Ірі шаруашылықта және шағын фермада торайлау процесіне дер кезінде дайын болу үшін шошқалардың буаздық мерзімін бірдей нақты есептеу қажет. Жалпы алғанда, ол тұтас шаруашылықтың жайлылығы мен одан әрі дамуына әсер етпек.

Торайларға арналған қоршаулар

Арнайы білдектен бөлек аналық шошқалар үшін сабан мен шөптен жұмсақ төсем, хайуанға дер кезінде көмек көрсету үшін түрлі құралдар әзірлеп, мал дәрігерін немесе зоотехник шақыру туралы келісіп қойған жөн. Бұл шаралардың барлығы торайлайтын болжалды мерзім жақындағанда жасалады. Дәл осы себептен күйектің күні мен шошқа торайларын қанша уақыттан кейін туатынын нақты білу қажет. Тұқымы мен жасына қарай, шошқалардың буаздығы орташа алғанда 114 тәулікке жалғасады (арасында бірнеше күн ауытқу болуы мүмкін).

Шошқа буаз болған уақытта организміне айтарлықтай салмақ түседі. Оны алдағы уақытта торайлауына дайындау үшін, шошқа қорада тыныш жағдай жасалуға тиіс, стресстік жағдайдан ада, осынау кезеңде буаз шошқаны қалай күтіп-бағу керегі туралы хабардар болу; санитария мен гигиенаның барлық талаптарын қатаң орындау; сапалы азықтандыру және суару.

Сондай-ақ шошқа қораны торайларды орналастыруға дайындау қажет. Қорада өтпе жел болмауға тиіс. Ең дұрысы білдектің бір бөлігін қоршап немесе білдек жанынан онымен байланыстырып тұратын жеке секция жасаған дұрыс. Шошқаның торайларды басып тастамауы үшін білдектің бүйір және артқы қабырғасы бойымен 15-20 см және биіктігі 20-25 см аралықта берік бөренелер бекітіледі. Торайлар өскен кезде, кедергілерді алып тастауға болады. Шошқа торайлаған алғашқы күндерінде жүріп-тұруын шектеу үшін жан-жақтарына метал құбырлар орнатуға болады.

Дұрыс дайындық жасалған жағдайда шошқа 1,5-2 сағатта торайлайды, ал кейде 5-6 сағатқа, тіпті одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Егер оның торайлауына адам көмектесетін болса, жеңіл өтеді. Шошқаға арналған білдектер әр түрлі пішінді болуы мүмкін, көп жағдайда оны төрт бұрышты етіп жасайды. Тереңдігі 2,5-3 метрге дейін, енін жоспарлағандай және мақсатына сай есептейді.

Бастысы – инфекцияны болдырмау

Шошқалар да болатын өзгерісті сезеді, және олардың әрекетінен жақын арада торайлайтынын аңғару қиын емес. Торайлайтын уақытты анықтау үшін буаздықтың соңғы күндерінде байқалатын сондай белгілерді назарда ұстау жеткілікті. Мысалы, ол мазасызданып, төселген шөпті тістеп, өзіне жайлы орын дайындауға кіріседі. Желіні үлкейіп, ұзына бойына салбырайды, емшегінде уыз пайда болып, хайуан бір бүйірлеп жатып, біртіндеп тыныштала бастайды. Сұйықтық бөлінген кезде және біртіндеп жиырылу арта бастаған кезде өмірге торайлар келе бастайды.

Шошқа өсірушілердің барлығы да шошқа өсіруді қолға алғанда, шошқаның қашан торайлайтынын білмей жатады. Дәл осы себепті осы шаруаға қажеттінің барлығын ертерек дайындап қою маңызды. Құрал-жабдықтардың барлығы зарарсыздандырылып, қолыңыз бен киіміңіз таза болуы шарт. Торайлайтыны туралы белгі бере бастаған сәтте хайуанның бауырын, емшегін жуу керек. Бұл процедура қарапайым гигиеналық талаптарды қамтамасыз етіп, инфекцияны болдырмайды. Шошқаның торайлауы тым болмаса йод ерітіндісі немесе бриллиант жасылы, қайшы және қатты жіп, зарарсыздандырылған бессаусақ секілді асептикалық құралдардың, материал мен жабдықтардың болуын талап етеді.

Торайлаудың алдында шошқа қорада, әсіресе түнге уақытта кезекшілік ұйымдастырған жөн. Аналық шошқалардың жүріс-тұрысын назарда ұстау қажет. Олар торайлаудың алдында мазасыздана бастайды. Әрі физиологиялық өзгерістер де байқалады: сыртқы жыныс органдары ісініп, емшектері мен желіні қызарады. Торайлауға бірнеше сағат қалғанда әдетте өзіне «төсек» дайындай бастайды. Торайлау белгілері пайда болғанда білдектен лас төсемді алып тастап, таза сабан төсейді. Аналық шошқаның артқы бөлігін жылы сумен жуып, жақсылап сүртеді. Торайларын тудырту кезінде енесі мазасызданбас үшін бөгде адамдар болмағаны жөн.

