспарланғанымен, есепке негізінен жабдықтар сатып алу және құрылыс жұмыстары ғана енгізіледі. Алайда, ешқашан дерлік балық өсірудің биологиялық негіздемесі (БӨБН) туралы сөз қозғалмайды. Анығында БӨБН дегеніміз сіздің барлық технологиялық шараларыңыз жоспарлануы тиіс басты технологиялық құжат. Бұдан қаржы аяуға болмайды. Тек жабық су айналымы қондырғыларын (УЗВ) сатып алғандар ғана жобамен бірге шабақтардың саны, жем және басқа қажетті мәліметтері бар есептеулерді ала алады. Бірақ бұл жобаның құрамында балықтарды жіктеу ережесі, емдеу әдістері, дәрігерлік санитария қауіпсіздік шаралары сияқты кез келген балық өсіру шаруашылығы үшін маңызды мәліметтер жоқ.

Орыс және Сібір бекіресі тек барынша қолайлы жағдайда ғана салмағы жылына шамамен 1 килограммға ұлғайып өсетінін ұмытпау керек. Қолайлы жағдай дегеніміз толық тепе-теңдігі сақталған жем, жеткілікті мөлшердегі су және қалыпты жылу. Осындай жағдайда өсірудің екінші жылында ультрадыбыстық тексеру арқылы балықтың жынысын анықтап, аталық балықтарды бөліп алып сатуға, ал алтыншы немесе жетінші жылы азықтық уылдырық алуға болады.

Балықты табиғи жағдайда (тоғанда, әуітте) өсіргенде оның өсіп даму жылдамдығы да табиғи сулардағыдай болады. Сібір бекіресінің аналығы 8-9 жылда, ал орыс бекіресі 10-12 жылда жетіледі. Балықты табиғи немесе өндірістік жылы су айдындарында өсіру жақсы нәтиже береді.

Температура деңгейі тұрақты болған жағдайда балықтың өсуі УЗВ айналмалы су қондырғыларындағыдай болады. Өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін балықты жемнің бірнеше түрімен азықтандыруға болады. Кәсіпорындардан шыққан төкпе сулардың температурасы құбылып тұрады, және судың сапасы да талапқа сай бола бермейді.

Жемнен қалай үнемдеуге болады

ТСЖ қондырғыларында балық өсіруге тек жоғары сапалы, толық өңделген, құрамы теңдестірілген жем ғана жарайды. ТСЖ қондырғысындағы бекіренің жем-азық тиімділігі 1,4 болады, яғни балық 1 килограмм қосымша салмақ беруі үшін оған 1,4 килограмм жем қажет. Қазіргі бекіре балығының салмағын арттыруға арналған құнарлы AllerMetabolica жем-азығының бір килограмының өндірістегі құны 1,15 евро. AllerBronze жемі арзандау, бір килограмы 0,9 евро. Бірақ оны қолданар алдында жобалаушылармен ақылдасқан жөн. Өйткен бұл жеммен қоректенгенген балық суға азот және фосфор бөліп шығарады. Уылдырықтың қалыптасу кезеңінде аталық балықтарды арнайы жеммен, мысалы Aller REP Sturgeon жемімен азықтандыру қажет. Оның бір килограммы 1,5 евро тұрады.

Бекіре тұқымдастарды тоғанда, әуітте өсіргенде түйіршіктелген жемазықпен азықтандыру жақсы нәтиже береді. Ондай жемді кез келген астық қомасынан тапсырыспен алуға болады. Ең бастысы, оны өндірген кезде ереже толық сақталған болуы керек.

Біздің байқағанымыз, жем өндірушілер әрдайым балық ұнын үнемдеп жұмсауға тырысады. Бұл ұн балықтың құрамдас жемазығындағы ең қымбат зат. Бірақ түйіршек жемазықты шаруашылықтың өзінде де шығаруға болады. Тіпті барлық құрамдас заттарын базардан сатып алуға тура келсе де шаруашылықтың өзі өндірген жем дайын күйінде сатып алған жемнен арзанға түседі. Бірақ мұның бәрі бекіре балықты ет алу мақсатында өсіргенде ғана тиімді екенін еске сақтау керек. Уылдырық алу үшін өсіргенде ең дұрысы балықты дайын өңделген жеммен азықтандыру немесе жемазықтағы амин қышқылдарының, дәрумендер мен минералды заттардың арақатынасын теңдестіру керек. Мұны кез келген білікті балық өсіруші істей алады.

Төменде бекіре балығына арналған жұғымды жемазықтың ең кең таралған құрамын келтіріп отырмыз (2 кесте).

2 кесте. ОТ-6 жұғымды бекіре азығының құрамы

Тұрақты табыс көзі

Бүгінгі таңда 1,5-2 килограммдық тірі бекіренің бөлшек саудадағы бағасы 2500 тенге. Халық оған кезекке де тұрмайды. Бекіре көбіне «той балығы» деген атпен танымал. Тек үлкен қалаларда ғана ол тұрақты түрде шағын көлемде сауда орталықтарына түсуі мүмкін.

Қазіргі уақытта «Малосол» уылдырығының бір килограмы көтерме саудада 400 доллардан (орыс бекіресі) 450 долларға дейін (қортпа балық) барады. Бұл бағалар EXW бойынша, сырт елдерге шығаруға қажетті құжаттар және CITES куәлігі негізінде келтірілген. Алайда жақсы, сапалы азықтық уылдырық дайындау үшін өнімді дайындау мамандарының, ал одан да екі жыл бұрын балықтарды қоректендіру мамандарының көмегіне жүгінген дұрыс екенін естен шығармау керек. Өйтпесе сапалы өнім ала алмай және уылдарығыңыздың бір тиындық та құны болмай қалуы мүмкін.

Сонымен, бекірені өсіруге кіріспес бұрын алатын өніміңіздің сапасы қандай болатынын, оны қай жерде, қандай көлемде сата алатыныңызды анық білуіңіз керек. Бекіре тұқымдас балықтар күй талғамайды, бірақ олар баяу жетіліп өседі. Бекірені ТСЖ қондырғыларында өсірсеңіз, өндіріс барысын толық бақылауға, белгіленген уақытта, барынша қысқа мерзімде өнім алуға мүмкіншілігіңіз болады. Әрі балықтардың басқа түрлерімен салыстырғанда, бекіренің едәуір ірі балық екенін ескеру қажет.

Тағы бір айтарлығы, бекіре тұқымдас балықтарды тоғандарда, әуіттерде өсіргенде түйіршік жем-азықты пайдалану, бекірені басқа балық түрлерімен бірге өсіру оның өзіндік құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Бекіре өсіру жақын арада мол пайда әкеледі деп үміттенбесеңіз де болады. Бірақ 5-7 жылдан соң бұл кәсіп алдағы ұзақ жылдарға ұласатын тұрақты табыс көзіне айналады.

Серік ТЕМІРХАНОВ,

балық шаруашылығы саласының маманы

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз