«Сүт сапасы» деген жалпылама ұғымның ауқымы кең, және ол әр түрлі көрсеткіштер мен белгілерді қамтиды. Бұл сөзді адамзат ежелден бері қолданып келе жатқанымен, өнім сапасын дәл айқындайтын техникалық талаптар мен стандарттар нақты пайда болғанына көп уақыт өткен жоқ.

Үш негізгі көрсеткіш

Тарихқа жүгінсек, адамзат XIV және XVII ғасырлардан бастап сүт сапасы деген ұғымның ғылыми анықтамасын іздестіре бастаған екен. Бірақ тек XX ғасырда ғана ғылыми жаңалықтар және техникалық революция нәтижесінде бұл мәселені түпкілікті шешудің мүмкіндігі туды.

Сонымен, сүт сапасының басты көрсеткіштеріне мына үш талапты жатқызамыз.

Біріншіден, сапалы сүт дегеніміз гигиеналық талаптарға сай тұтынуға дайын өнім. Оның құрамындағы микробтар мен соматикалық жасушалар нормативтік құжаттарда көрсетілген шамадан жоғары болмауы керек. Бұл көрсеткіш арқылы шаруашылықтағы тазалық деңгейін және сиырлардың денсаулық жағдайын анықтауға болады. Бұл жерде антибиотиктердің бар-жоғы мемлекет тарапынан қатаң қадағаланады.

сапалы сүтті оның өндірілген және жиналған жеріне, жыл маусымына, малдың сүттену кезеңіне, жемшөп құрамына және басқа факторларға қарамастан кез келген әдіспен өңдеуге болады. Осымен бірге түрлі сүт өнімдерін алу мақсатында өңдеуге арналған сүт шикізатының құрамы мен сапасы анықталады.

Үшіншіден, тұтынушыны қанағаттандыру үшін сүт өндіру бір бірімен жалғасқан сапалық кезеңдерден тұрады. Алғашқы кезең фермада басталып сүтті қайта өңдеу кәсіпорынында, одан соң дүкенде тұтынушыға жеткенше жалғасады. Осы ретпен сүттің салқындатылуы, өндіру сапасы тексеріліп, жағдайы қадағаланады.

Бір өнімге екі түрлі көзқарас

Сонымен, «жақсы сапалы сүт» деген ұғым санитарлық-гигиеналық талаптар сақталған жағдайда сау сиырдан сауылған, содан соң техникалық ережелерге сай бірден салқындатылған сүтті білдіреді. Қазір әр елде ережелік-нұсқаулық құжаттар жасалып, заң жүзінде қолданылып отыр.

Қазақстанда өндірушілер бірінші кезекте Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашасында қабылданған № 603-II «Техникалық реттеу» туралы Заңын, Кедендік Одақтың «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі», «Ораманың қауіпсіздігі», Еуразиялық Экономикалық Одақ Кеңесінің шикі, пастерленген сүтті және сүттен жасалған өнімдерді тексеру жөніндегі нұсқауын, Кедендік Одақ аймағындағы малдәрігерлік-санитарлық талаптарды және ірі қара және ұсақ малдан алынған сүттің, сүт өнімдерінің еларалық тасымалдағы қозғалысын қадағалау жөніндегі құжаттарды назарға алады.

Кетелік, сүт сапасын қадағалауға қатысты ережелік құжаттарды әр ел өз ішінде пайдалану ұшін өзі дайындайды. Бірақ XX ғасырдың ортасынан бері ортасынан ұлттық және аймақтық заңдардан басқа халықаралық нарықта сатылатын шикізатқа және өнімге қойылатын техникалық талаптар қарастырылған халықаралық стандарттар да қолданылып келеді. Және бұл стандарттардың бір бірінен елеулі айырмашылығы болуы мүмкін.

Мысалы, Қазақстанның және Еуразиялық Экономикалық Одақтың сапа көрсеткіштерін Еуропалық Одақпен салыстырып қарасақ, жекелеген көрсеткіштер бойынша кей елдерде талап басқа елдердегіден қатаң екенін көруге болады (1 кесте).

Аңыз және ақиқат

Сапасын бағалауда ең алдымен сауын малы денсаулығының малдәрігерлік – санитарлық көрсеткіштерінің жиынтығын есепке аламыз. Әрине, денсаулығы жақсы мал ғана жақсы сүт беретіні өмірде дәлелденген қағида. Екіншіден, сүтті мал шаруашылығын басқаруда да, сүт өндіру саласына да қатысты санитарлық-гигиеналық талаптар жиынтығының маңызы зор. Үшіншіден, сүт тағамының органолептикалық, физикалық және химиялық, биохимиялық, микробиологиялық және токсикологиялық қасиеттері бойынша қауіпсіздік талаптарын қадағалау қажет.

Жоғарыда аталған талаптардың әрқайсысына қатысты тұтас салалар бар және бұл туралы ондаған ғылыми-практикалық кітаптар мен оқулықтар жазылған. Алайда сүт сапасын дұрыс анықтау туралы ерекше айту керек. Соңғы жылдары Қазақстанда арнаулы сүт өңдеу кәсіпорындарына қарсы бағытталған ақпарат тарап отыр. Сатылатын сүттің тазалығы мен табиғилығы туралы теріс түсінік қалыптасып, сүт өндірушілер өнімнің сапасын жете тексермей, сиырдан тұтынушыға дейінгі аралықты қадағаламай, сүтті «қолмен құйып» сатады деген қауесет бар. Тіпті базарда қолдан сатылатын сүт тетра құтыдағы сүттен анағұрлым табиғи деген пікір қалыптасқан.

Құрғақ сүт тұтынушылар үшін қауіпті деген аңызды сүт нарығының ресми емес қатысушылары үздіксіз қоздырып отырады. Осы әдіспен олар өздерінің сапасы төмен, тіпті кей жағдайда адам денсаулығына қауіпті өнімдерін өткізуге тырысады.

Айталық, базарда сатылатын сүттегі антибиотиктер тексерілмейді. Ал сүтті көп жағдайда тұрғындар жаңа туған нәрестелер мен бала емізіп отырған аналарға беру үшін сатып алады ғой. Осының нәтижесінде олардың ағзасында антибиотиктерге қарсылық белгілері пайда болады. Кей жағдайда көптеген балалардың иммунитеті өте әлсіз болып келеді. Ал ата-аналары оладың иммунитетін нығайту үшін «үй сүтін» ішкізіп текке әреленеді. Бұдан бала денсаулығы нашарлай түседі.

Тағы бір мысал, соңғы жылдары сүт арқылы бруцеллез ауруы жұғады деген қауесеттің өршіп кетуі. Анығында бұл соңғы 50 жылда зерттеліп, алдын алу шаралары қарастырылған ауру. Жеке өндірушілер өндіріс ережелерін сақтаған жағдайда бұл аурудың таралуына жол бермеуге болады. Өйткені сүт өңдеу кәсіпорындарында мұндай сүт бірден кері қайтарылып, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық тетіктері іске қосылады.

Талаптар бойынша, барлық ресми сүт өңдеушілер сүт сапасын ең кемінде үш рет зерттейді: сүт өңдеу кәсіпорынында сүтті қабылдау кезінде, сүттен сүт өнімдерін алу үшін өңдеу барысында іріктеу кезінде және дайын өнімнің сапасын көтерме және бөлшек сауда орындарына жөнелтер алдындағы тексеру кезінде. Осылайша, сапасыз өнім таралуының қаупі айтарлықтай төмендейді.

Әрине, тұтынушыға сапасыз сүт сатылмауы үшін тексеру жүйесінің әрбір сатысын ұдайы қадағалау керек. Бұдан басқа, барлық сүт өңдеу кәсіпорындары сүт өнімі құрамындағы заттарды анық көрсетуге міндетті. Сондай-ақ тұтынушылар да өнімнің құрамын білу үшін заттаңбадағы ақпаратты мұқият оқуы қажет.

Гаухар ҚОНЫСБАЕВА

мал шаруышылығы бойынша сарапшы 

0 пікір

    Пікір қалдыру үшін, тіркелу қажет

    Ұсынатынымыз