Бұл процесс аналық шошқаларда жеңіл үзік-үзік толғақпен басталады. Туудың ұзақтығы хайуанның жеке ерекшеліктеріне байланысты және алты сағатқа дейін созылуы мүмкін. Одан ұзаққа созылатын болса мал дәрігерінің көмегі қажет болады. Сондықтан туатын белгілер пайда болған сәтте уақытты жазып қойған дұрыс. Толғақ біртіндеп күшейіп, күшенуге ұласып, содан соң торайлар туа бастайды.

Торайлар 10-20 минуттық уақыт аралығында туыла бастайды. Әрқайсысының мұрнынан, аузы мен құлағынан шырыш алынып құрғақ етіп сүртіліп, кіндігіне йод жағылып, бірнеше минутқа емшекке жатқызылады. Жаңа туылған торайлардың барлығы уыз емуге тиіс. Бұл олардың иммунитетін нығайтып, одан әрі өсуіне әсер етеді. Торайлар басымен немесе аяғымен туылуы мүмкін. Бұл ашатұяқтылар үшін қалыпты жағдай. Кейде торай жатыр қабыршағымен бірге туылады. Бұл жағдайда оны жылдам жыртып, жас торайды ажыратып, дем алуына мүмкіндік жасау қажет. Ұрықтың жатыр қабыршағы туу барысында да, торайлардың өмірге келу аралығында да, сондай-ақ ең соңында да пайда болуы мүмкін. Шыққан қабыршақтарды нақты санап отырған дұрыс. Оның саны туылған торайлардың санымен бірдей болуға тиіс. Оны жинап алып, шошқа жеп қоймасы үшін қоршаудан шығарып тастау қажет.

Шалажансар туылған торайдың аузын шырыштан тез арада тазалап, бүйірлерінен, аяқтарынан ақырын ұрғылап, алдыңғы аяқтарын бүгіп, жазу керек, содан соң оны басы мен алдыңғы аяқтарынан ұстап тұрып, 3-5 минутқа жылы су( Цельсия бойынша 40-4 градус) құйылған шелекке су аузы мен мұрнына кірместей етіп батыру керек. Тіршілік белгілері (тыныс алу және дыбыс шығару) байқалған соң торайды құрғақ кенеппен сүртіп, жәшікке немесе білдектің бөлігіне жаңа туылған торайлардың қасына қосады.

Сабырлық қажет!

Кейбір шошқалар туатын кезде мазасыз және агрессияшыл болуы мүмкін. Олар жаңа туылған торайларды шайнап, таптап тастауы мүмкін. Бұл жағдайда туатын шошқаны бақылауда ұстап, ал торайларды туысымен жеке жәшікке немесе қоршауға алып кеткен дұрыс.

Шошқа торайлап, алайда оның агрессиялық көңіл-күйі тарқамаса не істеу керек? Әдетте мұндай мінез-құлық бірнеше сағаттан соң тарайды, осыдан кейін оның әрекетін тексеру үшін бір торайды жақындату керек. Туар кезде агрессия көрсеткен аналық шошқаны одан әрі пайдаланбау жайын ойластырған жөн.

Торайлаған соң әрбір аналық шошқаға хайуанның жеке ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір күтім қажет болады. Дегенмен алдағы уақытта торайларды емізу үшін аналық шошқаларда сүттің мол болуын сақтап қалуға көмектесетін жалпы ұсынымдар бар.

Біріншіден, торайлаудың барлық кезеңінде хайуан су іше алатындай болуға тиіс: аналық шошқалар қатты шөлдейді, судың болмауы хайуанды өз төлін жеп қоюына итермелейді немесе уыздың пайда болуын тежейді.

Екіншіден: торайлап болған соң 12 сағаттан соң аналық шошқаны сұйық азық пен азықтандыру қажет. Бұл хайуанның ас қорытуын реттеп, организмді тығыз азықпен ауырлатпайды.

Үшіншіден, торайлаған соң бір тәуліктен кейін толық көлемде толыққанды азық беруге болады. Бұл аналық шошқаның қажетті деңгейде сүттенуін қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, арық, сондай-ақ көп торай туған аналық шошқаларды азықтандыру кезінде осы ерекшеліктері ескеріліп, рационға көп мөлшерде құрама жем мен майлы өнімдер қосылады.

Бесіншіден, емуден ажырамаған аналық шошқаларды торайлаған соң күтіп-бағу жұмыскерлер тарапынан тым болмаса тәулігіне екі мәрте орнына тұруын қадағалауды талап етеді. Арада 3-4 күннен кейін шошқаларды қысқа уақытқа жайылымға шығаруға болады. Бұл олардың тәбетін ынталандырып, асқорытуын және оның жалпы жағдайын жақсартып, сондай-ақ хайуанның туғаннан кейінгі кезеңде жағдайын шынайы бағалауға мүмкіндік береді.

Галина РОЖНОВА,

Қазақстанның Шошқа шаруашылықтары одағының атқарушы директоры,

Шошқаның барлық тұқымдары бойынша республикалық шошқа шаруашылығы палатасының төрағасы

 

 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз